Инновациялық технологияларды білім сапасын көтеруде пайдалану
Алматы темір жол көлігі колледжі
Арнайы пәндер оқытушылары
Нуржанова Гульнур Есетовна
Муханбетов Асет Гарифуллейович
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында : «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек….Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту жүйесіне қызмет ететіннің барлығы – біздің еліміздің болашағына қызмет етеді»,-деп кәсіби білім,ғылым саласына өте үлкен көңіл бөліп, ерекше мән берді.Сондықтан да колледж қабырғасында студенттерге тек белгіленген білім мен іскерлік дағдыны беріп қана қоймай, сол алған кәсіби білімдерін күнделікті өмірде қолдана біліуге үйрете оқытып,тәрбиелеу қажеттілігі туындауда.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі – білікті жұмысшы мамандарды даярлаудың түп қазығы екендігі айқын.Сондықтан да заманауи техникалық және кәсіптік білім беретін колледждер еңбек жағдайының жедел өзгеруіне бейімделуге қабілетті, өндіріс процесіндегі заманауи өзгерістер мен жаңа техниканы меңгеруге лайықты қосымша мамандығы бар, қабілеті жоғары жұмысшы мамандарды даярлауға бағыт алуы міндетті.
Кәсіптік білім беретін оқу орнында студенттерге білім мен біліктілік беру – өте жауапты іс. Бұл жерде – ертең ел тізгінін ұстайтын ел азаматы «жеке тұлға» тәрбиеленеді. «Тұлға» деген түсінік – өз ұлтына, мемлекетіне, елі мен жеріне, халқы мен тіліне құрметпен қарайтын, өз ұлтының ұлттық мәдениетін бойына сіңірген, рухы берік, елжанды азамат деген сөз.
Соңғы жылдары Отандық жаңа білім жүйесі «Мәдениет, Білім, Тарих» үштағанына, негізгі талаптар: «Сапа, Құзіреттілік, Бәсекеге қабілеттілік» үштағанына негізделіп, Қазақстанда білім алған азаматтар еліміздің түпкір-түпкірінде сұранысқа ие болатындай дәрежеде білім алуы және тәрбиеленуі көзделуде.
ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Ғылыми-техникалық әлеумет және оның өзін-өзі дамытуға қабілеттілігі жалпыға бірдей бәсекелестік жағдайында басты фактор ретінде қарастырылуда. Осы заманғы экономикалық өсімнің басты факторлары микроэлектроника, сандық және ақпараттық жүйелер, бағдарламалық қамтамасыз ету, байланыс және коммуникация т. б. салалардағы инновациялық технологиялар болып отырғаны баршаға белгілі.
Инновациялық технология – бұл жаңашылдыққа негізделген технология. Оның студенттер үшін пайдасы төмендегідей:
-оқу-әдістемелік әдебиеттер мен материалдарды тиімді пайдалануына жағдай туғызады;
— кәсіби білім-білікті терең үйренуге жол ашады;
— түйінді-ізденгіштік ойлау қабілетін дамытады;
— болашақ кәсібі жөніндегі танымын қалыптастырады;
— ғылыми-зерттеушілікпен айналысу белсенділігін арттырады;
— алған білімін өзіндік бақылау мүмкіндігі кеңиді;
Оқытушы-ұстаздарға тигізер пайдасы тіптен зор, олар:
-оқу-әдістемелік материалдарын жедел жаңартуға мүмкіндік жасайды;
— оқытудың әртүрлі үлгілік технологияларын енгізеді;
— оқытудың ұқсастыра, теңей оқыту технологияларын қолдануына мүмкіндік туады;
— студенттер білімін бақылау мен қадағалау мүмкіндігі кеңиді;
— кәсіби мамандарды дайындаудың қолданылып келген технологияларының сапасын жетілдіреді.
Инновациялық технологиялар білім берудің сапасын жақсартады,сонымен қатар,білім беру қызметі нарығында білім беретін оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қамтамасыз етеді. Білім беру процесінің ең негізгі міндеттерінің бірі – кәсіби білімі бар маманның ізденгіштік қызметі арқылы құзіреттілігін қалыптастыру.
Мұндай қызметтер түріне:
— бірлесе оқыту;
— модульдық оқыту;
— проблемалық оқыту;
— деңгейлеп,саралап оқыту, тағы басқалары.
Заман талабы алға қойған осындай күрделі міндеттерді шешу барысында біздің Алматы темір жол көлігі колледжі де оқытудың жаңа технологияларын үздіксіз пайдалануда. Атап айтар болсақ:
қазіргі таңда колледждерді және басқада арнайы орта білім беретін мекемелерді бітірген жас мамандарды өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыру өте келеңсіз,қиыншылық жағдайларды туғызып отыр. Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандартының бекіткен оқу жоспарында өндірістік практикалық сабақтарға өте аз сағат берілуіне байланысты,оқу бітірген жас түлектердің практика жүзінде тәжірибесі аз болады.Осы себептердің салдарынан колледжді енді ғана бітірген жас мамандардың мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуы өте қиын болып отыр. Осы аталған проблемаларды болдырмау мақсатында оқу жүйесінде жаңа оқыту жүйесі пайда болды. Ол жүйе — дуалдық оқыту жүйесі.
«Дуалды» деген термин негізінде «бірлескен»деген мағына береді.Дуалды оқыту жүйесі — мемлекетіміздің болашақ мамандарға деген қызығушылығынан туған жүйе. Дуалды жүйе — жас мамандардың өз мамандығына деген қызығушылығын арттыру, жұмыс берушілермен серіктестігін берік нығайту және жұмыспен қамтылуы үшін таптырмас жүйе болып табылады. Дуалды оқу жүйесінің дәстүрлі оқу процесінен айырмашылығы — практикалық және кәсіптік білімнің біріктірілуінде.Дуалды оқыту жүйесі мынадай принциптер бойынша жүргізіледі: оқу процесінің 40% -да студенттер теориялық білім алады, оқу процесінің 60% пайызында студенттер өндіріске жіберіледі. Өндірісте студенттер өндірістегі шеберлердің көмегімен практика жүзінде білімдерін жетілдіріп, толықтырады.Дуалды оқыту жүйесінің жас түлектер үшін тиімділігі қандай? Дуалды оқыту жүйесімен оқыған түлектер ертерек өндірістік мекемелерге жұмысшы маман ретінде қабылданады, өндірістегі барлық функционалдық міндеттерді орындайды және оларға тікелей бағынады, қызметтік жауапкершілікке жүктеледі, мамандығы бойынша өз жұмысын үйренеді, кейбір жағдайларда жалақы да ала алады.
Дуалды оқыту жүйесі барысында студент,өз мамандығын жетік меңгереді, практикалық білімін ертерек жетілдіреді, сонымен қатар қоғаммен тез тіл табысуға үйренеді, өз ортасында беделі жоғары болады және жауапкершілікке тәрбиеленеді. Жұмыс үрдісінде студент өз мамандығына жаңаша көзқараспен қарайды және өз мамандығын жаңылмай дұрыс таңдағанын түсінеді. Осылардан басқа болашақ маман өндірісте жұмыс істей жүріп, жұмыс өтілін жинайды, қосымша табыс табады және оқу орнын бітіргеннен кейін, жаңа заман талабына сай шарттарға байланысты яғни, еш қиындықсыз қызметке орналасады. Дуалды оқыту жүйесінің өндірістік мекемелер үшін тиімділігі қандай?-деген сұраққа тоқталар болсақ: дуалды оқыту жүйесі өндірістік мекемелер үшін таптырмас мүмкіншілік болып табылады. Себебі, мекемелер өздері үшін мамандандырылған кадрлар дайындайды, жұмысшылар іздеу үшін және жұмысшылар таңдауда уақыт үнемдейді және шығынға ұшырамайды. Өндірістегілер жаңа мамандарды үйретуге, алғашқы бейімдеушілік жұмыстарына да уақыт үнемдейді. Мамандар өндірісте жұмыс жасағанда кейбір мәселелер туындамас үшін, жұмыс беруші оқу процесінің барлық уақытын тиімділікпен мұқияттылықпен өткізеді. Оқу орындарымен бірлесе отырып жұмыс жасау өндірістік мекемелер үшін де өте тиімді, себебі өзіне қажетті кадрларды ерте бастан дайындап,болашаққа білікті маман дайындайды .
Дуалды оқыту жүйесінің колледж немесе арнаулы оқу орындары үшін де тиімділігі жоғары екендігін атап өткен жөн.Олар: колледж өндірістік мекемелермен келісім шарт бойынша іскерлік қарым-қатынас орнатады , колледжді бітірген түлектерге деген қызығушылығы болады. Өндірістік процесстердегі өзгерістермен оқу орындары оперативті түрде ақпараттандырылып отырылады, мамандарға деген сұраныстарды (өндірісте қандай мамандар тапшы) біліп, сондай мамандықтар енгізуге бейімделеді. Оқу мекемесінің тартымдылық беделі артады, студенттер контингенті жоғарылайды.
Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?
Заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген ұстаз ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде саналады.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында «экономиканың барлық салалары үшін жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаудың сапасын арттыру, әрі шығармашылық тұрғыдан шешуге, кәсіби қызметтің тұлғалық және қоғамдық маңызын түсінуге оның нәтижелерін үшін жауап беруге қабілетті кәсіби құзыретті жеке тұлғаны, бәсекеге қабілетті мамандықты қалыптастыруды қамтамасыз ететін білім беруді басқарудың тиімді жүйесі құрылатын болады» — деп атап көрсетілген.
Бүгінгі күні әлемдік ақпараттық білім кеңістігінің тиімді жолы білім беру саласын толықтай ақпараттандыру. Қазақстан Республикасының «Білім беру» Заңында білім беру жүйесін ақпараттандыру осы саладағы мемлекеттік саясат негізінде анықталып осы жүйедегі басты міндеттердің біріне айналып отыр. «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделін қалыптастыруымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңістігіне кіріктіруімен сипатталады.Сол ұлы істерге мына біздер, кәсіби білім беру саласындағы ұстаздар, аянбай атсалыса отырып, мұратқа жетеріміз анық!
Қолданылған әдебиеттер:
- Өндірістік оқыту сабақтарында инновациялық технологияларды қолдану. Алматы, 2013ж.
- Кәсіптік бағдар беру мен дуалды оқыту жүйесінің сұранысқа ие кадрлар даярлаудағы рөлі. Толеукул А.А. Алматы,2013ж.
3.Қазақстанның барлық кәсіптік мекемелерінде білім беру жүйесі теориямен қоса практиканы қамтуы тиіс. Интерфакс-Қазақстан ақпараттық агенттігі. Алматы,2013ж.
- Дуалды білім беруді енгізу шарттары туралы. Альжанов М.К., Кузембаев Б.,Шаяхметов Б.К., Атамбаев Ж.Н. , Алматы, 2013ж.
- Көшімбетова С. Инновациялық технологияны білім сапасын көтеруде пайдалану мүмкіндіктері. – А.: Білім, 2008.
6.Селевко Г.К. «Современные образовательные технологии» Москва,2003 г.