Маңғыстау ауданы
Е.Айшуақұлы атындағы орта мектебі
Епенова Бақтыгүл Шонықұлқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Менің педагогикалық ұстанымым
Мен қарапайым еңбек адамдарының әулетінде дүниеге келгенмін. Атам –Ұлы Отан соғысы ардагері, үлкен анам – тыл еңбеккері. Өмірдің ащы кезеңінің дәмін татқан адам бейбітшілікті қадірін білер, мен бұл кісілерден жігерлілік пен ұстамдылық, мойымау мен шыдамдылық сияқты асыл қасиеттерді бойыма жидым деп ойлаймын. Мектеп қабырғасында үздік оқыдым, әсіресе математика, химия, физика пәндеріне ықыласым ерекше болды. Әйсе де, өмір- өзен емес пе, бұл күні қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болдым.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болу, меніңше, адам жанының бағбаны болу, әрі ұлтыңның мерейін ұлықтата білу деп ойлаймын. Мамандығымның қыр-сырын меңгеру, қиындықтарын жеңіп, жетістігіңе қуану, шәкірт көңілінің төрінен орын алу –бұл күндері педагогикалық және азаматтық ұстанымыма айналғандай. Ұстаз-шәкірт, ұстаз- тәрбиеші, ұстаз- ата-ана. Мен де бір кездегі шәкіртпін. Аяулы ұстаздарым Арықбаев Нұржігіт ағай мен Ізбасарова Раухан апайлар- мен үшін алыстаған сайын биіктейтін асқар таулар. Ата-ана үміті мен мұғалім сенімін ұштастырып, ағартушылық іске бет бұруым перзенттік, шәкірттік парызым болса, сол жолдағы еңбегім ел алдындағы азаматтық борышым деп білемін.
Мұғалім мамандығын иеленгеннен бері қаншама шәкіртке дәріс бердім?! Мен осы уақыттар ішінде алдымда Отанымызды көркейтер болашағымыз отыр білім мен тәрбиені егіздедім. Болашағымыздың білім алуымен қатар, адамгершілік, ұлтжандылық тәрізді қасиеттерді жоғары ұстауын назарға аламын. Ұстаз –шәкірт жүрегіне даналық дәнін егуші, шәкірт- ұстаз еңбегінің жемісі. Ұстаз мерейі мектеп бітірген шәкірттерінің алғысына бөлену. Мұндай сәтте ұстаздан бақытты жан жоқ. Ауылдық мектептің мұғалімі болған соң ба, шәкірттерімнің қуанышына араласып отырмын. Шәкірт қанша жасқа келсе де ұстазға шәкірт қой. Мектеп партасында отырған кезде қалай қуанышын бөліссек, азамат болғаннан кейін де жақсы іс-әрекетін естісем, рухани дүнием байып отырады.
Талмас талабың мен сарқылмас күш- жігерің болса, алынбайтын асу бар ма?! Бүгінгі сәтте елбасының алдыңғы қатарлы 30 елдің саясатымен Кембридж бағдарламасы бойынша ілгерінді деңгей мұғалімі болдым. Оқушылардың алған білімдерін орынды жерде қолдана білуіне жол ашу, әріптестеріміздің кәсіби өсуіне ықпал ету, мектептің даму жұмысына үлес қосу бүгінгі ұстаздың білім беру шеңберін кеңейтті. Елбасының көрегендік саясатының барысында мұғалімдер өз мүмкіндіктерін шыңдайтын уақытқа келді. Оқушыларды бейімділігіне қарай сайыстарға, олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына қатыстыра білу де ұстаздың кәсіби өсу деңгейін аңдатады. Балалармен жұмыс жасауда мен көбіне зерттеу жұмысы және шығармашылық бағытына қарай бейімдеймін. Жұмыстары жемісті болып, нәтижесін көрсе, оқушылардың құлшынысы одан сайын арта түседі. Жетістіктеріне бірге қуанып, ризалығымды білдіріп жатамын. Сынып жетекшісі болғандықтан, кейде оқушылардың ұмытшақтығы мен салғырттығынан түсініспеушілік те кездесіп қалады. Сондай кезеңде танымал тұлғалардан қалған ұлағатты, даналық сөздерді айтамын. Бір даналық сөзді бірнеше қайталап айту арқылы да мұғалімнің ұстанымы айқындалады, әрі оқушы да өз кемшілігін түсінеді, әрі жадында қалады. Орынды жерінде жағымсыз іс-әрекетін көре біліп, тоқтау салсақ, ата-ана да риза болады. Шәкірт, ата-ана, мұғалім- үшеуі ұштасса, көз алдымызға қандай ұлттық құндылық келер еді? Әрине, шаңырағы мен керегесі уығы арқылы байланысқан халқымыздың киіз үйі! Ата-ана-керегелеріміз кең, балаларымыз- уық түзу, шаңырақ- ұстаздарымыз өресі биік болғанын тілеймін.
Қазір мен өз мамандығымды мақтаныш етемін. Ұстаз алдынан өтпейтін дана жоқ, дара жоқ, бала жоқ. «Мұғалім- ұлт тәрбиешісі» деп айтқандай, ұлт ұланын тәрбиелеуге жаралғаныма қуанамын, тәуба етемін. Ұстаз мәртебесі аласармайды.