Басы » Алғашқы әскери дайындық » Ерлік кездейсоқ болмайды

Ерлік кездейсоқ болмайды

  Алматы облысы Қаратал ауданы

Жамбыл орта мектебі

АӘД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы

Қалдарбеков Бейбіт Қуанышұлы

 «Ерлік кездейсоқ болмайды»

Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу

Мақсаты: Ауған соғысының тарихи мағыналық ақиқатын ашу.

Тәуелсіздік жолында күрескен ағаларымызыдң ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, жастарды Отан сүйгіштікке, ерлікке баулу. Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету.

 1-жүргізуші: Маңдайдағы наркескеннің бірісің,

Ерлігіңмен, өрлігіңмен ірісің.

Халқыңменен біргесің сен, жан аға

Ұмытылмайды өнегелі ұлы ісің!

Ерлік кездейсоқ болмайды, ол жауынгердің жүрегінде достарын еске алып, Отанынан өзін тыс сезіне алмайтынын түсінгенде ғана туындайды.

2-жүргізуші: Қадірлі қонақтар, оқушылар мен ұстаздар! Интернациолист жауынгер ағаларымыздың құрметіне және Жамбыл орта мектебінің түлегі — Унимдинов Ерлан Ертайұлына арналған «Ерлік кездейсоқ болмайды» атты әскери-патриоттық тәрбие сағатымызды бастаймыз.

 

Кіріспе сөзді мектебіміздің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Бейбіт Қалдарбековке береміз.

 

Қадірлі ұстаздар мен оқушылар!

1989 жылы, ақпан айының осындай күндерінің бірінде аналарды перзенттерінен айырған, мыңдаған жерлес-бауырларымыз қаза тапқан, қасіретті де, қайғылы Ауған соғысы аяқталды. Жылдар өткенімен жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталуда.

Бүгінде «Ауған соғысы қажет пе еді?» деген сұрақтар көп қойылатын кезеңде, біз жастар еліміздің сол соғысқа қатысқан ұлдарын Отан алдындағы борыштарын адал ақтаған азаматтар деп құрмет тұтамыз.

10 жыл болған Ауған соғысына 22 мың қазақ азаматтары қатысқан. Бұл соғыста кеңес одағының 13300 жауынгерлері қаза тапқан. Соның ішінде 761 жауынгер қазақ азаматтары. 22 қазақ жауынгерлері бұл соғыста ес-түссіз жоғалып кеткен. Жалпы Қаратал ауданынан Ауған соғысына 79 адам аттанса, оның 7-і ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Соның ішінде, осы біздің Жамбыл мектебіміздің түлегі, жалынды жауынгер Ерлан Унимдинов бар еді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ білуі тиіс.

Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деген болатын. Ерен ерлігімен, өр рухымен, қажымас қайратымен өз ортамыздан суырылып шыққан, ұрыста ерлікпен қаза тапқан ауылдасымыз Унимдинов Ерлан Ертайұлының батырлық жолы өскелең ұрпаққа үлгі болатыны сөзсіз.

 

1-жүргізуші: Бүгінгі салтанатты кездесуімізге біз, Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеп шақырғанбыз. Сол соғыста ел мүддесін қорғаған ардақты ағаларымыз Ғабит Беркімбаев, Серік Сатаев және Ерлан Унимдиновтың анасы Данагүл апамыз да бар.

2-жүргізуші: Мектеп қабырғасынан бастап Ерлан Ертайұлы төзімділік, адалдық, еңбек сүйгіштік деген сияқты мінездерге бай болды. Бастаған ісіне берілгендігі, адам өміріне немқұрайлы  қарамауы, достарының арасындағы ерекше қасиеттері, Ерлан Ертайұлының саналы өмірге келуіне себеп болды. 1980 жылы Ерлан Ертайұлы онжылдықты бітірді. Содан кейін, Талдықорған қаласындағы заң техникумына түсті.

 

1-жүргізуші: 1981 жылы Ерлан Ертайұлы Отанының алдындағы борышын өтеуге Совет Армиясының қатарына шақырылды. Ол әскери борышын жоғары да айтылғандай Ауған халық Республикасында өтеді.

1987 жыды 3 қазан күні түнгі сағат 3-те Ауған дұшпандарымен болған қақтығыста Ерлан Ертайұлы ерлікпен қаза тапты. СССР жоғарғы Кеңес Призидумының 1983 жылғы 3 наурыздағы жарлығымен Ерлан Ертайұлы «Қызыл Жұлдыз» №3679685 Орденімен марапатталды. Тастөбе ауылындағы Жансүгіров көшесі  Унимдинов Ерлан Ертайұлының атымен ауыстылды.

Ауған соғысында қаза тапқан жауынгеріміз, мектебіміздің түлегі, Тастөбе ауылының 1963 жылы туылған тұрғыны, Данагүл апамыздың ұлы Унимдинов Ерлан Ертайұлын еске алып бір минут үнсіздік жариялаймыз. Рахмет!

 

2-жүргізуші: «Нұрлы – көш, нұрлы — таң» оралмандар арасындағы байқаудың бас жүлдегері, 9-сынып оқушысы Нұрсағи Айсұлудың өзі шығарған өлеңін сіздерге арнаймыз.

 

Ауған соғыс ардагерлеріне

Соғыстан көрген талай жәбірлеулер,

Армысыңдар ауғандық жауынгерлер!

Құттықтап талай жылдық мерекеңді,

Ұрпағың жараланған жаныңды емдер.

Себепсіз қан төгіскен заманың да,

Тау мен тасқа тебінді табаның да.

Жат топырақ бұйырып құрбандарға,

Қанды жасың іркіпті жанарың да.

Тәлкегіне көндіріп ойпаң заман,

Отанының ән-жырын айта алмаған.

Туған жерін құшсам деп топырағын,

Жауынгерлер қаншама қайта алмаған.

Отқа тосып жауынгер ақ тәніңмен,

Мәңгі өшпес бір ұлы атқарып ең.

Бейнетіңнің зейнетін бүгін көріп,

Тербеліңдер азаттық ақ таңымен.

 

1-жүргізуші:   «Ерлік – жан дүниненің ұлы қасиеті» деген екен бір дана қария. Өмірдің өшпеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесінен оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жауызымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесіп, бүгінгідей сұхбат жүргізу – біз үшін бір ғанибет.

«Ардагерлермен сұхбат»

  • Қазіргі бейбіт заман сарбаздарынан қандай батырлық, ерлік қасиеттерін көріп жүрсіздер?
  • Өз тәжірибеңізден қазіргі жастар өз елінің патриоты ретінде қандай болу керек деп ойлайсыз?
  • «Ерлік, батылдық, жауынгерлік» ұғымдарын жастар қалай насихаттаған дұрыс деп ойлайсыз?
  • Бейбіт өмірде өмір сүріп жатқан адамдарға тілегіңіз. Рахмет!

 

2-жүргізуші: Ауыр жорықта да, жауапты постыда да, ұрыстан соң санаулы ғана бейбіт сәттерде де жауынгерлеріміздің көңілдерінің шипасы — ән болғаны рас. Ауылдан алыста, туыстардан жырақта, бөтен жер мен бейтаныс елде, туған жердің көгілдір аспаны мен мөлдір бұлақтары, көкті тіреген ала шыңдары талай ұлдарымыздың сағыныштарын шалқытып, қиын сәттерде күш-қуат бергені рас.

«Анаға хат» орындайтын Күнай Гүлмайра

 

1-жүргізуші:  Он жылға тарта созылған бұл соғыстың аяқталуы да ауыр болды. Біздің білетініміз, 15 ақпан 1989 жылы 40-армияның Ауған жерінен генерал Боир Громовтың шығуы еді. Шын мәнінде оқиға басқаша болған. Соғыс бітсе де шекаралар мен негізгі құрамалар қалдырылған. Соңғы шығушы қазақстандық офицер Виктор Харичев басқарған шекарашылар. Олар ешқандай сән-салтанатсыз, құшаққа алған гүлдерсіз Ауған жеріндегі соғыстың ақырғы нүктесін қойды. Өкінішке орай, бұны әркім біле бермейді. Ауғанстан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 29 жыл өтсе де, сол кездегі жауынгерлер бүгінгі сыр елінің көсегесін көгертуге атсалысып жүрген ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп, құрметтеу біздің борышымыз.

 

2-жүргізуші: 1963 жылы туылған Унимдинов Ерлан Ертайұлының балалық шақтарын бірге өткізген, тай құлындай бірге тебіскен, бозбала жігіт болып қиял-армандарын бірге бөліскен сыныптас достарынан бір ауыз естелік тыңдасақ. Рахмет!

   (Аналарға гүл беру және Серік аға мен Ғабит ағаға кітап сыйлау)

 

Қисынбек Ардақ «Ауғаныстан соғысы»

Адам жанын елжіреткен

Сұм ажалдың бастауы,

Ауғанстан араласып

Бүкіл әлем елдеріне,

Қатігездік жайлады.

Сүйген жарын, қызғыштасын панасын,

Аялаған, әлпештеген анасын,

Әкелеген етегіне жармасып,

Кетті тастап, қиып қана баласын.

Тағы аттанды, тағы аттанды,

Қазағымның сансыз қайсар батыры.

Жүрек жұтқан ұл, қыздарың,

Ел намысын қорғады.

Қызғыш құстай шырылдатып,

Жауларыңды таптады.

Қыршынынан қиылды,

Қазағымның жастары.

Қаншама ана сол кезде,

Қолғанаттан айрылды.

Көздерінен мөлдіреп

Мөлдір ащы жас тамды.

Жер бетінде енді қайтып,

Соғыс мүлде болмасын.

Ашық аспан астында

Бейбітшілік орнасын!

 

1-жүргізуші: Өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді,  замандарға жалғаса береді. Бұған дәлел бүгінгі ортамызда жүреген ауғандық жауынгеріміз, бейбіт өмірдегі жарқын істері, қоғамдық жұмыстарға белсенділіктері, түрлі кәсіпті игерудегі ерен еңбектері ұмытылмақ емес.

Ән: «Қазақстаным» Ғабитова Гүлзат

 

2-жүргізуші: Аяулы ағалар уақыт тауып келгендеріңізге үлкен рахмет! Сіздерге ұзақ ғұмыр, денсаулық, жанұяларыңызға бақыт тілеміз! Аспанымыз ашық болсын, бейбіт өмір жасай берсін.

Туған жердей жат жердің болмайтыны – ақиқат,

Оған көңлің толмайтыны – ақиқат.

Алтын торда алтын құс өсірсең де, бұлбұл құс

Өскен бағы болмаса, қонбайтыны – ақиқат.

Хор: «Атамекен».

 [bws_related_posts]

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *