Профессор Рузуддиновтың стоматологиялық колледжінің
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «саясаттанушы»
Құрмашев Ескендір Даниярбекұлы
Ішкі жауларымызға күресті жариялайық.
Қазақ халқының ұлы жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов айтқандай: «Төзім тамаша қасиет, бірақ ұзақ төзуге уақыт жоқ» дегендей, адамзатты билеп, төстеп алатын, өте нашар, адамгершілік принциптерін құртатын мынадай ішкі жауларымыз бар. Олар: «қорқақтық», «немқұрайлық», «сенімсіздік», «іштарлық», «тұрақсыздық», «уайымшылдық». Міне құрметті ағайындар біздер ең алдымен осындай болашаққа кері әсерін беретін, адамзатты регресс пен негативті жағдайларға шақыратын ішкі жауларымызбен күресуіміз қажет. Біз көп жағдайда проблемалар мен сәтсіздіктер болып жатқанда көбінде, анау кінәлі, мынау кінәлі, мен бұлай істегенде болмай қалды оған қоғам, мемлекет, заман кінәлі деп жататындығымыз да бар. Міне, біздер олай демей, керісінше, өзімнен қандай қателік кетті, мен нені дұрыс істемедім, немесе қалай жасау керек еді деген сұрақтарды өз-өзімізге қойып, өз-өзімізге сын көзбен қарасақ, мәселенің мән-жайы ашылады емес пе, құрметті замандастар. Ең алдымен қорқақтықты қарастырып көрейікші. Ол қасиет өте трагедиялық жауымыз. Қарапайым мысал: түн жарымда алыста, далада орналасқан әжетханаға барып қайту, немесе дүкенге нанға барып қайтайық десек, ол жағдайда кейде қорқып үрейленеміз, алдымыздан бір сайтан шығатындай. Егер де дәл сондай жағдайда батылдығымызды жинап, мен ешнәрседен қорықпаймын деп шықсақ, ендеше, біздер өз қорқынышымызды, ішкі жауымызды жеңеміз, құрметті достар. Қорқыныш ол біздің байлығымызды, амбициямызды құртады. Неге десеңіздер, сонау коммунизмнен қалып кеткен санамыз бар емес пе?! Бай болсақ тонап кетеді, бай болсақ өлтіріп кетеді, бай болсақ мемлекет байлығымызды конфискация жариялап тартып алады деген. Міне, осындай санамыздағы түсініктер бізді өте қарапайым болып, қорқып өмір сүруге үйретеді. Атам қазақ айтқандай маңдай термен тапсақ, неге қолдан келсе қонышынан баспасқа, бақуатты, берекелді өмір сүрмеске, құрметті қауым. Ал осы қорқақтық, амбициямызды өшіріп тастап, момындыққа, шектен тыс қанағатшылдыққа, тығырыққа тіреп, қозғалыссыз байлап тастайды. Келесі жауымыз ол – немқұрайлық, ол да бір қазіргі таңда кесел ауру болып қалыптасып келе жатқан ата жауымыз. Неге десеңіздер, мысал үшін автобуста келе жатып, бір кісінің сөмкесінен ұрлықшы ұялы телефонын немесе ақшасын ұрлап алмақшы болып жатса, біздер көрсек те үндемей, көрмегендей тұра беретіндігіміз де бар. Өйткені, маған тимесең болғаны деген жаман түсінік қалыптасып кеткен, яғни қорқамыз, үрейленеміз содан немқұрайлық туындайды. Немесе өзіміздің танысымызға болмаса жақын адамымызға бейтаныс кісі келіп тиісіп, ұрып жатса, жанынан жәй ғана өтіп кете береміз. Ең қарапайым жиі кездесетін жағдайды айтатын болсам, мысалы туысқандарымыздың, жақын адамдарымыздың туған күндері, қуаныштары немесе қайғылары болса біздер не істейміз – біз ол кезде звандамаймыз, құттықтамаймыз, көңіл сұрамаймыз, өйткені бізде уақыт жоқ, ұялы телефонымызда бірлік жоқ, тағысын тағы ертегілер мен түрлі себептер көбейіп кетеді. Міне құрметті замандастар осы біздің ішкі жауымыз. Егерде біздер осылай жүре берсек қажеттілігіміз шамалы, қажетсінетіндердің қатары сиреп, бір күні қаламыз ау төрт бұрышта жалғызсырап. Қоғамдағы парақорлықтың, жезөкшеліктің, теңсіздіктің, тәртіпсіздіктің қайнар көзі – ол ішкі жауымыз немқұрайлық болып табылады. Одан кейінгі ішкі жау ол – сенімсіздік. Біздер көп жағдайда өз мақсаттарымызды орындауда сенімсіздік танытамыз. Мысалға бір шағын бизнес ашуға барынша мүмкіндігіміз жетіп тұрады, бірақ біздер түрлі тексерістерден қорқамыз. Ол тексерістер салық комитетінің, қаржы полицияның, өрт сөндіру қызметкерлерінің тексерістерінен, одан қалса тонап, өлтіріп кетеді-ау деген рэкетерден қорқып, сенімсіздік танытып, еш алға қадам баспай қалатындығымыз да бар. Біз сенімсіздіктің арқасында мемлекетке, қоғамға және тіпті өз-өзімізге де сенімсіздік тудырамыз. Сол үшін Бауыржан Момышұлы батыр атамыз айтқандай: «Жеңіске жету үшін ең алдымен – сенімділік қажет» деген қағиданы ұстанып мүмкіндіктерімізді жіберіп алмай тек қана алға ұмтылу керек құрметті ағайын. Келесі кезекте іштарлық, көре алмаушылық деген іштен шығып, қоғамның тұрақтылығын бұзатын жауымыз бар. Көп жағдайда ағайындардың арасында, жұмыста, достар арасында пайда болатын жағдай. Яғни мысалға бір туысқанымыз немесе қызметтегі әріптесіміз үй, машина алып, қызмет бабы көтеріліп жатса, бір-біріміздің көтерілгенімізді көреалмай тиісіп сөйлеп іштарлық танытатынымыз да бар. Неге біз сол кезде өркенің өссін, тек қана алға, біз сен үшін қуаныштымыз деп бір-бірімізді қолдап, қолпаштамасқа. Сол кезде ғана бірлігіміз артып, сыйластығымыз нығаймай ма құрметті ағайын. Қазіргі қоғамымызда неге көптеген отбасылар ажырасып жатыр деген сұраққа жауап беретін болсақ, соның бірден-бір себебі ол тұрақсыздық болып табылады. Яғни адам ішкі нәпсісін тыя алмағандықтан көрсе қызар болып, бір-бірінің көзіне шөп салып, сенімділіктен шығып, тұрақсыздық деген ішкі жауымыз бойды билеп, берекемізден айырады. Ол дегеніміз имандылықтың әлсірегені болып табылады. Сондықтан құрметті ағайын, имандылығымыз берік, тұрақтылығымыз жүрегімізге серік болып, сенімділігімізді ақтап, әрдайым тұрақты болып, сөзімізбен ісіміз жарасымды болғанын қадағаласақ қана, барлық отбасыда береке мен бақыт келетініне кәміл сенемін, қадірменді қауым. Келесі ішкі дүниемізді жеп бітетін жауымыз ол – уайымшылдық болып табылады. Қарапайым мысал жұмыста бір маңызды ісіміз бітпей қалса немесе бір туысқанымыз алыс қысқы тайғақ жолдан көлікпен келе жатса, балаларымыз сабақтан келер кезде кешігіп жатса, біздің уайымдауымыз қиялға айнала бастайды, яғни бастық жұмыстан шығарып жібере ма деп, туысқанымыз жол апатына ұшырап қала ма деп, баламызды біреу ұрып-соғып кетті ма деп уайымшылдығымыз соншалықты қарқыны өсе бастап ауруға айналады. Яғни шектен тыс уайымдауымыз жүйке жүйемізді жұқартып, стреске ұшыратып, түптің-түбінде жүрегімізді ауыртатыны да бар емес пе құрметті оқырман. Сол үшін біз тек қана жақсы нәрсені ойлап, жақсы сөз, жарым ырыс демекші уайымшылдыққа ұрынбай жақсы ойға ойымызды жетелеу керекпіз. Осындай аталмыш көзге көрінбейтін жауларымыз бірте-бірте ұлғайып, қоғамымыздың алға дамуына, адамгершілік принциптердің жойылуына алып келе жатқанын байқай отырып ойлануымыз қажет және осындай келеңсіз жағдайлар қоғамымызды құртып жібермес үшін әрқайсымыз өз-өзімізден бастауымыз керек, қадірлі замандастар!
[bws_related_posts]