Профессор Рузуддиновтың стоматологиялық колледжінің
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «саясаттанушы»
Құрмашев Ескендір Даниярбекұлы
Достықтың үш түрі болады…
Достық ұғымы өте кең. Дос – қиналғанда да қуанғанда да бөлісер өмірлік тірегің. Дос — таразыға тартылмайтын, ақшаға сатып ала алмайтын, теңдесі жоқ байлық. Ол байлық кез-келген адамда болуы қажет. «Достықтың үш түрі болады…» деген тақырыпқа қарап, қандай үш түрі деп күтіп отырған шығарсыздар? Бірде Қазақстан Республикасының халық әртісі Тұңғышбай әл-Таразидың теледидардан достық пен махаббат туралы тақырыпта сұхбат беріп отырғанына куә болғанмын. Ол кісінің айтуы бойынша, атасы достықтың үш түріне мынадай сипат беріпті: оның біріншісі – тұмсықтан қан шыққанша, екіншісі қалтадан мал шыққанша, ал үшіншісі кеудеден жан шыққанша. Менің түсінігімше, тұмсықтан қан шыққанша дегені, ол – досыңның сын сағатта сырт айналып, жарты жолда қалдыруы. Гректің ұлы ойшылы, философ Аристотель «Адамның басы бәлеге ұрынған кездегі ең жақсы қамал – адал дос» деген ғой. Ендеше нағыз дос деген адал, берік қамал секілді болуы шарт. Қалтадан мал шыққанша дегені, бар болғаныңда қасыңнан шықпай, жоқ болсаң танымай өте шығуы. Осы тұста Алаштың бір туар азаматы Сәкен ағамыздың мына бір өлең жолдары ойға оралады:
Шырқ айналар шіркін тауық,
Жемің болса қолыңда,
Қайдағысы сені тауып,
Топырлайды жолыңда.
Досыңмын деп ант береді,
Жем іздеген жанама.
Жем таусылса жалт береді,
Сенерлік дос, санама.
(«Сырсандық» досқа жазған хаттан)
Кеудеден жан шыққанша дегені, достың қуанышына қуанып, қайғысына ортақтасатын, өлімге дейін бас тігетін адал дос болу деп санаймын.
Не жетеді нағыз досқа, асылға.
Қуансаң да, қайғырсаң да қасыңда.
Қиналады – сен қиналсаң болғаны,
Ұйықтамасаң – ұйықтамайды ол-дағы —
деп кезінде ағылшын драматургі, ұлы ақыны Уильям Шекспир текке жырламаған-ау әсте. Достық сезімнің нәзік жіп тәрізді үзіліп кетпеуі үшін, айналаңдағы достарыңды жөнімен таңдай біл. Имам Жафар-Садық «Мынадай бес адамды дос көруге болмайтынын» айтып кеткен:
Өтірікші. Оның әрбір ісіне әрдайым сақ бол, себебі сені күтпеген жерде алдауы мүмкін;
Ақымақ. Саған жақсылық жасағысы келсе де, мәселенің байыбына бармастан жамандық жасап қоюы мүмкін.
Сараң. Ең қажетті шақта немесе сын сағатта, дүние үшін сені тастап кетуі мүмкін;
Қорқақ. Басыңа алмағайып күн туса, тайсақтап сенен қашып кетуі мүмкін;
Пасық. Болмашы нәрсеге бола, сені жарға итеруі әбден мүмкін.
Ата-бабаларымыз досыңның ақылды болуын қалап: «Ақылды дұшпаннан қорықпа, ақымақ достан қорық», «Досың өзіңнен жақсырақ болсын» деген.
Надан адаммен дос болу ешқашан жақсылыққа апармайды, жолыңды оңғармайды, мінез-құлықты бұзады. Ал дұрыс дос таңдай білу жөнінде ислам ғалымдары мынадай ақыл кеңес айтады: 1. Досың ақылды болсын. 2. Досың адал әрі аңғарымды болсын.
3. Досың көркем мінезді болсын. 4. Досың ақпейіл әрі насихат беруші болсын.
5. Досың сырыңды және кемшілігіңді жасырушы болсын.
«Тең-теңімен, тезек қабымен» демекші, уақыт өте келе кез-келген ортадағы адамдар бір-бірінің мінез-құлықтарына байланысты топтасып, бірігіп дос болып жатады. Мәселен, біріккен достарға аңғарып қарасаңыз, бірі – ашық мінезділер, бірі – тұйық мінезділер, тағы бірі – бұзық мінезділер, енді бірі – аферистер. Дос болу үшін адамдар бір-біріне тілек білдірмейді. Қазақ халқында дос болу үшін белгілі бір шартта жоқ. Ал ерте заманда әлем халықтары адамдарының бір-бірімен әдейілеп дос болуы үшін, достыққа алуан түрлі талаптар қойып, келісім-шарттар ойлап тапқан. Мысалы, Австралия аборигендерінде – олар өздерінен үш мәрте бір затты сатып алған адамды ғана дос санап сыйласады екен. Ал, скифтерде – дос болу үшін келісім-шарт жасасқан. Саусақтарынан қылышпенен қан шығарып бір ыдысқа біріктіріп, дос болуға ант берген. Бұндай рәсім достықты ешкім де, ешнәрсе де айыра алмайды деп сенген, үндістерде – әйел мен еркек бір-бірімен дос бола алады деп сенген. Достық шартын дүйім жұрттың алдында үш рет қайталап, ант қабылдаған. Жынысына мән берілмеген. Егерде ер мен әйел дос болу антынан кейін отбасын құрса, басқалары «қан араласты» деп қарсылық білдірген. Кавказдықтарда – дос болудың мынадай үш шарты болған екен: 1. Үлкендердің алдында ант қабылдауы. 2. Біраз жылдан кейін достықтары берік болуы үшін алтын жүзік салынған ыдысқа сүт құйып ішуі. 3. Тағы бірер жылдан кейін саусақтан қан шығарып, араластырған. Кейіннен бас киімдерін де алмастырып киетін болған.
Өзімнің жан досым Әділ бауырымның дос туралы жиі айтатын сөзіне тоқталсам, адамға ең жақындары үш әріптен тұрады дейді. Олар «ата», «апа», «әке», «ана», «аға», «іні» және «дос». Досың артық ештеңені қажет етпейтін, ешқандай міндет артпайтын, барлық тірлікті оған арнауды талап етпейтін өміріңдегі бауырыңдай жан.
Достық ұғымына терең баға беріп, достардың арасындағы ұстануға қажетті қағидаларға келсек:
- Достар ешқашан бір-бірін сатпауға тиіс;
- Достар материалдық құндылықтардан гөрі, рухани құндылықтарды жоғары бағалауы қажет;
- Достар бір-бірінің лайықты істерін көре біліп, бағалай білуі керек;
- Достар бір-бірінің кемшілігін көріп, түзетуге кеңес беріп, көмектесуі қажет;
- Достар бір-біріне жасаған жақсылығы үшін, қайырым күтпеу қажет;
- Достар көп жағдайда адалдығын сөзбен емес, ісімен дәлелдеу қажеттігін ұмытпауы тиіс.
Ойымды қорыта келе, Ыбырай Алтынсарин атамыздың «Жаман дос» атты әңгімесіне тоқталсам деймін. Кішкентай кезіңде оны өзің де оқыған шығарсың. Қайталай еске салайын. Екi дос кiсi жолдастасып келе жатып, бiр аюға ұшырасыпты. Бұл екi кiсiнiң бiреуi әлсiз, ауру екен; екiншiсi мықты, жас жiгiт, аюды көре ауру жолдасын тастап, өзi бiр үлкен ағаштың басына өрмелей шығып кеттi дейдi. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрменi жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кiсi болды да жатты. Аю өлген кісіге тимейді дегенді есітуі бар еді. Расында солай екен. Аю бұл жатқан кiсiнiң қасына келiп иiскелеп тұрды да, дыбысы бiлiнбеген соң тастап жөнiне кеттi. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсiп, аурудан сұрапты:
– Достым, аю құлағыңа не деп сыбырлап кеттi? Сонда ауру кісі:
– Аю құлағыма екiншi рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма деп ақыл айтты, – дептi.
Демек досыңның тек қана қуанышқа ортақтасқанына бола «досым, досым» демей, басқа түскен қиын істе бір сынап алған абзал-ау!
[bws_related_posts]