Жакиева Бибигул Асылбековна
Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
« Тарихын қастерлейді бүгінгі ұрпақ» (Тарихи композиция )
Қайырлы күн, кұрметтi әріптестер ,оқушылар,ата-аналар, қонақтар !
Қазақстанның Тәуелсіздігі – бұл ғасырдан ғасырға жалғасқан тарихы бар қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы, бүгінгі жеткен жетістігі мен асқан асуы.
Тарихи сыры да көп,айтатын мұңы да көп түркі текті халықтардың ішіндегі іргелісінің бірі-қазақ халқы.Қазақ тарихын мынадай белестерге бөлуге болады :
1.Адам баласы қазақ сахарасында пайда болып,өмір сүрген белес.
2.Сақ,үйсін,қаңлы,алшын,ғұндар заманасы.
3.Түркі тектес тайпалар дәуірі.
4.Қыпшақ белесі.
5.Монғол үстемдігі.
6.Қазақ хандықтары ; халық, ұлттың қалыптасуы.
7.Отаршылдық бұғауында.
8. Қазақ халқы Кеңес империясы уысында.
9.Қазақ халқы егеменді ел болған шағында.
Тарихқа жан мен тіл бітті … ( барлығы қозғалысқа келе бастайды )
Қазақ кім десеңіз — қазақ халқының ата-салтына, дәстүріне ұқсас қышқа нақышталған, тасқа таңбаланған өрнек өнерін қалдырған халық .
Қазақ кім десеңіз : арғы тегі Ұлы даланы 5 ғасыр бойы дүбірлетіп, гүмбірлетіп өткен ғұндар .
Қазақ кім десеңіз : түркі тектес тайпалар, адам баласының тарихында өшпес із қалдырып, алып даланы жарып өтіп үштулы этнотерриториялық ел үш жүзді құрған халық .
Қазақ кім десеңіз : 11-12 ғасырларда ұлы далада ежелгі біртұтас түркі тектес тайпалардың ортақ тілін , мәдениеті мен рухани көзқарасын, әскери демократиясын қалыптастырған халық.
Қазақ кім десеңіз : Моңғолдардың қыпшақтарды қырғанына қарамастан ен далада еркін өскен өжет, ерен далалықтардың этномәдени бірлігін, тұтастығын , қасиеттерін сақтаған халық .
Қазақ кім десеңіз: Биыл іргесі қалағанына 550 жыл толғалы отырған Жәнібек пен Керей.
Қазақ кім десеңіз : Тарих сахнасына Сырымдай, Исатай мен Махамбеттей, Есет пен Жанқожадай, Амангелді мен Бекболаттай айбынды да қаһарлы,тегеурінді де екпінді, сегіз қырлы бір сырлы ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері шыққан халық .
Қазақ кім десеңіз — адамзат тарихындағы алапат ғасыр — ХХ ғасырда қазақ өз елі , өз жерінде отырып геноцид кешкен қасіретті ұлт.
Қазақ кім десеңіз — екінші дүниежүзілік соғыстағы қырылған боздақтар.
Қазақ кім десеңіз, кеңестік саясат жемісінен болған жасанды ассимиляцияға ұшырып , халық ретінде жойылмаған халық.
Қазақ кім десеңіз, тағдыр талайымен қайғы кешіп келген шешен мен неміске, ұйғыр мен кәріске өзі жарымай отырып жеп отырған нанының жартысын бөліп беріп сақтап қалған дархан жұрт, кеңпейіл ел.
Қазақ кім десеңіз, кешегі кеңестік империяның зымиян саясатына тосқауыл болған елдің намысы, алаштың атақонысы үшін басын қатерге тіккен – ұландар.
Қазақ кім десеңіз, сыйласқанға сыралғы, монтиған момын , ашынса арлан, қорланса қобыз боп аңыраған, жарасы жан сыздатса да жасымаған жайсаң жұрт, жауласса жасын боп жарқылдаған алдаспан ел.Оның дәлелі – қылышынан қан тамған империяның іргесін алғаш шайқаған 86-ның желтоқсаны – қазақтың жастары.
Қазақ кім десеңіз- тәуелсіздігі қолына тиген ел.
Қазақ кім десеңіз – тізгіні қолына тиген шақта, бағы беймәлім боп аңырып тұрған кезде тыңнан тесіп жол салып, « соқтықпалы соқпақсыз » сергелдең шақта жорғадай жосылып жол тапқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Тәуелсіз Қазақстан
Қазақстан – бүгін іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік мемлекет. Оның туған халқы замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатыр.
Көздері қарақты,
Интернетті меңгерген,
Ақпаратты бағамдап, саралап, сараптап оқитын,
Саяси көзқарасы берік орныққан жаңа заманның жаңа құрушылары.
Құт қонған, бақ дарыған,жарастығы асқан, дәулеті тасқан халықтың ерен еңбегі, таудай талабы, ғажайып жасампаз өнері өрге сүйреп, ел болуға жазсын, ағайын !
.Жас ұрпақ Қазақстан туралы не дейді ?
Қазақстан — Егемен , бостандық сүйгіш, әлемге ашық мемлекет.
Қазақстан — Ортақ күш — жігер жұмсаудың арқасында танымастай өзгерген мемлекет.
Қазақстан — Өзіндік ерекшелігі , өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекет.
Қазақстан — 23 жыл бойы егемендік пен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеген мемлекет.
Қазақстан — Қалыптасу кезеңі табысты аяқталған мемлекет.
Қазақстан — Жаһандық дағдарыстан үрейленбеген мемлекет.
Қазақстан — ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыратын мемлекет ;
Қазақстан — 2050 жылға қарай дамыған экономикалық және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құратын мемлекет.;
Қазақстан — Экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ететін мемлекет ;
Қазақстан — Жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысатын мемлекет.
Дархан қазаққа тән қасиет –тарихымызды зерделей білсе, тани алар өресі болса, әлемге үлгі болар өнегесі бар елдің бірі болу.
Бабалар аманаты – бірлік еді. Бірлік — елім деген тарланыңды талауға бермеуден танылады ! Екі жарым ғасырлық отарлықтан соң тиген тәуелсіздіктің құны – біз үшін тым қымбат. Бірлікті ту, татулықты тұғыр ету – тура жол. Мың өліп, мың тірілген қазақтың енді мың бірінші өлуге құлқы да, қақы да жоқ ! Сондықтан біріңді қазақ , бірің дос көрмесең , істің бәрі бос! Бұл сөз мен айтқан сөз емес, Абайдан жеткен аманат.
Өмірімізді, өзімізді көріп – бұл қазақ дейді,
Әнімізді, жырымызды тыңдап – бұл қазақ дейді.
Ерлігімізді, тірлігімізді қарап – бұл қазақ дейді,
Дархандығымызды,дастарханымызды көріп – бұл қазақ дейді.
Тұрқымызды, ғұрпымызды көріп – бұл қазақ дейді,
Өзімізді, сөзімізді тыңдап – бұл қазақ дейді.
Қазақ деген ғажап дейді,
Сол үшін қазақ болғаныма мақтанамын, шаттанамын !
Барлығы хормен :
Тәуелсіздігіміз бізге қымбат – ата- бабаның рухын көтергені үшін !
Тәуелсіздігіміз бізге қымбат-ата тарихымыз бен ана тілімізді сақтағаны үшін !
Тәуелсіздігіміз бізге қымбат- қазақ деген атауға қан мен жан кіргізгені үшін !
Тәуелсіздігіміз бізге қымбат – Отан деп жүрегімізді соқтырғаны үшін !
« Ұ л а н »
Айналдым сенің атыңнан қазақ ,
Ел болдың еркін, ақ пейіл азат !
Желбіреп тұр ғой төрімде биік ,
Көк туың көркем, жібектей ғажап !
Жаса, Қазақстан әні хормен орындалады.