Қазақстан пәні мұғалімі: Еспаев Мирас Қайратұлы
Шығыс Қазақстан облысы,Өскемен қаласы,«Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп – лицей-интернаты» КММ |
Қазақстандықтардың Ұлы Отан
Соғысына қатысуы.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Ұлы Отан соғысы, оған қатысқан қазақстандықтардың майдан даласындағы, тыл жұмыстарындағы ерлігі, антқа беріктігі жайында түсінік бере отырып, қазақ азаматтарының ҰОС қосқан үлестері мен қажырлы еңбектерін баяндау және оқушылардың ізденушілік жұмыстары арқылы білімдерін толықтыру.
Дамытушылық: Сабақ барысында оқушылардың тарихи оқиғаларды еске сақтау, салыстыру, тарихи шындықты білу арқылы логикалық ойлау қабілетін дамытуға және қазіргі заман талабына сай көзқарас қалыптастыру.
Тәрбиелік: Елжандылыққа, елін, жерін сүюге, батырлардың ерлігін мәңгі есте сақтауда, үлгі етуге тәрбиелеу. Патриоттық сезімді қалыптастыру және өз Отанын қорғауға дайын болуға тәрбиелеу, тарихты білуге, батылдыққа баулу.
Көрнекілік: Карта, соғыс ардагерлерінің фото суреттері, компьютермен слайд көрсету, белсендірілген тақта.
Пәнаралық байланыс: Дүниежүзі тарихы, әдебиет, география.
Сабақтың түрі:Жаңа сабақты меңгеру сабағы.
Сабақтың әдісі: Баяндау, сұрақ-жауап, топтық жұмыс.
I Үй тапсырмасы бойынша сұрақтар:
- Қай жылы елде « бюрократиялық орталықтандыру»
орнады ?(1936ж.)
- Қазақстанда« Қызыл астананы салушылардың қаскүнемдігі» қай жылы, қай жерде ашылды?(1928ж. Қызылорда)
- Лаңкестік жаппай сипат алған жылдар?(1937-1938ж. )
- Жазаға ұшыраған қазақ-кеңес әдебиетінің көрнекті тұлғалары ? (С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, М. Дулатұлы, Б. Майлин )
- 1938 ж. маусымда Қаз КСР Жоғарғы Кеңесіне қанша депутат сайланды? (300 депутат. )
- 1938 ж. маусымда Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауында сайланған 300 депутаттың нешеуі қазақ болды? (152. )
- 1937 ж. желтоқсанындағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауына республикадан қанша депутат сайланды ? (44. )
- 1937 ж. желтоқсанындағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауына республикадан cайланған депутаттар ? (Т. Күзембаев, Флотатор Әлімжанов, Сәлиқа Оңғарбаева. )
- Лаңкестіктің құрбаны болған, тарих білімінің негізін қалаушы ? (С. Асфендияров)
- « Гулаг» азабынан қанша қазақстандық өтті ? (101 мың )
- 1930-1940 жж. және 1950 ж. контрреволюциялық қылмыстар туралы істердің жартысынан көбін қарағандар ? (Үштіктер )
Жаңа сабақтың жоспары:
1.Майданда ерлік көрсеткен қазақстандықтар .
2.Тыл жұмыстарында қазақстандықтардың қосқан өлесі.
3.Қазақстандағы құрылған еңбек армиялары.
4.Соғыс жылдарындағы Қазақстан шаруашылығы мен өнеркәсібтің маңызы.
- Экономиканы соғысқа бейімдеу.
1.Қазақстандық жауынгерлердің майдандағы ерлігі
Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізді. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 млн 200 мыңнан артық қазақстандық әскери міндеттілер шақырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап барлық жерде әскери құрамалар мен бөлімдер құрыла бастады. 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылды. Фашистермен шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316- шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивизиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы атты әскер дивизиялары, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадалары, 209- Зайсан, 219-минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші, 992-ші авиациялық полктар даңққа бөленді. Көрсеткен ерліктері үшін 316-дивизия 8-гвардиялық дивизия, 328-дивизия 30-гвардиялық дивизия болып, 75-теңіз бригадасы 27-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автокөлік, 1,5 мың шынжыр табан трактор, 110,4 мың жылқы мен 16,2 мың арба жіберілді.
Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып 312-атқыштар дивизиясы (командирі — полковник А. Ф. Наумов, кейіннен генерал-майор) айқасқа кірісті. 312-дивизиямен бір мезгілде дерлік, солтүстік-батыс бағыттағы майданда Қазақстанда құрылған, генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-дивизия езінің жауынгерлік жолын бастады. Панфиловшылар Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен Мәскеуді қорғау шебіндегі 30 километрлік бөлікке орналасты. Панфиловшылар жаумен күші тең болмаса да 50 жау танкісімен болған шайқаста жеңіп шықты. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Волоколамск ауданында өткен осындай шайқастардың бірінде ержүрек жауынгер, талантты командир, генерал-майор И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына (бұрынғы 316-дивизия) генералдың есімі берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде Кенес Одағының Батырлары — Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебековтер бар. Мәскеу үшін болған шайқаста полковник Г. П Коротков басқарған 238-атқыштар дивизиясындағы қазақстандық жауынгерлер өздерін даңққа бөледі. Дивизия жауынгерлік Қызыл Ту орденмен марапатталып, табандылығы, ержүректігі мен батырлығы үшін 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Алексин қаласы үшін шайқастарға қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы (атқыш) — Рамазан Амангелдиев қатысты.
1941 жылы Алматы, Ташкент, Фрунзе (қазіргі Бішкек) т. б. қалалардағы әскери училищелердің курсанттарынан 39-жеке атқыштар бригадасы құрылып, 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы тәрізді жауды Мәскеу түбінде талқандап, неміс-фашист басқыншылары басып алған қалаларды азат етті. Жауынгерлік ерлігі мен берік тәртібі үшін 79- атқыштар бригадасы 73-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, оған Сталинградтық дивизия атағы берілді. Еділ үшін болған шайқаста басқа көптеген жауынгерлермен бірге 22-артиллериялық полктық қазақ жауынгерлері де даңққа бөленді. Полк жауынгерлері неміс танкілерін жоюда ерен ерлік көрсетті. 1943 жылы Орал облысынан майданға 24 қазақ қыздары аттанды. Подольск қаласындағы мергендер мектебін бітірген соң, олар Сталинград майданына келді. Ержүрек қазақ қыздарының даңқы бүкіл майданға тарады, олардың ішінде М. Тоқтамысова, Р. Момынова, А. Бекетова, М. Нестеренко, Е. Семенюк т. б. болды.
Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқас елдің бүкіл солтүстік-батыс бөлігін қамтыды. Барлық ұлттардың жауынгерлерімен бірге қазақ жауынгерлері де Ленинградты табан тіреп қорғады. Жаудың қоршауында қалған қалаға Қазақстаннан азық-түлік, қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықтар тиелген көптеген эшелондар жіберілді. Ладога көлі аймағындағы алғашқы шайқастардың өзінде-ақ қазақстандық 310-шы, 314-атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсті. Қазақстандык жауынгерлер Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге, қоршаудағы қаланың «Үлкен жермен» байланысын қамтамасыз етуге, «Өмір жолын» салуға қатысты. Ленинград үшін күрес шежіресінде Әлия Молдағұлованың даңқты есімі мәңгіге қалды. Ержүрек комсомол, мерген қызды III дәрежелі Даңқ орденімен марапаттады, ал қаза тапқаннан кейін 1944 жылы шілдеде оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 24-атқыштар бригадасында қызмет еткен 3. Оңғарбаева да ержүрек жауынгер ретінде көпке танылды.
Қазақстан жауынгерлері Балтықтың теңіз шептерін табанды түрде қорғады. Қызыл тулы «Киров» крейсерінде соғыс басталғанға дейін жіберілген 156 қазақстандық ерлігімен көзге түсті. 1942 жылы жаз бен күзде соғыстың шешуші оқиғалары КСРО-ның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Еділ мен Дон өзендерінің аралығында болды. Қазақстанда құрылған бөлімшелер Еділдегі шайқасқа да қатысты. Қаһарман-қала Сталинградтың (қазіргі Волгоград) тұрғындарының есінде Қазақстанда жасақталған, полковник Г. Сафиуллин басқарған 38-шы атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерліктері жатталып қалды. Сталинград түбіндегі қорғаныс шайқастарында дивизияда мергендік қозғалыс өрістеді.
Мыңдаған қазақстандықтар Еділ бойы мен Дон далаларында көрсеткен ерліктері үшін ордендер мен медальдармен марапатталды. Ұшқыш Нүркен Әбдіровке, танкист Тимофей Позолотинге, атқыш Гияз Рамаевқа, минометші Қарсыбай Спатаевқа Кеңес Одағьының Батыры атағы берілді. Көптеген Қазақстандықтар Курск доғасында шайқасқан Брянск, Орталық, Воронеж және Далалық майдандардағы әскери құрамалар мен бөлімдердің құрамында неміс-фашист әскерлерін талқандауға елеулі үлес қосты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі, үздік әскери қимыл-әрекеттері үшін 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының 7 500 солдат, сержанттары мен офицерлері (оның ішінде А. Бельгиннің батальоны да бар) КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталды, 27 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Днепрден өту шайқастарына қатысқан 73-ші гвардиялық дивизияның 210 жауынгеріне, 72-ші гвардиялық дивизияның 29 жауынгеріне, 8-ші гвардиялық дивизияның 46 жауынгеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жоғарғы үкімет марапатына ие болғандардың арасында А. Әлімбетов, Ж. Сүлейменов, С. Жақсығұлов, Қ. Шәкенов, С. Шәкіров, А. Петров, В. Бреусов, Т. Вербицкийлер болды. 1943 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан еңбекшілеріне жазған хатында 25-гвардиялық атқыштар корпусының командирі былай деген: «Днепрдегі ұлы шайқаста қазақ халқының ұлдары жауға өздерінің біздің Отан-анамызға деген ыстық махаббатын тағы да көрсетті, олардың тамырларында халық батыры Амангелдінің батырлық қанының суымағанын танытты. Днепр жағалаулары мен Днепрден өту кезіндегі шайқастарда қазақтар көрсеткен ерліктердің бәрін санап бітпейсің».
2.Қаһарман партизандар.
Қазақстандықтар тек майдандарда ғана емес, жау тылында да шайқасты. Елдің басқа халықтарымен бірге олар жау уақытша басып алған аумақтардағы партизандық қозғалысқа қатысты. Украинаның партизандық құрамалары менотрядтарында (толық емес деректер бойынша) 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ шайқасты. Смоленск облысындағы 15 партизан бригадалары, мен отрядтарында 270 қазақстандық ұрыстарға қатысты. Белоруссияның әр түрлі аймақтарында әрекет еткен 65 партизан бригадалары мен отрядтарының құрамында 1500-ден аса қазақстандық болды. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатынасқан қазақстандықтардың саны 3,5 мыңға жетті. Партизандық қозғалыстың Ғалым Ахмедияров, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов, Нұрым Сыздықов, Әди Шәріпов, Тәжіғали Жангелдин т. б. батырларының есімі көпке танылды. Халық кекшілдерінің қатарында қазақстандық әйелдер — Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова т. б. аянбай шайқасты. Еуропа елдерінде Қарсыласу қозғалысына қатысушы қазақстандықтар фашистерге қарсы күресте батырлық пен ерлік көрсетті. Поляк партизандық жасақтарында Жамбыл облысынан Салтынбек Төлешов, Шығыс Қазақстан облысынан Константин Трокин, Қарағанды облысынан Михаил Авдейчик, Қызылорда облысынан Омар Тойымбетов тағы басқалары шайқасты. Словакиядағы Турея өзені бойында Қазақстандық Петр Величконың басшылығымен партизандық құрама жасақталды. Чехословакияны неміс фашистерінен азат етудегі партизандық ұрыс қимылдарына алматылық Алексей Ильин, семейлік Николай Мошкин, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Жұбандық Сұранқұлов, павлодарлық Николай Тарановтар қатысты. Югославия жерінде фашистерге қарсы шайқаста көкшетаулық Телжан Желқожинов, Ақтөбе облысының тұрғыны Арық Есентаевтар ерлік көрсетті. Грекия жерінде фашистерге қарсы күресте алматылық Петр Рев, француз қарсыласу қозғалысы сапында Дәулет Қаражұмынның батырлығымен аты шықты. 1943 жылдың жазында Бельгияда фашистік тұтқыннан қашып шыққан кеңес әскерлері партизандық бөлім құрды. Олардың ішінде қазақстандық — Ақтөбе облысынан Өтеген Абдуллин, алматылық Иван Қарасев, Ақтөбеден Борис Бондаренко, Талдықорған облысынан Федор Малаховтар болды. Қазақстандық 23 жауынгер итальяндық қарсыласу қозғалысы құрамында — Қарағандыдан Тәкіш Әлпеисов, Қызылордадан Қалданбек Дүйсенбеков, Актөбеден Жаймақ Келшіков, Целиноград облысынан Николай Дрожаков және Топай Сәдуақасов т. б. жаумен қасык қаны қалғанша шайқасты.
Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.
Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі — бір орденмен, төртеуі — екі орденмен, екеуі үш орденмен марапатталды. 5 дивизия (олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар ордендер мен медальдармен марапатталды, 497 қазақстандық Кеңестер Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 97 қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш — Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ие болды. 1990 жылы 11 желтоқсанда көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына да осы құрметті атақ берілді. 1941 жылы Бауыржан Момышұлы аға лейтенант шенінде батальонды басқарып, Мәскеу түбіндегі шайқастарда өз құрамасын жау қоршауынан үш рет алып шықты. Соғысты Б. Момышұлы полковник шенінде аяқтады. Әділеттілік тек 45 жылдан соң, қазақтың ұлттық батыры өмірден қайтқаннан кейін ғана қалпына келтірілді. «Даңқ орденінің толық иегері» атағына 110 қазақстандық ие болды. 1941 жылы 26 маусымда әуеде от-жалынға оранып бара жатқан бомбалаушы ұшағын жау танкісі колоннасы үстіне шүйілтіп, жандарын пида еткен қазақтың баһадүр ұшқышы Бақтыораз Бейсекбаев пен ұшақ экипажына 1996 жылы 2 мамырда Ресей Федерацясының Батыры атағы берілді.
3.Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, қайта құру.
Қазақстан түкпірдегі оңтүстік-батыс тыл бола отырып, үкімет шешімдеріне сай соғыстың алғашқы күндерінен бастап өз экономикасын майдан мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге қарай бейімдеуге тиіс болды. Бұл — қорғаныс өнімдері мен стратегиялық шикізат өндірісін меңгеру мен кеңейту, өнеркәсіп құрылысын кең өрістету, еңбек және материалдық ресурстарды қайта бөлуді іске асыру, майдан шебіне жақын жерлерден әкелінген кәсіпорындарды қабылдау мен оларды жаңа жерлерде тез іске қосу деген сөз еді. Іс жүзінде материалдық және адам ресурстарын қайта бөлумен, өнеркәсіптегі майданға кеткен арнайы дайындығы бар мамандардың орнын жаңа жұмысшылармен толықтырумен қатар жүрген Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, қайта құру басталды.
Немістердің КСРО-ның батыс аудандарын басып алуы Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңыздылығын күрт өсірді. Соғыстың алғашқы айларында өкімет орындарына жаудың қолына түсуі мүмкін өнеркөсіп орындарын эвакуациялаудың сәті түсті. Қазақстан аумағына қысқа мерзім ішінде 142 ірі өнеркәсіп мекемелері қажетті құрал-жабдықтарымен, шикізатымен бірге тасып әкелініп, орналастырылды. Бұлар — ауыр және орташа машина жасау зауыттары, сондай-ақ тоқыма, мақта-мата, аяк киім фабрикалары еді. Жаңа өнеркәсіп нысандарын салу жалғастырылып, тездетілді. Соғыстың алғашқы бір жарым жылының ішінде Қазақстанда 25 кеніш, шахта, түсті және қара металлургияның 11 байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахталары, 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі, Гурьевте (қазіргі Атырау ) мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.
Актөбеде салынып жатқан ферроқорытпалар зауыты Запорожье ферроқорытпалар зауытының құрал-жабдықтарын алды, көмірлі Қарағанды өзінің техникалық кешенін донецкілік Пархоменко атындағы шахтаның жабдықтарымен толықтырды, Алматыдағы автожөндеу зауытының аяқталмаған құрылысы Луганск ауыр машина жасау зауытының цехтары орналасқан базаға айналса, республиканың оңтүстігіндегі тамақ өнеркәсібінің жаңа құрылыстары Украинаның 14 қант зауытының құрал-жабдықтарын алды. Балқаш мыс қорыту кешенінің қуаты Владимир облысындағы Кольчугин қаласының түсті прокат зауытының құрал-жабдықтарын меңгеріп, оны іске қосқан соң елеулі түрде артты. Түсті металл және отын-энергетика өнеркәсібінің жаңа кәсіпорындары салына бастады. Жалпы соғыс жылдарында Қазақстанға 300-ден астам көшіріліп әкелінген зауыттар орналастырылып, жұмыс істеді. Тасып әкелінген кәсіпорындардың кейбіреулерінің құрал-жабдықтары салынып жатқан нысандарды аяқтау үшін пайдаланылды.
Соғыстың алғашкы жылдары Қазақстанға батыс аудандардан эвакуацияланған 532,5 мың адам баспана мен жұмыс тапты, сонымен бірге 50 мың маманданған жұмысшылар, инженер-техник қызметкерлер және негізінен ауылдар мен селоларға орналастырылған 970 мыңдай күштеп көшірілген поляктар мен немістер келді. Республика жұмысшы табының қатарына Донбастың 2 мыңдай шахта құрылысшылары келіп қосылды. Өте қысқа мерзім ішінде эвакуацияланған кәсіпорындарды тиісті өндірістік алаңдармен қамтамасыз етіп, майданға қажетті өнімдер өндіруді жолға қою, адамдарды азды-көпті тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз ету қажет болды. Майданға жақын аймақтардан адамдарды амалсыз эвакуациялау көптеген қиындықтар әкелді. Олардың көпшілігі ауылдар мен селоларға орналастырыдды. Қалалардағы соғысқа дейінгі тұрғын үй проблемасы одан әрі шиеленісе түсті. Ел үшін ауыр болған осы жылдардың өзінде тұрғын үй құрылысы жалғастырыла берді. 1941-1945 жылдары жалпы көлемі 3 317 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді.
Қазақстан — майдан арсеналы.
1941-1945 жылдары республика бұрынғы КСРО-дағы қорғасын (85%), мыс (35%) қорыту, полиметалл және мыс рудаларын өндіру жөніндегі жетекші орнын сақтап қалды. Барланған кен орындарының негізінде металл өндіру, байыту мен қорыту кәсіпорындары салынды (Шығыс Қоңырат молибден, Жезді марганец, Донской хромит кеніштері (рудниктері), Ақшатау молибден-вольфрам, Текелі полиметалл, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты т. б.). Осының арқасында Қазақстан одақтағы молибден мен марганец рудаларының 60%-ын, висмуттың 65%-ын, полиметалл рудалары мен қорғасынның 80%-ға жуығын өндірді. Соғыс кезіндегі он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Соғыс қызып тұрған кезде республика қара металлургиясының «тұңғышы» — Ақтөбе ферроқорытпалар зауыты іске қосылды,ал 1943 жылы Қазақ (Қарағанды) металлургиялық зауыты алғашқы 200 тонна көлеміндегі жоғары сапалы болат қорытып шығарды, бұл көрсеткіш 1945 жылы 4,6 мың тоннаға жетті.
Соғыс жылдарында республиканың қара металлургиясы ойдағыдай дамыды. Донбасты фашистер басып алғанда Қарағанды көмір кеніші соғысқа қажетті отынның 65 пайызын өндірген. Қарағанды шахтерлері төрт жыл ішінде 34 млн тонна көмір қазды. Елімізде соғыс жылдарында 19 жаңа шахта, жылдық қуаты алты миллион тонналық үш көмір разрезі салынып, пайдалануға берілді. Өлкеде көмір өндіру 1940 жылғы 6,6 млн тоннадан 1944 жылы 11,2 млн тоннаға жетті. Осы жылдары 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі ашылды. Атырауда мұнай айыратын зауыт салынды. Соғыстың 4 жылында алдыңғы жылдармен салыстырғанда 887,9 мың тонна мұнай жөнелтілген. Ал республика жеңіл өнеркәсіп өнімдері бойынша одақта РКФСР-ден кейін екінші орынға шықты. Қызыл Армия жауынгерлерін киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде республиканың жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кәсіпорындары қыруар жұмыстар атқарды. Ер-азаматтары майданға алынып, бар ауыртпалық егде адамдардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Олардың еңбегінің арқасында соғыс жылдары Қазақстан колхоздары мен совхоздары елімізге 56 млн пұт астық, 733,9 мың тонна ет, 1142 мың тонна сүт, 62,4 мың тонна жүн өткізді. Тары өсірудің шебері Шығанақ Берсиев (әр гектардан 202 центнер), атақты күрішшілер Ы. Жақаев, Ким Ман Сам, дәнді дақылдардан мол өнім алғандар М. Сатыбалдина, А. Дацкова, Н. Алпысбаевалардың ерен еңбектерін атап өтуімізге болады.
Қазақстан еңбекшілері өздерінің жеке қаражатынан майдан қорына 4,7 млн сом ақша, 2 млн дана жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Қару-жарақ, көлік, киім-кешек, азық-түлікті майданға жылдам жеткізу мақсатында қысқа мерзімде Қандыағаш-Орск, Жамбыл- Шолақтау, Талдыкорған-Текелі темір жол желілері тартылды. Соның нәтижесінде шикізат көздері өнеркәсіп ошақтарымен жалғасты. 1942 жылы Алматыда құрылысы басталған вагон жөндеу зауыты соғыстың соңына таман пайдалануға берілді.
Құрылыстың қарқын алуына орай Теміртау, Текелі, Жезді, Шығыс Қоңырат, Ақшатау, Макин секілді жаңа қалалар мен жұмысшы поселкелері бой кетерді. Қазақстандағы қалалар саны 5-ке, поселкелер саны — 35-ке өсті.
Соғыстың соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы еңбеккерлері фашизмнен зардап шеккен 48 аудан мен 12 қаланы қамқорлыққа алды.Қазақстан мұнайының да маңызы аз болған жоқ. Жұмыс істеп тұрған «Эмбімұнай» тресіне 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі, ондаған бұрғылау скважиналары қосылды. Гурьев мұнай өңдеу зауыты жұмыс істей бастады. Соғыс жылдары республика мұнай өндіруді 40%-ға дейін арттырды. Жұмыс істеп тұрған электрстанциялар жүйесі Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарындағы энергетиканың жаңа ірі және орташа нысандарымен толықты.Соғыс жылдары жалпы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахталар мен жеке өндіріс орындары, оның ішінде 300-дей эвакуацияланған кәсіпорындар салынды. Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола-Магнитогорск желісінің құрылысы аяқталды.Республикада танкілер мен ұшақтар жасау үшін ақша жинау қозғалысы жүргізілді. 1941 жылы күзде БЛКЖО (Бүкілодактық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы) атындағы танк колоннасын құруға қаржы жинау басталды. Қазақтың белгілі балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов жеке қаражатынан қорға 100 мың сом өткізді. Нәтижесінде 1942 жылы армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа таңк алды. 1942-1943 жылдары халықтан жиналған қаржыға 10 танк колоннасы, бірнеше авиация эскадрильясы, торпедалық катерлер мен жеке ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары Қазақстан халқы әскери техника жасауға 480,3 млн сом қаржы қосты.Елдің корғаныс қабілеті армияны киім-кешек, азық-түлікпен жабдықтаумен де анықталды. Соғыс мұқтаждықтарын қанағаттандыруға женіл және тамақ өнеркәсібінің өндіріс орындары да бейімделді. Жеңіл өнеркәсіпте тігін, тоқыма, тері, аяқ киім салалары жылдам дамыды. 1941 жылы Алматыда тігін-тоқыма және тері-былғары фабрикалары, майдан үшін жұмыс істей бастаған фурнитура зауыты іске қосылды. 1943 жылдын басында республиканың жеңіл өнеркәсібі өнім өндіру көлемі жағынан бұрынғы КСРО-да Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда шұлық бұйымдарын өндіру — 11,3 есе; мақта-мата — 7,4 есе, тоқыма бұйымдары — 4 есе, жүн мата — 2 есе, былғары аяқ киім өндіру 1,3 есе өсті. Соғыс жылдары 500-дей дивизия солдаттардың жазғы киім-кешегімен, 70 дивизия — шинельдермен, 67 дивизия — қысқы аяқ киіммен, 59 дивизия — жылы киімдермен, 25 дивизия — шолақ тондармен қамтамасыз етілді. Соғыс кезіндегі дивизиялардағы әскер саны 10000 адамға жеткенін ескерсек, тауарлардың келтірілген тізімі бойынша қандай мөлшерде өнім дайындалғанын есептеп алу қиын емес. Бүтіндей алғанда республика енеркәсібі өндірісі соғыс жылдары 37%-ға өсті. Бұл нәтижелерге үлкен қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізілді. Республика индустриясының одан арғы дамуы, оның жаңа салаларының, әсіресе жетекші салаларының пайда болуы Қазақстанды майданның қуатты арсеналына, маңызды экономикалық аудандардың біріне айналдырды.
4.Еңбекшілердің тылдағы ерен еңбегі.
Ұлы Отан соғысы жағдайларында Қазақстанның майданды ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етудегі рөлі мен маңызы өсті. Соғыс жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы елге соғысқа дейінгі соңғы бес жылда өндірілген өнімнен артық өнім тапсырды (астық — 5 829 мың тонна, ет — 734 мың тонна, жүн — 17,6 мың центнер, 3194 мың центнер сүт пен басқа да азық-түлік өнімдері және өнеркәсіп үшін қажетті шикізат).Малшылар да аянбай еңбек етті. Соғыс жылдары Қазақстан елдің шығысындағы негізгі мал шаруашылығы базасына айналды. Соғыс жағдайларында техниканың жоқтығынан миллиондаған бас малды жемшөппен, әсіресе қысқы жемшөптің қосымша қорларымен қамтамасыз ету аса қиын міндет болды. 1942 жылы колхоздар мен совхоздар етке 169,4 мың бас ірі қара мал (1941 жылмен салыстырғанда екі есе дерлік көп), 878,1 мың кой (1941 жылмен салыстырғанда 3 есе дерлік көп) тапсырды. Еттің көп мөлшерде тапсырылуына қарамастан республикадағы мал басының жалпы саны осы кезеңде 1 миллион басқа көбейді. Қазақстанның колхоздары, МТС-тер мен совхоздар майдан қажетіне 7 416 трактор (негізінен жаңасы), 110 мың жылқы жіберді.Тамақ өнеркәсібі өнімдерін шығару жоғарғы қарқынмен өсті. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда өсімдік майын өндіру 1,8 есе, консерві — 1,7 есе, кондитерлік өнімдер — 1,5 есе, макарон өнімдері — 1,3 есеге өсті.Экономикадағы бұл күмәнсіз табыстарға қажырлы еңбектің арқасында қол жетті. Еңбекке жарамды ер азаматтардың көпшілік бөлігі майданға аттанды. Өнеркәсіптегі әйелдердің үлес салмағы 50%, ал жеңіл және тамақ өнеркөсібінде 80-90%-ды құрады. Әскерге шақыру жасына дейінгі жасөспірімдер мен жастардың үлес салмағы Қазақстандағы бүкіл жұмысшылардың 35-40%-ын құрады. Еңбек тәртібі қатайып, жұмыс күні ұзартылды, мамандардың тұрақтамауы шектелді, 11 сағаттық 6 күндік жұмыс аптасы енгізіліп, қосымша демалыс жойылды. Тәртіп бұзғандар, кәсіпорыннан кетіп қалғандар 5 жылдан 8 жылға дейін түрмеге отырғызылып, жазаланатын болды. Экономиканы басқару әскериленді, төтенше өкілдер қызметі, азық-түлікті карточкалық жүйемен бөлу енгізілді.Қазақстан соғыс жылдары қорғаныс мамандарын дайындаудың орталығы болды. Республикада майданға жақын қалалардан көшірілген әскери училищелер орналастырылды. Ұлы Отан соғысы тарихының белгілі беттерінің бірі — Қызыл Армия үшін тау атқыштарын дайындайтын арнайы мектептің Алматыға жақын жерде ашылуы еді. Солтүстік Тянь-Шань тауларында орналасқан бұл мектептің беделі мен маңызы өте жоғары болды. Сталинград шайқасынан кейін, барлық майдандарда шабуылдар басталған кезде мектепке тау атқыштарын көптеп даярлау тапсырылды. Бастапқыда шақырылу жасына дейінгі жасөспірімдер, соңынан майдандағы офицерлер, тіпті Карпатқа, Татраға, Бескидке, Судетке, Трансильвания Альпісіне т. б. таулы аудандарға жіберілетін тұтас бөлімшелер оқытылды.Қазақстанның жұмысшы күшінің елеулі бөлігін арнайы қоныс аударғандар құрады. Соғыс басталған кезде олардан Еңбек армиялары құрылды. Оның құрамында 700 мыңнан аса (200 мыңы қазақтар) адам болды. Ұлан-ғайыр қажырлы еңбектің арқасында Қазақстан экономикасы КСРО-ның Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісін қамтамасыз етуге өзінің лайықты үлесін қосты.
Түркістан легионы.
Түркістан легионы оқиғасын да еске алған жөн. Соғыстың бастапқы кезеңінде жүздеген мың, тіпті миллиондаған кеңес әскерлері фашистерге тұтқынға түсті. Олардың арасында көптеген түркі халықтарының өкілдері де болды. Қолға түскен түркі жауынгерлерінің 80%-ы фашистік лагерьлерде адам шыдамайтын жағдайларда қаза тапты. Гитлершілдер аман қалған әскери тұтқындардан Кеңес Армиясына қарсы күреске шығатын әскери бөлімшелер жасақтауға әрекеттенді. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының өкілдерінен бірнеше батальоннан тұратын Түркістан легионы құрылды. Алайда фашистер оларды шайқастарға пайдалана алмады. Қолына қару алған көптеген легионерлер майдан шебінен өтіп Кеңес Армиясының қатарына қайта қосылды, ал олардың бір бөлігі партизандарға кетіп қалды. «Түркістан легионы» күрделі, қайшылыққа толы жолдан өтті. Нәтижесінде легион таратылды. Бұл оқиға байыпты зерттеуді және әділ бағасын беруді талап етеді.Кеңес адамдарының бір бөлігінің неміс-фашист басқыншыларымен ынтымақтасуы (коллаброционизм) мәселесі аз зерттеліп отыр. Неміс құрамаларының қатарында өз Отанына қарсы соғысқан КСРО азаматтарының саны бір миллионнан асты. Олардың арасында негізсіз қудаланып, Кеңес өкіметіне наразы болған адамдар да бар. Осындай фактор көптеген кеңес жауынгерлерінің тұтқынға түсуі және соғыс аяқталған соң Отанына қайтпай қалуына себепші болды.
Қазақстан аумағына күшпен қоныс аударылған ұлттар.
Кеңес халқы ортақ Жеңіс үшін батырлық пен ерліктің үлгілерін көрсетіп жатқан уақытта сталиндік қылмыскер топ өз халқына геноцидін жалғастыра берді. «Халық жауларын» жоюмен қанағаттанып қана қоймай, ол тұтас этникалық қауымдастықтарды өздерінің туған жерлерінен күшпен қоныс аударып, террорлық әдістер қолдануға көшті. Күштеп жер аударудың алғашқы құрбандықтарының бірі — Қиыр Шығыстағы кеңестік корейлер. 1937 жылы Қазақстанға бұл этностың 100 мыңдай өкілі қоныс аударылды. 1941- 1942 жылдары республикаға 408 мың неміс депортацияланды. 1943-1944 жылдары ешбір дәлелсіз басқыншыларға дем берді деп айыпталған Солтүстік Кавказ халқы да жер аударылды. Олардың ішінде Қазақстанға депортациялауға қарашайлар — 45,5 мың адам, балкарлар — 25 мың, чешендер мен ингуштар 406 мың адам душар болды. Сондай-ақ Қазақстанға қалмақтар (2,2 мың), ирандықтар (2 мыңнан аса отбасы), поляктар, финдер, күрдтер, қырым татарлары, түріктер, гректер, батыс беларустар мен батыс уқраиндықтар, литвалықтар т. б. қоныс аударылды. Тіршілік ауыртпалығы мен күшті моральдық қысым жағдайында жергілікті халықтың тілектестігі мен қолдауынсыз өмір сүру қоныс аударушылар үшін қиын еді.
Қазақстандық құрамалар Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі, Курск доғасындағы шайқастарға, Днепрден өту мен Украина, Белоруссия, Молдова мен Балтық елдерін, Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету шайқастарына қатысты.1945 жылы 8 мамырда Потсдамда гитлерлік Германияның сөзсіз тізе бүгу Актісіне қол қойылды. Сол жылдың 2 қыркуйегінде американдық «Миссури» линкорының бортында милитаристік Жапонияның сөзсіз тізе бүгуі жөніндегі Актіге қол қойылды. Бұл оқиғаның жедел өткізілуіне: біріншіден, Кеңес Армиясының Қиыр Шығыста (Маньчжурияда) жапондық Квантун армиясын қысқа мерзімде талқандауы, екіншіден, американды
Қорытынды: « Ер есімі-ел есінде» шығармашылық ой-толғау.
Үйге тапсырма: Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы.
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
- « Қазақстан тарихы » баспасы -А,2009.
- « Қазақстан » Ұлттық энциклопедиясы.
- Қазіргі дүние жүзі тарихы — А. Мектеп, 2009.
- « Қазақстан Кеңес Одағының батырлары » Энциклопедиялық жинақ.
–А « Өнер», 2010 ж. Н. Маутов.
- Қазақстан Ұлы Отан соғысында: тарихи, зерттеу әдіснамасы және заманауи
көзқарас: Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми –
конференция материалдары. I – бөлім. – Өскемен: С. Аманжолов атындағы
ШҚМУ баспасы, 2010. – 108 б.
- Аргументы и факты. – 2005. — №12. – С. 222.
- Балакаев Т., Алдажуманов Қ., Қазақстан еңбекшілері майдан қызметінде. – Алма-Ата, 1985. -170-171,180-194, 288-302, 306-311 бб.