Еліміздегі орта мектептер электронды оқыту жүйесіне көше бастады. Яғни, мұғалімдер оқушылардың үлгерімін енді арнайы бағдарлама арқылы қадағалайды. Ал ата-аналар үйде отырып, балаларының үй тапсырмалары мен бағаларын ғаламтор арқылы тексеруге мүмкіндік алды. Ресми мәлімет бойынша, 2011 жылы электронды оқыту жүйесі енгізілгеннен кейін оқу сапасы 15%-ға жоғарылады.
Мектеп оқушыларына оқулықтар мен тапсырмалар енді электронды түрде беріледі. Мұғалім оқушының бағдарламаны қалай меңгеріп жатқанын да осы жүйе арқылы бақылап отырады. Тест түрінде жүргізілетін аралық бақылау барысында оқушының алған білімі тексеріліп, нәтижелері шығарылады. Сонымен қатар, электронды жүйе арқылы мұғалімдер өздерінің сабақ кестесін жасап, оқу жоспарын құрайды.
Надежда РОМАНОВА, №5 гимназияның оқу ісі бойынша меңгерушісі:
— Оқу жұмыс жоспарын құру кезінде біз әр мұғалімге оның жүктемесін бөліп бердік. Пәндерді күнтізбелік тақырыптық жоспарлауға енгізіп, бекітеміз. Кейін әр мұғалім осы жүйеге кіріп, өзінің сабақ кестесін, пәндерінің тақырыптарын электронды түрде көре алады. Электронды журналға оқушыларының бағаларын енгізеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің тапсырысы бойынша кітаптар енді электронды нұсқада шығарылады. Бұл жаңашылдық мектеп оқушыларын құшақ-құшақ кітапты арқалаудан арылтады. Қазірдің өзінде заманауи технологияның бұл жетістігі көпшілік тарапынан қолдау табуда. Жуырда әр оқушы ауыр оқулықтарын осындай планшетке ауыстырады.
Оқушылар да осы жүйенің енгізілгеніне риза. Өйткені жастар үшін электронды технологияларды меңгеру қиынға түспейді.
Серік ҚАЛИЕВ, мектеп оқушысы:
— Мен үшін электронды оқыту жүйесі өте ыңғайлы. Бағаларым мен кестені соған кіріп біліп алам. Егер сабақтан қалып қалсам, «Кітапхана» бөлімінде сол сабақтың мазмұнын қарап, дайындаламын. Енді күнделікті де толтырудың қажеті жоқ.
Электронды оқыту жүйесіне 2011-2012 жылдары республика бойынша 581 мектеп қосылды. Биыл тағы 600-ге жуық мектеп оқушылары электронды оқыту бағдарламасын меңгереді. ҚР Білім және ғылым министрлігі аталған жобаны қарқынды түрде 2016 жылға дейін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бағдарламаны іске қосу үшін бюджеттен 137 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұған қарамастан әлі де бірқатар қиыншылықтар туындап жатыр.
Гүл ЖҮСІПОВА, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Электронды оқыту» жобасының үйлестірушісі:
— Басты мәселелердің бірі ол ауылдық жерлердегі ғаламтордың жоқ болуы. Бұл сұрақты біз «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірігіп шешеміз. Қазіргі уақытта оқу орындарының 50%-ы ғаламторға қосылған. Бірақ ауылды аймақтардың барлығы бұл мәселені шешкен жоқ. Ал оқушыларға планшет беруді біз уақытша тоқтаттық. Алдағы уақытта біз «Ақпаратты Қазақстан» жобасының аясында балаларды сол құрылғылармен қамтамасыз етуді бастаймыз.
Электронды жүйені жүзеге асырудың тағы бір қиыншылығы ол мұғалімдер мен оқушылар арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды игеру деңгейінің әркелкілігі.
Амангелді ЖҮКЕНОВ, «ҰАТ» АҚ бастығының орынбасары:
— Көп мұғалімдер бұл жүйемен жұмыс істеуге әлі де қиналады. Олар компьютерді қолданып, жаңа технологияларды игеруге дайын емес. Компьютерлік бағдарламалардың барлығын жетік меңгерген жоқ.
Бұл мәселені шешу үшін министрлік арнайы қаржы бөліп, мұғалімдерге біліктілікті көтеру орталығында компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеп үйренуге мүмкіндік беріп отыр.
Авторлар: Дариға Ташенова, Тимур Бошаев, Айтжан Отызбаев, 24 KZ