Басы » Tәрбие сағаттары » Бабалар сөзі — ұрпаққа үлгі. /Шешендік өнер сайысы/

Бабалар сөзі — ұрпаққа үлгі. /Шешендік өнер сайысы/

Атырау  қаласы

№36 мектеп-гимназия

Бахонова Ә

«Бабалар сөзі — ұрпаққа үлгі»

/Шешендік өнер сайысы/

Мақсаты: Данышпан бабаларымыз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің шешендік сөздерін түсініп оқып үйренуге; мазмұнын тереңірек білуге, шешен сөйлеуге баулу; оқушыларды сыйластыққа, бір-бірінің пікірін тыңдап, өзара татулыққа үйрету.

Көрнекілігі: Билер суреті, табиғат суреті, нақыл сөздер, интерактивті тақтада слайдтар

Барысы

І Кіріспе сөз

ІІ «Сәлем-сөздің атасы» (Жұртшылықпен сәлемдесу, өз  өздерін таныстыру)

ІІІ Даналар сөзі-ақылдың көзі (Қазақтың үш биінің шешендік толғауларын жалғастырып айту)

ІV Ұтымды пікір (Берілген тақырып бойынша әр топтан пікір білдіріп, өзара талқылап, бір шешімге келу).

V Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда (Өз шығармашылықтары бойынша жас дарындар байқауы)

VI Қорытынды

Кіріспе сөз

1-жүргізуші: Армысыздар, қымбатты ұстаздар, оқушылар! Кемеңгер үш биіміздің бірі Төле би Әлібекұлының 350 жыл толуына орайластырып өткізіп отырған «Бабалар сөзі — ұрпаққа үлгі» атты шешендік өнер сайысына қош келдіңіздер!                                                                                               2-жүргізуші: Сайыскерлердің білімін, шешендік шеберліктерін бағалайтын қазылар алқасын сайлап алайық.

1- жүргізуші: Қазақ халқы шешендік өнерді ерекше құрметтеген, аталы сөзге тоқтай білген. «Жүзден біреу шешен, мыңнан біреу көсем» деген қазақ мақалынан  шешендікті ерекше бағалаған халық екенімізді аңғартады. Сондай беделді шешендер ел билеу ісінің тұтқасы болса, батыр ел қорғау ісінің тұтқасы болатын.

2-жүргізуші: Дұрыс айтасың, ХҮІІІғ басында жоңғар басқыншыларынан елін арашалап алып қалған, иісі қазақты топтастырып басын біріктіре білген аузы дуалы үш биіміз  Төле, Қазыбек, Әйтекелердің орны бір төбе.  Қазақта «Әйтеке жарып айтады», «Қазыбек қазып айтады», «Төле тауып айтады», деген сөздер билердің данышпандығын танытқандай.

1-жүргізуші:   Жүректен өлең төгіп қосқан жырға,

Тұлпардай топтан озған жүйрік тұлға

Қошеметтеп, көрермен, қол соғыңдар

Сайысқа қатысушы тұлғаларға, —

дей келе, ортаға әр топ сайыскерлерін шақырамыз.

2-жүргізуші: Ернұр, шешендік толғаудың бір тармағы-шешендік жауап. Ендеше саған сұрақ қояйын. «Жігітке жақсы болу үшін не керек?»

1-жүргізуші: Жігітке, бірінші, білім, екінші ғылым, үшінші ұғым керек, отты жүрек, өткір тіл керек. Мұнда халық «білім» деп ақылды, «ғылым» деп оқуды, «ұғым» деп оны есте сақтап, орнына жұмсай білуді айтып отыр. Өз ойыңды халқыңа батыл айтар жүрегің, жеткізе айтар тілің болмаса-білгеніңнен не пайда?

2-жүргізуші: Тауып айтылған сөз. Ендеше, «Шешендік сөзді жалғастыру» кезеңінде оқушылардың ұшқыр ой, ұтқыр жауаптары бағаланбақ.

  1. Жаңбыр жаумаса жер жетім

Басшы болмаса ел жетім,

Ұқпасқа айтқан сөз жетім

Көре алмаған көз жетім.

  1. Атың жақсы болса,                   Әйелің жақсы болса,

Ер жігіттің пырағы,                    Бірінші — иманың

Балаң жақсы болса,                   Екінші — жиғаның

Жан мен тәннің шырағы          Үшінші — ырысыңның тұрағы

Қызың жақсы болса,

Жайқалып өскен құрағы

  1. «Кім жақын? не қымбат? Не қиын?»

Тату болса ағайын жақын                   Сыбайлас болса нағашың жақын

Ақылшы болса ағайың жақын          Адал болса, досың жақын

Бауырмал болса інің жақын              Еркелейтін немерең жақын

Инабатты болса келінің жақын         Өз ұрпағың шөберең жақын

Алдыңа тартқан адал асын                 Жан серігің жас кезіңнен

Қимас жақын қарындасың                  Бәрінен де әйелің жақын.

1-жүргізуші:   Алдарыңызда көрініс «Ел баласы екенсің»

2-жүргізуші:   Әр адамда өз ойы болар анық

Пікіріңді дәлелдей біл, терең танып

Көрейікші, қанекей, сайыскерлер,

Шешендіктің қыр-сырын бір ақтарып, —

дей келе, «Шешендік сөздердің жас жеткіншектерге дәріптелуі» тақырыбында пікірсайысқа кезек берейік.

1-жүргізуші:      Тамыры терең қара емен

Қасқая күтер дауылды

Ақылды шешен сөйлесе

Таратар түгел қауымды

Бірлігі мықты ел болса

Барлығы түгел бауыр-ды.

2-жүргізуші:      Ұрпағыңа үлгі етіп

Батырыңды жырлап өт.

Астыңа берген алтын тақ

Еліңнің саған сенгені,

Береке-бітім жолын тап.

Күштің бетін баста деп,

Қолыңа тізгін бергені

деп Төле бабамыз жырлап өткендей, тізгінді мектебімізде ұлы ақындардың жырларынан нәр алып, балғын жырларымен көзге түсіп жүрген жас ақындарымызға берсек.

1-жүргізуші:  Қазақтың үш жүзінің басын қосып, ыдыраған елді бірлікке, татулыққа шақырған, аласапыран қиын заманда Төбе би болып, әділ төрелік айтып елінің қамқоры болған Төле би кемеңгеріміздің 350 жылдығы барша қазақ жұртына құтты болсын.

2-жүргізуші: Би шешен бабаларымыздың әруағы риза болсын, даңқы артсын, ел үшін еткен еңбегі елеусіз қалмасын, кейінгі ұрпақ бұл кісілердің өсиеттерін есте сақтап, сөз қадірін түсінуге үйренсін деген мақсатпен бүгінгі сайысымызды аяқтаймыз.

1-жүргізуші: Құрметті жыр сүйер қауым, бүгінгі сайысқа арналған ән шашуды қабыл алыңыздар.

Айса Инабат, Жаманқұлова Айдана «Егемен Қазақстан» әні

2-жүргізуші: Ендігі қорытынды сөзді қазылар алқасына береміз.

Қорытынды. «Бабалар сөзі-ұрпаққа үлгі» атты тәрбие сағатымыз ел тәуелсіздігінің 22 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр. «Өткенін білмеген ұрпақтың болашағы бұлыңғыр» деген халық нақылы бар. Қазақ елінің тәуелсіз, егемен ел болуын аңсап, армандап, күресіп кеткен хандарымыз, билеріміз, батырларымыз аз болған жоқ, Демек қазіргі ұрпақ оларды құрметтеп, есте сақтауы тиіс. Ел тәуелсіздігі баянды болып, қазақ елі алға қарыштап дами берсін!

Бабаларымыздың тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіндеген өсиеттерін өздеріңе мұра тұтыңдар, отаншыл сезімдерің жалындап, білімді, дарынды азамат боп өсіңдер!

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *