Басы » Tәрбие сағаттары » Адамгершілік – асыл қасиет

Адамгершілік – асыл қасиет

  Бөрлі ауданы,Ақсай қаласы

Ташенова Райхан Бозжигитовна

Сабақтың тақырыбы: Адамгершілік – асыл қасиет.
Сабақтың мақсаты: балалардың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді ұялату үшін мейірбан, ақылды, шыншыл, қайырымды, т.б. адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал ету.
Көрнекілік: күлімдеген күн, түнерген бұлт, кемпірқосақ суреттері.
                                                   Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру. («Көңілді күн» әні ) орындалып тұрады, оқушылар орындарынан тұрып, қимылмен көрсетеді. (Қонақтармен амандасу)
2. Оқушылар орындарына отырып, музыка әуені тоқталады.
3. Тыныштық сәті: Балалар денелеріңді түзу, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Ауаны терең жұтып, еркін тыныстаңдар. Денелеріңді бос ұстап, айналадағы барлық тіршілік иесі сендерді аялап, қоршап, қамқор болып жатқанын сезініңдер. Тұла бойларың жақсылыққа, махаббатқа толғанын сезініңдер.

ІІ. (Видеокөрсетілім)Алдар Көсе «Күтпеген қонақ» мультфильмі көрсетіледі.

— Алдар Көсенің мультфильмінен не көрдіңдер?

— Бай қандай адам екен?

— Ал Алдар Косе қандай адам?

— Байдың орнында болсаңдар не істер едіңдер?

(Оқушылар өз ойларын айтады.)

—  Сонымен адамның қандай жақсы қасиеттерін білеміз?

—  Қандай жаман қасиеттерін кездестірдіңдер?

Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы – «Адамгершілік — асыл қасиет». Бұл сабақ арқылы біз өз бойымызға рухани-адамгершілік қасиеттерді ұялату үшін мейірбан, ақылды, шыншыл, қайырымды, т.б. адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал етуді үйренуіміз керек.
— Адамгершілік дегенді қалай түсінесіңдер?

Адамгершілік — адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы, адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханиет дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі адамдық тәрбие болып табылады. Ол тұлғаның қоғамдық бағалы қасиеттерімен сапалары, қарым-қатынастарында қалыптасады. Адамгершілік қоғамдық сананың ең басты белгілерінің бірі болғандықтан, адамдардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасымен сипатталады. Олар адамды құрметтеу, оған сену, әдептілік, кішіпейілдік, қайырымдылық, жанашарлық, ізеттілік, инабаттылық, қарапайымдылық т. б. Адамгершілік-ең жоғары құндылық деп қарайтын жеке адамның қасиеті, адамгершілік және психологиялық қасиеттерінің жиынтығы.
Рухтың мекені – адамның жүрегі. Жүрек жылуы, махаббат, ар-ұят, қайрат, мейірімділік, жақсылық, адамшылық осы жүректен туындайды. Рухтың табиғаты материалдық зат емес, оның табиғаты – асыл нұр.
Күн адамның рухы болса, күн сәулесі – ақыл дейік. Себебі ақыл – рухтың құрамдас бөлігі.
Бүгінгі сабақта осы сапалардың біразы туралы пікірлескенді дұрыс санадым. Ойымызды өрбітіп, бойымызға адамгершілік нәрін егу үшін тақтаға ілінген Күннің суретіне қараңдаршы.
Жарық-күн – көлегейленіп тұр, күнді бір мейірбан, жан-шуағын төгетін құдіретті ананың біріне теңесек бола ма?

— Ия , себебі ана бізге өзінің бар жылуын, сезімін, махаббатын  береді. Біз оның жүрегіндегі көлеңке сезімін сейілтейік, ол үшін бетіндегі түнерген бұлттарды ашайық.
1. Кәне бірінші бұлт. Бірінші бұлтты сейілтеміз.
Абай. «Ғылым таптай мақтанба».

Мұғалім: Балалар канекей кім маған Абай атамыздың ғылым таппай мақтанба өлеңін айтып береді? (Оқушылар кезекпен-кезек айтып береді.) Абай атамыздың айтқан адам бойындағы міндерді айтып өтейік.

— Қандай бес нәрседен қашық бол деген атамыз?

Оқушылар: Өсек: біреуді жамандау. Еріншек-жалқаулық. Мақтаншақ-мақтану, бөсу. Бекер мал шашпақ-ысырапқа жол беру, керекті затты тастай салу. Өтірік-алдау, жалған сөйлеу.

— Қандай бес нәрсеге асық бол деген? Талап: адамның өз алдына мақсат қойып, болашаққа талпынуы. Еңбек: еңбексіз дүние жоқ, айналадағы заттардың бәрі еңбекпен келеді. Терең ой: білім, ғылымға талпыну, ұмтылу. Қанағат: ысырапты болмау, бір нәрсеге қанағаттану. Рақым: мейірімді, үлкенге құрметшіл, кішіге қамқоршыл болу.

Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар. Атамыз айтып кеткен бес асыл іске асық болуымыз керек. Ал өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, өсек осы бес нәрседен аулақ болыңыз керек балалар.
1-ші бұлт ашылды – асыл қасиеттерді білдік.
2. Екінші бұлтты сейілтейік:
— Балалар «мейірімділік» ұғымына қандай ұғымдар кірмейді? (қаталдық, жауыздық, ашу, кекшіл, жамандық, өзімшілдік т.б.)

Ашу — бұл қара бұлт, ендеше оны сейілтейік! Ал ол үшін мейірімділік, адамгершілік  туралы мақал-мәтелдерді есімізге түсірейік.

  1. Адамгершілік болмай,
    Әділдік болмас.
  2. Адамның ұяты бетінде ,
    Адамгершілігі ниетінде.
  3. Жақсы ниет — жарым ырыс.
  4. Асыңа тойғызбасаң да,
    Ақ ниетіңе тойғыз.
  5. Кішіпейілділік — кісінің көркі.

— Сөздермен қатар іс-әрекеттер де сыпайы болуы тиіс, кейін әрекеттеріміз үшін өзіміздің, ата-аналарымыздың, достарымыздың қызаруына тура келмеу үшін. Үнемі адамдарға пайдалы болуға және былай істемеуге тырысу керек:

1-оқушы: Атам маған әманда
Әдепті жан бол деген.
Ата сөзі санамда —
Жасы үлкенге жол берем.
2-оқушы: Алдын орап кісінің,
Кесіп өтпей көлденең.
Ізетімен кішінің —
Сәлемдесіп, қол берем.
3-оқушы: Атам маған әманда
Кішіпейіл бол деген.
Ата сөзі санамда —
Мақтанбауды жөн көрем.
4-оқушы:Атам маған әманда
Әділетті бол деген.
Ата сөзі санамда —
Жүрем тура жолменен.
5-оқушы:Өзгелерден өзімді
Санамаймын жоғары.
Артық айтып сөзімді
Желпінгенім жоқ әлі.
2-ші бұлт ашылды – әдептілікке жетелейтін қасиеттерді білдік.
3. Үшінші бұлтқа таядық. Адамгершілік, сыпайылық қарым — қатынас қасиеттерді үйрену керектігін әңгімелейік.
Ойын «Жалғастыр» деп аталады.
«Не істеуге болмайды?».
— Үлкендердің алдынан…… (кесіп өтуге болмайды.)
— Кішкене баланы…………….(жылатуға болмайды.)
— Құстарды………………………(атуға болмайды.)
— Қыз баланы……………………(ренжітуге болмайды.)
— Сабақтан………………………..(кешігуге болмайды.)
«Не істеу керек?»
— Үлкен кісіні…………………..(сыйлау керек.)
— Үлкеннің тілін……………….(алу керек..)
— Үлкендерге……………………..(сәлем беру керек.)
— Кішілерді…………………………(қамқорлау керек.)
— Оқу құралдарын……………… (күтіп ұстау керек.)

— Үшінші бұлтымызды сейілтік. Не істеуге болмайтынын, не істеуге болатынын білдік.
4. Төртінші бұлт. Сөзжұмбақ шешу. Ерекше тор көздерден Рухани-адамгершілік қатынастарына жататын адамның бір тамаша қасиеті жасырынып тұр – соны табамыз.

— Достық- сөзі шықты. Достық деген сөзді қалай түсінесіңдер? Достық туралы мақалдар айту.

— Дос жылатып айтады, душпан күлдіртіп айтады.

— Жаман достан мың сақтан.

— Жаман жолдастан жақсы дұшпан артық.

Төртінші бұлтты сейілту арқылы достық туралы көп нәрсе білдік.
5. Бесінші бұлтты сейілтейік.  Ырым-тыйым – ұлағат көзі.
Қазақтың ырым-тыйымдары. Ырым мен тыйымның міндеті болашақты болжау, сәтті нәтижеге жету үшін алдын ала жоспар құру, белгілі бір қағида-ережеге бағынуды шарт етеді. Ырым — жеке адамның немесе қауымның  жору, болжау арқылы орындауға тиісті ережелері. Бұнда болашақты болжау, жору функциясы басым. Халықтың ұғымында ырым екі түрлі болады:

  1. Жақсы ырым. Мысалы:  а) аттың есінеуі;   ә) баланың тоңқайып жол қарауы; б) сауысқанның шықылықтауы.
  2. Жаман ырым. Мысалы: а) жақ таяну;   ә) қолды артқа ұстау;   б) тізе құшақтау. Балалар кім айтыпбереді ырым-тыйымдарды?
    1-оқушы: Ұнасын, ұнамасын,
    Бұзба құстың ұясын.
    2-оқушы: Ұқсама тентек балаға,
    Пышақтың жүзін жалама.
    3-оқушы: Шаршасаң сәл –пәл аялда,
    Бірақта жерді таянба.
    4-оқушы: Құр беталды ермекке
    Бос бесікті тербетпе.
    5-оқушы: Жақтыр, мейлің жақтырма,
    Нанды жерге лақтырма.
    6-оқушы: Жоқ әдетті шығарма,
    Түнде көлден су алма.
    7-оқушы: Адамдарды сынама,
    Түнде айға қарама.
    5-ші бұлт ашылды – қазақтың ырым-тыйымдарды білдік.
  3. Алтыншы бұлтты сейілтейік. Сыпайы сөздер туралы жұмбақтар шешу.

— Қазір мен бір қыз туралы өлең жолдарын оқимын. Ол сыпайы сөздерді білетін, бірақ біреуін ұмытып қалды. Айтып жіберіңдерші — қандай сөз, сыпайы сөздер туралы жұмбақтар шешіңдер.

1.Апаң сенің базардан

Алма сатып әкелді.

Ең үлкенін жақсысын,

Саған таңдап әперді.

Не деп барып, жеу керек?   (рахмет)

  1. Балалар жүр көшеде

Естіледі шу, айқай

Сен де шықтың көршіңді,

Қағып кеттің байқамай.

Мұндайда не деу керек?    (кешіріңіз)

  1. Ерте тұрып мектепке

Мәди келді сабаққа

Қарсы алдынан кезігер

Ұстазы оның әрқашан

Ұмытты Мәди бұл кезде

Ұстазы не деуді?     (сәлеметсіз ба!)

  1. Сыйлап үлкен адамды,

Сәлем берген баланы кім дейміз?   (әдепті екен бұл) дейміз.

  1. Қош алып келген қонақты

Қарсы алдық біздер күлімдеп,

Тілменен егер жеткізсек

— Не деген сөзді айтар ек?    (қош келдіңіз)

— Балалар, «кешіріңіз, айып етпеңіз, өтінемін, рахмет, оқасы жоқ» деген сияқты сыпайы сөздерді жиі айтуға тырысыңыздар. Бұл сөздер сендердің адамгершілігі мол, мейіріді адам екендеріңді айқындайды.

Адамгершілік – деген ұлы сөз. Адамның игі іс-әрекеті, еңбек, достық, татулық-осының бәрі адамның адамгершілік қасиеті.

Осы жарқыраған күндей, мейірімді, жан шуақты, көңілдерің ақ, адамға тек жақсылық жасай білетін, адамгершілігі мол азамат болыңдар. Бүгінгі сағатта аз болса да, жақсылықтың нұрын, адамгершіліктің дәнін алдыңдар деп ойлай отырып, ашылған күннің соңындағы әсем кемпірқосаққа көңіл аударайық.

— Адамның мінезін түрлі түстер арқылы ажыратуға болады. Ал енді «Түстер» ойынын ойнайық. Қанекей олай болса, қонақтарымызға  жеті түсті шарларды қыздар  таратып берсін. (Шрды таратады. )

—  Ал мен қонақтарымыздың қандай адамдар екенін  айтып берейін.

Қызыл  түс-энергия түсі, ол адамды іс-әрекетке итермелеп, үнемі жігерлендіріп отырады. Жоғары сезімді, жігерлі, күшті, мінез-құлқы батыл тұлға.

Сары түс— көңілді түс. Адамдармен тез араласуға көмектеседі. Бұл түсті таңдап алған адамдар іскер, мінез-құлқы мықты тұлға.

Қызғылт сары түс-шығармашылық белсенділіктің түсі. Осы түсті таңдап алған адамдар жауапкершілігі мол, өз сезімдеріне мықты жандар.

Жасыл түс-адамның өз-өзіне сенімділігін арттырып, жүрген ортасында белсенді болуына ықпалын тигізеді. Осы түсті таңдап алған адамдар мейірімді, ақкөңіл, тілалғыш, табиғатты сүйетін жан.

Көгілдір түс-сенімділік, үйлесімділік, тыныштық түсі. Бұл түсті таңдап алған адамдар өз-өзіне сенімді, рухани байлығы мол адам.

Қою көк түс-еңбекшіл, мейірімді, әдепті, қолынан бәрі келетін адам.

Күлгін түс — ақкөңіл, шыншыл, қарапайым, өте әдепті , әділетті адам.

   — Керемет, рухани бай жандар екенсіңдер. Канекей балалар қонақтарымызға қол соғып қояйық!
Сағатымызды жалғастыра келе, Өсиет әңгіме оқып бергенім келіп тұр.
Бір адам бір құлап, бір тұрып судан шыға алмай жатқан шаянды көреді. Адам оны құтқару ниетімен қолын созғанда шаян шағып алады. Адам шаянды сонда да судан құтқаруға тырысады, бірақ шаян қайта шағады. Мұны көрген біреу жақындап келеді де, қайта-қайта шаққан шаянды несіне құтқарып жатқанын сұрайды. Сонда жаңағы кісі: «Шағу шаянның табиғатында бар нәрсе. Менің табиғатымда болса сүю бар. Шаянның табиғатында шағу бар екен деп мен өзімнің сүю табиғатымнан бас тартпаймын ғой», –дейді. Адамдар әрдайым өзінің жылулығын, сезімін, махаббатын, мейірімін шашып, көмекке дайын болуы тиіс.
Қорытынды.
Қымбатты қонақтар, балалар, қазір барлықтарыңыз жақсы бір сезім әсеріне бөленесіздер. (әуен қосылады ) Тыныштық сақтайық.Көзімізді жұмамыз.  Дыбыссыз босаңсып отырыңыздар. Бойларыңа бүгіннен бастап жаңа шуақ енгізілді. Ол – адамгершілік шуағы. Ол жылу аяқтарыңыздың басынан бастап, жоғарылап барады. Қызу шуақты, ыстық жылулықты сездіңіздер, жүрекке келді. Жүректеріңе жан шуағы орнады. Бүгіннен бастап жаман әдет пен қылықтардан тазарып, жаны таза, көңілі ақ, рухани сезімдерге бай адам болдыңыздар.Көздерімізді ашайық. Осындай әсем сезімде отырып бір-бірімізге жылулық ұсынайық!(Қолдарымыздан ұстап.) Осымен тәрбие сағатым аяқталды. Назарларыңызға көп-көп рахмет!

                                                                                                                    

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *