Басы » Баяндамалар » ЗИЯТКЕР ТҰЛҒА – КЕМЕЛДЕНГЕН АДАМбет 233

ЗИЯТКЕР ТҰЛҒА – КЕМЕЛДЕНГЕН АДАМ

ziatЗИЯТКЕР ТҰЛҒА – КЕМЕЛДЕНГЕН АДАМ

А.Е.Тоқбаева,  С.Букешова

 Тараз қаласы ФМБ НЗМ

    Қазіргі қоғамда зияткерлік, зияткер тұлға жайлы көп айтылып жүр. Білім саласы да осы бағытқа көп көңіл бөлуде.  Сондықтан Қазақстаннның әр аймақтарында Назарбаев Зияткерлік мектептері ашылды. Зияткерлік мектептерде оқитын оқушылар қандай болуы  керек?  Осы сұрақтың жауабын табу  біз үшін  қызықтырақ болғаны  рас.  Иә, «зияткерлік» ұғымы ойымызды сан-саққа жетеледі.

2013 жылдың желтоқсан айында қазақстандық патриотизмді насихаттау мақсатында мектебімізде өткен «Бауыржан Момышұлы: Ұлттық намыс. Ар-ождан. Абырой»  деп аталатын  Тараз Мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы  «Бауыржантану» орталығы қызметкерлерімен кездесу барысында біз осы сұраққа өзімізше жауап тапқандай болдық. Жазушы, драматург Елен Әлімжанмен кездесу бізге көп әсер мен тың идеялар қалдырды. Біз зияткер тұлға — Абай мен Бауыржан шығармаларының көзқарас  үндестігінен  танылатын   нағыз кемелденген адам болуы тиіс деп шештік. Осы ойды дамыту үшін ғылыми жұмысымыздың негізгі мақсаты —  А.Құнанбайұлы мен Б.Момышұлы шығармаларындағы «кемел адам» ұғымы мен  қазіргі қоғамдағы негізгі идеялардың бірі — зияткерлік туралы түсініктің бір-бірімен үндестігін, үйлесімін табу, зияткер тұлғаның кемелденген адам екенін дәлелдеу болды.

Абай  Құнанбаев пен Бауыржан Момыщұлының шығармаларына нұсқауымызда да бір мән бар. Тек біз емес, бүкіл әлем ерекше тұлға ретінде мойындаған жандарды ұлттың зияткер ұрпағы мәселесі толғандырмай өтті десек, жаңсақ пікір болар деп есептейміз. Дәл қазір біз тілге тиек етіп отырған Абай мен Бауыржанның шығармаларын жанына арқау етіп өскен әрбір бала дарынды әрі зияткер. Зияткер тұлға болып қалыптасқаны – кемелденгені деп білеміз.

Сондықтан біз даналығымен, даралығымен танылған Абай Құнанбайұлы мен батырлығымен, көрегенділігімен танылған  Бауыржан Момышұлының шығармаларын оқып,  бір-бірімен үндесетін тұстарын табуға тырыстық. Осыны алдымызға міндет етіп қойдық. Абайдың қара сөздері мен оқу-білімге шақыратын, адамгершілікке үндейтін бірнеше өлеңдерін оқып шығып, Абай атамыз қазір бізден талап етіліп отырған зияткер болудың жолын айтып кеткендігін түсіндік.  Заманынан озық туған Абай Құнанбайұлы ғаламдық  өркениетке қарай  қазақ даласынан алғаш қадам басушылардың бірі болды [1]. Ойшыл ақын жалпы адамзаттық құндылықтары қалыптасқан адамның қазақ ішінде қалыптасуын көздеді. Абай да, Бауыржан да  – ең әуелі ұлты үшін еңбек еткен адамдар, олардың бүкіл дүниені тану жолындағы ізденістері мен пайымдаулары адамды барынша кемелдендіру, дамыту мақсатына арналған. Екеуіндегі ұқсастықтар – кемел адамды тәрбиелеудің басты шарттарын қарастыруында. Олар қоғам талаптарына жауап бере алатын кемел адамды қалыптастыру негізі отбасы тәрбиесінен басталады дей отырып, оның қоғам мүдделерімен сабақтастықтарының жан-жақты қырларын ортаға салады.

Бауыржан Момышұлы тәрбиенің тамыры халықтың бай дәстүрінде жатқанын бейнелей отырып, нағыз адамның қалай қалыптасатын жолдарын көрсететін көркем шығармаларды жазды. Соның нәтижесінде  «Ұшқан ұя» шығармасы кемеңгер Абай ұсынған адамның кемелдену жолын көркем суреттеуге негіз болды. Б.Момышұлы соғыс тақырыбына бірден қалам тербемей, алдымен «Ұшқан ұяны» жазған себебі: өзінің даңқын емес, халқын ойлады дейді Е.Әлімжан ағамыз [2]. Ұрпақ тәрбиесінің қалай болу керек екенін көрсеткісі келген Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» тұнып тұрған тәрбие емес пе?! Ата, әже, әке, ана, аға, жеңге, ағайын, ауыл, әпке, жезде, мұғалім тәрбиелері туралы айтқаны баланың ғана емес, үлкенге де әсер ететін көркем тілмен суреттелген.

Ал Абай Құнанбайұлының :
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз,
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой,
Бес асыл іс, көнсеңіз, – деп келетін өл ең шумақтарынан зияткер тұлғаның бойында болуы тиіс қасиеттерді , бойды аулақ салатын қылықтарды санамалап айтып береді.
Сондай-ақ:
Қайтсе жеңіл болды жұрт билемек?
Жұрты сүйген нәрсені ол да сүймек.
Ішің берік боп, нәпсіге тыю салып,
Паңсымай, жайдақсымай, ірі жүрмек.
Әуелден бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек, — деп келетін өлең жолдарынан толыққанды кемелденген адамның нағыз бейнесіне жарасар мінез-құлықтарды сипаттайды.

Абай отыз сегізінші сөзінде: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін  кесер едім» — дейді. Осыдан Абай атамыздың мінезді түзеу – енжарлықтан құтқарып,  алға ұмтылушылыққа, заманға деген көзқарастың өзгеруіне, елінің зияткер ұрпағы болуына ынталандырады дегенін аңғаруға болады деп есептейміз.

Біз салыстырып отырған даңқты екі ұлы тұлғаның мақсаттары бір: адамның жақсы қасиеттерін, мінез-құлықтарын онан сайын асырып, жаманын жөндеу, осы арқылы оның көсегесін көгертіп, шын бақытқа жеткізу. Ендігі кезекте, «Осы мақсат бүгінгі күні жалғасын тауып отыр ма?» — деген сұрақтың туындауы ғажап емес.

Шынында да, қай заманда болмасын, заманына қарай жеке тұлғаның болмысын қалыптастыру туралы ойлар мен пікірлер көпшілікті  толғандырып келгені рас. Жеке тұлғаны қалыптастырудағы кемелділік, мінсіз адам бейнесі тәрбиенің ең жоғары көрсеткіші ретінде қабылданып, қоғамда жоғары жауапты міндеттерді атқаруға лайық деп танылған. Бүгінгі күнді алып қарасақ, елімізді өркениеттілікке жеткізетін, ел экономикасын дамытатын, сондай — ақ, Қазақстан Республикасын 50 дамыған елдер қатарына қосылуға мүмкіндік жасайтын жастарды тәрбиелеу немесе кемел адамды тәрбиелеу бүгінгі күннің еншісіндегі ұлы міндет болып отыр. Осындай қасиеттерді бойына жинақтаған жеке тұлға елімізді, халқымызды бақытты болашаққа жетелейтін мемлекет басшысы болуға лайық [3]. Ендеше біз Абай  мен Бауыржан көзқарастарындағы «кемел адам» ұғымы  бүгінгі күні  қоғамның зияткерлік элитаны  қалыптастыру жайлы идеясымен үйлесіп, өз жалғасын мемлекеттің жаңа білім саясаты арқылы табуда деп білеміз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2009 жылы 13 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де өткен «Қазақстан дағдарыстан кейінгі әлемде: болашаққа зияткерлік серпін» тақырыбындағы дәрісінде: «Ұлттық интеллектің діңгегін, Қазақстанның зияткерлік элитасын тәрбиелеудің іргетасы болуға қабілетті мектептер құру қажет» — деп атап көрсеткен болатын.

Соның бір айғағы ретінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымының 2020 жылға дейінгі  даму Стратегиясында  көрсетілгендей, аталмыш білім беру жүйесінің  білім беру бағдарламасының негізгі бағыты зияткерлік азаматтың қалыптасып, дамуына жағдай жасауға ұмтылуына байланысты . Бұл бағдарлама:

—         жоғары зияткерлік қабілет пен жан-жақты білімнің артықшылығы бар азаматтарды тәрбиелеу;

—         оқушыларды икемділік, инновацияларға  дайындық, творчестволық ойлану мен сын тұрғысынан ойлауға үйрету;

—         оқушылардың  әр түрлі көпшілікпен қарым-қатынас жасауға мүмкіндігін ашу;

—         оқушыларды Отан үшін адал қызмет етуге дайындауды көздейді [4].

Осы құжаттан-ақ  Абай Құнанбайұлы мен Бауыржан  Момышұлының «кемел адам» турасындағы ой-пікірлері бүгінгі күні өз жалғасын тауып отырғанының дәлелін көреміз. Ғасырдан ғасырға үндескен  ұлт  ұрпағының тәрбиесіне деген көзқарас бүгінгі күннің зияткер ұрпақ тәрбиелеуге деген көзқарасымен үйлесімін тауып отыр деген  қорытындыға келуге болады. Сондықтан біз зияткер тұлға — Абай мен Бауыржан шығармаларының көзқарас  үндестігінен  танылатын   нағыз кемелденген адам деп айта аламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Кенжегараев Н.Д. Преемственность национального проекта «Интеллектуальная нация — 2020» и концепции А.Кунанбаева «Полноценная личность».// Молодой ученый.- 2012. — №10. – С.339-342.
  2. Е.Әлімжан. Бауыржан пырағы.Алматы, «Орхон» баспасы, 2010.
  3. Этнопедагогика. Шолпанқұлова Г.К. ҚазҰПУ баспасы. Алматы, 2012
  4. «Назарбаев Зияткерлік мектептері»  Дербес білім беру ұйымының 2020 жылға дейінгі даму Стратегиясы. Астана, 2011.
[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *