Басы » Информатика » Жаңа формация мұғалімі болу – заманауи қажеттілікбет 257

Жаңа формация мұғалімі болу – заманауи қажеттілік

Жаңа формация мұғалімі болу – заманауи қажеттілік
ОҚЫТУ МЕН ОҚУ ТӘЖІРИБЕСІНЕ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ҚАЛАЙ ЕНГІЗГЕНІМ ЖӘНЕ ОНЫ БАСҚАРУЫМ ЖАЙЛЫ
А. Т. Насамбаева
Ә. Жангелдин атындағы орта мектебінің
Информатика пәні мұғалімі
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы
Тәжірибе кезінде нені өзгерттім және қалай басқарғаным туралы ойларым

Еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруде көзделіп отырған мақсаттардың ең негізгісі – әрбір жеке тұлғаға білім алудың өмірлік жолын еркін таңдауына мүмкіндік туғызу. «Мұғалім өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алғанда ғана шын мәніндегі мұғалім болмақ» деген екен бір ғалым. Сондықтан әр педагог әрбір баланың ойынан шығып, қажеттілігін қанағаттандыра білуге дайын болуы тиіс. Оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын ұстаз ғана бүгінгі қоғамның мүддесінен шыға алады. Ойы жүйрік, саналы, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастыра алады. Өйткені, жақсы мұғалім  жақсы оқушыларды жасайды. Осы орайда өзіме кеңінен тоқталар болсам, менің қызмет етіп жүрген орным – Шалқар қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектебі. Бұл қазақ тілінде оқытылатын мектеп. Жұмыста оқушыларға білім беріп, олардың білмегенін үйрету және алдымда отырған оқушылардың әрқайсысының ойын тыңдауды менің басты міндетіме жатқызамын. Сонымен қатар әріптестеріме көмегімді тигізіп, бағыт-бағдар бергенді де ұнатамын және соған дайынмын.

Кембридж бағдарламасы жөнінде айтар болсам, бұл курстың мәні өте зор. Педагогтардың білімін жетілдіру курсында болып сындарлы оқытудың мақсатымен танысқаннан кейін оқушыларды қалай оқыту керектігін емес, оқушылардың қалай оқу керектігін үйрендім. Соған байланысты өзімнің жұмыс істейтін мектебімде тәжірибелік сабақтар топтамасын бастап кеттім. Бетпе-беттің алғашқы кезеңінде алған білімімді мектептегі тәжірибемде қолдануды ең алғаш ұжымға түсіндіру жұмыстарын жүргізуден бастадым. Осы орайда мектеп басшылығымен және әріптестермен  кездестім, сонсоң кабинет және сабақтардың кестесі жайында ақылдастым. Мақсат-міндеттермен қоса, талқыланатын жұмыс пен жоспарларды реттеп алдым. Әріптестеріммен ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру мақсатында семинар-тренинг өткіздім. Мұнда мұғалімдерден құралған мүшелерді топтастыра отырып, курс және ондағы білім берудегі жаңа жеті модульдік құрылымы туралы айта кеттім. Жалпы диагностикалық, кәсіби лайықтылықты анықтау мақсатында «Сіз қандай мұғалімсіз?» деген психодиагностика жүргіздім. Оларды сергіту мақсатында түрлі тренигтер өткіздім. Уақыт туралы слайд көрсетіп, «Уақыт – мезгіл пернесі» дегендей, уақыттарын қаншалықты үнемді, пайдалы жағынан қолданып жүргендерін сұрап, талқыладық. Осыдан түйгенім, осы жерде олар ойланып, өздеріне-өзі есеп бере бастады. Оқушыларға нақты біліммен қоса, дұрыс жан-жақты тәлім-тәрбие беру үшін мұғалімдерге бейнероликтер көрсетіп, оларды да сыни тұрғыдан ойлатып, өзара пікірлестік. Осы сәт те оларға ерекше әсер берді. 20 жылдан соң әлем қалай өзгереді дегенге сай бейнеролик көрсетіп, осы кезде мұғалімдер қандай болады деген ой тастадым. Әр топтағы мұғалімдер ой тоғыстырды. Оқу жөніндегі бейіндік орынбасар Садыбекова Айнаш апайым өте жақсы пікір айтып, мұнда мұғалімдердің тіпті күнделікті жоспарының өзі электронды түрде болады деп көптеген  тұщымды ойларын жеткізді. Семинар-тренигтен алған әсерлерін стикерге жазып, маған қолдау көрсетіп, сәттілік тілеп, тілек айтты. Әріптестер арасында курс жөнінде жақсы көзқарас пайда болды.

Бала тәрбиесі – баршаның ісі демекші, өзім жетекшілік ететін сыныбымның ата-аналарына осы тәсілмен конференция – сабақ өткіздім. Мұндағы, менің мақсатым – ата-аналардың балаларымен қарым-қатынастарын бұрынғыдан да жақсартып, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлудің маңыздылығын дәлелдеу болатын. Осыған қоса, ата-ананың бала тәрбиелеудегі оң психологиялық көзқарасын, балаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Ең әуелі ата-аналармен ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру мақсатында тренингтер өткіздім.  Бала тәрбиесі – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс болғандықтан, «Сіздің бала тәрбиесіндегі рөліңіз қандай» деген төңіректе  сауалнама алдым. Ата-аналардың жастығы мен бала тәрбиесіндегі тәжірибенің жоқтығы, болмаса тәрбие жұмыстарында тек қана өз ойлары мен көзқарастарына ғана жүгінуі немесе қажетті педагогикалық  білімдерінің жетіспеушілігі салдарынан тәрбие процестері көптеген қателіктерге ұшырап отыратындықтан, мектеп өміріндегі ата-аналардың педагогикалық білімін жетілдіру,  мәдениетін арттыру, бала тәрбиесіне белсене араластыру мақсатында ұйымдастырылатын семинар тренингтердің маңызы орасан зор болады деп шештім. Ата-аналар бірлесіп, өздері де топтасып, «Мінсіз ата-ана қандай болу керек» тұрғысында коллаж жаттығуын жасап, қорғай біліп, өздеріне деген жауапкершілікті одан әрі міндеттеді. Рефлексияда рақметін жаудырып, бір серпіліп қалғанын, өздері де сызып, жазып, сөйлеу барысында балалық шақтарына барып қайтқандарын жасырмай бөлісіп, мені ерекше әсерге бөледі.

Мектептегі тәжірибе кезінде менде өзгерістер көп болды. Бағдарлама бойынша оқыған-түйгенімді тәжірибе жүзінде қолданып, оқушылар алдында өзімді тағы бір көрсетіп, дәлелдейтін кезең келді. Тәжірибе жүргізудегі мақсаттарым — бағдарлама модульдерін жаңа сабақпен байланыстыру арқылы көрсету, сабақ құрылымын өзгерту арқылы тақырыпты жаңа әдіс-тәсілдермен меңгерту, тәжірибені талапқа сай жүргізу және бағдарламаны толық меңгеріп, сертификатқа қол жеткізу болатын.

Енді тәжірибе жүргізетін сыныпқа көшейін.      Өзім жетекшілік ететін 7 «А» сыныбымды эксперименттен өткізуге алдым. Сыныбымда оқитын балалар 13-14 жас аралығында. Осы жастағы балаларға жас ерекшелігіне сай білім мазмұнын меңгертуді ойладым. Тәжірибе кезеңінде мен орта мерзімді жоспарлауды үйрендім, әрі оның тиімділігіне көзім жетті. Білім беру негізін түсіну, білім беру стильдерін назарға алу және өмір бойы өзін-өзі оқытудың қажеттілігін мойындау және оның әдістерін таңдай білу қажеттілігін (нұсқаулық 32-бет) түсінгендіктен орта мерзімді жоспарлауда бағдарлама модульдерін мен өз тәжірибемде қолдандым. Сабақ жүргізбес бұрын таңдаған сыныбымды кабинетке алып келіп, әр түрлі тренингтер арқылы тәжірибе барысын түсіндірдім. Оқушыларды тәжірибе кезіндегі өзгерісті енгізу үшін алдымен өздерін дайындап алдым. Сабақтар жаңа форматта болғандықтан, оқушыларды әр сабақ сайын топқа бөліп және жаңа әдіс-тәсілдер арқылы оқыттым. Олар топта еркін сезініп, бір-бірінен қолдау тауып, сабақты меңгеру әлдеқайда қызықты болғандықтарын күнделікті сабақ соңында жүргізілетін кері байланыс арқылы хабардар болып, тәжірибемнің сәтті өткеніне риза болып отырдым.

Орта мерзімді жоспарда сабақтар уақытына қарай шектеулі болғанымен, бағдарлама модульдерінің бірнешеуін қамту үшін сабақтарда түрлі әдістер қолданып, тақырыпты жан-жақты меңгерту қамтылды. Оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріле алынған тапсырмаларда сыни ойлауға үйретуге, оқушы бойындағы ерекше қабілеттерді ашуға, өзара диалогтік әңгімеге түсу арқылы бір-бірімен пікір алмасуға, өздерін немесе бірін-бірі бағалауға және жаңа заман талабына сай АКТ-ны тиімді пайдалануға мүмкіндік бере отырып, мен өзім, мұғалім ретінде, аталған модульдердің элементтерінен құралған сабақтар топтамасын басқарып, көшбасшысы болдым. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында әрбір сабақты түрлендіріп өткізу — әр мұғалімнің басты міндеті. Оқушылардың білім деңгейін көтеру, алған білімдерінің тиянақтылығын тексеру мақсатында өзімнің іс-тәжірибемде оқушылардың білім деңгейін арттыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда оқытудың топтық және жұптық жүйелерін қолдандым. Жалпы топтасуда оқушылар бір -біріне жақын болып, сабаққа қызығушылықпен  қарағандарын аңғардым. Осы әдістердің тиімділігі – оқушылардың бір-біріне жолдастық, достық қарым-қатынастары арта түсетініне, бір сабақтың үстінде берілген материалдарды толық қамтуға мүмкіндік туатынына, бағалау жұмыстарын салыстырмалы түрде жүйелі жүргізуге болатынына, оқушылардың өз беттерімен ізденістерінің туындауына, қосымша оқулықтармен немесе өз оқулықтарымен жүйелі жұмыс жүргізуге дағдыланатынына, өз білімі мен жолдастарының білімін саралай, бағалай білулеріне толығырақ мүмкіндік туатынына көзім жетті.

Шағын топтарға бөлуде маған мынадай қиындықтар кездесті:

—         Шешімін таба алмағандықтан, қай топқа орналасуын білмей, көп уақытты жіберіп алуы;

—         Топқа орналасқаннан соң, кейбір оқушылардың басқа топтағы адамдармен бәсекелесуі;

—         Топтасудағы негізгі идеяны түсіне алмауы;

Ынтымақтастық атмосферасын құру кезінде топқа бөлудің түрлі әдіс-тәсілдерін үйрендім және ол әдістер сабақпен де байланысты болғаны және оқушы қызығушылығы мен белсенділігін арттыратындай болу керек екенін ұғындым.

Сондықтан мен топқа бейімдеу үшін түрлі психологиялық тренингтер өткізіп, оларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретуде бейнероликтер көрсеттім. Алғашында топтасу барысында оқушылар түсінбеушілікпен қарады. Содан кейінгі сабақтарда түрлі топтасулардан кейін оқушылардың қызығушылығы артқандығын байқадым. Кейбір оқушылар топқа берілген тапсырманы мүмкіндігі мен қабілеті жетпесе де, жеке өздері орындауға тырысып, сондай-ақ, жауапкершілікті сезініп, қасындағы достарына өзіндік пікір мен идеясын айта бастады. Одан мен топпен  және жұппен ақылдасуын сұрадым, сонда ғана бір нәтижеге келуге болатынын айттым. Оқушылар білімді бірлесіп алуға біртіндеп үйренісе бастады. Мен оларға  топтық ереже құрғыздым. Яғни оқушылар одан кейін топта бірлесіп жұмыс жасауды, басқа топтың пікірін тыңдауды, әр оқушының айтылған ойы құнды екендіктерін ұқты. Және де топтық немесе жұптық жұмыс барысында өздерінің құрған топтық ережелеріне бағынып отырды. Ермексазбен жұмыс жасау барысында да бір жағынан, қолдарының моторикасын шынықтырды. Ең әуелі жеке дара бұйым жасап алды да, сонсоң барлығы топтасып, жасаған бұйымдарын біріктіріп, әңгіме құрастырды. Коллаж жаттығуын орындау барысында да әуелі идеяларын ортаға салып, ойластырғаннан соң плакатқа салып, оны әрлеп, қорғауда да әрқайсысы айтатын сөздерін бөліп алып, ортақ бір жүйеге келуді де үйренді. Әннің үзінділері бойынша топтасып, оны шырқап, рэп, операга салуда да өздерінің әртістік қабілеттерін дамытты. Бағалау, рефлексияда да бірлесіп, сабақтан алған әсерлеріне талантты және дарынды оқушыларым өлең шығарып, өздерінің шығармашылықтарын шыңдай түсті.

Екінші қадамым бағдарламаның жетекші жеті модулін сабақтар топтамасына енгізу бағытында орын алды. Бар модулді бір сабаққа кірістіруді көздедім. Көбіне сабақта оқушылардың сыни ойлауын дамыту мен сындарлы көзқарасын қалыптастыруды басшылыққа алдым. Өйткені ол – оқушының өмір сүруге деген қабілетін арттыра түседі. Осы тұрғыда оқушылардың арасынан дарынды оқушылар анықтала бастады. Дарынды оқушылар топта өзіндік пікірлерімен ғана емес, көшбасшылық қасиетімен таныла бастады. Олар топтық жұмыста белсенділік танытып, қасындағы серіктесіне бағыт беріп, кей жағдайда «үнсіз оқушылардың» ашылуына да көп көмегін тигізді.

Оқыту барысында мен мынадай нәрселерді түйдім:

—         Мұғалім бағыттаушы ретінде оқушының өзін-өзі реттеуіне мүмкіндік жасай алады;

—         Мұғалімнің қолдауы оқушының өзіне деген сенімін қалыптастыра алады, яғни оқушының ішкі уәжіне әсер етуге септігін тигізеді;

Бұндай жаңа тәсілдер оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігін арттыра түсті. Оны мен тәжірибе соңындағы оқушылардан алынған сұхбат арқылы көз жеткіздім. Сондықтан, олар басқа пәндердің  де осындай оқыту формасымен оқытылса, тиімді болатындығын атап көрсетті.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» —  деген бүгінгі тәуелсіз  мемлекетіміздің ертеңі, біз тәрбиелеп отырған жас ұрпақтың  меңгерген біліміне, алған тәжірибесіне байланысты екеніне еш күмәнім жоқ. Оқушылардың танымдық көзқарасын байыту, ақыл-ой қабілетін жетілдіру, өзіндік ойлау және өмірлік ұстанымын қалыптастыру мұғалімнің шеберлігіне, шығармашылық қабілетіне байланысты. Теориялық білімді игерту мен жаңғырту  және жаңа жағдайға іс жүзінде лайықтап қолдануға үйреткенде ғана оқушылардың алған білімі мен  біліктілігі шынайы да нақтылы қалыптасады. Осындай жолмен қалыптасқан білім мен біліктіліктің  танымдық маңызы да зор болатыны сенімім мол.

Жалпы курс туралы тоқталып өтетін болсам, «Кембридж курсының» бас кезеңінде кейбір қиыншылықтарға кездестім, неге десеңіз, методологиялық аспектіге аз көңіл бөлгенім екен, сонымен қатар  өзімнің білгенімді  әріптестеріме түсіндірудің қиындығына  кездескен кезде маған жаңа  идеялар, жаңа бағыт, жаңаша методикалық  негіз қажет болды. Ең негізгі қағидасы – педагогикалық  қарым-қатынас пен қарым-қатынас диалогы арқылы жеке  тұлғаны қалыптастырып, дамыту. Курстың басты кезінде әрине, психологиялық, педагогикалық және әдістемелік материалдар қаралды, әріптес ұстаздарымызбен тәжірибемен бөлістік, кейін өз тәжірибем құрастырылып қалыптасты. Менің іс-тәжірибемнің маңызы — жаңашыл технологияларды шығармашылық түрде қолдану. Құзырлылықты қалыптастыру шартын құру үшін педагогикалық мәселелерді шешумен байланысты, реттік іс-әрекет жүйесі ретінде, мұғалімнің қызметін ұйғаратын педагогикалық технологияларға өту қажет. Сондықтан, ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану — бүгінгі күннің талабы болды. Өзімнің пәніммен бір жағынан ұштасып жатқан соң осы модульді де мен өз сабақтарымда шебер қолдандым.

Бұдан мен не ұғындым…

Оқушылармен материалды игеру үрдісін психологиялық түрде жеңілдетеді, пәнге деген танымдылық қызығушылығын тудырады, оқушыларды сыни ойлатып, көзқарасын кеңейтеді, сабақ үстінде көрнекілікті қолдану мүмкіндігі өседі, өз көзқарасын нақты және қысқаша қалыптастыру дағдысы, сабақ үстінде оқушының да, мұғалімнің де еңбек өнімінің жоғарылауы болады.

Бүгінгі күні республикамызда білім беру жүйесінің түбегейлі  өзгеріске ұшырауы анықталғаны баршамызға аян. Оның негізгі факторы жаһандану үрдісіндегі білім беру саласында жаңа модельдердің дүниеге келуі, білім беру үрдісінің ақпараттандырылуы болып табылады. Ақпараттық және педагогикалық технологиялар негізінде мұғалімнің рөлін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды, мұғалім тек қана білімді алып жүруші ғана емес, сонымен қатар оқушының өзіндік шығармашылық жұмысының жетекшісі және бағыт берушісі болып анықталды.

Тәжірибе кезінде мен жоғарыда көрсетіп өткендей, мектебіме өзгеріс енгіздім және ол оң нәтижесін берді. Өйткені, тәжірибе соңында сыныбымның оқушыларымен серіктес ретінде  және  әріптестеріммен алған әсерлерін сұрағанда, олар білім беру мен оқытуда көп өзгерістер енгізілгені туралы және тәжірибе барысында бағдарлама жаңалықтарын қолдану арқылы үш апта ішінде мектепке нәтижелі өзгеріс енгізілгенін байқағандары туралы айтып ой бөлісті.

Білім беру мазмұнындағы өзгерістер, тұлғаға бағытталған оқытуды жүзеге асыру – мұғалімнің әдістемелік қызметінен көп жаңашылдықты күтеді, кәсіби құзыреттілігі шеңберінің кеңдігін қажет етеді. Өздігінен дамуға, өзін-өзі кемелдендіруге ұмтылатын ұстаз оқушысына оң бағдар сілтейді деген сенімдемін.

Кіріктірілген сабақ өткізу ақпараттар тоғысында өте тиімді және оқушы үшін өте маңызды. Бұл сабақ барлық модульмен де қарастырылатын жаңа сабақ ішкі құрылым жағынан бір ұғымды білдіріп жан-жақты қарастырылатынын, оқушы өз күшімен меңгеріп, өз өмірімен де ұштастыра білуіне жол ашады.

Егемендік алып, жылдам дамып келе жатқан заманда осындай әдіс-тәсілдерді күнделікті сабақта қолдану — мұғалімнің өзінің құзыреттілігін арттырады. Бұл – бірден-бір ажырамас бөлігі. «Жан-жақты білім – өмір талабы» — демекші, кез-келген сабақта оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін де қалыптастыруға, шығармашылық еңбек етуіне жағдай жасайтынымыма сенімім мол.

Тәжірибенің аз ғана уақыт ішінде көшбасшы ретінде мектепке өзгерістерді енгізуді бастадым. Алдағы күндері өз іс-тәжірибемді шыңдап, кәсіби біліктілігімді дамыта отырып, өзгертуде көп ізденіс жұмыстарымен шұғылданатыныма сенімдімін.

Өз ойымды аяқтай келе, Лиеберманның айтқан пікірімен келісемін. Ол (Lieberman, 1995) мұғалімдерге арналған кәсіби дамудың «форманы өзгерту» керек екендігі туралы айтып пікір таластырады. Бұл дегеніміз-кәсіби дамуға арналған дәстүрлі ыңғайларды ығыстырып, оның орнына жаңа үлгілерді қолдану керек деген сөз. Мұғалімдердің өз кәсіби дамуларына қызу кірісуін көргісі келетіндігі маңызды деген идеялар қатарында бар. Лиеберман кәсіби дамудың реформалары жүзеге асып жатқан мәтіндерді, мұғалім қызметінің даму мүмкіндігін және мұғалімдердің білімдері мен тәжірибелерін қолдаудағы бірлесіп жұмыс жасайтын серіктестіктерді құруды есепке алады. (Әрекеттегі RWCT философиясы мен әдістері. 177-бет)

Қорыта келе, курстың әрбір кезеңін, әрбір модулін мұқият саралаудан өткізіп барып, тәжірибеде қолдану керек. Мен осы  оқуда үйренген топтасу әдістерімен  шектелмей, алдағы уақыттарда басқа да көптеген түрлерін қолдануды жөн көріп отырмын.
[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *