Басы » Баяндамалар » Дарынды балалармен жұмыс жүргізудің тиімді жолдары

Дарынды балалармен жұмыс жүргізудің тиімді жолдары

Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше  қиын іс. Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен  туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі білсем екен деп тұрады. Не көрсе соған талпынып, “ол немене?”, “бұл немене?” деп, “ол неге үйтеді?”, “бұл неге бүйтеді?” деп, көзі көрген,  құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегені.

Алайда әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу-ұстаз парызы. Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту-бүгінгі күннің басты талабы.
Дарындылық мәселесін зерттеушілердің еңбектері көп болғанымен, дарындылықтың мән-мағынасы жөнінде олар ортақ бір пікірге келе қоймады. Сондықтан да, біз баланың дарындылығы деп, оны өз құрдастарымен салыстырғанда бірдей жағдайда білім игеру деңгейінің шоғырлығымен аса ерекше байқалатын шығармашылық қабілетінің байқалуы деп түсінеміз.
Дарындылыққа педагогикалық энциклопедияда төмендегідей анықтама берілген:
«Дарындылық-белгілі бір әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғары деңгейі». В.Крутецский өзінің математикалық қабілеттіліктің құрылымын зерттеген еңбегінде: «Егер қабілеттіліктер деген ұғымды жеке психикалық қасиеттер деп түсінсек, онда дарындылық дегенді адамның ерекше қабілетінің жиынтығының бірлігі деуге болады»,-деп тұжырымдады.

Елден ерекше дарынды балалар адам біткенді  сондай таңғалдыратын кездері болады. Олар өз  қатарынан даму жағынан оқ бойы озып кететін  сонша, оларды «Вундеркинд (wunderkinler-немісше; чудо ребенок-орысша) таңғажайып қабілет иесі деген мағынада атайды. Мұндай балаларға таңғалумен қатар түсінбеушілік, тіпті жақтырмаушылық та болған. Мысалы, адам жанын зерттеуші педагог, ұлы жазушы Л.Н. Толстой: «Ах, эти мне вундеркинды! Сколько я их  встречал и сколько обманулся! Так они часто летают  праздными и ненужными ракетами! Полетит, полетит светло и красиво, а там и скоро лопнет в воздухе и исчезнет! Нет! Я уже ничему между ними не верю. Пускай наперед вырастут, и окрепнут, и докожут, что они не пустой фейерверк!…» деп сенбестік көрсеткен екен.

Психологтар ұстанымы бойынша: «Қабілетсіз бала  болмайды, дамыған қабілет иесі болады». Жалпыға бірдей жағдайда оқып жатқан балалардың  бірі әуден-ақ «білімді қағып» алса, екінші балаға соны ұғынуға көп уақыт пен күш керек. Сондай-ақ, бір адам мамандығының шыңына жетсе, екіншісі қанша талпынса да ортаңғы қатардан табылады.

Белгілі бір іс-әрекет түрін икемді, нәтижелі атқарған адамды қабілетті дейміз. Қабілеттілік- адамдағы жеке-дара өзіндік ерекшелік, яғни бір адамның екінші адамнан айырмашылығын көрсететін психологиялық сипат. Кез келген  адамның жалпы қабілеті болады. Ал жеке дара ерекшеліктерінен оның арнаулы қабілеті де аңғарылады. Қабілеттің арнаулы түрі белгілі бір істі үздік орындаудан, оған деген ықылас-ынтадан, дағды мен икемділіктен айқын көрінеді. Жеке бір адамға тән жалпы және арнаулы қабілеттерінің байланысып келіп іс-әрекетте өзгелерден ерекше қырынан көрінуі-дарындылық.  Осы дарындылықтың жоғары деңгейде дамыған түрін талант дейміз. Ал дарындылық пен талант одан әрі дамып, данышпандылық қасиетін тудырады. (Данышпан деген атаққа адамзат  тарихында тек 400-дей адам ғана ие көрінеді).

Балалардың дарындылық қасиеттерінің барлығы бірдей бірден жарқырап көріне бермей де қалуы мүмкін. Оған сол адамның  темпераменті, мінезі, т.б. себеп болуы мүмкін. Өз табиғатында дарындылық қабілеті бар баланы да, тәрбиенің нәтижесінде жетістікке жеткен баланы да тәрбиелеу керек, сол балалардың бойындағы қабілетті танып, тауып, қабілетін ұштау-міндетіміз. Дарынды  бала болашағымыз үшін, қоғам үшін өте маңызды. Әрбір талантты адам шығармашылық тапқырлықпен жігерлі еңбек етіп қоғамға зор пайда келтіреді. Қоғамның болашағы тек қана саяси лидерлерге ғана байланысты емес, оның болашағы, үрдіс сол қоғамда қанша дарынды, талантты балалар  өсіп келеді, соған да байланысты. Шығармашылық-өзінің жаңашылдығымен, өзгешелігімен ерекшеленетін, өнім алуға мүмкіндік жасайтын, жеке тұлға бойындағы қабілеттіліктің, білім мен біліктіліктің болуы. Талант-қабілеттіліктің ең жоғары деңгейі. Данышпандық-қоғам өмірінде тарихи маңызы бар, шығармашылықпен сипатталатын дарындылықтың жоғары деңгейі. Дарынды балаларды анықтау-баланың дамуын таңдаумен байланысты ұзақ процесс. Осы айтылғандарды ескере отырып, дарынды балаларды психологиялық тұрғыда анықтаудың мынадай ұстанымдары тұжырымдалды:
1. Баланың қызығушылығы мен бейімділігіне барынша сәйкес келетін қызмет аясында баланың іс-әрекетіне талдау жүргізу.
2. Дамытушылық ықпал ете отырып, баланың психологиялық кедергілерін жоюға мүмкіндік беретін тренингтік әдістерді пайдалану.
3. Баланың дарындылық белгісін оның психикалық дамуының нақты деңгейінде ғана емес, сондай-ақ оның болашақтағы даму мүмкіндігін де есепке ала отырып бағалау.
4. Жұмыс нәтижесін талдау, бақылау, әңгімелесу, мұғалімдер мен ата-аналардың сипаттамалық бағалары.
5. Түрлі ақпарат алу көздерін пайдаланып, бала қабілеттерін кең көлемде қамтуға мүмкіндік беретін баланың мінез-құлқы мен іс-әрекетін жан-жақты бағалаудың кешенді сипаты. Білім беру жүйесінде жаңаша мазмұн беру арқылы жан-жақты дамыған шығармашыл, рухани ой-өрісі кең жеке тұлғаны тәрбиелеу міндеті тұр.
Дарынды оқушымен жұмыс істеудің негізгі мақсаты-олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп, оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.

“Бұлақ көрсен, көзін аш” демекші қазіргі заңдағы өзекті мәселе, ол оқушылардың дарындылық қабілетін танып білу, оны зерделеу. Барлық адамның өзіне тән көркемдік қабілеті болады. Ол психологтардың зерттеуі бойынша “туа біткен” және “жүре пайда болған” қабілет болып екіге бөлінеді. Дарындылықты данышпандылыққа айналдыру үшін қажымай-талмай еңбектену керек.

Адамның қабілеті әр түрлі. Біреуі музыкаға, енді біреуі сурет салуға, біреуі спортқа, тағы біреуі поэзияға құмар болады. Дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастырудағы басты міндет — балалардың қабілеттері мен талантарын жан-жақты аша түсу үшін дарындылықтың ерекшеліктерін анықтау мен айқындау болып табылады.

Дарынды балаларды анықтау-баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ процесс. Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет. Баланың дарындылығын бағалағанда қателесу ықтималдығын барынша төмендету қажет, өйткені ғалымдардың өзі дарындылық атты таң қаларлық құбылысқа тән белгілер күрделі, сан қырлы және кең деңгейлі болғандықтан нақты анықтама бере алмай отыр.

Дарынды балаларды анықтауда кешенді қадам жасау ұтымдырақ болатыны сөзсіз. Бұл тұста кез келген ұстаз төмендегідей кең ауқымды түрлі әдістерді қолдана алады:

— балаларды бақылаудың түрлі баламалары (шынайы және зертханалық жағдайда, мектептен тыс іс-әрекет барысында);

— баланың отбасылық жағдайы, оның ерте балалық шағынан бергі жетілуі туралы ақпаратты жинаудағы түрлі әдістер (ата-аналармен әңгімеге, сауалнама алу, балалар шығармалары, күнделік жазбалары және тағы басқа);

—  баланың іс-әрекетін мұғалімдер, ата-аналар, тәрбиелеушілер тарапынан экспертті бағалау;

—  арнайы бағдарламалар бойынша “байқау” сабақтарын өткізу, балаларды арнайы ойын және пәндік-бейімделген сабақтарға қатысу;

—  ұйымдық шығармалық іс-шараларды жүргізуде балаларды басты рөлдерге қатыстыру;

—  балалардың шығармашылық жұмысының нақты нәтижелерін (суреттер, өлеңдер, техникалық модельдер және тағы басқа);

—  түрлі танымдық әр пәндік олимпиадалар, конференциялар, спорт жарыстары;

—  белгілі дарын түрін талдау міндеттеріне байланысты түрлі әдістерді пайдалана отырып, психиодиагностикалық зерттеулер жүргізу.

Психологтардың зерттеуі бойынша әрбір жаста шығармашылыққа баулуға өзек болардай өзіндік қабілет, бейімділік болады дегенді айтады.Сондықтан баланы сәби кезінен бастап мектеп бітіргенге дейін үзбей, жүйелі түрде шығармашылыққа баулу, ақыл-ойын, икемділігін дамыту қажет. Шығармашылық қабілеттілік — бала өз бетінше жаңа бір бейне құрумен сипатталады. Яғни іс-әрекеттің қандай түрінде болсын жаңалық ашу арқылы, жасампаздық бейне жасау арқылы өзіндік жеке даралық дамудың көрінісін байқатқан жағдаймен түсіндіріледі. Оқушыларды шығармашылыққа баулу үшін тағы бір қажеттілік-баланы психологиялық дайындықтан өткізу. Психологиялық дайындық, яғни педагогтың психологиялық әсері шығармашылық кезеңде баланың шабытын оятып, құлшындырып, еліктіріп отырады. Шығармашылық шеберлік үшін оқушыға ұстаздың берер психологиялық әсері мынадай болмақ: «Сенің қолыңнан бәрі келеді», «Сен қабілеттісің», «Жаз», «Үйрен» деп баланың еркін билеп, сенім білдіру;
— Оқушының кішкентай жетістігі болса да жоғары бағалап, мадақтап, көтермелеу, оқушылар басылымында өлең, әңгімелерінің жарық көруіне көмектесу;
— Шығармашылық сәтте оқушыға құптаушылық көзқарас білдіру,сезім күйін байқау, қамқорлық таныту;
— Ақын-жазушылардың, өнер адамдарының шығармашылық дәстүрінен қызғылықты оқиғаларды әңгіме ету;
— Оқушылар үшін педагог өзін қарапайым жан есебінде таныта білу, оқиға, сюжет, образ жасауда оларға сенім білдіру;
— Оқушының қойған сұрақтарына пейілмен жауап беру, олардың психологиялық екпіндігін қамтамасыз ету сияқты әрекеттерді мұғалім білуі тиіс.
Белгілі психолог Н.С. Лейтис қабілетті баланың негізгі қасиеттері мыналар  деп көрсетеді:

-ұқыптылық, жинақтылық, зейіннің тұрақтылығы, еңбек ету қабілетінің жоғарылығы;

-ақыл-ой, логикалық ойлауының шапшаңдығы, кез келген жағдайды талдап салыстыра білуі;

-барлық күш-қуатын жұмсап тынымсыз еңбек етуі.

Осы аталған қағидаларды басшылыққа ала отырып, кез келген баланың бойындағы қабілетті дамытуға болады. Дарынды бала өзге балалардан өте ерте оянған қабілетінен басқа ешқандай айырмашылығы жоқ. Ол да бала, оның да жазуы нашар болуы, жазуды ұнатпауы мүмкін. Ондай балалар кішкене кезінен–ақ білуге, санауға, оқуға қызыға ұмтылады, оның қызығу аясы үнемі өзгеріп тұрады. Мұндай балалардың өз қатарынан көш ілгері дамығанына қарамастан, жай сыныпта өз қатарларымен оқитындары кездеседі.

Олар  ақыл-ой жүктемесіне қанағаттанбай, тентек болып отыратыны немесе өзі ойлап тапқан іспен айналысып, сабаққа қатысы жоқ небір әдеби кітаптардан басын алмай оқуы мүмкін. Ол қиын тапсырмаға қуанып, орындауға белсенді кіріседі, оның көңілінде эмоциялық серпіліс туып, шешім табу барысында бастама көтеріп, тапқырлық көрсетеді. Ол өзге балаға қиын болып көрінетін іске ойын ретінде қарап, үнемі осындай тапсырмалар орындауға даяр тұрады. Ондай балалар еріну, жалығу дегенді білмейді. Олардың білгісі келетін сұрағынан үлкендер шаршайды, не айтарын білмей тоқырап та қалады. Еске сақтау қабілеті, қызыққан нәрсесіне зейінділігі, қиялының байлығы, ашықтығы, әділетсіздікке төзбейтіндігі, оларды одан әрі  дамыту қажет  екенін негіздейді.

Оқу іс-әрекетінде дарынды балалар:

1.Оқу барысында өз-өзін қинамай-ақ жетістіктерге жетіп, білімге ие болады.

2.Өз бетінше іс-әрекетке бейім.

3.Қоршаған шындықты сыни көзқараспен талдай алады.

4.Өмір, өлім, дін, дүние туралы философиялық проблемалар оларды толғандырып, жауап іздейді, пікір айтады.

5.Үнемі ісін сапалы етіп, жақсы орындауға тырысады. Осыдан келіп мүмкіндігінен жоғары талап қойып, егер сәтсіздікке тап болған жағдайда қатты қиналады.

6.Қиын мәселе толғантқан кезде ешбір басқа нәрсеге назар аудармай, алаңдамай бар зейінін шоғырландыра алады.

7.Өзінің жинаған білім, дағдысын басына іс түскен жағдайда қолдана алады.

8.Оқу,сабақ, ізденіс, зерттеуге құрылған жағдайда ол үшін өте қызықты да пайдалы.

Алайда, барлық адамдар секілді дарынды баланың да кемшіліктері бар. Олар:

1.Эгоцентризм, басқа адамның, әсіресе зияткерлік пен ақыл-ой тұрғысынан әлсіздеу адаммен әңгімелесетін болса, оның пікірін мойындамай, оған өзінің пікірін таңады.

2.Егер оқу бағдарламасы оңай, іш пыстырар болса, мектепке деген жағымсыз қатынас қалыптасады.

3.Зияткерлік іс-әрекетпен айналысуға көп уақыт жіберетін болғандықтан, денесі жағынан өз қатарынан әлсіз, сондықтан қимыл-қозғалыс ойынына, спорт жарыстарына қатысуға құлқы болмайды.

4.Сөйлесу мәдениеті ақсаңқырамайды, себебі, айтар ойдың алдын орап кетіп, әңгімелесіп отырған адамға кезек бермеуі мүмкін. Сөйлеп отырған адамды бөліп, қатесін түзеп отырады.

5.Барлық жерде бірінші болуға тырысып, мәмілеге бара бермейді.

6.Өз қатарына бұйырып, басшы болуға ұмтылуы.

Кеңес психологиясында, ең алдымен, С.Л.Рубиништейн және Б.М. Тепловтың еңбектерінде  іс-әрекеттің нәтижелілігі бойынша «қабілеттілік», «дарындылық» және «талант» ұғымдарын жіктеуге  тырысқан. Қабілет  іс-әрекеттің нәтижелі болу мүмкіншілігіне байланысты бір адамды   екінші адамнан  өзгешелейтін жеке-даралы психологиялық ерекшелік ретінде қарастырылады. Ал «дарындылық» іс-әрекеттегі  нәтижелі болу мүмкіншілігіне байланысты қабілеттердің сапалы өзіндік үйлесімділігі (жеке даралық психологиялық ерекшеліктер) ретінде  қарастырылады.

Талант деп өзіңде әртүрлі қабілеттерді дамытуда едәуір жетістікке жететін адамды айтады. Данышпан адам-адамзат іс-әрекетінің бір немесе  бірнеше түрлерінде, өзінің қабілеттерінің арасында  ең алдыңғы және көпшілік мойындаған жетістікке жеткен адам. Дарынды адам міндетті түрде талантты адам емес, ал талантты адам  данышпан емес.

Қазіргі жаһандану заманында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, индустрияның қарыштап өсуі, мәдени дамудың әлемдік деңгейіне көтерілуге бет бұру кезеңінде, қоғамның сұранысы өсіп тұрған шақта дарынды балалардың интеллектуалдық дамуын қанағаттандыруын қамтамасыз етудің маңыздылығы артуда.

Оқушылардың жеке қабілеттерін, дарындылығын, ақыл-ойын дамыту мәселесі туралы құнды пікірлер Ф.Бэкон, М.Монтень, Д.Локк, Д.Дьюи, Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, И.Г.Песталоцци, И.Кант еңбектерінде айтылды. Дарындылықты, ақыл-ой қабілетін дамытудағы оқыту әдістемесінің негізін алғашқылардың бірі болып қалаған ұлы педагог Я.А.Коменскийдің XII ғасырда жазған «Ұлы дидактика» атты еңбегінде: «Заттың не құбылыстың түп тамырына жету, анықтау қабілетін дамыту, оны шынайы түсіну және оны қолдана білу қажет», — деп ерекше атап өтті.

XIX ғасырда қазақ халық ағартушылары да халықты сауаттандыру, жеке тұлғаның қабілетін, дарындылықты дамыту мәселелерін көтере бастады. Ағартушы Ы.Алтынсарин: «Табиғи ақыл өзін қоршағанды ғана кұшағына ала алса, оны дамытып өзі көрмегенді де танып білуге мүмкіндік жасайтын тек қана өркениетке жетелейтін озық білім», — дейді.

Абай Құнанбаев адамды қоршаған орта — табиғаттың бір бөлігі дей келе, табиғаттың адам баласына берген керемет сыйы — туылғаннан бастап білуге, түсінуге деген ұмтылысы деп есептейді. Бірақ, бала өсе келе осы қасиетті біртіндеп жоғалта береді. Ұлы ойшыл адамның ойы мен санасы еңбек іс- әрекеті кезінде қалыптасады деп тұжырымдайды: «Кей қасиет туа бітеді, ал кейбірі еңбек арқылы қалыптасады».

Дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуде ұйымдастырудағы басты міндет – балалардың  қабілеттері мен таланттарын жан-жақты аша түсу үшін дарындылықтың ерекешеліктерін (түрі, деңгейі және т.б.) анықтау мен айқындау болып табылады.

Дарындылықтың санасы – зейінділік, яғни белгілі бір нысанаға бағытталып, сол нәрсеге шоғырлануына мүмкіншілік беретін үлкен нышаннан  туындайтын қабілеттіліктің түрі. Дарындылық адамның сәби кезінен байқалатын ерекше қабілеттілігі, өнердің бір түріне туа бейімділігі. Мысалы, Дюрер үш жасында өз суретін салған, Гаус он төрт жасында өзін математика әлеміне танытқан. Қабілетті, жан-жақты дамыған адамды дарынды деуден гөрі қабілетті деу орынды. Қабілеттер дамуының  табиғи негізі болған мидың құрылымы, сезім мүшелері мен қозғалыстардың анатомиялық-физиологиялық нәсілдік ерекшеліктер деп нышанды айтуға болады. Шын мәнінде адамдар арасындағы табиғи айырмашылықтар оларда қалыптасқан дайын қабілеттерде емес, дәл осы нышандар көрінісінде. Нышандар қабілет дамуының бастауы болғандықтан, адамның барыншы жетіліп, кемелдену жолы осы екі құбылыстың өзара ұштасып, байланысқа келуінен болады Белгілі физиолог И.П.Павловтың бірінші және екінші сигнал жүйелерінің аз немесе көп әрекетке қатысуынан  қабілеттің 3 типін ажыратуға болады: көркемөнерлік (көбіне бірінші сигналдық жүйеге  негізделген) бұған «суреткерлер» — объекті тұтас бейнелеуге бейім; екінші типі ой-саналық (көбіне екінші сигналдық жүйеге негізделген) бұған  «ойшылдар» — талдаумен, элементтерге ажырата алу шеберлігін; аралас (екі жүйе де бірдей қатысқан), бұнда қалыпты дамыған адамдардың бәріне тән құбылысты айта кетуге болады.  Дарындылық туа бітетін ерекше қасиет. Ал қабілеттілік әр адамда болатын, еңбектенумен, ізденіспен жетілетін қасиет.

Қабілет, дарындылық, талант мәселесін шешудің эмпирикалық негізін салушы, әрі осы күнге дейін қолданып жүрген оның зерттеу әдістері мен әдістемелерін ұсынған Ф.Гольтон болды. Оның айтуынша қабілеттің детерминациясы – тұқымқуалаушылық пен ортаның сәйкестігі және жалпы қабілет пен арнайы қабілеттің өзара байланысы – қабілеттің дамуының негізі болып табылады. «Қабілеттілік» — нақты бір іс-әрекетке икемділік.

Дарынды балалардың ата-аналарын ойландыратын мәселенің бірі – мектептегі оқу кезіндегі кездесетін қиындықтар. Бұл қиындықтар дарынды бала туралы қоғамда қалыптасқан түсінікке байланысты. Өйткені, «орта» қабілетті бала мектепте мақталады да, «ақылды» бала сенімсіздік жасалады, оның қабілеті көп жағдайда ескерілмейді, Соның салдарынан дарынды балалар ерекшеленбеуге, көзге түспеуге тырысады. Ортаның осындай ықпалының нәтижесінде дарынды бала өз қабілетін танып, дұрыс бағалай алмайды. Сөйтіп, өз деңгейінде дамып жетілмей, шектеледі. Бұл жерде дарынды балаларды таңдап, олардың бойындағы ерекше қасиетті бағалап, өмірде дұрыс бағыт-бағдар бере білуіміз қажет. Дарынды балалар білуге құштар. «Мынау қалай құрылған?», «Неге бұлай болады?», «Егер жағдайды өзгертсе қалай, қайтеді?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Қоршаған ортаны белсенді түрде зерттейді. Дарынды бала өз әрекетін шектеуді ұнатпайды. Эмоционалды даму ерекшеліктері жөнінде тоқтала кететін болсақ. Көптеген зерттеушілер дарынды баланың эмоционалды сферасы жоғарлатылған деп санайды. Дарын иесі бірнеше құбылыстарды жан-жақты қарауға қабілетті болып келеді. Ғылыми зерттеулерге қарағанда дарынды, талантты балалардың миының биохимиялық, электрлік белсенділігі жоғары келеді. Дарындылар кішкентайынан-ақ себеп-салдарға көңіл аударып, соған сәйкес қорытынды жасап отырады. Кез келген жұйенің балама моделін жасауды ұнатады. Олар жинақталған білімін, тәжіриебесін кең пайдалана біледі, хабарларды жүйелеп, бөліп талдайды. Кейбір балаларда математикалық қабілет, кейбірінде ой жұмысын талап ететін ойындарға, көпшілігінде оқу қабілеті басым келеді.

Дарындыларда адалдық сезімі күшті жетіледі. Шындықты, турашылдықты қолдайды. Қоғамдағы теңсіздікті бірден сезінеді. Қиялы бай, әрі анық келеді. Дарынды балалардың шамалары жетпейтін мәселелерді шешуге талпынуы, олардың даму тұрғысынан пайдалы.

Мектепке дейінгі кезеңде дарынды балалар – жағдайлар мен құбылыстарды менің түсінігім ғана деп танитын эгоцентристер. Бала қандай ақылды болса да, оның мұндай әрекеті қалыпты жағдай болып саналады. Даму деңгейіне қарай бала мәліметтерді түсініп, ойлауға қабілетті. Ғалымдар мұны – мате-таным деп атайды. Ол өзінің заттар мен құбылыстарды қабылдауын басқалардың қабылдауына ұқсас деп түсінеді. Дарынды балалардың қабілеттілігіне ортаның тигізетін әсері зор. Ал, талантқа талдау жасасақ, дарындылықтың жоғары деңгейі: ол қызмет өнімін алуға рұқсат етеді. Қызметтің белгілі бір сферасындағы принципиалды ілгері жылжуды жүзеге асырады. Дарынды оқушы тұлғаның төрт негізгі аспектілерімен өзара байланысқан түрінде сипатталады. Олар: 1) Интеллект (зияттылық), 2) Шығармашылық (креативтілік), 3) Мотивация, 4) Тұлғаның әлеуметтік бейімділігі. Сонымен, дарынды бала өз талантын түрліше сезінеді. Отбасында іні, бауырларымен ойнағанда өз ерекшелігін сезінсе, мектепте құрдастарымен өзін салыстыру арқылы байқайды. Баланың таным процестері қабылдауы мен тәжірибесіне байланысты. Бала қоршаған ортаны зерттеу барысында, нақты нені жасай алатынын, нені істей алмайтынын біледі. Ал, айналадағы адамдар оның істеген ісін түрлі жолмен бағалайды. Бұл кезеңде ол өзін қоршаған адамдардың, ата-анасының өзіне көңіл аударғанын ұнатады. Ата-ана үшін баласының әрекетін бақылап, бағыттап, оқыту көп қиындық жасамайды. Психологтардың зерттеуі бойынша интеллект жас өскен сайын өспейді, толыса түседі.

Балалардың әр түрлі жас кеңеңіндегі ақыл-ой мүмкіндігін түсіну үшін, қазіргі кезеңдегі деңгейдің өзгеруі мен жоғарыда келтірілген жастық сезімталдығының бағытталуын зерттеу өте маңызды. Қорыта келе, дарындылықтың дамуына маңызды әсер ететін теориялық нәтижелерден мынадай анықтама шығады: «дарындылық» — бұл интегралды тұлғалық білім, интеллектуалдық жоғары сатысымен, шығармашылық потенциалымен сипатталады. Бұл тұлғаның қабілеттілігі мен өз бейнелігінің бірігуін анықтайды. Белгілі бір қызмет саласында ерекше табысқа жетуге мүмкіндік туғызады.

 Қолданылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан мектебі №1 2005 жыл қаңтар
  2. Қазақстан мектебі №2 2003 жыл ақпан
  3. Қазақстан мектебі №3 2004 жыл наурыз
  4. С. Балтаұлы Бап-Баба Жантану негіздері. – А., 2007
  5. 5. Ж.И.  Намазбаева   Психология. – А., 2005
  6. «Педагогика және психология ғылымдарының түсіндірме сөздігі»
  7. Республикалық ғылыми-әдістемелік және ақпараттық сараптамалық журнал. 12- жылдық білім-2006
  8. Ә.  Алдамұратов, Қ. Рақымбаев  Жалпы психология
  9. Лейтес Н.С. Ақыл-ой қабілеттігі және жас ерекшелігі.-А.,1988

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *