Басы » Өзін - өзі тану » Жарасымды қарым-қатынас

Жарасымды қарым-қатынас

Темірханова Шынар Темірханқызы.

ШҚО, Өскемен қаласы,

Оралхан  Бөкей атындағы № 44 мектеп-лицейінің педагог-психологі, өзін-өзі тану пәні мұғалімі

 Пәні: Өзін-өзі тану 

Сабақтың  тақырыбы:  «Жарасымды қарым-қатынас»

Мақсаты:

Білімділігі:  Үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынас ұғымдарын кеңейту;

Дамытушылығы: Өз ойын айту, қорытынды, тұжырым жасай білу қабілеттерін дамытуға ықпал ету;

Тәрбиелілігі: Үлкенді сыйлап құрметтей білуге, кішіге қамқорлық жасауға тәрбиелеу;

Сабақ түрі: жаңа сабақ.

Әдістері:

Көрнекілігі: Дәйексөздер, үнтаспа, топтарға арналған карточкалар;

Дәйексөздер:

«Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе – оның басқа адамдармен қарым-қатынасы»

А. Линкольн.

«Жасы кіші ініні – ақылы артса аға тұт,

Жасы үлкен ағаны – жақсы сыйлар жаға тұт»

М. Әуезов.

«Ізгіліктің басы – үлкенді сыйлаудан басталады»

Халық даналығы.

«Әдептілік ар-ұят, адалдықтың белгісі

Тұрпайы мінез, тағы жат, надандықтың белгісі»

Мақал.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру.

 

Тыныштық сәті.

 

Әңгімелесу.

  1. Жарасымды қарым-қатынас дегенді қалай түсінесіңдер? (үлкен мен кіші арасындағы сыйластық).
  2. Сыйластық деген не?

3

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ғалым Ш. Ахметовтың зерттеуі бойынша қазақ отбасындағы тәрбие ісі басты-басты 8 мәселені қамтыған.

  1. Тәрбие басы алдымен әдептілікке үйретуді көздеген. Әке-шеше баласына «әдепті бол» дегенді басты міндет қойған;
  2. Олар баланы қайырымды, иманды, мейірімді болуға тәрбиелеген;
  3. Тіл алғыш, елгезек болуға баулыған;
  4. Адал, шыншыл болуға үйреткен;
  5. Өнегелі ұстаз бен көпті көрген қарияның сөзін тыңдап «Ақпа құлақ болмай, құйма құлақ бол» дегенді, бойларына біртіндеп сіңіре берген;
  6. Үлкенді, ата-ананы сыйлап, құрметтеуге үйретуді ең басты міндет етіп қойған;
  7. Кісі айыбын бетіне баспай, біреуге орынсыз қол тигізбейтін әдепті азамат бол, әсіресе қауіп-қатерлердің табиғи кемдігін бетіне  баспа деп үйреткен.
  8. Ел қорғаған батыр бол, халық алдында қызмет ет, бар өнеріңді соған жұмса дегенді ерінбей-жалықпай айтып қана қоймай, жеке өнегелер арқылы көрсетіп отырған.
  9. Ел басқарған, халық проблемаларын шешештін адамдарды қалай атаған? (Ел ағасы, ақсақал);
  10. Осындай ел ағаларынан кімді білесіңдер? (облыс, қала әкімдері, мектеп директоры т.б.)

Сонымен,  жарасымды қарым-қатынас үлкендерді, ел ағаларын, ақсақалдарды сыйлаудан басталады екен.

Мәтінмен жұмыс.

Оқулықта С. Ақатайдың Арынғазы атамен әңгімесі берілген. Үйге берілген тапсырма бойынша оқушылар алдын-ала үйден оқып келген. Мұғалім оқушылардың мәтінмен танысып келу, келмеуі жайлы анықтап біледі.  Осыған орай  төмендегі сұрақ қойылады:

  • Осы әңгімедегі негізгі қорытынды ой не деп ойлайсыңдар?

Жауап: -Үлкен мен кіші қатынастарының екі жағы бар:

  1. Үлкенді сыйлау-ғибрат, өнеге, адамның тектілігін байқатады;
  2. «Үлкен айтты — болды!» деп бас шұлғу ойсыздық, көрсоқырлық. Бұған үлкеннің өкпесі жүрмеуі шар. Келер буын өткен буынның жіберген қателерін, байсауыттық қимыл-әрекетін дәйім үлкен айтты болды деп қайталап отырған болса, адамзат әлі де тас балғасын жамбастап, отқа табынған қалпында қалатыны анық. Сондықтан атаның айтқанының бәрін ақылға телімей, оны ой сарайынан өткізіп, керектісін басшылыққа алу парыз.

Тапсырма.

1 тапсыма.  Ары қарай тақырыптың мәні топпен жұмыс арқылы енгізіледі.

1-2 топ – «Үлкендер» тобы;

3-4 топ – «Кішілер » тобы;

«Үлкендер топтарына» кішілер, жастарбойында қандай кемшіліктер бар деп ойлайсыздар?- деген сұрақ, «кішілер» топтарынав үлкендер бойында қандай кемшіліктер бар деп ойлайсыңдар деген сауалдар қойылып, ойлануға 3 минут, қорғауға 2 минут беріледі. Оқушылар плакатка төмендегі сызба бойынша жұмыс жасайды.

Кемшіліктер Ұсыныстар

 

2 тапсырма . «Кішілер» топтарына үлкендер бойындағы кемшіліктерді болдырмау үшін қандай ұсыныстар айтар едіңіздер? (Арнайы жинақталған көптеген ұсыныстар беріледі. Сол ұсыныстардың қайсысымен келісетіндегі туралы айтып, ойларын дәлелдейді).

«Үлкендер» топтарына ұсыныстар жазуда басшылыққа алуға, талдау жасауға құжаттар беріледі. (ҚР Білім туралы Заңы, ҚР тіл туралы Заңы, Балалар құқығының конвенциясы, ҚР президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2011 жылғы ақпан айындағы ж халыққа жолдауы).

Әр топ өз тапсырмалары бойынша плакаттар қорғалады.

Қорытынды:  Жарасымды қарым-қатынас үлкендерге де, жастарға да байланысты екен.

3 тапсырма. Дәйексөздермен жұмыс.

Тапсырма.   Төмендегі дәйексөздердің мәнін ашыңдар.

«Үлкендер» тобы:

  1. Ине көзінен сынады,

Адам сөзінен сынады.

Мақал.

  1. Әдептілік ар-ұят, адалдықтың белгісі

Тұрпайы мінез, тағы жат, надандықтың белгісі

Мақал.

 

«Кішілер» тобы:

  1. Кішілік те кісілік.

Мақал.

  1. Жасы кіші ініні – ақылы артса аға тұт,

Жасы үлкен ағаны – жақсы сыйлар жаға тұт

М. Әуезов.

4 тапсырма.  Сәйкестігін тап!

1 топ. Мына жазбалардың қайсысы күнәға, қайсысы қорлыққа жатады?

Қорлық:

Шақырылмаған жерге бару,

Бейбастақ сөйлеу,

Дұшпаннан жәрдем күту,

Сараңнан қажет сұрау.

 

Күнә:

Аллаға күмән келтіру,

Нақақтан қан төгу,

Ата-анаға тіл тигізу,

Өтірік куә болу.

 

2 топ. Мына жазбалардың қайсысы қуаныш, қайсысы қасиетке жатады?

Қуаныш:

Алғыс алу;

Өзіңді көптің іздеуі;

Ісіңнің өшпеуі.

 

Қасиет:

Өліде – аруақ,

Малда – кие,

Аста – кепиет.

  • топ. Сәйкес келетін тіркестерді тап.

Адамның басшысы – ақыл

Жетекшісі – талап

Шолушысы – ой

Жолдасы – кәсіп

Қорғаушысы – мінез

Сынаушысы – халық

 

4 топ. Сәйкес келетін тіркестерді тап.

Талдай – бой

Сұңғыла – ой

Жаздай – мінез

Қардай – көңіл

Анаға – шуақ

Ағаға – қуат

Елінің – ары болсын!

Басына — өнердің бағы қонсын!

 

5 тапсырма.   М. Әуезовтың «Абай жолы» романы бойынша бала — әке-шеше, әже арасындағы жарасымды қарым-қатынасты көрсететін сұрақ-жауап ұйымдастырылады.

«Абай жолы» романынан үзінді.

Бала көп ішінен ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешешсі анадай жерде тұрып:

— Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер! — деді. (Анасы не себептен баласын біріншіден әкесіне жіберді? Бұл жағдайда Абай не істейді?)

Абай жалт қарады да, әкесін көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында екі-үш кісі бар — әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне тез бұрылды.

 

Әкесі: — Балам, бойың өсіп ер жетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп білімің де өсті ме?-деді. Кекету ме, күдік пе? Немесе шынымен жай білгісі келгені ме? (Абай не деп жауап қайтарады?)

Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы момын пішінмен:

— Шүкірлік, әке…, ат барған соң, дәріс тәмам болмаса да, құзіреттің рұқсатын алып қайттым, — деді.

 

Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. (Ұлжан не істеді? Сөйлемді әрі қарай жалғастыр).

Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Абайдың әкесіндегі тартымды салқындық шешесіне де көптен бері мінез болған. Бала осыдан арғыны күтпеуші еді. Бірақ басқанның өзінде де Абайдың жүрегінде аса бір өзгеше жақындық білінді. Ана құшағы!

 

Әжеңе бар, әнеки!-деп, үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді. Кәрі әжесі Зере бәйбіше таяғына сүйеніп, ұрысып тұр екен.

— Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме! – дей беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «Жаман неменің» артынан лезде!

-Қарашығым, қоңыр қозым… Абай……….. жаным……..-деп кемсеңдеп, жылап, құшағына басты.

Қорытынды: Үлкен мен кіші арасында жарасымды қарым-қатынас болу үшін адам бойында көптеген асыл қасиеттер болу керек екен.

 

Авторы Үзінді Үзінді жайлы пікір
Баласағұн Бірі оның – шындық жолы, әділет.

Екінші – құт пен ырыс, дәулет

Үшіншісі – ақыл менен парасат

Төртіншісі – ұстамдылық, қанағат

«Құтты білік» дастаны төрт принципке негізделіп жазылған. Біріншісі — әділ заң, екіншісі – бақ-дәулет, үшіншісі-ақыл, парасат, төртіншісі-қанағат, ынсап. Дастанның мәні автордың өсиет уағыздарында.
Абай Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ-

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой-

Бес асыл іс көсеңіз

Өлеңде ақын талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сынды асыл қасиеттерді бес дұшпандармен салыстырады. Абайдың бес асылы Баласағұн ойының жалғасы іспеттес. Баласағұн құйған адамгершілік қалыбы Абай заманында кеңейе түскені ақын өлеңімен дәлелденеді.
Шәкәрім Сабыр, сақтық, ой талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан

Ынсап, рақым, ар-ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан

Шәкәрім Баласағұн мен Абай саралаған адамгершілік қасиеттеріне сабыр, сақтық, ар, ұят, сияқты ізгілік белгілерін қосып, адамгершілік қасиетті кеңейтеді.

 

 Тыныштық сәті

Мұғалім сабақты қорытындылап, баяу әуен қосаотырып, Бөлтірік шешеннің мына өлең шумақтарымен сабақты аяқтайды:

Үлкен алдында иіліп сөйле,

Кіші сызылып сөйле.

Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,

Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді.

Жан жарасы жазылмайды.

(Аңыз әңгіме)

Ертеде бір қарияның ашушаң, ұстамсыз баласы болыпты. Бір күні қария баласына бір қапшық шеге беріп:

  • Өзіңді ашу қысқан сайын ағаш бағанға шеге қағып, ашуың басылған кезде, суырып аласың, — дейді.

Бала бірінші күні-ақ бағанға он шақты шеге қағылғанын байқап, өзін-өзі ұстауға, ашуға бой бермеуге тырысады. Қағылған шегенің саны күнбе күн азая бастайды. Бала бағанға шеге қаққаннан көрі ашуын басқан жеңіл екенін түсінеді. Ақырында бағанға бір шеге қақпаған күнге де жетті. Сонда әкесі баласын бағанға жетелей келіп:

— Жарайсың, балам! Бірақ, бағанның шұрық-шұрық болып тұрғанын көріп тұрған шығарсың? Ол ешқашан да бастапқы қалпына келе алмайды. Адамға ғайбат сөз айтсаң, оның көңіліне жара саласың, оның жан дүниесі осы баған сияқты шұрық-шұрық болады. Одан кейін қанша кешірім сұрасаң да, жан жарасы жазылмайды. Ашуыңды ақылға жеңгізе біл, балам, — дейді.

 

О. Бөкей «Апамның астауы» (үзінді).

-15 жасыма дейін апамның қойнына жаттым; 15 жасыма дейін апамның тәрбиесінде өстім. 15 жасыма дейін апамның етегінде жабысып, соңынан қалмай, бүлкектеп құлындай еріп ер жеттім. Сол кісімен жүрсем, мал сойған үйдің құлағы, тәттісі мен дәмдісі менің аузыма тиетін. Мен сол кезде апамның тарихын, тіпті кім екенін білмей алаңсыз шуақты күндерге марқайып маңар едім. Бүгінде көз алдымда: арық ашаң кемпір, тарамысты мықты саусақтар, ерні менен иегін күйік шалып тыртықталған әдемі ажар, кимешегінен дудырап шығыңқырап жүретін ақ шалмаған қара бұйра шаш қана… менің көз алдымда: қандаурынан қайрап (жігерлі), басының қаны тасыған; немесе тері илеп, көк тігіп отырған; жүн түтіп арқан ескен, жіп иіріп алаша тоқып, оюлап сырмақ тігіп отырған апам;… ертеректе қазақ әйелі не істеу керек болса түгел қолынан келетін апам; қазақ әйелінің ғана емес, ер азамат атқарар істі қара нардай қасқая көтерер Апам.

Оның ақылы жүздеген ұстаз, мың сан мектептен артық, тәрбие деген ұғымының астарлы таптырмас үлгісі екенін қайдан білейін. Дүние жүзінде Апамның қойнынан аңқып шығар әжелік иістен жағымды не бар екен жалғанда… Қайран, апам…

 

Ағаш итаяқ.

Нақыл әңгіме.

 

Баяғы заманда өте кәрі адам болыпты. Кәрілігінен көз жанары солып, тізесі дірілдеп, құлағы естімей қалыпты. Ол қасықты қолына дұрыс ұстай алмағандықтан дастарханға жиі-жиі көжесін төгіп алатын. Кейде тіпті аузындағы тамағы да түсіп қалатын. Ұлы мен келіні жақтырмай тыржиып, жүректері айнып, қартты пештің ар жағындағы бұрышқа отырғызып ескі ыдыстан тамақ беретін болды. Ол мұңлы жүзбен, суланған көзін жыпықтатып дастарханға жаутаңдайқарайтын. Бір күні қолы дірілдеп тамақ салған ескі ыдысын түсіріп алды. Быт-шыт болған ыдысты көрген келіні қартты жекіп ауыр-ауыр сөздер айтады. Қария ауыр күрсініп, төмен қарап отырып қалады. Осыдан былай қарияға асты ағаш итаяққа құйып беретін болады.

Күндердің бір күнінде ұлы мен келіні шай ішіп отырғанда үйге бір кесек ағаш алып 4 жасар ұлдары кіріп келеді. Әкесі: «Балам ағашты неге әкелдің? Не істегің келіп жүр?» — деп сұрайды.

Баласы: — Сендерге ыдыс жасайын деп едім, қартайғанда осы ыдыстан тамақ беремін,-деп жауап береді.

Не ексең соын орасың деген осы.

 

Журналдан…

  1. Ата-ананың көп қателесетін мәселесі, ол мұғалімнің оқушыларына қоятын бағасы жөнінде. Кейбір ата-ана баласын тек қана «4 пен 5» алуы тиісті деп те атайды. Мұны естіген бала ата-анасының жазалауына қорқып, «2 немесе 3» бағасы тұратын күнделіктің бетін жыртуға, бағаны түзетуге немесе басқаша жолдар арқылы оларды алдауға барады. Сол себепті ата-ана баға баланың оқуындағы маңызды, бірақ басты мәселе емес екендігін білдіруі керек. Тек жақсы баға үшін оқыған балада танымдық қызмет пен қызығушылықтың жақсы дамуы екіталай. Сонымен қатар, бала өтірік айтуға, тек өзіне пайдалы жаққа ғана әуестенуге, жағымсыз қылықтарға үйренеді. Сондықтан ащы болса да шындықты үйрету керек. Шынын айтсақ, қазіргі таңда ата-аналар, балаларына уақыт бөлмегендіктен босаңсытып, өз бетімен жіберіп алды. Біраз уақыт өткеннен кейін бала бізді керек қылмайтынын, тыңдамайтынын байқаймыз.

 

 

 

  1. Адамға керегі өзін жақсы көруі, түсінуі, өзін сыйлай алуы және өзін біреуге керек екенін сезінуі болып табылады.

 

 

 

  1. Жеткіншек пен үлкендер арасындағы келіспеушілікті қалай шешуге болады?

Өз балаңның қиқарлығына төзе білуөте қиын. Оның дөрекілігіне дер кезінде тойтарыс бергің келеді. Бірақ, біз үлкендерміз ғой,  сәл жіберген қателік отқа май құйғандай  болады.  Шыдамды болыңыз., балаңыздың мінезіндегі өзгерісті шыдамдылықпен, ақылмен, төзімділікпен жөнге сала біліңіз. Бұл жағдайдың алдын алуға төменгі ережелер көмектесе алады:

  1. Еркіндік беріңіз. Байсалдылықпен ой қоса біліңіз, өйтккені сіздің балаңыз енді өзіңіз қатарлас үлкен болғанын мойындаңыз.
  2. Ешқашан ақылгөйсімеңіз.Көптеген жасөспірімдер өздерін мезі ететін,айтыла беретін ақыл сөзден қашқақтайды.Қарым-қатынас түрін өзгертіңіз.

Есіңізде болсын балаңыздың өзіндік көзқарасы өз құқығы,өз еркі бар.Оған сіз бағыт және байсалдылықпен баға бере біліңіз.

  1. Балаңызбен ымыраға келе біліңіз. Реніштен, түсінбеушіліктен ешкім ешнәрсе ұтпайды. Үлкендер тарапынан мұның соңын шыдамдылықпен күтіп, қалпына түскен соң баламен түсінісуге тырысу дұрыс болар еді.
  2. Кім ақылдырақ, сол кейіндейді. Ренішке от жақпаса ұрыс тез басылады. Келіспеушілік бастау алған жағдайда біреуі басаңқылық танытуы керек.
  3. Ренжуге болмайды., шыдамды болыңыз. Ұрысты қоя тұрып, бала жанын ауыртатындай жағдай туғызбаңыз.
  4. Сіз өзіңіздің айтқан сөзіңізде тұрыңыз.

 

 

 

  1. Баламен ынтымақты қарым-қатынасыңызды жалғастырғыңыз келсе, оның барлық жағдайда қолдай білуіңіз керек.
  2. Баланы бар мейіріміңізбен түсіне біліңіз.
  3. Қобалжуы мен талап еткен мәселесмен ықыласпен тыңдаңыз.
  4. Сабақ оқығанда, кітап оқығанда бірге болуға тырысыңыз.
  5. Өз шамасы жететін сабағын әзірлеуіне араласпаңыз.
  6. Өзі сұраса көмектесіңіз.
  7. Жетістігін қолдаңыз.
  8. Сенім білдіріңіз. Өзінің де сенімінен шыға біліңіз.
  9. Келіспеушілікті үйлестіріп шеше біліңіз.
  10. «Сеніммен бірге болу маған өте жақсы», «менің де сендей болғым келеді», «сенің орның ерекше » деген сияқты қолдау сөздерін жиі қолданыңыз.
  11. Өзіңізден алшақтатапай, жиі аймалаңыз.

Әңгімемізді қорытындылай келіп, айтарымыз американдық дәрігер Бенжамина Споканың «Балаңызды бар бейнесімен сүйіп, жоқ нәрсені ойдан шығармаңыз»-деген сөзін бір сәт ойланыңыз.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *