Басы » Tәрбие сағаттары » Қыз -өмірдің қызғалдағы

Қыз -өмірдің қызғалдағы

ГүлмираҚызылорда қаласы
№15 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Әбдірасулова Гүлмира Жәнібекқызы
«Қыз -өмірдің қызғалдағы»
дөңгелек үстел жоспары
Мақсаты:
Оқушыларды рухани адамгершілік сезімге тәрбиелей отырып, өткен тарихымызды бағалауға, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, өткен ұлылардан үлгі алып, болашаққа ұмтылуға тәрбиелеу.
Қатысушылар:
Нәзік жанды бірнеше мамандық иелері қонаққа шақырылады (дәрігер, ұстаз, тігінші, ақын, тәртіп сақшысы)
№15 лицейдің ұстаздар қауымы, ата-аналар, қонақтар, жоғары сыныптардың оқушы қыздары т.б.
Дөңгелек үстел өтілетін орын: мектептің мәжіліс залы
Безендірілуі: Шарлар, гүлдер, тақырыпқа орай жасалған көрме, ұлағатты сөздер жазылған қағаздар
Жұмыс барысы:
І. Кіріспе бөлім
1. Қонақтарды қарсы алу
2. Көрмені тамашалау
ІІ. Негізгі бөлім
(Музыка ойналып тұрады. Әсем әннің ырғағымен ортаға жүргізуші шығады)
Жүргізуші: Армысыздар, қымбатты ұстаздар және көрермендер, аяулы құрбылар.
Жүргізуші:
Қыз емес, қыздың аты қызыл алтын,
Көрінер туған айдай, жүзі жарқын
Үлкеннің алдын кесіп сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын.
деп халқымыз «Қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың белгісі ретінде қолданған, қыздарға керемет әдеби суреттеме берген.
Бүгін мектебімізде осынау нәзік жандар, әсем арулар тақырыбына арналған.
«Қыз — өмірдің қызғалдағы» атты дөңгелек үстелге «Қош келдіңіздер!» дегіміз келеді, қымбатты қонақтар!
Жүргізуші:
Атам қазақ әйел баласына «Шаңырақтың құт – берекесі» деп қарап, «Дүниеге ұрпақ әкелетін пірім» деп есептеген және бүкіл ұрпақ тәрбиесін әйел – анаға жүктеген.
Қай қоғамда болмасын әйелдерге күллі жақсылық пен парасаттылық атаулының бастау бұлағы деп қараған.
Әйелдердің қоғамдағы рөлі жайлы аятолла Имам Хомейни: «Ұлы ерлерді тәрбиелейтін — әйелдер. Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген екен.
Біздің дөңгелек үстелімізге аяулы арулар мен ардақты аналар қатысып отыр.
Қымбатты қонақтар! Мына әсем әніміз өздеріңізге арналады. Қабыл алыңыздар!
Ән.
Жүргізуші:
Мен қазақ қыздарына қайран қалам.
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе елдің көркі» деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.
деп ақын ағамыз жырлағандай қазақ қыздары әсем де сұлу ажарларымен, батыл да қайсар ержүректіліктерімен, ұяң да балғын нәзіктіктерімен ғасырдан-ғасырға аңыз болып келе жатқандары баршамызға аян. Кешегі өткен Қарашаш, Жібек пен Баян, Еңлік апаларымыз ажарларына ақылы сай асқан арулар болған болса, Әлия мен Мәншүк апамыз ержүрек батырлық, тайсалмас табандылық көрсетіп батыр атанды.
Бүгінде ел аузынан түспей жүрген үлкен өнер иелері Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Айман Мұсаходжаева, Жәния Әубәкірова сынды апайларымыздың өзі бір төбе емес пе?
Ал, бұдан басқа қоғамның ең күрделі салаларында: медицина, ғылым, техника, ауылшаруашылығы, өндіріс, тағы басқа салаларда тер төгіп, еңбегімен озып жүрген апайларымыз қаншама?!
«Жақсы қыз – рулы елдің бағы» демекші бүгінде қонағымыз болып отырған арулар да қоғамда өз орындарын тапқан, өз қамы үшін емес, рулы ел үшін еңбек етіп жүрген асыл жандар.

Осындай ізгі жандармен бүгін бөлісер ой – пікір:
1. Алып – анадан туады
2. Қыз — өмірдің гүлі
3. Тәрбие басы – тал бесік
4. Қызым саған айтам, келінім сен тыңда
5. Қызға қырық үйден тыю
деген бағыттарда болмақ. Ендеше пікір алмасу, ой бөлісуге кезек берейік, құрметті көрермендер!

«Алып — анадан туады» деген аталы сөз бар халқымызда. Кешегі Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Әлия мен Мәншүк сынды қаһарман қыздарымыздың өкшесін басып жүрген, ұзақ жылдар медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігер апайдан қыздар тәрбиесі, қыздардың қоғамдағы рөлі, қыздар істеген ерліктер жөнінде әңгіме естігіміз келеді.
(Дәрігер сөйлейді)
Жүргізуші: — Рахмет! Сіздің жүрекжарды әңгімеңізден біз талай сырға қанық болдық. Енді өзіңізге алғыс ретінде мектебіміздің оқушысы бір ән орындап бергісі келеді. Қабыл алыңыз, аяулы апай!
Жүргізуші:
Қадірлі, қазақ қызы!
Мен сені жырлап өтем өле — өлгенше,
Қабірім гүл шоғына бөлгенше.
Ақшамғы ақша бұлттай қалқып ұшып,
Аспанның аржағына жөнелгенше.
деп жырлайды қайран ақын жүрек,
Қазақ қызының болмысына ғашық жүрек.
Бүгін арамызда ақын апайымыз қонақта отыр. Апай «Жақсы қыз – рулы елдің бағы» деген түйінді сөз төңірегінде әңгіме қозғамақшы.
Сөз кезегі өзіңізде, құрметті ақын апай!
(Ақын сөйлейді)
Жүргізуші: Рахмет, апай, сіздің құрметіңізге арналған әнді қабыл алғайсыз!
(Ән. ___________ Орындайтын____________).
Жүргізуші:
Отанды мен ұқсас көрем анаға,
Ана бізге туған жер де, дана да.
Әлемдегі сұлулық пен нәзіктік,
Әйел деген жалғыз сөзге балама.
Келесі сөз кезегі аяулы ұстаз, білікті басшы, көп балалы ана, сүйікті әже болып отырған қымбатты апайымызға беріледі.
«Тәрбие басы – тал бесік» дейді халық даналығы. Өзіңіз ұзақ жылдар бойы ұстаздық ету барысында тәрбие бесіктен басталатынына, отбасына байланысты болатынына мың мәрте көз жеткізген болатынсыз. Осы мәселе жөнінде пікір бөліссеңіз деп едік.
(Ұстаз сөйлейді)
Жүргізуші:
— Құрметті, ұстаз, қыз тәрбиесі туралы ой бөліскеніңізге рахмет. Сізге шығармашылық табыс тілей отырып, сіздің құрметіңізге арналған әсем күйді тыңдауды ұсынамыз.
(Күй ___________ Орындайтын____________).
Жүргізуші:
Қызды «жат жұрттық» деп, оны қонақ деп есептеген бабамыз қызға қатты сөз айтпай ақ төрінен орын сайлап, тәуірін кигізіп, гүлдей мәпелеп баққан. Бүгінгі аққудың көгілдіріндей әлпештеген құсың ертең-ақ өзге шаңыраққа келін болып түсіп, жат жұрттық аталып кете барады. «Қызым, саған айтам, келінім сен тыңда» деген түйінді сөзімен ой бөлісуге келіп отырған, құрметті қонағымыз он саусағынан өнері тамған тігінші апайымызға сөз кезегін береміз.
(Тігінші сөйлейді)
Жүргізуші:
Бөліскен ойыңызға рахмет. Сіздің айтқан әңгімеңізден біз талай нәрсе ұққанадай болдық. Сізге мол табыс тілейміз. Сіздің құрметіңізге тамаша би орындалады, қабыл алыңыз!
(Би. _________Орындайтын________).
Жүргізуші:
Пендесін қазағыңдай жақтап құдай,
Дархандығын өзге елдер мақтапты ұдай,
Қандай сұлу қыздары қарақат көз
Қыз Жібек,
Баян сұлу,
Ақ Тотыдай
«Қыздарым, сенің ұятың — ұлтыңның намысы!» деген аталы сөз қыз тәрбиесіне орай айтылса керек, Ұясынан ұшқан құсы қиясына абыройлы қонса, ол артындағы ата – анасына мерей. Қыз бала тәрбиесі қашанда мәнді. Ата – бабамыз қызды аса қадірлеген, тәрбиесіне аса мән берген. «Адамның мінезін түзетуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім» депті ұлы Абай.
«Қыз намысы – ұлт болашағы» деген түйінді сөзімен ой бөлісуге келген тәртіп сақшысына сөз кезегін береміз.
(Тәртіп сақшысы сөйлейді)
Жүргізуші:
Сіздің айтқан ақылыңызға рахмет.
Мектебіміздің ер балалар тобыны орындауындағы әсем әнді қабыл алыңыз! _________________________
Жүргізуші:
Аяулы асыл армандай,
Жанымда менің жүзді арай
Танысып өскен талдардай,
Қазақтың ару қыздары – ай
дей келе бүгінгі келген қонақтарымыз да қалыс қалмасын. Қазақ халқы қыз бала тәрбиесін де өзінің мақал — мәтеліне қосқан. Қазір қонақтарымызды мақал – мәтел сайысына шақырамыз. Біз мақалдың бір жолын айтамыз, сіздер мақалды аяқтайсыздар.
«Жақсы қыз – жағадағы құндыз,
Жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз»
«Ата көрген оқ жонар,
Шеше көрген тон пішер»
Жүргізуші:
Жетіп қолы құлпырған қырмызыдай,
Десек керек болса егер хор қызындай
Көркіне көз тоймай қараған сәт
Қалмайтын жігіт біткен бір қызынбай
Біздің қазақ қыздары осындай-ды
Жалғандыққа ешқашан бас ұрмайды
Жотасында қос бұрым белге түскен
Сұлу қалпын ашпаса жасырмайды
Қыз, әйел — өлмейтін тақырып. Өзінің қыры мен сыры көп, көркі мен, ақылы мен, парасаттылығымен, шебердің қолын, шешенің тілін байлайтын сиқырлы құбылыс секілді, оны дүниені тудырған құдірет деуге де болады. Әр шаңыраққа бақыт пен бірлік беретін — ана, берекесін келтіретін — ана. Өмір адамға бірақ рет беріледі. Сондықтан әр адам қолынан келіп тұрып бақытсыз болуы қиянат. Бүгінгі кешімізді «Ел болам десең бесігіңді түзе » деген аталы сөзбен аяқтаймыз.

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *