Басы » Бастауыш сыныптар » Менің өлкем

Менің өлкем

Батыс Қазақстан облысы
Жаңақала ауданы
Е.Ш.Орақбаев атындағы орта жалпы білім беретін мектеп
Койшыгалиева  Зауреш Сидағалиқызы

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің сараптама кеңесінде қаралып, облыс педагогтарына таратуға ұсынылды.

Құрастырушы:

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы Е.Ш.Орақбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің бірінші санатты бастауыш сынып мұғалімі Қойшығалиева З.С.

Пікір жазғандар:

А.О. Иманғалиева – Е.Ш.Орақбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің жоғарғы санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Н.Ж.Бақтыгереева – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы АББ-нің мектепке дейінгі ұйым және бастауыш сыныптар әдіскері.

 

Әдістемелік құрал жалпы білім беретін орта мектептің 4 сынып оқушыларына арналған. Ұсынылған материалдар белгілі бір оқу жылына сәйкестірілінген және тақырыптар бойынша жүйелендірілген,берілген тапсырмалар арқылы балалардың білім, білік, дағдыларын анықтауға болады .

Жинақта БҚО аймағында тұратын балалар үшін өз өлкелері туралы мағлұматтар алуына толық мүмкіндік берілген.

Қазақ тілі пәні бойынша ұсынылып отырған көмекші құрал ата-аналарға, бастауыш сынып мұғалімдеріне, әдіскерлерге арналған. 

Менің өлкем 

БатысҚазақстан облысы – Қазақстанның қиыр солтүстік батысында, Жайық өзенінің  ортаңғы ағысында орналасқан.

Облыстың жалпы шекарасының ұзындығы 2274 шақырым,соның ішінде Ресеймен мемлекеттік шекара  — 1400 шақырым,Қазақстан облыстарымен -847 шақырым.Облыс солтүстігінде және батысында Ресей Федерациясының Саратов,Самара, Орынбор,Волгоград облыстарымен,ал шығысы мен оңтүсті-гінде Қазақстанның Ақтөбе, Атырау облыстарымен шектеседі.Қазақстанның 14 облыс-тарымен салыстырғанда Батыс Қазақстан облысы  жер көлемі бойынша 8-ші орында.

 

Тапсырма.

1.Сан есімдерді тауып,оларды сөзбен жаз.

2.Жалқы есімдердің астын сыз.

 

Сен білесің бе?

Батыс Қазақстан облысында 500-ге тарта омыртқалы жануарлар түрі және жүздеген, мыңда-ған омыртқасыз жануарлар кездеседі.

Құстардың торғайлар отрядына кіретін түрлері: қараторғай,жылқышы,безгелдек,ұзақ,қарға т.б.адамға үлкен пайда келтіреді.Олар бау-бақша,егістік алқабында, орман-тоғайдың өсімдік-теріне зиянды жәндіктерді жойып отырады.

Бүркіт,жапалақ,үкі,қарға,лашын,кезқұйрық сияқты жыртқыш құстар табиғат тазалықшылары.

 

Тапсырма.

1.Етістіктерді тауып,олардың қай шақта тұрғанын анықта.

2.Тасымалданбайтын сөздерді теріп жаз.

 

Құралай

 

Құралайдың салқыны – шамамен мамырдың жиырмасынан басталып оншақты күнге созылатын ауа райының құбылмалы күндері.Көбінесе адамға да,малға да жайсыз қара суық,ызғырық жел еседі, не жауын-шашынды болады.

Ақбөкендер жалқы да, егізде туады. 3-4 күндік құралай жауынынан құтыла алмайды.Қатер туған кезде олар тыпыр етпей жата қалады.Оны екі адым жерден де байқамай қаласың,өйткені түсі сол жердің реңіне ұқсас келеді.Осы кезде бөкеннің лақтары аяқтанады.

Батыс Қазақстан малшылары  Құралай өткеннен кейін ғана жайлауға көше бастайды.

 

Тапсырма.

1.Сан есімдердің астын сыз.Реттік сан есімге айналдырып жаз.

2.Мәтінде қанша сөйлем бар,жаз.

 

Қабыршақты

Қабыршақты – Көшім өзенінің екінші атауы.Қабыршақты өзендегі су бақаларының қабыршақ-тарына байланысты қалыптасқан.Олар түлеген кезде ескі қабыршақтарынан арылады,өзен жағасы осындай қабыршақтарға толы болғандақтан Қабыршақты атанған.

Қабыршақты өзені Бірқазан көліне құяды. Көл маңайын жағалай қамыс пен қоға , судан қашықтаған сайын — ащышөп, иттабан, жыңғыл, бұзаубас, ақ жусан, итсигек, ақселеу мен бетеге өскен.

Көшім каналы арқылы төрт су қоймасына құйылып, шабындық және жайылымдық жерлерді суаруға пайдаланылады. Көшім каналы осы облыс еңбеккерлерінің қажымас қайратының белгісі.

Отызыншы жылдары елімізде техникалық құралдар жетпей жатқан кезде еңбекші бұқара бұл каналды қолмен қазған.

 

Тапсырма.

1.Бес дара етістіктерді теріп жаз.Оларды күрделі етістікке айналдырып жаз.

2.Қазған сөзін үш шаққа айналдырып жаз.

 

Дала күзені

Орал өңірінде көп тараған дала күзені.Оның сәнді терісі шикізат есебінде шет елдерге шыға-рылатын аң.Жалпы түсі ақшыл сары,тек қылшығының үсті ғана қоңыр.Бауыры ақшыл.Осыған қарап кейде оны ақ күзен деп те атайды. Оның қысқы терісі құнды.Бұл кезде оның жүні ұзын,жұмсақ және қалың келеді.

Күзендер ін қазбайды,басқа кемірушілер інін қолданады.Ол ауылшаруашылығына зиян келтіре-тін саршұнақтарды құртады.

 

Тапсырма.

1.Сын есімдерді тауып,астын сыз.

2.Сегізінші сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.

 

Ор қоян

Батыс Қазақстан облысында кең таралған терісі бағалы аң-ор қоян.Жайық өзенінің жайылы-мында көп кездеседі.Қояндардың ішіндегі ең ірісі.Салмағы 6-7 кг.

Ор қоян көбінесе ашық далалы жерлерде,арасы сирек шоқ тоғайдың арасында,өзеннің жайылмасында,шоқ-шоқ бұтаның арасында,жыра бойында,көлдің жағасында көп шоғырланады.

Олар жылына 10-12 көжек туады.Бұл қоян-ның еті мен терісі бағалы.Зиянды жақтары да жоқ емес.Ол егіс және орман,бақша дақылдарын зақымдап зиян келтіреді,мал мен адам арасында ауру да таратушылар.

 

Тапсырма.

1.Жуан сөздерді түбірі мен қосымшасына ажыратып, белгіле.

2.Жайылымында,зиянды сөздерін буынға бөл.

 

Су қойнаулары

Батыс Қазақстан облысының территория-сынан 200-ге жуық өзендер ағады,оның жалпы ұзындығы 5100 км құрайды.Оның сегізі ғана жаз бойы ағысын сақтап отырса,қалғаны кеуіп кетеді.

Сол сияқты 178 өзендер мен тоғандар бар,оның 56-сы тұщы сулы.Жер асты сулары да бар.Осындай су қойнауларының жағасында көптеген өсімдіктер өсіп,жануарлар тіршілік етеді.

 

Тапсырма.

1.Мәтінде қанша сөйлем бар?Жазып көрсет.

2.Соңғы сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.

 

Көшім жылқысы

 

Негізі 1963 жылы құрылған «Красногор» жылқы зауыты – әлемге танымал «Көшім» асыл тұқымды жылқысын өсіретін бірден – бір  шаруашылық.1973 жылы оған асыл тұқымды жылқы зауыты мәртебесі берілді.

Көшім жылқысы –мініп-жегуге арналған,қазақы жылқыдан едәуір ірі,сүйегі берік,төзімді,тебінде бағуға да жақсы бейімделген тұқымдық топ.Түсі қоңыр,жирен,торы.Оны ауыр жұмысқа және ет-сүтөнімдері үшін пайдаланады.Биесі бес айда мың жарым литр сүт береді.

 

Тапсырма.

1.Сын есімдерді тауып,астын сыз.

2.Пайдаланады сөзін қалай тасымалдауға болатынын жазып көрсет.

 

 

Оралдық мия

Оралда лакриция немесе мия зауыты бар.Өндіретін өнім кәдімгі далалық аймақтарда,өзен жағасында,егін арасында өсетін арамшөп .

Мия – аты әлемге танымал шипалы өсімдік.Биіктігі 60 см,бірнеше сабақтан тұрады.Қауыр-сынды,кезектесіп орналасқан жапырағы бар.Ерекшелігі бұтағының ұшында жалғыз жапырақ,оның екі жағында түкті бездері болады.Ал көкшіл гүлдері жапырақ қуыстарына орналасқан.Жемісі орақ сияқты иілген,бунақтал-ған қауыз. Шілде-тамыз айларында гүлдейді.

Тыныс жолы қабынғанда мияның тамырын қайнатып,тұндырып ішеді,бірақ дәрігер бақылауынсыз ішсең ағзадағы су мен тұздың алмасуы бұзылып,денеде ісік пайда болады.

 

Тапсырма.

1.Сұрақ арқылы етістіктерді тап.

2.Ішеді сөзін жекеше және көпше түрде жіктеп жаз.

 

Кирсанов мемлекеттік қорықшасы

 

Кирсанов қорықшасы біздің облыс территория-сында орналасқан,камшатты жерсіндіру мақсатында ұйымдасқан еді.Қорықша территориясынжануарлар мен аңдар,өсімдіктердің түрлері қамқорлыққа алынған.

Қорықшаларда елік,қабан,күзен,түлкі,құндыз,қоян сияқты аңдар,үйрек,қасқалдақ,тауқұдірет сияқ-ты құстар көбейіп,өсуде.

Кирсанов қорықшасы — Қазақстандағы камшат өсетін жалғыз қорық.

 

 

 

Тапсырма.

1.Соңғы сөйлемдегі дыбыс үндестігіне бағынбай тұрған сөздің астын сыз.

2.Мәтінде жуан айтылған төрт сөздің түбірі мен қосымшасынажыратып,белгіле.

Күзен

Өз жауларынан қорғайтын,күзеннің аналық безінен шығатын өте сасық иісті зат шығып тұрады.Сондықтан қазақтар бұл жыртқышты сасық күзен деп атайды.

Батыс Қазақстанның табиғаты күзенге қолайлы,сондықтан олар көбірек кездеседі.Жайқа-лып өскен шабындығы бар далалы аймақ,шөл,шөлейтті өңірлер,өзен мен көлдер олардың негізгі мекені.Ұсақ кеміргіштер – дала күзенінің негізгі қорегі.Олар ін қазбайды,басқа кемірушілер інін қолданады.Індерінде жас ет сақтайтын бөлек орындары болады.

Сасық күзеннің терісі қарашадан бастап құнды.Сондықтан қарашадан бастап ақпанға дейін аулауға рұқсат етіледі.

 

Тапсырма.

1.Мәтінде қанша сөйлем бар екенін анықта.Жазып қой.

2.Мәтіндегі құрмалас сөйлемнің астын сыз.

 

 

Қамысторғай

 

Батыс Қазақстанда ең көп тараған құстар – Қамысторғайлар.Олар ұяларын су ішінде өсіп тұрған қамыстың басын біріктіріп шөппен буып байлап,соның үстіне ұя салады.Ұясы едәуір терең.Жұмыртқа басып жатқан құстың басы мен құйрығы ғана ұядан қылтиып көрінеді.Қамысторғайлар балапандарын бунақденелілермен қоректендіреді.

 

Тапсырма.

1.Соңғы сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін тауып,астын сыз

2.Қамысторғай сөзіне дыбыстық талдау жаса.

 

Әсем табиғат

 

Батыс Қазақстан облысы – табиғаты әсем,қойнауы байлыққа мол,өңірі тарихқа толы ел.

Облыс аумағымен Еуразияның басты күре-тамырларының бірі — Жайық өзені, екі кішірек өзендер — Шаған мен Деркөл өзендері және ондаған шағын өзендер ағып өтеді.Сонымен қатар, Батыс Қазақстанда көптеген көлдер бар.Ең үлкені — 200 шаршыкилометрді құрайтын, «Дала теңізі» атан-ған — Шалқар көлі, сондықтан да Орал өңірінің тұзды інжу-маржаны деп тегін атамаған.Көлдің ерекшелігі өсімдіктер мен жануарлар әлемінің көп түрлілігінде.

Туған жердің табиғатын қорғап,әсемдігін сезіне біл!

 

 

Тапсырма.

1.Мәтіннен БҚО ірі өзен-көлдерінің атауларын теріп жаз және тағы осы өлкенің қандай өзен -көлдерді білесің,жалғап жаз.

2.Мәтіндегі лепті сөйлемнің астынсыз.

 

Өзен құндызы

 

Өзен құндызы – қорғауға алынған жануар,кемірушілердің ең ірісі болып табылады.Салмағы отыз килограмм.

Жайық өзенінің жағасындағы жапырақты ормандардан құндызды көп байқауға болады. Көбінесе баяу ағатын өзендердің жағалауларында, ескі арналар мен көлдерде мекендейді.

Су қоймасының жары тік болса,құндыз ін қазады,ал батпақты немесе таяз сулы болса ағаш бұтақтарынан үйшік жасайды.Үйшік жасағанда өткір тістері жәрдемімен ағаштар мен бұталардың діңі мен бұтағын кеміріп қию арқылы әзірлеп алады.

Құндыз-бағалы терілі хайуанат.Қазақстанда өте аз,сондықтан оны аулауға рұхсат етілмейді.

 

Тапсырма.

1.Мәтінде кездескен құрмалас сөйлемдердің астын сыз.

2.Құндыз сөзін септе.

 

Ақұштап

Ақұштап ақындық қуаттылығымен, тілінің шырайлылығымен қазақ поэзиясына үлкен жол салып келеді.

Ақұштап — «ақ жібек» ұғымын беретін өте сирек кездесетін есім, ерте кездері әппақ әрі берік жібек матаны «ұштап» деп атаған екен. Сондық да болар ақын өлеңдері атына сай өршіл рухта жібектей төгіліп тұр.

Ақын лирикасынан туған ел мен жерге деген шексіз махаббат, тазалық пен пәктікті байқайсыз. Туған елге деген сүйіспеншілік, ана тілі тағдыры, т.б. мәселелер ақын поэзиясының арқауы.

 

Тапсырма.

1.1,2 сөйлемдердегі жіңішке дауысты дыбыстардың астын сыз.

2.Поэзиясына сөзіне фонетикалық талдау жаса.
 

Теңбіл бұғы

Батыс Қазақстандағы ірі жануарлардың бірі – теңбіл бұғы.Ол орташа келген, еті мен мүйізі пайдалы жануар.

Сүйектенбеген жас  мүйізі – пантасы деп аталады. Пантасынан «пантакрин» дәрісі жасалады.Ол жүрекке,қан тамыр жүйесіне,бұлшық еттеріне, тыныс жолына пайдалы әсер ететін сергіткіш дәрі.

Етінің де шипалық қасиеті күшті.

 

Тапсырма.

1.Біріккен сөздерді теріп жаз

2.Сөйлемнің біріңғай мүшелерін тауып сыз,оларға сұрақ қой.

 

Ұлы күйші

Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы өзінің айрықша талантымен ерекшеленеді. Ол 1818 жылы Бөкей ордасының Жиделі елді мекенінде дүниеге келді.

Құрманғазы  қазақтың аспапты музыка өнеріне мол үлес қосып, оның мазмұнын шынайы өмірмен өрнектеді, халықтың мұңы мен шерін жырлады.

“Сары арқа”- Құрманғазы шығармашылығы-ның биік шыңдарының бірі. Бұл күйде Құрманғазы домбыра өнерінің биік шыңын көрсетіп, сирек кездесетін элементтер енгізді.

 

Тапсырма.

1.Құрманғазының тағы қандай күйлерін білесің?

2.Күй сөзін септе

Сырым батыр

Сырым Датұлы 1742 жылы Жымпиты ауданына жақын жердегі Жетікөл мекенінде дүниеге келген.

Сырым Датұлы –қазақтардың алғашқы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі,халқымыздың тәуелсіздігі мен еркіндігі жолындағы ұлы күрескер.

Табиғатынан ерекше жаратылған,орасан күш-қайрат,ақыл-ой иесі,аузымен құс тістегеншешен,қол бастаған көсем бола білген Сырым есімі қарапайым халық арасында аңыз болып тарап,халық ұлына айналды.

 

Тапсырма.

1.Ауыспалы мағанада тұрған сөз тіркесін тауып жаз.

2.Мәтіндегі қос сөздерді теріп жаз.

 

Күйші

 

Қазақстанның Халық әртісі Қали Жантілеуов Қамыс Самар ауылында дүниеге келген.Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің негізін салушылардың және Консерваторияның алғашқы оқытушыларының бірі.Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияда және Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияда домбырадан сабақ берген.Бізге дейін оның «Кеңес», «Терісқақпай», «Ақбай», «Науай», «Топан», «Серпер» т.б. туындылары жеткен.

Күйшірепертуарында Құрманғазы,Дәулеткерей,Қазанғап,Түркеш күйлері болған.

 

Тапсырма.

1.Мәтіндегі жалқы есімдерді топтап жаз.

Күйшілер :

Күйлер :

2.Домбыра сөзін жекеше және көпше түрде тәуелде.

 

 

Қазақ қызы

 

Мәншүк (Мәнсия)Мәметова 1922 жылы 5 шілдеде Батыс Қазақстан облысының Орда ауылында дүниеге келген.Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы қаласындағы Медицина институтында оқып жүрді. 1942 жылы тамыз айында ерікті түрде ол Қызыл Армия қатарына кіріп,майданға аттанды.Бөлімде ең үздік пулеметші атанды.

1943 жылы 16 қарашада Невель түбінде болған кескілескен шайқаста Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапты.

Жерлес, батыр апамыздың ерлігін мақтан тұтып,оның рухын қастерлей білейік!

Тапсырма.

1.Мәтінде қанша сөйлем бар?Жаз.

2.Ерлік,батырлық туралы қандай мақал білесің?

 

Махамбет

 

Махамбет Өтемісұлы–Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі, әрі жалынды жыршысы, халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған қазақтың өр рухты батыры. Махамбет — халықты патшалық, хандық өкіметке қарсы қарулы кетеріліске шақырған алғашқы қазақтың ақыны. Олар қазақтың ең шұрайлы жерлеріне орыстың мұжықтарын (крестьян) орналастырып, жергілікті халықты сусыз, сор, шөлді аймақтарға ығыстыру саясатына қарсы шықты.

Оның «Ереуіл атқа ер салмай»,«Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» т.б өлеңдері бізге жақсы таныс.

 

Тапсырма.

1.Сын есімдерді теріп жаз.

2.Мәтінде неше сөйлем бар,жаз.

Шалқар көлі

Шалқар – Жайық алабындағы көл. Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы жерінде. Жағалауы құлама жар .Бетегелі-бозды, жусанды өсімдік басым өскен алабы – мал жайылымы. Көл қар, жаңбыр және жерасты суымен толығады. Сазан, табан, көксерке балықтары ауланады.

Шалқарды жергілікті тұрғындар «Кіші теңіз» деп те атайды. Көлде аққу, қаз, алуан түрлі үйрек-тер, қоқиқаз, шағала, бірқазан мекендейді.

Тапсырма.

1.Мәтіннен сөйлемнің біріңғай мүшелерінің астын сыз.

2.Алтыншы сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.

 

Мазмұны

  1. Кіріспе
  2. Диктант мәтіндері мен тапсырмалар
  3. Пайдаланылған әдебиеттер

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Батыс Қазақстан облысының тарихы және мәдени ескерткіштер жинағы – Аруна , 2006

  1. Батыс Қазақстан облысының Ауыл шаруашылық энциклопедиясы – Дастан,2006

3.Жаңақала ауданының тарихи-танымдық анықтамалығы – Орал 2011

4.БҚО өсімдіктері мен жануарлары – Орал,2003

5.Қ.Мырза Әли «Ой-өріс» — «Ағартушы»,2009

6.Қазақ тілінен сын жұмыстары – Өлке,2010

7.Қазақ тілі (3 сынып)-Алматыкітап,2010

  1. Қазақ тілі (4 сынып)-Алматыкітап,2011
  2. «Дана KZ» — Орал,2014

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *