Басы » Баяндамалар » Қолөнердің эстетикалық талғамының қалыптасуына әсері

Қолөнердің эстетикалық талғамының қалыптасуына әсері

Шығыс Қазақстан облысы

Өскемен қаласы

«Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты» КММ

Қанапьянова Жанар Заманбековна – технология және өзін – өзі тану пәні мұғалімі

Баяндама тақырыбы:    Қолөнердің эстетикалық талғамының  қалыптасуына әсері

 

Әрине «өсер елдің бірлік екен, қай кезде де қалауы» демекші бұл шара ең алдымен мемлекет тарапынан ұйымдастырылып, мектеп қабырғасынан  үйретілген жөн деп ойлаймын. XXI ғасыр — жастар ғасыры. Оқушыларға технология пәнінен көненің көзі саналатын қолөнер түрлерімен таныстырып, жасалу жолдарын меңгертсек,  ескі дүниемен қазіргі  жаңа әдісті пайдаланып, керемет қолөнер туындыларын ойлап шығаратындықтарына кім шүбә келтіре алады? Қазақ қолөнерінің «алтын кезеңі» болып есептелген XVII-XVIII ғасырлар  өзге ұлт ғалымдарын да елең еткізбей қоймады. Орыстың атақты тарихшысы Я. К. Палтароцкая Алтай, Тарбағатай елді мекендерінде болып, аталмыш өнер саласына байланысты эерттеулер жазып, соның ішінде бас киімнің түрі сәукелеге арнайы тоқталады. Мұндай ғажап дүниені бұрын – соңды кездестірмегендігін айтып, аса жоғары бағалайды. Сондай – ақ Г. Н. Потанин, В. В. Стасов, Э. Масанов, Р. Ходжаев, И. Захарова еңбектері де зор үлес қосты. Өнер атаулы жас ұрпақтың сұлулықты қабылдауын, әсемдікке деген көзқарасын, әдемілікке деген талғамын қалыптастырып, осы тұрғыда мол тәжірибе жинақтауға жағдай жасайды. Тұлғаның творчестволық қабілетін дамыта отырып, оның даралық қасиетінің көзін ашып, жан – жақты, барынша дамуына бағытталады.

Әр халықтың эстетикалық дүниетанымы, көркемдік мәдениеті, өзіне тән өнер туындыларымен ерекшеленетіні өмір шындығы. Ұрпақ тәрбиесінде, туған халқымыздың ұлттық өнерін, оның нәзік те көркем сырын тұлғаның дамуында әсемдікті түсіне білуге баулу құралы екені сөзсіз. Сондықтан қалыптасушы тұлғаның өнерге деген қызығушылығын қалыптастыруда бейнелеу өнерінің сан – алуан түрлері жайында қарапайым түсініктер беру көзделеді.

Адамның рухани дамуы белгілі дәрежеде сұлулықты қажетсінудің пайда болуымен байланысты. Ал, рухани қажетсіну практикалық іске тікелей белсенді араласу нәтижесінде туады. Сондықтан жаңа қоғамның  азаматын  тәрбиелеуде практикалық іске қатысудың өзі адамның дұрыс шын мәндегі әдемілікке, әсемдікке деген көзқарасын қалыптастырады.

Бертін келе  қолөнердің өте жақсы зерттеліп, дамуына байланысты бірнеше оқулықтар басылып шықты. Солардың ішінде көлемді әрі көркем жазылған А. Тәжімұратовтың  «Қолөнер шеберлігі – жалпы халықтық қазына» атты өнертану – этнографиялық сипаттағы алғашқы кітаптардың бірі ретінде қазақ халқының сәндік – қолданбалы өнеріне терең ғылыми талдаулар жасалады. Бұл кітаптың көрнекіліктері жақсы безендірілген және ұлттық ою — өрнек жайлы көптеген мәліметтер алуға болады.

Х. Арғынбаевтың  «Қазақ халқының қолөнері», М.Мұқановтың «Қазақтың үй тұрмысына арналған қолөнері», Ө.Жәнібекковтың «Жаңғырық» атты еңбектерін атап өтуге болады.

 

Еліміз тәуелсіздік алғалы қолөнер біршама еленіп, өз беделіне ие бола бастады. Қазақ өзінің ұлан байтақ жеріндегі ежелден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушы, байытушы, жаңғыртушы. Қорыта айтқанда нағыз әсем өнер ғана адам жанына рухани азық болады, адамның эстетикалық сезімін оятып, ізгілік, парасаттылық қасиеттерін қалыптастырады.

Адам сезімін тәрбиелеу проблемасы  бірқатар факторлармен шешіледі, оның ішінде өнер басты рөл атқарады. Өнер арқылы адам өзінің шын мәніндегі өз ішкі көңіл – күйін білдіреді.

Жазушысы Мұхтар Әуезов өнер туралы былай дейді: «Өнер атаулының барлығы қай елде, қай түрде туса сол ортаның шартынан, өз топырағының қалпынан туады. Өнердің ғылымнан айырмашылығы осы. Ғылым анайы топырақты білмейді, еркін, отансыз, анасыз зат. Бұған қарағанда өнер қаны, жаны бар денелі зат сияқты. Бұл анасының ұрпағы болып қана туады. Солай болып туса ғана өсіп — өніп дәурен сүреді. Елінің тонын киіп, елінің өз ішінен шықпаса, өнер ерте күннен  өрістен айырылып, тығырыққа қамалып, өлімге қарай бас иді деу керек». Неткен ғажап пікір десеңші? Бұл өсиеттер біз үшін баға жетпес эстетикалық құндылық болып табылады.  Рас, өнер осылай тамырын тереңнен алып, кең құлаш жая, осы күнге дейін дамымаса  сылдыр сөз, білімді практика жүзінде іске асырмаса, өмірде не мән, не сән болар еді?

Өнер өзінің нақты түрлерінде өмір сүреді: әдебиет, театр, кескіндеу, мүсін, би, графика, саз, бейнелеу, қолөнер. Аталмыш өнер түрінің ішінде ең көне, өзге ұлттарға, сонымен қатар қазақ еліне тегіс тараған қолданбалы өнер болып табылады. Қай халықта және қашан да болса мұқтаждықты жою,баршылықты молайта түсу, халықтың тұрмысын жақсарту, қолөнер бұйымдарын тиімді, қолайлы, сәнді етіп пайдалану әр халықтың бәріне бірдей ортақ мүдде, ортақ арман еді. Соның нәтижесінде біздің ата-бабаларымыз кейінгі ұрпақ үшін көптеген қолөнер мұраларын қалдырды. Олар біздің өміріміздің зейнетті болуы үшін күрескенде, неше түрлі азапты от пен судың тар жол, тайғақ кешулерінен өтті. Сөйте жүріп өз елінің тарихында мәңгілік өнер өрнектерінің мұрасын қалдырды. Сол мұралардың бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мұрасының рухани да материалдық қазынасының қомақты бөлігіне айналды. Бұл миллиондаған жыл бұрын қалыптасқан өнер екендігін жоғарыда айтып кеттік. Оны  айғақтайтын көне көшпенділердің жасаған әшекей бұйымдары, үй тұрмысына қажетті заттары. Формасы жағынан реалды, мазмұны жағынан мифтік тұрғыдағы бейнелеу өнері мен қолөнердің түйіндесуін қамтамасыз етті және қазақ халқының қолданбалы өнерінің ең алғашқы тарихи бастамасы болды.

«Өсер халықтың қанаты — оның өнері» — дейді халық даналығында. Халқымыздың болашағын ойлайтын, туған елдің өркениетті мәдениетін дамытуға үлес қосатын азамат тәрбиелеуде сан алуан өнер түрлерінің тәлім – тәрбиелік ықпалы зор. Жас жеткіншектердің рухани дамуына зор әсер ететін өнердің барлық тәрбиелік мүмкіндіктерін жүйелі пайдалана отырып, оларға өнер туындылары арқылы туған халқының эстетикалық дүниетанымын, жарасымды дәстүрін меңгерту – маңызды мәселе.

Қазақ қолөнерінің де басқа ұлттардың аталмыш өнері сияқты өзіне тән өсу жолы, даму тарихы бар. Ол тарих сонау көне заманнан басталады. Алғашқы адамдар қаймағы бұзылмаған таза табиғатты көргенмен, оған басқа қайрат қыла алмаса, бертін келе бейнелеу өнері дүниеге келді. Қай өнерді алып қарамайық, олардың алғашқы бастаулары бұлдыр замандарда, адамзат алғаш қалыптасатын кезеңдерде жатыр. Әлі күнге ескере бермейтін бірақ толассыз өнер деп бағалауға болар құбылыстардың да арғы тарихы бар. Қазақ халқының қолөнерінде көне заман тарихымен бірге дамып, бірге қайнасып келе жатқан бай қазына.

XI ғасырда өмір сүрген Шығыстың ғұлама ойшылы Қайқаус «Қабуснама» атты үгіт насихат кітабында өнердің абзалдығы, қадір – құрметі және өнегелі болуы туралы былай дейді: «… өнерсіз жан — өнегесіз, оның ешкімге де пайдасы тимейді. Ондайлар бұтасы бар да, көлеңкесі жоқ тікенді шоңайнаға ұқсайды. Өзін де өзгеге де пайдасыз болады.

Егер адам текті асылзада әулетінен болса да, өнері болмаса, халықтың ізет – құрметінен мақұрым қалады. Нәсіл гауһарынан да, өнер өрнегінен де құр алақан жанның тағдыры одан да жаман болады»

 

 

Қазіргі кезде жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіндегі оқулықтар сын тұрғысынан талданып, бұл мәселені педагогикалық, психологиялық үрдісін халқымыздың ұлттық табиғатына, тәлім тәрбиелік дәстүріне, өнері мен мәдени мұрасына негіздеу жұмыстары қолға алынып жатқаны қуантарлық.

Мысалы: «қазақ мектептері мен мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде имандылық эстетикалық тәрбие берудің кешенді бағдарламасы» /1990/ сияқты қолданбалы өнер сабақтарында балаларға ұлттық өнер туындыларының мазмұны арқылы халық мәдениетінің бай мұрасын игеруді көздеген құжаттар дүниеге келді және бұлар басшылыққа алынып отыр. (қазақ мектептері мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде имандылық эстетикалық тәрбие берудің кешенді бағдарламасы. – Алматы. – 1990 – 52 – 52б)

М. Мұқановтың ғылыми зерттеулерінде «Эстетикалық талғамды тәрбиелеу баланың ең кіші жасынан басталуы қажет, қазіргі тәжірибеге қарағанда көркемөнерге талғампаздықты тәрбиелеу неғұрлым баланың кіші жасынан басталса, соғұрлым оның сезімталдығы жоғары дәрежеде қалыптасатын болады. Себебі, нәрсенің әдемілігі, соның ішінде көркемөнер істерінің әсемдігі баланың табиғатына жақын келеді. Мұны И. И. Павлов сөзімен айтқанда, көркемөнер ісінің қорытындылары, мысалы: музыка, картина т. б. баланың бірінші сигналы системасына әсер етіп, оның өмірінде ұмытылмайтын әсер қалдырады. Соның нәтижесінде бала жас кезінен – ақ әсерленгіш, әр нәрсені есіне сақтағыш келеді» — деп тұжырым жасаған. (Мұқанов М. М Педагогикалық психология очерьктері. Алматы. 1962. 221 – 54б)

Ежелгі дәуірден – ақ адам баласы үшін ғылым мен өнердің қажеттілігі тең дәрежеде бірін – бірі толықтырып отырған. Ғылым дүниені тануға, білуге қызмет етсе, өнер айналаны ортамен үйлесімді өмір сүрудің тамаша қасиеттеріне баулыған. Адам айналаны, бүкіл дүниені, оның әсемдігін тану арқылы, өзін тауып, өз рухани дүниесін көркейткен. Сол себепті өнер де адам бойында қайырымдылық, адалдық, отан сүйгіштік сияқты сан алуан асыл қасиеттер сезімін қалыптастырып тәрбиелемек. Сөйтіп, өнер адамның жанын, оның рухани байлығын арттырып, ойын тазартып, мақсатына жетелейді, яғни биік тұлғаны қалыптастырады.

Өнердің адамға әсер ету күші, көбіне, адамның оны қаншалықты терең сезініп, түсіне алатындығына байланысты. Мұндай қабілетті қалыптастыру — өнердің тәрбиелік мүмкіндіктерін толықтай пайдаланудың міндетті шарты. А. К. Василевский: «Өнерге деген қажеттілік адамның ішкі рухани мұқтаждықтарының бір бөлігі ғана, бұл бүгінгіге байланыста және ол адамға тікелей әсер етеді» — деп жазды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *