Алматы облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылы
«Көктал орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
АӘД пәнінің мұғалімі
Абылғазы Ботагөз Қайратқызы
Сабақтың тақырыбы: Автоматты бөлшектеу және жинақтау.
Сабақтың мақсаты: 1.Оқушыларға автоматты бөлшектеу және жинақтау жүргізуге үйрету.
2.Оқушыларды автоматтың негізгі бөлшектерімен
таныстыру.
3.Оқушыларға автоматты қолданған кезде қауіпсіздік
ережелерін сақтауды үйрету
Көрнекілік құралдар: АӘД оқулығы, плакат, слайд.
Сабақтың барысы:
а) Ұйымдастыру кезеңі.
Взвод командирі оқушыларды сапқа тұрғызады, оқытушыға рапорт береді,
амандасу, түгендеу, оқушылардың сырт көрінісін тексеру.
ә) Өтілген тақырыпты сұрау кезеңі.
1. Калашников автоматы неге арналған?
2.Автоматтың механизмдері мен негізгі бөліктерін атаңдар.
3.Автоматтың (пулеметтің) автоматтық әрекеті неге негізделгенін айтыңдар.
4.Автоматтан атыс қалай жүргізіледі?
5.Оқжатарда қанша патрон болады?
6.Автоматтың кезекпен ату жылдамдығы минутына қанша рет?
7.Автоматтан жекелей атқанда қанша рет?
б) Негізгі бөлім.
Автоматты бөлшектеу және жинақтау.
Автоматты бөлшектеу толық және толық емес болуы мүмкін: толық
емес бөлшектеу- автоматты тазалау, майлау және тексеру үшін; толық бөлшектеу-жаңбыр мен қар астында қалғанда не жөндеу кезінде автоматты қатты ластанудан тазалау үшін жүргізіледі. Автоматты толық емес бөлшектеу үстел үстінде немесе таза төсеніш жайылып жүргізіледі; бөлшектер мен механизмдер бөлектенген ретімен қойылады.
Автоматты жинақтау кезінде оның бөлімдеріндегі нөмірлерді салыстыру керек; әр автоматтың ұңғы қорабындағы нөмір газ құбырындағы, бекітпе ергенегіндегі, бекітпедегі, ұңғы қорабы қақпағындағы және басқа бөліктердегі нөмірге сәйкес келуі керек.
Автоматты бөлектеу мен жинақтау аса сақтықпен ғана жүргізіледі.
Пулеметті бөлектеу алдында оның ұңғы бөлігін солға қарата сирағымен қою керек.
Пулеметті жинақтау соңында оны сол қолмен тік ұстап, оң қолмен оның сирақтарын аздап ажырата, ұңғыға тақап және серіппелі ілмекпен бекіту арқылы оның сирақтарын жинайды.
Автоматты толық емес бөлшектеу тәртібі:
1). Оқжатарды бөлектеу. Автоматты сол қолмен дүмінің маңдайшасынан не құндағынан ұстап, оң қолмен оқжатарды орай ұстайды, бас бармақпен бекіткішті
қысып, оқжатардың төменгі жағын ілгері ұмсындырып, оны бөлектеп алады. Содан кейін оқтықта оқтың бар жоғын тексереді, бұл үшін ауыстырғыш төменге түсіріледі,
оны «АВ» ( автоматты ату) немесе «ОД» (жекелей ату) жағдайына қойып, бекітпе жақтауының тұтқасы кейін жылжытылады, оқтықты тексеріп, бекіткіш жақтауы жіберіліп, шүріппені ұрыстық қайырудан (взводтан) босатады.
2) Жабдықтар пеналын дүм ұясынан шығарып алу. Оң қолдың сұқ саусағымен дүм ұясының қақпағын пенал серіппенің әсерімен ұядан шығатындай етіп басады; пеналды ашып, одан сүрткішті, тазалағышты, бұрауышты, қаққышты шығару қажет.
3) Сүмбіні алу. Сүмбінің ұшын оның басы қарауылдың негізіндегі тіректен
шығатындай етіп ұңғыдан тартып, сүмбіні жоғары суырып алады.
4) Автоматтан – ұңғылық тежеуіш-компенсаторын, пулеметтен – жалын сөндіргішін бөліп алу. Бұрауышпен ұңғылық тежеуіш компенсатордың
орнықтырғышы батырылады.Ұңғылық тежеуіш компенсатор қарауыл негізіндегі бұрандалы дөңестен сағат тіліне қарсы бағытта бұралып шығарылады. Ұңғылық тежеуіш компенсатор (жалын сөндіргіш) тым қатты бұралған жағдайда ұңғылық тежеуіш компенсатордың әйнегіне қойылған сүмбінің көмегімен бұрап алуға болады.
5) Ұңғы қорапшасының қақпағын бөлектеу. Сол қолмен дүмнің мойнын қамти ұстап, осы қолдың бас бармағымен қайтармалы механизмнің бағыттаушы өзегінің дөңесін басады, оң қолмен ұңғы қорабы қақпағының артқы бөлігін жоғары көтеріп қақпақшаны алады.
6) Қайтармалы механизмді бөліп алу. Автоматты дүмнің мойнынан сол қолмен ұстап тұрып, оң қолмен қайтармалы механизмнің бағыттаушы өзегін оның өкшесі ұңғы қорабының бойлық ойығынан шыққанша ілгері қарай ұмсындырады; бағыттаушы өзектің артқы шетін көтеріңкіреп, қайтармалы механизмді бекітпе жақтауының арнасынан шығарады.
7) Бекітпемен қоса бекітпе жақтауын алу. Автоматты сол қолмен одан әрі ұстап тұрып, оң қолмен бекітпе жақтауын артқа тірелгенше тартып, оны бекітпемен бірге көтеріңкіреп барып, ұңғы қорабынан бөлектеп алады.
8) Бекітпені бекітпе жақтауынан алу. Бекітпе жақтауын бекітпе жоғарыда болатындай етіп сол қолға алады; оң қолмен бекітпені кейін шегеріп, бекітпенің жетекші дөңесі бекітпе жақтауының фигуралы ойығынан шығатындай етіп, бекітпені алға қарай шығарып алады.
9) Ұңғылық бастырмасымен газ түтігін босатып алу. Автоматты сол қолмен ұстап тұрып, оң қолмен жабдық пеналын газ түтігі тұйықталғышының шығыңқысына тік бұрышты саңылаумен кіргізеді, жапқышты өзінен тік жағдайға дейін бұрып, газ түтігін газ камерасының келте түтігінен шығарып алады. Автоматты толық емес бөлшектеуден кейін жинастыру реті.
Газ түтікшесін ұңғылық бастырмасымен қосу. Автоматты сол қолмен ұстап тұрып, оң қолмен газ түтігін алдыңғы шетімен газ камерасының келте түтігіне ұмсындырады және ұңғы бастырмасының артқы шетін ұңғыға қысады;
тұйықталғышты оның орнықтырғышы көздеу қалыбының ойығына кіргенше бұрайды.
Бекітпені бекітпе жақтауына қосу. Бекітпе жақтауын сол қолмен оң қолға алып, оны цилиндрлі бөлігімен жақтау арнасына сұғады; бекітпені оның жетекші дөңесі бекітпе жақтауының фигуралы ойығына кіретіндей етіп бұрап, бекітпені алға қарай сұғады.
Бекітпемен қоса бекітпе жақтауынұңғы қорабына қосу. Сол қолмен дүмнің мойыншасын қамти ұстайды. Бекітпесіне қоса бекітпе жақтауын оң қолда бас
бармақпен қысылған бекітпе алдыңғы жағдайда болатындай етіп ұстап тұрып, газ поршенін көздеуіш қалыбының қуысына кіргізеді де ұңғы қорабының қайырмалары бекітпе жақтауының ойықтарына кіретіндей етіп бекітпе жақтауын ілгері жылжытады, оны сәл-пәл күштеп ұңғы қорабына қосады да, ілгері ұмсындырады.
Қайтармалы механизмді қосу. Оң қолмен қайтармалы механизмді бекітпе
жақтауының арнасына кіргізеді, қайтармалы серіппені қысып, бағыттаушы өзекті
ілгері итереді де, біршама төмен түсіріп, оның өкшесін ұңғы қорабының бойлық ойығына кіргізеді.
Ұңғы қорапшасының қақпағын қосу. Ұңғы қорабының алдыңғы шетімен көздеу қалыбындағы жартылай шеңбер ойыққа кіргізіледі, қақпақтың артқы шетін оң қолдың алақанымен қайтармалы механизмнің бағыттаушы өзегінің шығыңқысы ұңғы қорабының қақпағының ойығына кіретіндей
етіп алға және төмен ұмсындырады.
Шүріппені ұрыстың қайырмасынан босатып, сақтандырғышқа қою. Ағытқыш ілмекті басып, ауыстырғышты тірелгенге дейін жоғары көтереді.
Автоматқа ұңғылы-тежеуіш компенсаторды, пулеметке – жалын сөндіргішті қосу. Дүмді тежеуіш-компенсаторды қарауыл бойындағы шығыңқы бөлікке тірелгенше бұрайды. Егер ұңғылы тежеуіш-компенсатордың (жалын сөндінгіштің) саңылауы орнықтырғышқа сәйкес келмесе, ұңғылы тежеуіш-компенсатор ұңғысына немесе
жалын сөндіргішті саңылау орнықтырғышқа орналасқанша айналдырады (бір айналымнан артық емес)
Сүмбіні қосу.
Пеналды дүм ұясына салу. Сүрткішті, тазалағышты, бұрауышты, қаққышты пеналға салып,
қақпағын жабады да,
пеналды түбімен дүм ұясына қақпақша жабылатындай етіп кіргізеді.
Жиналмалы дүмді автоматта пенал оқжатарға арналған сөмке қалтасына салынады.
Оқжатарды автоматқа қосу. Автоматты сол қолмен дүм мойыншасынан немесе шет мойыннан
ұстап тұрып, оң қолмен оқжатардың ілгішін ұңғы қорабының терезесіне енгізіп, оқжатардың ілмегі оқжатардың тірек шығыңқысынан асатындай етіп өзіне бұрады.
в) Қорытынды бөлім
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1.Автоматты толық емес бөлшектеу не үшін жүргізіледі?
2.Автоматты толық емес бөлшектеуді ретімен айтып беріңдер.
3.Автоматты толық емес бөлшектеудің пулеметті толық емес бөлшектеуге қарағанда қандай ерекшелігі бар?