Атырау қаласы жалпы білім беретін №36 орта мектеп
Пән мұғалімі: Бахонова Ә
Сабақтың тақырыбы: М.Мақатаев «Барлығы да сендердікі»
Сабақтың мақсаты: а) білімділік:
М.Мақатаевтың өмірі, шығармашылығы
туралы білім беру, өлеңдерінің идеясын ашу.
ә) дамытушылық:
Оқушылардың ой-өрісін, тілін дамыту, өлең
құрылысына талдау дағдыларын
қалыптастыру
б) тәрбиелік:
Оқушы бойында зор жауапкершілік, Отанын,
елін сүюге, перзенттік борышын өтеуге
тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың әдісі: мәнерлеп оқу, сұрақ-жауап, сатылай кешенді талдау,
СТО стратегиялары
Сабақтың көрнекілігі: ақын шығармашылығы туралы слайдтар, суреттер,
қанатты сөздер, пікірлер
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру
Оқушыларды үш топқа бөліп, дөңгелек үстел құру.
Үй тапсырмасын тексеру
- М.Мақатаевтың өмірі, шығармашылығы туралы баяндау.
а) өмірі, ә) білімі, б) қызметі, в) жыр жинақтары, г)поэмалары
2.»Фантазия» өлеңін жатқа айту.
- М.Мақатаев: «…Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар» деген екен.
Ақын шығармашылығынан өлеңдерін жатқа оқу.
Жаңа сабақ
«Галереяға саяхат» М.Мақатаевтың өмірінен алынған суреттерге шолу.
М.Мақатаев — жыр еліне ауыз әдебиетінің мөлдірінен сусындап, ұлы Абайдың тереңіне бойлап, өзіне дейінгі ақындарды пір тұтып, орыс пен еуропа, шығыс әдебиеттерінен тәлім алып келген ақын. Ақиық ақынымыздың 650-ден астам өлеңдері бар. Оның қалам тартпаған тақырыбы жоқ десек болады. М.Мақатаев — қазақ халқының сүйікті ақындарының бірі, күллі қазақ даласы оның өлеңдерімен сусындап жүр. «Бәсіре», «Өмірдастан» т.б. жыр, дастандары әдебиеттің асыл мұралары.
Оқулықпен жұмыс
Оқулықта берілген «Барлығы да сендердікі» өлеңін мәнерлеп оқу. Өлеңді тереңірек ұғыну үшін екі оқушыға мәнерлеп оқыту.
Мағынаны тану
Әр топқа жасырын сұрақтар беріледі. Сұрақтарға жауап беру арқылы ақынның ойын, ақын тілегін тану, өлеңнің мағынасын ашу.
-Өлең кімдерге арналып айтылған, ақын нені мұра етіп ұсынған?
-Тәуелсіздігіміз, еркіндігімізге оңайлықпен қол жеткізе алдық па? Ата бабаларымыз қандай қиындықты бастан кешті? Елі үшін құрбан болған кімдерді білесіз?
-Болашақ кімдердің қолында? Ел болашағының өркендеуі үшін өзің қандай үлес қосар едің? Қазақ елі дамыған елдер қатарына қосылу үшін жастар қандай болу керек?
-Ақын сендердің болашақтарыңа қандай сенім артқан? «Барлығын табыстаймыз», «Болашақты жалғайтын болашағымыз» деген сөздерден өзіңе ақын артқан әлеуметтік, азаматтық жүкті, жауапкершілікті сезінуге бола ма?
Өлең құрылысына сатылай кешенді талдау
«Барлығы да сендердікі»
1.Авторы — М.Мақатаев. Қазақтың ақиық ақыны.
Алматы облысы Райымбек ауданының Қарасаз
ауылында дүниеге келген.
2.Тақырыбы — Келешек ұрпаққа ақын мұрасы.
- Жанр түрі — поэзия (өлең)
- Идеясы — Болашаққа зор сенім арту, келер ұрпақ
алдындағы жауапкершілік, патриоттық сезімді ояту.
- Шумақ саны — 4 шумақ
- Тармақ саны -16 тармақты
- Бунақ саны — 3 бунақты
- Буын саны — 11буынды
- Ұйқас түрі — Қара өлең ұйқасы (ааба)
- Әдеби-теориялық ұғымдар:
Метафора- Ата ұрпақ, таң нұры
- Түсіндірме сөздік. Жансыз-материалдық дүние,
жанды-табиғат, адам
- Тәрбиелік мәні. Елін, жерін сүюге, өз Отанына адал
қызмет ете білетін білімді азамат болуға тәрбиелейді.
Ой толғаныс
«Жазушылар» тобы. Әр оқушы өз есімінің бірінші әрпінен басталатын эпитет сөз тауып айтады. Болашақ мамандығы туралы «Кім болам?» тақырыбында шағын мәтін құрау.
«Суретшілер» тобы. Өлеңнің негізгі идеясы бойынща сурет салу.
«Ақындар» тобы. «болашақ» сөзіне бес жол өлең шығару.
1.келешек
2.жарқын, мағыналы
3.күтеді, шақырады, асқақтайды
4.Мен болашағыма сеніммен қараймын.
5.алдағы уақыт
Жаңа сабақты бекіту
«Барлығы да сендердікі» өлеңінің әр шумағын рет — ретімен орналастыру.
Сендердікі — өмір, қоғам, заман да,
Сән түзеген қалаң менен далаң да.
Барлығы да мұра болмақ әманда,
Болашақ деп аталатын Адамға
Қабылдаңдар қазынаны біз берген,
Қиындықты көрмессіңдер біз көрген.
Бұл өмірде сақтау үшін сендерді,
Бабаларың үйде туып, түзде өлген.
Сендер — дағы өздеріңше күресіп,
Өздеріңше сендер де өмір сүресің.
Болашақты жалғау үшін, болашақ,
Бола жатар сендердің де үлесің.
Барлығы да сендердікі,барлығы —
Табыстаймыз жансыз бенен жандыны.
Армысыңдар, Ата ұрпақтың тағдыры!
Армысыңдар, жаңа атқан таң нұры!
Қорытынды
«М.Мақатаев — адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы» деп Ә.Кекілбаев атамыз айтқандай, ақынның қай шығармасы да терең ойға, адалдыққа, ізгі қасиеттерге тәрбиелейді.»Барлығы да сендердікі» өлеңінен ақынның болашаққа деген зор сенімін, ойын, арманын аңғарамыз. Қазақ еліміздің шын патриоты болып, Отан алдындағы перзенттік парызымызды еш уақытта естен шығармайық!
Үйге тапсырма: «Барлығы да сендердікі» өлеңін жатқа айту.
Бағалау