Басы » Тарих » Дермене ауылының төл тарихы

Дермене ауылының төл тарихы

Дермене ауылының төл тарихы

Смайлов Дәулет Төлебекұлы

Дермене елді мекені, Арыс ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

Барлық  ұлы  істер, ұлы  қадамдар  ауылдан  басталған.  Ауыл  қазақтың  жан  жүрегі, бөлінбес  бөлшегі.  Сондықтан  ауылдың  тарихын  тану, зерттеу  оны  келешек  ұрпаққа  жеткізіп  отыру  барша  ұлт  тағдырын  ойлайтын  азаматтардың  басты  борышы  болып  есептеледі.  Әр  ауылдың  өзіне  тән  ғасырдан – ғасырға  жетіп  келе  жатқан  аңыз  әңгімелері,  тарихи  ескерткіштері, батырлары,  ұлы  адамдары, ғасырлар  сақтаған  құпиялары  жетерлік.  Сахараның  әр  тасы,  шуылдаған   құмы, ызынаған  желі, ата – бабаларымыздың  төл  тарихын  бізге  жеткізіп  сыбырлап  отырғандай  көрінеді.  Соның  айғағы   ретінде  қолдан  жасалған  төбелер, ондаған  шақырымға  созылған  қазылған  арықтар, құмнан  табылған  жәдігерлер т.б  дәлел  бола  алады.  Менің  зерттеуіме  арқау  болатын  ауылым  Дермене  деп  аталады.   Дермене  ауылы  дәрілік  кеңшар  ретінде  1949  жылы  құрылған.  Біршама  зерттелген  тарихына  тоқталар  болсақ, Оңтүстік  Қазақстан  тарихи-археологиялық  энциклопедиясындағы «Дермене  тұрақтары»  деген  мақаламен Х. Алпысбаевтың  зерттелулерінен  көрінеді.

Дермене  тұрақтары.

Неолит  дәуірінен  сақталған  ескерткіштер  Арыс  ауданы, Дермене  ауылының  төңірегінен  4  жерден  табылған.   Оларды  алғаш  Қазақстан  Ғылым  академиясының  тарих, археология  және  этнология  институтының  Оңтүстік  Қазақстан  кешенді  археологиялық  экспедициясының  тас  ғасырмен  айналысатын  отряды (жетекшісі Х. Алпысбаев ) 1974  жылы  зерттеген.   Дермене  тұрақтары  тас  құралдарының  арасынан  палеолит  бұйырымдары  да  ұшырасады.  Бұл  аталмыш  өңірді  адамдар  ерте  кезден  мекендегенін  көрсетеді.  Еңбек  құралдары  ақшыл  сұр  шақпақтасты  порфириттен  дайындалған.  Тас  жаңқалары  басым.  Табылған  тас  тіршіліктерінің  тұрпаты  өңдеуіне  қарап  және  олардың  терең  талдай  келе   Х. Алпысбаев  Дермене  тұрақтарын  неолит  заманына  жатқызады.  Үлкен  тас  жаңқасынан  жасалған  ыдыстары  жоқ.  Соған  қарағанда, Дермене  тұрақтарын  мекендеушілер  жануарлар  терісінен  жасалған  заттарды  пайдаланған  болуы  ықтимал  деп  мәлімдейді.

Құм  жасырған  жәдігерлер.

Арыс  өзенінің  атырабында  көптеген  отырықшы  елдердің  ізі  сайрап  жатқандағы  көрінеді. Оған  дәлел  ретінде  бұл  жерлерден  табылған  көне  жәдігерлер, қыш  құмырлар  және  көптеген   тұтынатын  заттардың  сынақтарын  айғақ  ретінде  алуға  болады. (Бұл  жәдігерлер  қолмен  жүк  машиналарына  құм  артылғанда  табылған).         Бір  қызығы,  табылып  жатқан  жәдігерлер  бір – біріне  ұқсамайды.  Әр  қайсының  өзіндік  стилі  бар.  Бірінші  жинақталған  құмыралардың  сынақтарын  түркістан  трихи  жәдігер  екені  анықталды.          Профессор  Дмитри  Федорович  Винник  бұл  құмыралар Х- ХІІ ғасырлардағы  Қарақан  мәдениетінің  ескерткіштері  болып  саналатын  және  Дермене  жерінде  тек  бір  ғана  көне  қорым  бар  екенін, ал  табылып  отырған  жадігерлер  тарих үшін  маңызды  болып  табылатындығын  жеткізді ( Бір  өкініштісі, бұдан  кейінгі  Түркістанға  барған  сапарлар  сәтсіз  болды. Оған  сол  жердегі  қызметкерлердің  өз  ісіне  салғырт  қарауы, апарған  заттардың  жоғалуына  жол  беруі  себеп  боды).        Уақыт  өте  келе  тағы  да  өзгеше  пішінді  құмыралар  табылып,  оларды  зерттеткенде  үлкен  олжа  екенін  Оңтүстік  Қазақстан  облысындағы  мұражайтану-археология  бөлімінің  басшысы  Ағзам  Рүстемов  растады.  Ол  бұл  жәдігерлер VІ-VІІ ғасырлардағы  көне  түрік  мәдениеті  болып  саналатынын  және  Дермене  жері  көптеген  зерттеу  жұмыстарын  жүргізуді  қажет  ететінін  ескертті.

Төлебай  батыр.

Ертедегі тарихымен  қоса  Дермене  жерінде  көптеген  батырлар  өмір  сүрген. Сондай  батырларының  бірі – Төлебай  батыр.   Төлебай  батыр  жоңғар  шапқыншылығы  мен  Қоқан  хандығының  езгісіне  қарсы  күресте  аты  шыққан  қазақтың  бірігей  батырларының  қатарына  жатады.  Ол – Абылай  Орта  жүзге  хан  сайлағанда  Төле  бидің  жанында  кеңесші  болған  қазақтың  он  екі  қолбасшының  бірі.          Бұл  жөнінде  ақын  Қазанғап  Байболұлы «Төле  бидің  тарихы»  дастанында  былай  деп  жазады.

Кеңесқой  он  екі  еді  Төлеге  ерген,

Шымырдан  Қойгелді  еді  мәжіліс  берген.

Сыйқымнан – Мәлік, Қарабатыр, Қаңлы қон,

Алшынбай – тамадан, Қаранар- сіргеліден,

Төлебай – қоңырат, Көтен – бөгежелі,

Іріктеп  таңдап  шыққан  әрбір  елден.

«Егемен  Қазақстан» газетіне  1992  жылдың 21 қарашасында «Қойгелді  батыр» деген  көлемді  мақала  жарияланып, онда  Төлебай  батырдың  жоңғар  басқыншыларына  қарсы  Абылай  хан  бастаған  жорықтарға  қатысқаны  айтылған.  Төлебай  жаугершілік  заманда  өз  аймағының  батырларын  бастап, жауға  шапқан, жайшылық  заманда  жауды  қазақ  жеріне  өткізбей тұрған  қолбасшы  болған.    Төлебайдың  жаужүрек  батыр, беделді  кісі  болғанын  мына  оқиғалардан  білуге болады.

Қызылбас  елінде  «Бес  қасқа» деген  лақап  атқа  іліккен  атушулы  бес  қарақшы  жігіт  өмір  сүрген. Елінің  тынышын  алған  бесеуді  патшасы  өлім  жазасына  кескен. «Тірідей  немесе  басын  кесіп  әкеліңдер», — деген  пәрмен  шыққан  соң, олар  қазақ  жеріне  келіп,  Төле  биге  жан  сауғалайды.         Сонда  Төле  би: «Енді  сендер  жаман  әдеттеріңді  қоясыңдар,  бесеуің  бес  елге  кетулерің  керек, бірің  Төлебай  батырға  барып,  мен  жіберді  деп  паналайсың,  сендердің  соңдарыңнан  келген  қуғыншыға  Төлебай  сияқты  батырлар  ғана  тұрыстық  бере  алады», — деген.    Осы  ақылға  тоқтаған  бес  қасқаның  бірі  Төлебай  батырдың  ауылына  келіп, қоныс  тепкен. Төлебайға  қол  беріп, оның  інісі  ретінде  санатқа  кірген.Қалған  төртеуінің  қайсы  елге  паналағаны  ұмтылған.      Тарихта  мәлім,  қазақта  барымта  деген  болған.  Оның  әр  түрлі  себептері  бар. Кейде  бұл  елмен  қан  төгіспей,  мал  тартып  алу  арқылы  есеп  айырысудың  амалы.

Бірде  Төлебай  батырдың  ауылынан  көз – көрім  жерден  шаңдатып  үйір-үйір  жылқы  айдап  өтіп  бара  жатқан  қосын  байқалды. Төлебай: «Біліп  кел», — деп  шабарманын  жіберді.  Ол  басы  жарылып,  зорға  құтылып, кері  қайтады. Енді  Төлебай  бес-алты  мықты  жігіттерін  жұмсайды.  Олар  да  ұрылып-соғылып  қайтып  келеді.        Ашуланған  Төлебай  бес  қаруын  асынып, қолына  шоқпар  алып, өзі  шабады. Сол  шапқан  бойы  алдынан  қарсы  шыққандардың  бес-алтауын  шоқпармен  ұрып,аттарынан  түсіріп  тастайды( ол кезде  бірінші  шоқпармен  күш  сынасу  дәстүрі  болған).

Енді  жекпе-жекке  қосынның  басшысы  өзі  шығып,  шоқпармен  бір  сілтескеннен  кейін: «Сен  Төлебай  батыр  емессің  бе?»- деп  бәтуә  сұраған. Ол  қазақтан  тысқары  елден  жылқы  айдап  келе  жатқан  Кіші  жүздің  Жаппас  руының  батыры  екен.  Ол  уақытта  бір  елдің  үстінен  екі елдің  адамдары  не  малы  өтсе,  елдің  үлкендерінен  рұқсат  сұрап  отырған, осы  дәстүрді  бұзғаны  және  Төлебайдың  бірнеше  жігіттеріне  сойыл  жұмсағаны  үшін  Жаппас  батыр  кешірім  сұрап, екі  үйір  жылқысын  екі  жылқышымен  Төлебайға  тарту  қылған.    Осы  екі  жылқышы ( оларды  Жаппас  барған  жерінен  жылқыларымен  қоса  алған) адал  еңбегімен  Төлебайдың  сеніміне  кіріп , бірі  елдің  көшіп- қонуын  реттестіріп, екіншісі  малын  қыс  қыстауға,  жаз  жайлауға  айдасып, Көшқонай, Қойайдар   деген  аттарға  ие  болған.     Бұл  айтылған  ел  аузындағы  екі  әңгіме  Төлебай  батырдың  өмірінен  елес  берер  кішкене  штрихтар  ғана.            Оңтүстік  тарихын  жүрген  Шыналбай  Уалханұлы  ақын  Хамзе  Амандықұлының «Ақпан  батыр» атты  тарихи  деректер  негінде  жазылған  дастан  романынан  үзінді  келтіріп, былай  дейді: «Тәшкенді  жаудан  тазартып  алған  соң, Төле  бидің  жарлығын  орындау  үшін  1726  жылы  Сарысу  бойындағы «Айран  төгілген» деген  жерде қалмақтармен  болған  қырғын  соғысқа  үш  жүздің  батырлар  тегі  аттанады.  Сол  соғысқа  Төлебай  батырдың  аттанғанын   мына  жыр  жолдарынан  аңғаруға  болады:

Жасағы  кіл  жастардан,

Бірге  келді  деседі.

Шапырашты  Наурызбай,

Райымбек  пен  Төлебай (« Ақпан  батыр», 146 б.).

Негізі, Төлебай  өмір  сүрген  дәуірде  Шымкент, Арыс, Отырар, Түркістан  маңын  Қоқан  хандығы  ауық-ауық  басып  алып, билігін  жүргізіп  отырған. Қоқан  хандығы Ферғана  өңірінде  1710 жылы  құрылып, 1876  жылы  құлаған.  Оңтүстік  қазақтары  166 жыл  бойы  бірде  бүк  түсіп, бірде  шік  түсіп, кейде  асығы  алшысынан  тұрып,  Қоқан  билігімен   тынымсыз  қақтығысып  келген. «Жау  жағадан  алғанда ( жоңғар), бөрі  етектен тартқан (қоқан)»  заманның  талайын  көрген.

Қоқан  ханы  тұрғанда, ақ  жаулығым  бар  деме,

Қоқан  ханы  тұрғанда, он саулығым  бар  деме, — деген  өлең  жолдары  бекер  айтылмаса  керек.

Төлебай  батыр  бұғанасы  қатып, жасы  18-20 – дан  асқанда Түркістаннан  Шымкентке  дейінгі  аймаққа қоқандықтар  тісін  батыра  алмағандықтан,  батырды  өлтіруге  көптеген  жансыздарын  жіберіп  отырған.

Сөз  жоқ,  Төлебай – қазақтың «атса  оқ  өтпеген, шапса  қылыш  кеспеген» біртуар  батырларының  бірі. Қаншама сұрапыл  соғыстарда  Төлебайға  қарсы  жаудың  ең  мықты  батырлары  әдейі  жұмсалып ,  оны  алмай  қойған.  Төлебай  батыр  жасаған  аймаққа  алым-салық  төлете  алмаған Қоқан  ханы  қазақ  ішіне  тағы  да  сол  жансыздарын  жіберген.   Бірде Қоқан  әскері  таң  атпай  қапыдан  бас  салады. Бірақ  Төлебай  әскерлері  жаудың  бетін  қайтарып, енді  оларды қуа  отырып  соғыс  жүргізеді. Осы  соғыста  Төлебайға  оқ  тиеді. Қабырғасын  тесіп , кеудесінен  шыққан  улы  жебені  қолымен  тартып, суырып  алған  қанды  садақты  қолына  қысып, атпен  шауып  бара  жатқан,  жанындағы  нөкерлеріне  былай  депті:                «Уа  туысқандарым, менің  де  күнім  бітті,  біраз  жер  шауып  барып  мен  өлемін, бірақ  менің  өлгенімді  жауға  білдірмеңдер, аттан  құламаған  соң  жау  мені  өлді  деп  ойламайды,  бұл  соғыста  сендер  осылайша  жеңіске  жетесіңдер. Мені  тоқтаған  жеріме  көміп,  үстімнен  барлық  әскер  жүріп  өтсін, қайда  көмілгенімді  жау  білмесін», — дейді.

«Біз  қайдан  табамыз?» — дегендерге: «Бес-алты  жылдан  кейін  осы  жерлерге  келсеңдер, бір  түп  ағаш  болып  өсіп  тұрамын», — деген  көрінеді.

Қазақ  әскерлері  сол  екпінмен  жауды  қуып  тастайды. Олар  Төлебайды  өлтіре  алиадық  деп ордаларына кетеді. Батыр  меңзеген  ағаш- пісте ағашы(фисташка) Ұлы  Жібек  жолының  бойында,  Жызақтың  аңызақ  шөл  даласында  250 жылдай  жайқалып  өсіп  тұрады.   Ол  жерге  Төлебай батырдың  қойылғаны  мәлім болған  соң, төңіректегі  дүниеден  өткен  кісілер  сол  жерлерге  жерленіп, үлкен  қорымға  айналады. Төлебай  батырдың, Төлебай  әулиенің  зираты  деп, ел  осы  күнге  шейін  зиарат  етіп  келеді.        Шығысқа  қарай  мың  шақырым  жол  жүріп, жоңғар  қақпасында  жауды  талқандауға  қатысқан, мың  шақырым  түстіктегі  Чарджоу  шаһарындағы  бектер  бегінің  үрейін  ұшырған  Төлебай  батыр – Арыс  ауданының  батыры  емес,  алты  алаштың, исі  қазақтың  батыры.

Назарбек Байжігітов

https://baq.kz/kk/regional_media/post/56261

Ауылдағы  аңыздар  мен  ақиқаттар.

Дерменеде  жер-су  атауларына  байланысты  аңыз  әңгімелер  көп.  Олардың  кейбіреулері аңыздан  гөрі  ертегіге  де  ұқсайды. Бірақ  бір  шындықтың  жасырынып  жатқандығы   баршамызға  мәлім.  Дермене  кеңшары  құрылмай  тұрғанда  сол  төңіректің  бәрі – Қостүйін  деп  аталған.  Қостүйін  атауы  туралы  бір  дерек  қазақ-жоңғар  соғысына  байланысты  болып  келеді.    Арыс  өзенінің атырабында  қазақтар  мен  жоңғарлар  шайқасып  жатқанда  қазақ  жасағының  батыры мертігіп, жау  қолы  басымырақ  болып, жеңіске  жетуге  жақындап  қалады.  Абдырып  қалған  қазақ  қолына  ұрандатып,  тұтқиылдан  бір  батыр  қосылып, сарбаздарға  дем  беріп, қолды  басқарып  кетеді. Қиян-кескі  ұрыс  жүріп, өздерінің  жанқиарлық  ерліктерінің  арқасында  жауды  жеңіп, қазақ  жасақтарының  мейірімі  үстем  болады. Бірақ  жеңіске  жетелеген  батыр  шейіт  болып, жерлеу  кезінде  атын  кім  деп  жерлейтінін  білмей  дағдарып  тұрғанда  иегінің астындағы қос  түйінді  байқап, бірауыздан  Қостүйін  батыр  деген  атауға  тоқтайды. Уақыт  өте  келе  Қостүйін әулие  деп  аталып  кетеді( Бұл мазарат  Дермененің  батыс  жағында  орналасқан).

Екінші  дерек  осы жерде  кездесетін  трихи  маңызға  ие «Ақарық», «Егілген  төбе», «Қостүйін», «Бестораңғыл»,  Отырар  ауданының  орталығы  Шәуілдірді  де қамтиды. Ертеректе Отырар  жерінде  сол  төңіректе  белгілі  бір  бай  өмір  сүріпті. Байдың  Дүр  деген  асқан  сұлу  қызы  болыпты. Қыздың  балиғатқа  жасы  жеткенде, ат  жететін  атыраптан  қыздың  сұлулығына,ақылдылығына  қызығып, өзіне  жар  етуге  көптеген  жігіттер  ағылып  келіп  жаты. Келген  жігіттер  Дүрге  жете  алмай, байдың  қойған  қатаң  талабын  орындай  алмағандықтан  елдеріне  құр  қол  қайтыпты.      Байдың  қойған  талабы- өзі  тұратын  аймаққа  су  жеткізіп  берген  адамға  қызын  беремін  деп  уәде  береді. «Бұл  бай  қызын  ешкімге  бермеймін  деді ме, айдалаға  кім  су айдап әкеле алады? »- деген  әңгімелер  шыға  бастайды.      Сол  кезде  Шәміл  деген  алып  денелі  жігіт   шығып: «Дүрді  беретін  болса, ол аймаққа  мен  су апарамын», — деп іске  кіріседі.Сол  маңнан  кәрі  есек  тауып, үстіне  құм  салып, Арыс  өзенінен  бай  тұратын  аймаққа айдап  апарыпты. Кәрі  есек  күші  жоқтығына  байланысты  қырлау  жер  болса, шыға  алмай, тек  қана  сайға  қарай жүріп  отырып, артынан Шәміл белгі  салып, су  жүретін  орындарды  белгілепті. Өзі  алып  адам  болса  керек. Дәу  тіректі  кесіп, кетпеніне  сап жасап, белгілеген жерімен сапты  ұстап  жүріп  өтіпті. Жүріп  өткен  жеріне  су  ағып, арқырап келе  жатқандықтан, бай  ауылы  қорқып ,  қашып  кетіпті.                        Шәміл кетпенін жерге қадап, іздеуге кірісіпті. Кетпен қадалған жерге тораңғылдар шығып, Әулиелі жерге айналыпты ( Қазіргі кезге дейін «Бес тораңғылға» құлағы естімейтін және құлағы ауыратын адамдар келіп тәу етіп, кішкентай талын сындырып, талдан сөл суын алып, құлағына тамғызып, ем қылады.Көптеген адамдар ауруына шипа тауып, Әулиелігіне көзі жетеді. Кейбір адамдарға қанша күн күтсе де, тораңғылдан су тамбай, зар қылатын болыпты).       Шәміл байдың көшкен орнына барса, Дүрдің қос түйіншегі қалып кетіпті. Сондықтан түйіншек қалған жер «Қостүйін» деп аталыпты.         Шәміл көштің соңынан еріп, көрінбеген соң, Арыстың сол жағына өтіп, төбе үйіп, үстіне шығып қараса, Сырдан ары өтіп бара жатқанын көрген Шәміл егіліп тұрып жылапты. Содан бері ол төбе «Егілген төбе» деп айтылған екен.                                                      Ызаланып, бір шетінен жынданған Шәміл байдың артынан қуыпты. Кейбір жерлерге төбе үйіп, байқап көріп, артынан қуып жетіпті. Бай Шәмілдің алыптығынан қорқып, бір шетінен ел-жұрттың әңгімесіне қалмау үшін Шәміл мен Дүрді ақ батасын беріп қосыпты.         Шәміл мен Дүрдің отбасы құрған жері қазіргі Отырар ауданының орнындағы Шәуілдір қаласы болып саналады. Шәуілдірдің атауы осы екі ғашықтың атымен аталған деп аңызда баяндалады.      Аңыздың тақырыбына, негізгі өзегіне айналған Ақарық құрылысы ғажайып құрылыстардың қатарына жатады.   Ақарық Арыс өзенінің оң жағалауынан  Ақдала жерінен басталып, Отырар ауданындағы Шәмші ауылының Ақтөбе бөлімшесіндегі «Бұзық төбеге» дейін созылады. Ұзындығы шамамен шығыстан оңтүстік батысқа қарай 30-40 шақырымға созылады. Басталған жеріндегі арықтың ені шамамен 30-35 метр, тереңдігі 15-20 метрге дейін жетеді.Ақарық оңтүстік-батысқа қарай жылжыған сайын ені мен тереңдігі біртіндеп кішірейе түседі. Ақарықтың ортасы Дермене ауылынан өткендіктен тегістеліп, орнына үйлер салынған. Салынған кезеңі шамамен ХVІ ғасырға тиесілі.

Қазақ хандығы Шайбанилік  Әбілхайырдан бөлініп шыққан кезде Керей мен Жәнібек Сыр бойындағы қалаларда біртіндеп ала бастайды. Керей мен Жәнібек хандығынан кейін дәстүр бойынша Керей дің баласы бұрындық қазақ ханы атанған (Бұзық төбеден кейінгі атауы).

Хан сарайын салдырып, сол жерді суландыру үшін Ақарықты қаздырған деген мәліметтер келтіреді. Кейіннен  Бұрындық ханның мағынасыз жүргізген шайқастарынан мезі болған халық Жәнібек ханның баласы Қасым сұлтанға ауып, көшіп кеткендіктен Бұрындық хан ызадан қаланы қиратып , аз ғана сенімді адамдарымен Сібір жақтағы қайын жұртына көшіп кетеді. Қала қиратылғаннан кейін Ақарықтың қызметі де тоқтайды. Қаланы кейінгі жұрт қиратуына байланысты төбені Бұзықтөбе деп атап кеткен.         Ал Егілген төбенің шын тарихына тоқталар болсақ, жаугершілік заманда бір-біріне белгі беру үшін көптеген төбелер қолдан үйіліп, биіктете салынған. Төбесіне отындар жиылып, жау келгенде от жағып , белгі беріп отырған .    Ондай төбелердің атауы да қызық болып келеді.Мысалы, «Майтөбе», «Қарауыл төбе», «Егілген төбе» т,б.      Егілген төбенің географиялық жағдайына тоқталар болсақ, Арыс өзенінің сол жағында бір шақырым қыр жерлерде орналасқан. Биіктігі 25 метрге жуық төбесі тегістеу болып келеді. Төбесінің диаметрі 200 шаршы метрді құрайды. Егілген төбеге шыққан адамға көкжиектегі жерлердің бәрі бірдей көрінеді.

Халық арасында Егілген төбеге байланысты өлең де тараған.

Біздің ауылды сұрасаң Егілген-ді,

Ақ бидайдан ақ маржан төгілген-ді, — деп келетін жыр шумақтары бар .

Бұл жердің халқын қырманшы  қоңыраттар деп атаған. Ешқандай дәнді-дақылдар егілмесе де, тау жақтағы егіншілікпен  айналысатын елдерге барып, қолы бос ер-азаматтар өз напақыларын айырып отырған. Соны мақтаныш ретінде әнге қосып, жергілікті халық жырлаған.

Бұл Дермене ауылының төл тарихы.

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *