Назарбекова Аяжан Тлеукабыловна
Ата-аналармен табысты қарым-қатынас
Ата- ана отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата- ананың қадірі ерекше әспеттелген. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімінің кәусар бұлағы- Ана есіміне қатыссыз дүниеде ештеңе жоқ. Шәкәрім атамыздың «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар: барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» — дегеніндей, құнды қасиеттерге ие, рухани бай адамды қалыптастыру – шынында да оның туған кезінен басталса керек. [ 61] Ал адамның адам болып қалыптасуында ата-аналармен қатар атсалысатын ұстаздардың да рөлі өте зор.
Ой санасы дамыған, адамгершілігі және дене тұрғысынан салауатты, мәдениетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыруды көздеген тәрбиенің мәселелері мектепті, де ата-ананы да әрқашан толғандырып келеді. Бала дүниеге келгеннен бастап, отбасында, одан кейін қоғамдық тәрбие орындарында, мектептерде тәлім- тәрбие беріліп, ғылым- білімге үйретіледі. Осылайша бала тәрбиесі үзіліссіз, жүйелі жүргізілуімен шешіледі. Тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі мектеп пен ата- аналар арасындағы ынтымақтастық қарым –қатынас болып табылады. Жас жеткіншектерді тәрбиелеу ісінде мектеп пен отбасы арасындағы байланысқа үнемі көңіл бөлінуі тиіс. Бүгінгі қоғам алдындағы мақсат- өмірдің барлық саласында белсенді шығармашылық іс- әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу. Ол үшін бала тәрбиесімен айналысатын отбасы, балабақша,мектеп, қоғам және жұртшылықтың тәрбие ісі бірігіп жұмыс істеуі керек. Педагогтар мен ата-аналардың өзара әрекетінің арқасында ғана оқушы тұлғасын дамыту мәселелерін табысты шешуге болады. Қай ата-ана болмасын баласының тәрбиелі, білімді, мәдениетті болуын қалайды. Отбасы –бүкіл ғасырлар бойы адам баласы тәрбиесінің құралы болып келеді. Сондықтан ол адам үшін ең үлкен мәнге ие орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің жағымды өнегелердің, мұралардың сақтаушысы. Онда бала алғашқы рет өмір жолымен танысады, қоршаған ортамен танысып, мінез- құлық нормаларын игереді. Сондықтан отбасылық өмір жеке адамның азамат болып өсуінің негізі. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасы- оқыту мен тәрбие жұмысындағы мектептің одақтасы. Сондықтан да ата-ана бала тәрбиесі жөнінде мектеппен тығыз байланыста болуы тиіс. Өйткені бала тәрбиесінің отбасында, мектепте нәтижелі болуы осындай ынтымақтастықта негізделеді.
Отбасы тәрбиесі- бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі, мемлекет алдындағы ата-аналардың борышы. Отбасындағы басты мәселелердің бірі- баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру. Бұған баланың күн ырғағы, міндеттері, қойылатын талаптар, оның үй еңбегіне қатысуы, оқу –әрекеті, бос уақытын ұйымдастыру жатады. Отбасы барлық уақытта да өсіп келе жатқан ұрпақтың мәселелерін шешуде үлкен рол атқарады. Отбасы — адам үшін ең жақсы әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт- дәстүрлердің сақтаушысы. Жас адамды есті, саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден бір парызы. Өйткені «Ес түзелмей, ел түзелмейді», олай болса , егеменді еліміздің болашағы отбасында тал бесіктен басталып, оқу- тәрбие орындарында есті ұрпақты тәрбиелеу ісімен шешілмек. [46]
Шығыс ғұламасы Әл – Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» делінген. Сондықтан да баланы өмірге бейімдеуде мектеп мұғалімдері мен ата-ананың орны бөлек. Тәрбие бүгінгі күнде білім берумен тәрбиелеудің жеке тұлғаға бағытталып жүргізілуі адамның белсенділігін, шығармашылық қабілетін, әлеуметтік жауапкершілігін, өмірде өз білімін іске асыру мүмкіндігін дамытуға қолайлы жағдайлар туғызуы қажет.
Бүгінгі мақсат — оқушы тәрбиелеуде ата- аналармен, қоғамдастықпен бірлесіп атқаратын жұмыстарды тиімді әдіс – тәсілдермен іске асыру және жағдай туғызу. Ондай жағдайды туғызатын мектеп, ата- ана, қоғам. Себебі , тәрбие жұмысында ата – аналармен өзара байланыссыз табысқа жету мүмкін емес.
Баланың жеке тұлғасының дара қасиеттерін қалыптастыруда отбасы үлкен мүмкіндіктерге ие. Олар күнделікті отбасылық өмірде, отбасының дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі,мен тарихы, отбасы мүшелерінің ортақ қызығуы мен мақсат – мүдделері арқылы іске асады. А.С. Макаренко: «Тәрбие баламен сойлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл кеңес берумен шектелмейді.Тәрбие – тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі, өнеге көрсетуінде» , — деген.
Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, қоғамдастықпен мектептің бірлескен әрекетінде екені еш уақытта күмән туғызбайды. Отбасы мектеппен бірлесіп оқу-тәрбие үрдісінің не табысты, не табыссыз болуын анықтайтын тәрбиеленуші факторларының маңызды кешенін туғызады. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекші негізгі рөл атқарады. Сынып жетекші ретінде өзім сынып ұжымындағы әр алуан тәрбиелеудің түрлері арқылы мектеп пен бала арасындағы қарым- қатынасты ұйымдастырып, әр оқушының жеке өзінің ерекшелігін көрсете білуіне жағдай жасап, өз қызметінің оқу тәрбие жұмысының бірыңғай жүйесінде жүзеге асырамын.
Ата-аналар болса сынып жетекшісінің серіктері. Мектеппен бірлікте олар қоғамымыздың негізгі тәрбиелеуші күшін құрайды. Мектеп пен ата- ананың тәрбие жұмысындағы ынтымақтастығын жылдан- жылға заман талабына сай нығайту қазіргі заман талабына сай нығайту қазіргі кезеңнің басты міндетіне айналып отыр. Ата- анамен жүргізілетін сыныптағы сынып жетекшісінің міндеттері ұлан- асыр. Өзім сынып жетекші ретінде өз сыныбымның ата- аналарымен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Ата- аналармен тығыз байланыста болу үшін, ең бірінші оқушының отбасын зерттеп, жағдайын тексеремін. Отбасы мүшелерін, әлеуметтік –материалдық, тұрмыстық жағдайларын, мектеп ісіне деген қызығушылықтарын туралы толық мәлімет жинаймын. Отбасын білу тәрбие мәселесін табысты шешуге мүмкіндік туғызады. Алғашқы ата-аналар жиналысында ата- аналармен танысып, ата-аналар комитетін сайлап, жұмыстың жоспарымен, мақсат міндеттерімен танысып, өзекті мәселелерді талқылаймын. Ата- аналармен тұрақты байланыс орнатып, мектептегі қоғамдық жұмыстарға қатыстырып отырамын. Мектеп ұйымдастыратын оқу –әдістемелік процестің мазмұнымен және әдістемесімен таныстырып, ата-аналарды психологиялық- педагогикалық жағынан хабардар етіп, ата-аналарды балалармен бірге жасалатын іс- әрекеттерге тартып отырамын. Мектептегі іс- шараларға, жарыстарға ата-аналарды қатыстырып, оларды мектептің қоғамдық жұмыстарына жұмылдырамын. Бұл жұмыстарға ата-аналар әр уақытта қызығушылықпен қатысып отырады.
«Бала тәрбиесі баршаға ортақ», «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі», тағы басқа тақырыптағы дөңгелек үстел, кездесу кештер, семинарлар өткіздім. Бұл кездесулер бала тәрбиесіне үлкен ықпал етеді. Жанұялық жарыстар «Шаңырақ», «Әкем және мен», «Жарасымды отбасылар» сайысын өткізу дәстүрге айналған. Мұндай жарыстар ата-аналарды оқу орнымен жақындастырып, оқушыларға жан-жақты тәрбие беруде қолайлы әлеуметтік орта қалыптасады. Сонымен қатар ата-аналардың сыныппен бірге серуенге, саяхатқа, кездесулерге баруын ұйымдастырып отырамын. Сыныптағы жеке оқушылармен, қиын оқушылармен жұмыс жүргізгенде ата-ана комитетінің көмегі зор. Педагогтердің, ата-аналар мен балалардың бірлескен әрекеті табысты болу үшін барлығы да бірлескен оң көзқарас, ұйымдаса, бірлескен жоспарларды жүзеге асырып, қорытындысын шығарып отыру керек. Тек өз күштерін біріктіру арқылы ғана мектеп пен отбасы балаға саналы, сапалы тәрбие бере алады.
Қорыта айтқанда болашақ қоғам мүддесі үшін еңбектене білетін, рухани ойлау дәрежесі биік, отан сүйгіш, еңбекқор, ізденімпаз, қабілетті адамды тәрбиелеу-мектеп пен ата-ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істегенде ғана үйлесімін табады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Тәрбие құралы №3 2012 ж
2. Тәрбие құралы №1 2012 ж
3. Бастауыш мектеп №1 2005 ж
4. Бастауыш мектеп №1-2 1999ж