Тақырыбы: Табиғат және адам. Физика – табиғат туралы ғылым. Физика және техника
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Физика және астрономия — табиғат туралы ғылымды зерттейтінін жете меңгерту, қоршаған ортадағы табиғаттың өзгеруіне адамзат әрекетінің де рөлі зор екендігін түсіндіру. Физикалық терминдер мен ұғымдарды меңгерту. Физика мен техникаға байланысты төрт ғажайып жетістікті білу.
Дамытушылық: оқушылардың ой — өрісін жетілдіру, теориялық және эксперименттік зерттеу әдістері ерекше орын алатынына көңіл бөлу, өз ойларын сөзбен жеткізуге дамыту.
Тәрбиелілік: Жаңа ұғымды күнделікті өмір мен байланыстыра білуге үйрету. Оқушыларды табиғатты аялай білуге үйрету.
Типі: Жаңа материалды оқыту сабағы
Түрі: жаңа сабақ
Әдіс — тәсілі: Ауызша баяндау
Пәнаралық байланыс: дүниетану, табиғаттану, астрономия.
Көрнекіліктер: элек. оқу., суреттер, оқулық
І. Ұйымдастыру кезеңі:
Сәлемдесу, отырғызу, түгендеу.
ІІ.Үй тапсырмасын тексеру
III.Жаңа материалды хабарлауға дайындық
1) Жаратылыстану ғылымы нені зерттейді?
2) Табиғат дегеніміз не?
3) Қандай ғылымдармен байланысты?
IV.Жаңа сабақ
Бізді қоршаған ортаны табиғат дейміз. Бұған су мен ауа, дыбыс, жарық пен радиотолқындар, жұлдыздар мен кометалар, планета мен галактика т. б. жатады.
Физика – табиғат туралы ғылым. Бірақ табиғатта көптеген алуан түрлі өзгерістер немесе құбылыстар болады. Физика ғылымы зерттейтін табиғат құбылыстары физикалық құбылыстары делінеді.
Физикалық құбылыстарға жататындар:
1) механикалық құбылыстар (мысалы, ұшақтар мен автомобильдердің қозғалысы, маятниктердің тербелісі мен құбыр бойынша сұйықтықтардың ағысы, Жердің Күн айналасында және орбиталық станциялардың Жер айналасында айналуы);
2) электрлік құбылыстар (мысалы, электрленген денелердің тартылуы мен тебілуі, электр тогы және т.б.);
3) магниттік құбылыстар (мысалы, магниттердің темірге әсері, токтардың магниттік өзара әрекеті, Жердің компас тіліне әсері және т.б.);
4) оптикалық құбылыстар (жарықтың әр түрлі орталарда таралуы, айналардан жарықтың шағылуы, әр түрлі жарық көздерінің жарық шығаруы және т.б.);
5) жылу құбылыстары (мұздың еруі, судың қайнауы, қардың түзілуі, металдардың жылулық ұлғаюы, электрлік жылытқыш аспаптардың әрекеті және т.б.);
6) атомдық құбылыстар (мысалы, атом бомбаларының жарылысы мен жұлдыздардың қойнауындағы болатын процестер және т.б.)
Табиғатты зерттеумен тек физика ғана айналыспайды, басқа да ғылымдар бар, мысалы, география, биология, химия. Әрбір ғылымның өз мақсаттары мен табиғатты зерттеу тәсілдері бар. Физиканы оқып үйрену арқылы сендер біртіндеп бір ғылымның екінші ғылымнан немен ерекшеленетінін және сонымен бірге олар өзара қалай тығыз байланыста екенін білесіңдер. Табиғат туралы ғылым өте ертеде пайда болған. Табиғатта байқалатын құбылыстарды түсіндіруге бірінші болып ежелгі Қытай, Үнді және көне Грек ғалымдары талпыныс жасаған. Біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырда өмір сүрген ежелгі грек ғалымы Аристотельдің шығармаларында “физика“ деген сөз (“фюзис“ – табиғат деген грек сөзінен алынған) кездеседі. Бұл сөзді XVIII ғасырда алғаш рет Ресейде неміс тілінен орыс тіліне физика оқулығын аударғанда М. В. Ломоносов енгізген. Қазіргі уақытта табиғатты зерттеу әр түрлі елдер мен халықтардың көптеген ғалымдарының табанды еңбек етуін талап етеді. Олардың бірлескен жұмыстары адамзат баласына қоршаған әлемдегі заңдар мен құбылыстарды зерттеуде ілгері жылжуға мүмкіндік береді және қоғам прогресін қамтамасыз етеді.
Физиканың «бірінші ұстазы» атанған грек ғалымы Аристотель. «екінші ұстазы» ұлы бабамыз — Әбу Насыр әл — Фараби. «Физика» деген сөзді орыс тіліне енгізген ұлы орыс ғалымы М. В. Ломоносов. «Физика» деген грекше фюзис – табиғат дегенді білдіреді.
Мақсаты — табиғатта болып жатқан құбылыстарды зерттейді, олардың өзара байланыстыратын заңдарын ашады. Мысалы Жердің Күнді айнала эллипс бойымен қозғалатынын түсіндіру. Т. б. Терминдер — жол, жылдамдық, күш. Физикалық ұғымдар – материя, дене, зат. Әлемде не бар болса, соның бәрі материя деп аталады. Белгілі пішіні, нақты көлемі бар жеке тұрған нәрсе дене деп аталады. Дененің шығу табиғатын, сапалық қасиеттерін сипаттайтын материя түрін зат деп атаймыз. Біздің заманымыздың өзіне тән екі ерекшелігі бар. Біріншіден, ғылым мен техника үлкен қарқынмен дамыды. Екіншіден, ашылған ғылыми жаңалықтар адамзат игілігіне айналды. өнеркәсіп пен тұрмысқа енгізіліп отырды. Техниканың негізі – физика. ХХ ғасырдың физика мен техникаға байланысты төрт кереметі бар. 1. Атом ядросындағы энергияны алу жолын тапты. 2. Ғарышқа көтерілді. Тұңғыш жасанды Жер серігі біздің еліміздегі Байқоңыр ғарыш айлағынан 1957 жылы ұшырылды. Орыс азаматы Ю. А. Гагарин 1961 жылы алғаш рет Байқоңырдан ұшты. Біздің отандастарымыз – Т. Әубәкіров пен Т. Мұсабаевтар күрделі ғарыштық техниканы басқарып ерлік біліктіліктерін көрсетті. 3. 60 — жылдардың басында лазер өмірге келді. Осы жаңалықты ашқан Ресейдің физик ғалымдары Н. Г. Басов, А. М. Прохоров және АҚШ — тың физигі Ч. Таунске Нобель сыйлықтары берілді. 4. Кибернетика өмірге келді оған байланысты электрондық есептеуіш техникасы. ХХ ғасырдың ең негізгі төрт ғылыми – техникалық ғажайыптары осындай.
- V. Жаңа сабақты бекіту:
1) «Табиғат» деген сөздің мағынасын қалай түсінеміз?
2) Табиғат құбылыстары деп нені айтамыз?
3) Табиғат құбылыстарын ата?
4) Күннің тұтылуын түсіндіру
5) Табиғат туралы қандай ғылымдарды білесіңдер?
6) Айдың тұтылуын қалай түсіндіруге болады?
7) Физиканың негізгі мақсаты неде?
8) Физика заңдары қалай ашылады?
9) Физикалық терминдер, ұғымдар дегеніміз не?
10) Материя, дене, зат ұғымдары дегеніміз не?
- VI. Қорытынды.
- Берілген кестеге келтірілген сөздердің ішінен құбылыстарға қатысты сөздерді теріп жаз.(шардың домалауы, қорғасынның балқуы, күнің сууы, күннің күркіреуінің естілуі, қардың еруі, жұлдыздардың жыпылықтауы, судың қайнауы, таңның атуы, жаңғырықтың естілуі, бөрененің жүзуі, сағат маятнигінің тербелуі, бұлттың көшуі, жай түсуі, кептердің ұшуы, найзағайдың жарқылдауы, жапырақтардың сыбдыры, электр шамының жануы)
Механикалық құбылыс Электр құбылыс
Жылулық құбылыс Жарық құбылыс
VII. Үйге: §1§2§3. оқу.
VIII. Бағалау