Басы » Физика » Астрономиялық бақылаулар және халық даналығы

Астрономиялық бақылаулар және халық даналығы

fizikШығыс Қазақстан облысы

Бородулиха ауданы

«Зубаир орта мектебі» коммуналды мемлекеттік мекемесі

Физика пәнінің мұғаліміСадықова Мухлис

Тақырыбы: Астрономиялық бақылаулар және халық даналығы

Жоспар:

  1. Кіріспе
  2. Ең қарапайым астрономиялық бақылау құралдары:
  • Телескоп
  • Бұрыш өлшеуіш құрал
  • Жұлдыз сағаты

  1. Ай құпиясы
  2. Үркер жұлдыздар шоғыры
  3. Бес саусақ есебі халық астрономиясында
  4. Қорытынды
  5. Пайдаланған әдебиеттер

 

Кіріспе.

 Астрономия – табиғат жөніндегі ең бір қызықты және тамаша ғылым, ол тек осы күнгіні ғана зерттеп қоймайды, бізді қоршаған мегадүниенің алыс өткенін де зерттейді, сондай-ақ болашақ Ғаламның ғылыми суреттемесін жасауға мүмкіндік береді. Аспан   денелерінің  температурасы, химиялық құрамы,   магниттік өрісі, сондай-ақ олардың қозғалыстары жөніндегі мәліметтер спектрлік бақылаулар арқылы алынады.

Астрономия ежелгі ғылымдардың бірі. Ол адам баласының өмірлік қажеттіліктеріне қарай, басқа ғылымдардың бәрінен бұрын пайда болған .

Ерте кездің өзінде-ақ алыс сапарға саяхатқа шыққан адамдар түнде жұлдыздарға,күндіз Күнге қарап жол таба білген. Астрономиялық бақылаулар бүгінде халықшаруашылығының қатарына: уақытты өлшеу, дәл географиялық карталарды жасау, теңізде, әуеде, ғарыш кеңістігінде аспан шырақтары бойынша бағдар алу жатады. Дегенмен де бүгінде астрономияның мәні бұлармен шектеліп қала алмайды. Ай мен Күн жүйесінің ғаламшарларын зерттеу өзіміздің Жерімізді жақсырақ білуге тудырады. Жер айналасындағы ғарыш кеңістігі мен Жерге жақын маңдағы аспан денелері қазірдің өзінде-ақ адам қызметінің шеңберіне еніп отыр. Болашақта ғарышты игеру адам баласының өмір сүру ортасын кеңейтеді, экологиялық көкейтесті мәселелерді шешуді жеңілдетеді.

Аспан денелерінің көрінбейтін сәулелерінің негізгі бөлігі Жер атмосферасына жұтылады және Жердің бетіне жетпейді. Сондықтан да Жерден жүргізетін бақылауды атмосферадан тыс кеңістіктен жүргізумен толықтыруға болады. Ол бүгінде Жердің жасанды серіктері ( ЖЖС ), ғаламшараралық автоматты бекеттер      ( ҒАБ ) және орбиталық ғылыми бекеттер арқылы жүзеге асырылуда.

Борттарындағы астрономиялық құралдар толқын ұзындығының барлық диапазонында аспан денелерін зерттеуге қабілетті. Бүгінгі астрономияның дамуы ғылыми – техникалық прогреспен тығыз байланысты іргелі физика-математикалық ғылым. Қазір Жер бетінде және атмосферадан тыс кеңістікте жүргізілетін бақылаулар Жер төңірегіндегі ғарыш кеңістігінде жасалатын тәжірибелермен, Айдағы, Шолпан мен Марстағы зерттеулермен толтырылып, алынған мәліметтер электрондық есептеуіш машиналарында өңделіп, физика, математика және басқа ғылымдар жетістіктері ескеріліп, астрофизика аса қарқынды түрде дамып отыр

.

Зерттеу жұмысының мақсаты: Халық астрономиясы туралы ұғымды, оның қолданылуын, аспан денелері туралы аңыздарды, аспан денелеріне қарап жыл мезгілдерін, аспан құбылыстарын анықтауды, ұрпақтан-ұрпаққа тарап келе жатқан аңыз, ертегі, жұмбақ, халықтық ұғымдар, ырым, наным т.б.материалдарды жинақтау. Ең қарапайым бақылау құралдарын қолдан жасап, аспан денелерін бақылау.

 

Астрономиялық бақылау құралдары

Астрономиялық бақылау әрі қызықты әрі ғажайып жұмбақтарға толы аспан денелерінің сырын танудың тамаша тәсілі болып табылады.

Бақылауды арнайы құралсыз жай көзбен – ақ жүргізуге болады. Сол сияқты телескоп немесе дүрбі арқылы да жүргізуге болады. Бақылаушының негізгі құралы болып табылатын телескоп көзбен көріп, тамашалауға болатын ғарыш кеңістігін ұлғайтып көрсетеді. Телескоп арқылы көзге көрінетін тек  Күн жүйесінің ғана емес, сонымен қатар, Ғалам денелері – тұмандықтар мен жұлдыз шоғырлары, тіпті одан да тыс жатқан басқа жұлдыздар ғаламы және олардың жүйелері. Телескоптың негізгі міндеті- зерттелетін объектіден мүмкіндігінше көп жарық жинау және оның көрінетін бұрыштық мөлшерін үлкейту.

Телескоп арнайы шыны өңдеп, көзілдірік жасайтын дат шеберлері алыстағыны жақындап көрсететін дүрбі ойлап тапқаннан кейін барып шықты. Бұл 17-ғасырдың бас кезі еді.

Мұндай ғажап дүрбі жайлы хабар Италияның Падуи деп аталатын қаласына да тез жетті. Падуиде жұртқа мәлім ірі университет бар еді. Ал бұл университетте әйгілі физик, математик әрі астроном Галилео Галилей жұмыс істейтін. Галилей мұндай дүрбінің астрономдарға өте қажет екенін бірден байқап,ондай аспапты өзі жасап шығарды. Бұл 1609 жыл болатын.Мұндай құрылғы онша күрделі болмай шықты. Галилей құрастырған тұңғыш телескоп кескінді небары 3 есе ғана ұлғайтатын. Соның өзінде ғалымның көз алдында көк аспанның пердесі түріліп жүре бергендей болды. Ақыр соңында Галилей кескінді 32 есе ұлғайтатын телескоп құрастырды.Ғалым оның көмегімен Айдан ,Күннен және планеталардан тамаша жаңалықтар ашты.

Кеплер, Ньютон, Ломоносов сияқты әр елдің әйгілі оқымыстылары және олардан кейін де көптеген адамдар телескопты жетілдірумен айналысты.Көп уақыт өтпей-ақ линзалы телескоп –рефрактордың орнына оның бәсекелесі және серігі телескоп–рефлектор пайда болды. Мұнда объектив линзасы ойыс айнамен алмастырылған. Телескоп – рефлекторды ағылшын ғалымы Ньютон ойлап тапты.

Қазіргі кезде ең үлкен американ телескоп –рефракторы трубасының ұзындығы 21м, объективінің диаметрі 102 см. Ол кескінді 330 мың есе ұлғайтады.Ал ең үлкен телескоп – рефлектордың айнасының көлденеңі 6м. Бұл телескоп Кавказ тауында 2100м биіктікте орналасқан.

 

Қолдан жасап алуға болатын қарапайым астрономиялық бақылау құралдарына тоқтала кетейік

Ең қарапайым телескоп.

Қажетті нәрселер

  • Екі үлкейтетін шыны
  • Диаметрлерінің сәл ғана айырмашылығы бар екі картон түтік
  • Скотч

Тәжірибе кешке Ай жақсы көрінген кезде жүргізілді

Тәжірибе барысы

  1. Екі картон түтік жасап, бірінің ішіне бірін кіргіздік те скотчтың көмегімен бір ұшына үлкейтетін шыныны бекіттік
  2. Айға үлкейтетін шыны жағынан қарап, ал басқа шыныны қарама-қарсы ұшының алдына ұстадық. Түтікті әрі , бері жылжыта отырып сонымен бірге екінші үлкейтетін шыныны жақындатып және алыстатып айқын кескін алғанша телескопты икемдеп ұстадық

Нәтижесі

Айдың кері және үлкейтілген кескінін алдық

Өйткені

Алдыңғы шыны Айдан шығатын сәуулелерді жинап, түтіктің ішінде оның кескінін береді. Көзге жақын орналасқан линза бұл кескінді үлкейтеді және Айды жақындатады. Линзалы телескоптар осылайша жұмыс істейді, бірақта шын аспаптар кері емес, дұрыс кескін көрсетеді.

Бұрыш өлшеуіш құрал.

Аспан сферасында орналасқан жұлдыздардың, сондай-ақ басқа шырақтардың арақашықтықтары    тек бұрыштық өлшемдермен ғана анықталады. Қарапайым бұрыш өлшеуіш құралды қолдан да жасап алуға болады. Жұлдызтаяқ градуирленген АВ сызғыштан және оның бойымен қозғалатын жылжымалы СД таяқшадан тұрады. Таяқшаның ұшына қысқа таяқша-қарауыл орнатылады.Өлшенетін бұрыш мәнін анықтау үшін ұзын тақтай бойына бұрыш белгілері салынуы тиіс.Бұл белгілер тронспортир қолданылып анықталады. Жұлдызтаяқ көмегімен өлшеу үшін бақылаушы А нысананы көзге тақап, тақтайды жылжыта отырып, онда орнатылған қарауылдарды бұрыштық бұрыштық арақашықтығы өлшенетін екі жұлдызға немесе аспан шырақтарына дәл келтіреді. Өлшенген бұрыштың мәні-жылжымалы тақтайшаның ұзын таяқ бойында көрсетілген бұрыштық белгімен анықталады.

Жұлдыз сағаты

Жұлдыз сағаты үш бөліктен құралған:

  1. Жиегіне айлар мен күндер жазылған жылжымайтын негізгі дөңгелек, онда көкжиек белгісі салынған
  2. Сағат белгілері бар жылжымалы дөңгелек сақина, оның жиегіне 5сағ20мин-ты көрсететін бағыттауыш салынған
  3. Темірқазық және Жетіқарақшының екі жұлдызы арқылы өтетін жұлдыздық сағат тілі бар дөңгелек. Сағат дөңгелегін негізгі дөңгелекке , оған сағат тілі бар дөңгелекті беттестіріп, орталық нүктеге шегеден істелген оське қондыру қажет.

Өте қарпайым астраномиялық құралдармен жасалған бақылаулар әлемнің шексіз екендігіне табиғат танудағы қазіргі ғылыми әдістердің құдіреттігіне көз жеткізеді.

 

Бес саусақ есебі халық астрономиясында.

Адамдар ерте заманнан-ақ өміріндегі кейбір құбылыстардың аспан денелері қозғалысымен, күн мен түннің, судың келуі мен қатуының, күн қызуымен байланысты екенін байқаған. Көптеген құбылыстардың белгілі бір мерзімде қайталанып отыратынын анықтаған. Бес саусақтың әр түрлі есептеулерге пайдаланудың бірнеше әдісі бар. Мәселен әр саусақтың буындар санын қосқанда он екі. Сондықтан бұл санаудың түрі жыл қайыру мүшел есебіне, ай ретін санауға, бір тәуліктегі сағат санын есептеуге өте ыңғайлы. Әр саусақтағы буын саны үштен. Олай болса, төрт саусақ жылдың мезгіліне сәйкес келеді.

«Балаң үйрек» — наурыз, сәуір, мамыр

(көктем)

«Ортан терек» — маусым, шілде, тамыз

(жаз)

«Шылдыр шүмек» — қыркүйек, қазан, қараша

(күз)

«Кішкене бөбек» — желтоқсан, қаңтар, ақпан

(қыс)

Саусақтардың салыстырмалы ұзындығы жыл мезгіліндегі күннің ұзақтығын көрсетіп тұрады. Наурызда, қыркүйекте күн мен түннің ұзақтығы теңеледі, ендеше «балаң үйрек» пен «шылдыр шүмек» ұзындығы орташа. Қолдағы  ең ұзын саусақ «Ортан теректің» бірінші буыны маусым айын көрсетеді. Бұл күннің мейлінше ұзаратын айы ( 22 маусым ), ал ең қысқа күні                    ( 22 желтоқсан ) болатын айға «кішкене бөбектің» бірінші буыны сәйкес келеді.

 

 

 

 

Үркер жұлдыздар шоғыры.

Біздің бақылауымызға арқау болып отырған  «Үркер» жұлдыздар шоғырына қысқаша тоқтала кетейік.Қысқы және көктемгі аспанның ұмытылмас сәнін беретін Үркер мен Сұлусарыны, Үшарқар-Таразы мен Сүмбілені аспанның оңтүстік жағынан тауып алудың еш қиындығы жоқ. Тек осылардың аспандағы көріну ерекшелігіне байланысты халық түсінігін есте ұстап, оны қолдана білсе болғаны. Халықтың айтуы бойынша «Үш жұлдыз-үшеуі үш айда туып, бір айда батар». Шынында да, Үркердің таң алдында шығуы маусымның 20-сында болса, Үшарқар-Таразы 20 шілдеде, ал Сүмбіле 16 тамызда туады.Демек, тамыз айының соңынан бастап олар аспанның шығысында  Күн шығардан бұрын бір-бірінің астын ала бір түзудің бойына қатарласа орналасады. Олар күздің соңында сол кезекпен Күн бата шыға бастаса, қыстың басында түні бойы көрінеді. Осыған байланысты халықта Үркерлі айдың бәрі қыс деген ұғым қалыптасып, тіпті ол туралы аңыз, әңгіме де өте қисынды құрылған. Көктем шыға Үркер жамбасқа келіп, осылардың баршасы  батыс көкжиектің үстін ала  жадағай бір түзудің бойына  орналасады.

Маусым айының 10 қарсаңына олар Күнмен бірге батады да, Үркер Жерге түсті, малдың аузы көкке жетті, адамның аузы сүтке тиді дейтұғын кез жетеді. Әрі Үркер тасқа не суға түсуіне байланысты алдағы жаз бен қыс не жайсыз не жайлы болмақ деп болжаған. Үркер Жерде қырық күн жатып, бір қойдың етін жейді де, жазғы күн тоқырау кезінің қарсаңына көкке қайта көтеріледі. Бұл кезде малшылар «Үркер туды, сорпа ас болды» дейді екен.

Үркер зодикалдық белдеудегі Торпақ шоқжұлдызында орналасқан, жай көзге 6 не 7 солғын жұлдыз болып көрінгенімен, шындығында 300-ге жуық ыстық әрі жас жұлдыздардан құралған жұлдыздық шоғыр.

Үркерге байланысты халық даналық сөздері:

«Үркер жерге түспей, жер қызбайды.»

«Үркерлі айдын бәрі қыс.»

«Шығыстан үркер туса егінді ор,

Батса Көктен егісті егетін бол.

Қырық күн, қырық түн,

Сол үркер көктен безіп,

Жоғарылап, қараңғыда шегеді жол.»

«Үркер жерге түсті, 40 күндей жерге жатады.»

Осыған байланысты ел аузында мынадай аңыз бар.

«Үркер жерге түскен кезде, яғни мамырдың аяғы, маусым айында жер көктейді.

Мал-азығы көк шөп қаулап шығады. Неғұрлым үркер жерде көбірек жатса, соғұрлым жануарларға жайлы. Жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі, Үркерді аспанға шығармай, кезек-кезек тұяғымен басып тұрмақшы болып, келісті. Кезек келгенде, ешкі жеңілтектік жасап, Үркер оның тұяғының арасын жарып, аспанға шығып кетеді. Егер ешкінің ұшқалақтығы болмаса, Үркер үнемі жерде жатар еді, үнемі шөп қаулап шығып, жануарларға жайлы болар еді», — дейді аңыз.

Осылайша, жыл мезгілдеріне қарай жұлдызды аспанның түрі өзгеріп тұрады. Қолдан жасаған телескоптың көмегімен телескопты Үркер жұлдыздар шоғырына бағыттап, жай көзге көрінбейтін бірнеше жұлдыздарын көрдік .

Дәл қазір Үркер аспан сферасының оңтүстік шығысында кешқұрым көрінеді.

 

Ай құпиясы.

Табиғаттың сыры ашылмаған ғажайып құбылыстары   аз емес. Адамзат баласында ерте заманның өзінде-ақ дүниенің жаралуы, табиғаттың түрлі құбылыстары туралы өзіндік көзқарасы, түсінігі болды. Өйткені адам табиғаттың бір бөлшегі, ол өзін қоршаған әлем заңдылықтарын байқап, бағдарлап табиғаттағы ғажайып құбылыстардың сырын білуге ұдайы ұмтылып отырған.

Адам баласы тіршілігінің алтын бесігі –Жердегі болып жатқан әр түрлі құбылыстар аспан денелерімен байланысты екендігі ертеден белгілі. Жалпы Жердегі тіршілікке Күннен кейінгі ерекше әсер етуші аспан денесі – Ай.

Көшпелі өмір сүрген бабаларымыз тұрмыс тіршілігінде табиғатты жатсынбаған, табиғатты болмыс тіршілігінің құрамдас  бір бөлігі деп қарған. Көшпелі өмір сүрген сатының бір белгісі – табиғаттың табиғи жартылысымен санаса отырып , өзін табиғатпен тұтастыққа, табиғаттың бір бөлшегі деп тану, табиғатпен кіндігіміз бір деп есептеу. Олар үшін аспан әлемі – барша тіршіліктің баспанасы, тірегі. Ал айдың жалпы тіршілікке, адам балсына әсер ететіндігін ата – бабаларымыз білген. Сондықтан да болар қазақ ай жаңалағанда ауыл қариялары:

Ай көрдім, аман көрдім,

        Жаңа Айда жарылқа,

        Ескі Айда есірке – деп Жаңа Айға бата қылып, бала-шаға, ағайын-туысқа жақсылық тілеген. Халық ұғымында Ай сұлулықтың белгісі, халқымыздың Айға қарап алдағы ауа райын болжауын айтпағанда, жатқанда терезенің пердесін жауып жат, Ай сәулесі түспесін немесе кейбір көтеріліп ауыратын адамдарды көргенде Ай жаңарды, бұл бейбақтың ауруы да жаңарды — деген сөзді тегін айтпаған болар.

Сондай-ақ халық түсінігі бойынша, Айды саусақпен көрсетуге, айға қарап дәрет сындыруға болмайды.

Зерттеуші ғалымдар Ай әсері тек Жерге ғана емес, сондай-ақ осы планетаны мекендеген барлық тіршілік атаулыға жүретіндігін айтады.Үлкен Палиний өзінің ежелгі ғылыми ілімдер жинағынан тұратын «Табиғат тарихы» атты еңбегінде: «Ай құдіретті күшін өсімдіктер де жануарларда, адам да күнбе-күн сезіп отырады», — деп жазған екен.

Жалпы Ай циклін 14,5 күннен тұратын екі кезеңге бөлуге болды: бірінші – толысып келе жатқан Ай (туған Айдан толған Айға дейінгі) кезеңі, екінші – кішірейіп бара жатқан Ай (толған Айдан туған Айға дейінгі  ) кезеңі.

Сондай-ақ тір организмдерде Айдағы толған және туған күндерінде үш (Айдың толған және туған, осы екі кезеңнін алдындағы және соңындаға) күн ерекше әсер ететін көрінеді.

География курсынан білетініміз бойынша біз мұхиттар мен теңіздер суы Айдың өзіне тартуы әсерінен деңгейі тәулігіне екі рет көтеріліп, екі рет төмендейтінін білеміз. Бұл құбылысты судың толысуы мен қайтуы деп атайды. Француз зерттеушілері А.Либер мен К.Шерин судың толысу мен қайту құбылыстары Айдың әсеріне байланысты екендігін айта келіп ( аталған құбылысты тұңғыш рет И.Ньютон ашқан ), Ай адам организміне де сондай әсер етеді деген болжам айтады. Себебі адам организмінің жартысынын көбі судан тұрады. Мысалы, адам қанында су үлесі 83%, мидың өзіндегі су мөлшері- 85% Олай болса, Ай мұхит деңгейіне өзгерістер әкелген сияқты, адам бойындағы суға да біршама өзгерістер әкелуі мүмкін. Оны өзіміздің күнделікті денсаулығымыздағы, мінез – құлқымыздағы өзгерістерден байқауға болады.

Жалпы, ғалымдардың айтуынша, Жер бетінднгі адам қолымен жасалынатын қылмыстың көпшілігі Ай толысқан кезеңде жүзеге асып жатады екен. Осы арада мынадай мысал келтіруге болады, 70 – жылдардың басында Филадельфияда адам мінез-құлқына Ай толысуының әсері деген ресми баяндама дайындалып, онда былай дейді: «Күнделікті қызмет барысында телефон арқылы шұғыл шақыру алатын полицияның жетпіс офицері адамдардың полицияға көбірек шағымданатын кездері әсіресе, Айдың толысу кезінде жиі болатындығын айтқан»-деп жазады, француз ғалымы М.Гоклен. Сондай – ақ мұндай қылмыстардың жиі болатын екінші кезеңі-жаңа Айдың тууына сәйкес келеді екен. Аспан әлемін зерттеуші жұлдызшылар:Толысып келе жатқан Ай кезеңінде адамдардың өмірлік белсенділігі жоғары болады, қолға алған істері табысты болып, өздерін ширақ сезінеді. Ал екінші жағынан, Ай толған күндері әр түрлі  қылмыстар жасау, жол-көлік оқиғалары, түрлі бұзақылық көп кездеседі. Бұл кезеңде спирттік ішімдіктер ішу де қатерлі. Ай туған күн де адамның мінез-құлқына жағымсыз әсер етеді, себебі, бұл кезеңде адамның өмірлік белсенділігі төмендейді. Адам ашуланшақ, күйгелек  келеді. Қолға алған ісінің қиюы қашып, қате басу жиі байқалады,-дейді.Әрине мұның бәрі қатып қалған заңдылық емес,өйткені,жаратылыстың адам баласына белгісіз сырлары әлі көп қой. Жалпы, аспан әлемінің құпия сырын зерттеушілер адамның көңіл күйі, өмірлік белсенділігі Ай фазаларына байланысты екендігін айтады.Сонымен қатар ғалымдар Ай туған күні, мысалы, миға қан құйылу, инфаркт, талма аурулар көп болатынын байқаған. Бұның себебі Жердің магниттік қасиетінің әсер етуінде екен.

           Зерттеу нәтижелері:

Осы жоғарыда айтылған деректерге сүйене келе 9-сынып оқушыларына Ай фазалары қалай әсер ететіндігіне мектеп психологімен бірлесе отырып зерттеулер жүргіздік. Зерттеу нәтижелері шынында да  Ай кезеңдерінің оқушылардың психологиясына аздап болсын әсер ететіндігін байқатты.

Ай толысып келе жатқан кезде бақылағанымызда сыныпта үлгерімі нашар деген оқушының да сабақ оқуға деген белсенділігі жоғарылап, ынтасы артқандығы байқалды. Күйгелек, ұшқалақ деген  оқушылардың мінезінде салмақтылық байқалып,өздерін біртоға ұстауға тырысқандығын көрдік. Керісінше, Ай толған күндері сынып оқушыларының көпшілігінің белсенділігі төмендеп,сабаққа немқұрайлы дайындалып келуі, тез ашуланатындығы байқалды. Сол сияқты мектеп дәрігерінің көмегімен қан қысымы жоғары адамдардың Ай туғанға дейін және Ай туғаннан кейінгі қан қысымдарын өлшегенде де ол адамдардың да қан қысымында ауытқушылық бар екендігі байқалды.

Ай толысып келе  жатқан  кезде және Айдың  толық    толған        күндері ( Айдың бірінші кезеңі) мен керісінше, Айдың екінші кезеңі кезінде орамжапырақты тұздап көрдік. Нәтижесі төмендегідей болды: бірінші кезеңде тұздалған орамжапырақ сөлді көбірек бөліп, қытырлақ, дәмдірек болып келді де, екінші кезеңде тұздалғаны сөлді аз бөлді әрі жұмсағырақ болып, дәмі де біріншіге жеткен жоқ . Бұдан шығатын қорытынды, шынында да Ай фазаларының адамдарға, өсімдіктер мен жан-жануарларға тигізетін ықпалының бар екендігінде. Болашақта зерттеу жұмыстарымызды жалғастырып, Ай фазаларының үй жануарларына қалай әсер ететіндігін байқамақпыз.

 

 

Қорытынды

Ай фазаларын зерттеу кезінде өзіміздің қарапайым зерттеулеріміздің нәтижесінде төмендегідей ой қорытындысын түйіндедік:

  • Жылдың төрт мезгілі сияқты Айдың да төрт мезгілі бар
  • 1-ширегі (Ай көктемі )-ылғалдандырады
  • 2-ширегі (Ай жазы ) -қыздырады
  • 3-ширегі (Ай күзі ) — құрғатады
  • 4-ширегі (Ай қысы ) – мұздатады
  • Айдың фазалары деп аталатын төрт мезгілге сәйкес осы фазалардың тууына байланысты адамдар , өсімдіктер мен жан-жануарлар

жоғарыда зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Айдың әрекетін күнбе-күн сезіп отырады екен. Ай ырғағы тек адамға ғана емес, барша тіршілік атаулыға әсер етеді

  • Адам-табиғат әлемінің кішкентай бір бөлшегі. Демек, ол өзін қоршаған әлем заңдылықтарын байқап-бағдарлап, табиғатпен үйлесімді өмір сүруге тырысу керек.
  • Ай- Жерге ең жақын орналасқан аспан денесі.Ендеше түн баласында айналасына жұмсақ нұрын төгіп наздана қарайтын Ай сұлудың жанарындағы жарқыл өзімізге қалай әсер ететіндігіне тағы да көзімізді жеткіздік.

Келесі бақылағанымыз Үркер жұлдыздар шоғыры бойынша қорытынды:

Жоғарыда атап көрсеткендей, адамның барша тіршілігі аспан құбылыстарына байланысты. Оған  ата-бабаларымыздың мұра етіп қалдырып кеткен бай зерттеу қазынасы куә. Соның бірі-Үркер жұлдыздар шоғырына байланысты ертедегі деректерді пайдалана отырып, 2008 жылдың тамыз айынан бастап 2009 жылдың маусым айына дейін осы жұлдыздар шоғырын бақылай келе,  бар тіршілігі малмен байланысты болып келген қазақ халқының данышпандығына тағы да куә болдық. Яғни Үркерге байланысты жоғарыда жинақтаған деректеріміздің барлығы да өз нәтижесін берді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Х.Әбішев. Аспан сыры
  2. Н.М.Бекбасар. Практикалық астрономия
  3. Астрономиялық түсініктеме сөздік
  4. Қ. Сансызбаева. Халықтық ұғымдардың негізі
  5. Б.А.ВоронцовВильяминов. Астрономия-11
  6. «Алгорифм» физика-математикалық журнал
  • №3-99, 26-бет
  • №5-6-99. 29-бет
  • №4-2001, 18-бет
  • №5-2001, 18-бет
  • №5-2002, 20-бет
  • №4-2004, 17-бет
  1. «Математика және физика» ғылыми-әдістемелік журнал

№6-2004. Г.Гумарова.Оқушылардың астрономияға қызығушылықтарын арттыру.

  1. Интернет материалдары.

1 пікір

  1. Нысанбай Бекбасар

    Зерттеу нәтижелері:
    Осы жоғарыда айтылған деректерге сүйене келе 9-сынып оқушыларына Ай фазалары қалай әсер ететіндігіне мектеп психологімен бірлесе отырып зерттеулер жүргіздік. Зерттеу нәтижелері шынында да Ай кезеңдерінің оқушылардың психологиясына аздап болсын әсер ететіндігін байқатты.

    Бұлне далбаса Астрономия ма әлде астрология ма?
    Нысанбай Бекбасар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *