ШҚО. Тарбағатай ауданы.
Үштөбе ауылы,
«Өкпеті» орта мектебінің
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ,
7 сынып жетекшісі:
Какибаланова Маржан Бөкебайқызы.
Тәуелсіз елім –мақтанышым менің
Мақсаты: Тәуелсіз елін шексіз сүюге баулу , Қазақстан мемлекетінің ұланы екендігін мақтанышпен сезіне білуге тәрбиелеу. Ата-баба аманатына адал болуға , ерлігінен үлгі алуға , бабалар рухын асқақтата дәріптей білуге үйретіп , ұлтжандылық , отаншылдық сезімдерін ояту.
Дамытушылығы : Ой-өрісін, танымдық қабілетін, жеке дара тұлға ретінде дамыту. Оқушыларға тәуелсіздік жайлы жан-жақты түсінік бере отырып, олардың ой-өрісін, ақыл-ойын арттыру.
Сабақ көрнекілігі : интерактивті тақта , флипчарт , үнтаспа .
Тәрбие сағатының түрі: ашық тәрбие сағаты
Сабақтың барысы:
-Балалар біз қандай мемлекетте тұрамыз?
-Қазақстан Республикасы қандай мемлекет?
-Бізге қандай мейрам жақындап қалды?
-Ендеше Тәуелсіздік деген сөзді қалай түсінесіңдер?
Ата-бабаларымыз тәуелсіздікті үш ғасырға жуық уақыт бойы армандап кеткен. Тәуелсіздікке жету үшін халқымыздың басынан не өтпеді. Қаншама ерлеріміз халық қамы үшін қан кешіп құрбан болған. Азаттық қазақ халқының ежелгі арманы еді. Азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді , талай қиындықты бастан кешірді. Бірақ ешқашанда мойымады , күресе білді. Азаттық таңы ерте ме-кеш пе туатынына кәміл сенді.
Енді осы тәуелсіздік бізге қалай келді , тәуелсіздігімізді алғанға дейінгі кезеңді бір сәт үзінділермен еске түсіре кетейік.
Тарих қойнауынан слайд.
Иә , осындай қаншама азапты басынан кешкен қазақ халқымыздың азаттық , тәуелсіздік ежелгі армандары еді . Жыл өткен сайын мәңгі ұмытылмас мұң қалдырып тарих қойнауына сіңіп бара жатқан 86-жылдың 16 желтоқсаны барша қазақтың жүрегін сыздатып , көңілдерге жара салды.
Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 18-минутқа созылған қысқа уақытта өткен пленум болды. Сол пленумда Республика компартиясы Орталық комитетінің 1-хатшысы , Қазақстанға 20 жылдай басшылық еткен Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевті қызметінен босатты. Оның орнына саяси бюроның шешімімен Григорий Колбинді сайлады. Бұл шешімге наразылығын білдірен жастар алаңға шықты.
Желтоқсан жайлы Видео
Өздерің естіп отырғандай қаншама қазақтың қаны төгілді. Міне осындай тәуелсіз , азат өмір сүру үшін қаншама қиындықтар көрді.
Ал, сендер балалар желтоқсан оқиғасына арналған қандай өлеңдерді білесіңдер?
Желтоқсан –әйгілі күн ,
Ерттеп мініп ар-ождан сәйгүлігін,
Ерлерім ерлік үшін атой салып ,
Еншілерін қайтарған бәйгелі күн.
Желтоқсан-тағдырларға азалы күн,
Қайраған намыстарын мазалы мұң.
Қыршынынан қиылған боздақтары,
Қалар мәңгі есімде қазағымның.
Желтоқсан –қайсар ерлік, қуатты күн,
Жігер оты маздаған тұрақты ұғым.
Тәуелсіздік билігі қолға қонған,
Тәңірімде желтоқсан шуақты күн.
Желтоқсан – жадымызда жаралы күн,
Жастарым жапа шеккен жаралы мұң.
Еркіндік, егеменді елдігімді ,
Еміріне аңсады саналы ұғым.
Осындай бірнеше ғасырға жалғасқан бостандық , Тәуелсіздік үшін күрескен қазақ халқының тілегі орындалып 1991 жылдың 16 желтоқсаны Тәуелсіздік күні болып тарихқа енді . Осындай сан ғасырлық тарихында қаншама бейнет көрсе де халқымыз ешқашанда мойымаған. Тәуелсіздік таңы атып , еліміздің қанаты жайылды , төбемізде туымыз желбіреп , өз Елтаңбамыз төрімізден орын алды. Тұңғыш өз Отанымыздың Елбасы сайланды. Ордабасы- Астана бой көтерді.
Тәуелсіздікке байланысты оқушылардың шығарған өлеңдерін тыңдау.
Ең алғаш Тәуелсіздікті алған жылы елімізде мына тал секілді жер қойнауынан басқа Тәуелсіздікті білдіретін ешқандай нышанымызда, заңымызда жоқ еді. Ата-бабамыздың сан ғасырлық арманына қол жеткізген тәуелсіздік таңын 20 жылда қандай өзгерістер болғанын айта отырып , 1991-2011 жылдар аралығын таразыласақ.
Міне балалар талымыз бастапқыдай емес жайқалып шыға келді . Бұл тал секілді біздің елімізде көркейіп , сұлуланып , дамып келе жатыр.
Биылғы 2012 жылғы жетістіктеріміз де өте көп . Соның бірі Лондонда өткен олимпияда ойындары.
Лондон олимпиядасында 13 медальға қол жеткіздік . Әлемнің мемлекеттерінің ішінен 12 орынға ие болдық . Елімізге спортшыларымыз 7 алтын , 1 күміс және 5 қола медальді қанжығамызға әкеп салды. Қазақстан жалпы командалық есепте 12 орыннан көрініп , Жапония , Франция, Германия , Италия , Венгрия сынды алпауыттардың қатарынан бой көрсетті. Дүние жүзінің 200-ге жуық мемлекетін артта қалдырып , үлкен жетістікпен жеңіске жетті.
Видео ролик
Биыл еліміздің рәміздеріне 20 жыл толып отыр. Сонымен қатар
1 желтоқсан тұңғыш рет, тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев күні болып тағайындалып , тойланды.
Қазіргі уақытта елімізді әлемдегі барлық ел таниды , танып қана қоймай еліміздің осы аздаған уақытта жеткен жетістіктеріне қызғанышпен , қызыға қарайды. Біз осындай тәуелсіз, бірлігіміз жарасқан , бейбітшілік орнаған елдің ұрпағы болғанымызға мақтануымыз керек.
Тәуелсіздік – тәңірдің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Жиырма жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасадық. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде.
Тәуелсіздік таңы
Тәуелсіздігімізді алғалы осыншама жетістікке жеткеніміздің бірден –бір айғағы Елбасымыздың алға қойған мақсаттары мен жолдамалары.
Елбасының биылғы жылғы тағы бір ерен жеңісі , Қазақстанның кезекті биік белесі: Астананың ЕХРО-17 халықаралық көрмесін өткізу. Бұл дүниежүзілік көрме өткізу арқылы еліміздің беделін тағы бір рет барша әлемге танытатын боламыз.Астана тағы да әлемнің 160 мемлекетінің бірауызды ықыласты қолдауына ие болды.Батыс пен шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астана өзінің тарих сахнасында салтанат құрған осы бір 15 жыл ғұмырының ішінде талай-талай аламан бәйгелерге ат қосып, талай жаһандық биіктерді бағындырды.
Әлем жұрты дәл қазір Қазақстан десе –Астана , Астана десе – Назарбаев дейтін болды. Астана – бүкіл Қазақстан халқының мерейі мен мәртебесі.Алғашқы күннен мемлекеттік құрлымның керуен көшін түзу жолға салған президенттің көрегендігі елдік тұғырымызды шайқамай , өркендеудің озық үлгісі негізінде бүгінгі күнге жеткізді. Дүние жүзі қазақты таныды. Қазақстанды білді.
Тәуелсіздікке байланысты қандай өлеңдер білеміз?
Енді осы Тәуелсіздігімізге байланысты ауыл аға-апайларымыздың сөзін тыңдайық.
Алдын –ала дайындалған видео-сюжет.
Осындай қарыштап дамып келе жатқан Мемлекетімізді көркейту үшін “біз кімбіз” және қандай үлес қосамыз ?
-Тәртібімізбен, сапалы білімімізбен үлес қосамыз.
-Озық технологиялармен жабдықталған мектепке қол жеткізген ұрпақтармыз.
-Интернет жүйесіне қосылуға мүмкіндік алған , білімге құштар оқушылармыз.
-Ертеңгі күні ел үшін әр салада еңбек ететін еңбекқор оқушымыз
-Үш тілді жетік меңгеретін ұрпақтармыз
-Біз спортты сүйетін, салауатты өмір салтын сақтайтын дені сау оқушылармыз.
-Біз Тәуелсіздік тірегіміз.
Тәуелсіздік мейрамына тілектеріңді немесе өз ойларыңды мына беттерге сурет арқылы бейнелеп айтып беріңдер.
Қорытынды
Алда әлі ұзақ жол , үлкен асулар бар . Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім , талант пен талап керек.
Қазақ елінің абыройын асырып , мерейін үстем етер , әлем таңғалар , талай-талай жаңалық ашар білімділер керек . Осы Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын , бүгінімізді ертеңіне жалғайтын , қазақ елінің ертеңі , болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ екенімізді сезінейік .
“Сен де бір кірпіш дүниеге ,
Кетігін тап та бар қалан!”- деп Ұлы ақын Абай атамыздың сөзімен сабағымды аяқтаймын
[bws_related_posts]