М.Мөңкеұлы атындағы орта мектебінің 2-сынып оқушысы Хайроллаева Анелдің
«Бесік жыры- тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбында жазған ғылыми жобасына
Пікір
Оқушының «Бесік жыры- тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбында жазған ғылыми жобасы қазіргі таңда өмірде қолданыла бермейтін тың тақырыптардың бірі.
Ол бұл ғылыми жұмысында тәлім-тәрбиенің бүгінгі көрінісі өз халқының өткені мен бүгініне байланысты екендігін түсіндіре алған. Сәбиіне баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі, бесік жырының тәрбиелік мәнін және қазіргі таңдағы бесік жырын айта алмайтын аналар туралы айтылған. Бесік жырының басты қызметі мен тәрбиелік мәнін ашып көрсеткен.
Жұмысында ауыл әжелерінің айтқан бесік жырлары енгізілген. Бір-біріне сазы да, сөздері де ұқсай бермейтін, бірінен-бірі асып түсетін осы бір «әлди әндерді» жазып алып, жинақ етіп шығару қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді- деп қорытындылаған.
Мектеп директоры: Р. Рысбаева.
Ғылыми жетекшісі: Г. Тулегенова.
Аннотация
Зерттеу мақсаты: Бесік жырының сырын ашып, оның тәрбиелік
мән-мағынасын түсіну. Бесік жырының сәби тәрбиесіндегі орнын көрсету.
Зерттеу міндеттері:
1. Қазақтың даналығы мен тапқырлығынан туындаған «Бесік жырының» тарихына зер салу
\2. Бесік жырының бала тәрбиесіндегі маңызына тоқталу
3. Сыныптас достарыма «Бесік жыры» туралы айтып түсіндіру, іздену жұмысымызбен таныстыру.
Зерттеудің әдісі: Зерттеу, бақылау, іздену, әдебиеттермен жұмыс.
Зерттеудің жаңалығы: Кейінгі кездерде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлеңге әуестенбеуінің бір себебі – бесік жырының ұмытылуында.
Қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын сәбиінің бойына сіңіре білуі.
Зерттеудің өзектілігі:
Бұрынғы ата-бабаларымыз «Бесік жырын» тәрбиенің қайнар көзі деп танып, оған үлкен мән берген. Ал қазіргі кезде бесік жыры мүлдем айтылмай жүр. Оның үлкен тәрбие құралы екені ескерілмей барады.
Сондықтан, мен өз жұмысымды кішкентай болсам да, осы бесік жырының қазіргі заман жастарының құлағында естулі, ауыздарында айтулы болсын деген мақсатпен зерттедім.
Зерттеу нәтижесі: егер біз бесік жырына көп мән беріп, оны тыңдап, әуенге салып айтып отырсақ, ана тілімізге деген құрмет арта түспек.
Зерттеудің қорытындысы: Сәби санасына ұлттық тәрбиені, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүрін сіңіртуге таптырмас құрал болып табылатын бесік жырының халыққа берері мол. Оны жаттап, айтып, таратып, түрлі нұсқаларымен танысу біздің болашағымызды нұрландыра түсері сөзсіз. Халық мұрасының ең бір биік үлгісі болып ел жадында жүрген бесік жырлары ұмыт болмай, әр шаңырақта шырқалуы керек. Арнасының кеңейіп, ғұмырының ұзақ боларына сенемін.
Жоспары:
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
2.1. Бесік жыры туралы не білеміз?
2.2.«Бесік жырын айтып беріңізші, әже…»
ІІІ. Қорытынды
ІҮ.Ұсыныстар
Ү. Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Қазақтар жас сәбиді бесікке салуды қуаныш етіп, тойлап өткізген. Онда айтылатын өлеңдерден жас баланың дені сау, ер-азамат болып өсуін халықтың тілейтіндігі де көрініп отырады. Кейіннен, бесіктегі жас баласын тербете отырып, аяулы ана көңіліндегі ой-арманын, жақсы тілегін білдіреді. Мұны халық «Бесік жыры» деп атайды.
Бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі. Бұл – әлемдегі ең тәтті, ең жұмсақ, ең сүйікті әуен. Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ десе де болады және бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Тіпті, кейбір елдерде ана өз баласына арнайы бесік жырын шығару керек, ал сәби оны өле-өлгенше жеке әні деп қабылдап, сақтауы керек.
Дәстүрлі бесік жырлары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: “Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!” деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының Бесік жырлары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы мен саз-әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру.
Халқымыздың ұлттық дүниетанымы мен мағлұматының, нәрестенің жастайынан құлағына құйып өскен тағылымының бірден-бір айнасы есептелінетін жырларының бірі – бесік жыры. Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл-күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі.
Тәлім-тәрбиенің бүгінгі көрінісі өз халқының өткені мен бүгініне дұрыс байланыс арқылы іске асады. Соңғы жылдардағы тарихи өзгерістері есепке ала отырып, бұл күндері бүкіл ел болып өткендегі адамдық қасиетті құрайтын барлық жарқын, өшпейтін озық дәстүр-салтымызға, әдет ғұрпымызға, кәде сыйымызға, жол-жоралғымызға іздеу салып, ең қажеттерін ғасырлар қойнауынан аршып ала бастадық.
Бауыржан Момышұлы атамыз «Балаларға бесік жырын айтатын келіндердің, ертегі айтатын әжелердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірегі көр бола ма деп қорқамын», – деп бесік жырының бала тәрбиесіндегі маңызының зор екендігін айтады.
Негізгі бөлім
1.Бесік жыры туралы не білеміз?
Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Қазақтың музыкалық-поэтикалық фольклорындағы тұрмыс-салт әндерінің арасында кең тараған. Бесік жыры екі түрлі міндет атқарады:
1) сәбиді жұбату және оның болашағына деген ата-аналық тілегін білдіреді;
2) ананың балаға деген мейірі, махаббаты, ой-арманы, ізгі ниеті, халықтың ақыл өсиеттері айқын керінеді. Өлеңі 7-8, кейде 11 буынды ән түрінде құрылады. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бала тәрбиесінің ажырамас бөлігі, әрі қайнар бастауы болып табылатын бесік жырын сәбиге аналарымыз, әжелеріміз бесікті баяу тербетіп отырып айтады. Бала бесік жыры арқылы алғашқы өмір әуендерін құлағына сіңіре бастайды. Кішкентайында бесік жырының мазмұн-мәнін бірден қабылдап кете алмайтыны сөзсіз. Баланың өсу, жетілу деңгейіне қарай бесік жырының мазмұны да өзгеріп отырады. Оны орындаушы сәбидің жасына, ұл не қыз екендігіне, мінезіне, отбасының тұңғышы немес кенжесі екендігіне, т.б. ерекшеліктеріне байланысты түрлендіріп жібереді. Мысалы, ұл балаға:
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
немесе,
Айналайын күн бөпем,
Бурыл тайға мін, бөпем!
Ақ қызы бар үйінде,
Ақылбайдың үйіне
Бұрала барып түс, бөпем,
Қымызынан іш, бөпем! –
деген жолдарды арнайды. Бұл жырлар ұл бала ештеңеден қаймықпай, батыл болып, елінің қамын ойлайтын, ат құлағында ойнайтын нағыз жігіт болып өссін деген ниетпен айтылады. Әжелеріміз бен аналарымыз оларды айналып-толғанып еркелетуден гөрі, осындай батырлыққа шақыратын сөздерді көбірек айтатынын аңғарамыз.
Ал, қыз балаға айтылатын өлең жолдары бұдан өзгешелеу болып келеді. Мысалы:
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?!
немесе,
Айдай ару боларсың,
Шолпы, шашбау тағарсың.
Анаң айтар ақылды,
Шырақ қылып жағарсың.
Бұл жолдардан «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген халық мақалының жалғасын байқаймыз. Яғни, ұлдың әкеден өнеге алуын, қыздың ананы үлгі етуін үндейді. Бұның бәрі – сәбидің болашағына деген ананың үлкен үміті, сенімі, тілегі. Мұны тыңдап өскен сәби шебер болуға, шешен сөйлеуге, ата-ананың осы сенімін ақтауға талпынып өседі.
Қоғам дамуына байланысты болатын елеулі тарихи оқиғалар халық тұрмысына, әрбір шаңыраққа өзінің әсерін тигізіп отырған. Бесік жырының кейбір нұсқаларында аналарымыз сол тарихи жағдайларды бөбекті әлдилеп отырып, жырларына арқау еткен. Қазақ халқы басынан өткерген жаугершілік кезең, қиын-қыстау кеңеңдегі ел тұрмысы да айтылып қалады. Бұл өлеңдер балаға ел тұрмысы, халықтың жағдайы құлағына сіңіру үшін айтылатын болған. Сол елдің қамын жеп, тұтқасын ұстау, жаудан сескенбейтін батыр ұрпақ болып өссін деген ата-ананың тілегі осындайда сөз болған.
Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезеңінде аналарымыз бен әжелеріміз балаларды былайша уатқан екен:
Фашистті қызыл әскер жеңер ме екен,
Әскерден әкең аман келер ме екен?
Әскерден әкең аман келер болса,
Бөпешім езу тартып күлер ме екен?
Әлди, бөпем, әлди-ай,
Көкең аман келсін-ай.
Бұл өлең жолдары баланы ерлікке үндеумен қатар, соғыста жүрген жақынына деген тілегі көрінеді.
Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен…
2.2.«Бесік жырын айтып беріңізші, әже…»
Бесік жырының аймақтық, өңірлік ерекшеліктері де жетерлік. Әр ауылдың, тіпті әр әженің айтатын жырлары бір-біріне ұқсай бермейтінін байқаймыз. Ауылымыздың тұлымды ұл, бұрымды қыз өсіріп, немере-шөбере өрбітіп, бүгінде ақ жаулықты асыл әже атанып отырған қарияларының аузынан бесік жырын тыңдап, өзімше сұхбат алдым.
«Қандай бесік жырын білесің?» дегенде, бірден есімізге мына жолдар түсетіні анық:
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
Бұл жырдың әуені баяу ырғақты, бәріміздің құлағымызда кішкентайымыздан жатталған сырлы саз. Алайда, бесік жырының әжелерімізден өзгеше әуен, басқаша жырлар байқадым.
Бүгінде жасы 90-ға таяса да, мақал-мәтел, өлең-жырларды жатқа айтатын Қалима әжеден бесік жыры туралы тың мәліметтер алдым. Ол кісі әңгімесін былайша өрбітті. «Өзіміз кішкентай кезімізден аналарымыздың, әжелеріміздің аузынан бесік жырын көп еститінбіз. Сөздеріне мән беріп ойлап отырсам, тоқтықты, тыныштықты, мал-жанның аман болуын тілейтін бата секілді болып келеді екен. Немерелерімнің барлығын бесікке бөлеп, бесік жырын айтып өсірдім.
Балам менің қайда екен?
Қыздарменен тойда екен.
Тойда болса, тойласын,
Орамалын майласын.
Қызыл алма қолында,
Қыздар оның соңында,
Әнін айтып жүр екен, — деп сол баяғыда құлағыма сіңген әуенмен айтамын. Бұл өлеңдер бір жағынан күлдіргі, сөздері балаға түсінікті болғандықтан, балалардың тілінің тез шығуына да жақсы әсерін тигізеді», — дегенді айтты. Қалима әжеден естіген бұл өлең расымен, тыңдағанда құлаққа өте жағымды, жаттауға да ыңғайлы. Баланың осы сөздерге алданып, алаңдап, күлкіге батары сөзсіз. Сонымен қатар, әжеміз
Көк сиырдың сүтінен,
Көже жасап берейін.
Дәмін оның кім татар?
Жыламаған ұл татар, — деген өлеңді айтып берді. Бұл да қалжыңға құрылған, сәбидің құлағына тез сіңіп, тез жатталып қалады.
Ауылдағы тағы бір асыл әжеміз Талшын әже – бүгінде шөберелеріне бесік жырын айтып ұйықтатып жүрген қария. Бесік жырын тыңдап өскен бала жаман болмайды. Бесік жыры тұнып тұрған тәрбие ғой. Өзім балаларыма, немерелеріме бесік жырын айттым, бүгінде шөберелерім де бойларына, саналарына сіңіріп өсіп келеді. Үлкен шөберелерім жаттап ап, кішкентайларына айтуға жарап қалған. Баланың тез ойлап, тез өсуіне таптырмас дүние. Келіндеріме де бесікті құр тербетпей, әндетіп, баяу әуенге салып, білген өлең-жырларды айтып отырыңдар деп үнемі ескертіп отырамын» — деп, қызықты әңгімесімен бөлісті. Сонан соң мынадай өлең жолдарын айтып берді:
Бөпем менің ай ма екен.
Шекер ме екен, бал ма екен.
Ойнақтап бір бәйгеден,
Озып келер тай ма екен?
Тас бұлақтар тауда екен,
Жас құрақтар сайда екен.
Көлбең-көлбең ұшатын
Көбелектер қайда екен?
Қара қарға қарда екен,
Жапалақтар жарда екен,
Балпаң-балпаң басатын
Балапандар қайда екен?
Әй-әй бөпем, әй бөпем,
Ұйықтадың ба, бал бөпем?
Әсем әуенмен өрілген бұл ән де құлаққа өте жағымды. Абай атамыз айтатқандай, құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй осындай болса керек?!
Бұл жердегі мақсатым — өзіміз сияқты оқушылардың бесік жыры туралы кеңірек мағлұмат алып, біліп, көріп алсын деп ойладым.
Мен келесі сұхбатты өз анамнан алдым. Анам мені және бауырларымды бесікке бөлеп, бесік жырын айтып өсірген. Анамның айтатын бесік жыры халық әндеріне ұқсас болып келеді екен.
Ауылым көшіп барады Алмалыға,
Кім көнбейді тағдырдың салғанына.
Көрмегелі көп айдың жүзі болды,
Ата-анамның хабарын алмағалы.
Әй, әй, бөпем, кейін қалған елімді көрер ма екен-ай.
Туған жердің сағынып топырағын,
Көз алдыма келеді сол тұрағым.
Ата-анамды аяулы аңсағанда,
Ақ бөпемді аялап отырамын.
Бұл өлеңде сәбиін тербетіп отырған ананың алыста қалған туған жеріне, ата-анасына деген сағынышы қоса айтылады.
Міне, қазақ тәрбиесінің күре тамыры болып саналатын бесік жырының біз білмейтін нұсқаларының көп екенін тағы да аңғардым. Тіпті, әр әженің, әр ананың өзгелерге ұқсамайтын өлеңдерінің бар екенін көре аламыз.
Сонымен қатар бүгінгі таңда қазақ эстрада әншілерінің орындауындағы бесік жырлары халық арасына кең тараған. Мейрамбек Беспаев ағамыздың орындайтын «Әлди-әлди, ақ еркем» деген әсем әні халық өлеңдерінің сазымен айтылып, тыңдарманға жақсы әсер қалдырады. Сол сияқты Медеу Арынбаев ағамыздың
«Батыр болар ма екенсің алып тұлғалы,
Ақын болар ма екенсің жазар жыр-әнді.
Әкім болар ма екенсің елін сыйлайтын,
Аман болшы, балапаным» — деп келетін әнін нағыз бүгінгі күннің бесік жыры десек болады. Жоғарыда келтірілген мысалдарға ұқсас бала болашағынан зор үміт күтетін ата-ананың балаға арнауы. Жасынан осындай тәлімді сөздерді санасына сіңіріп өскен баланың болашағы да зор болары анық.
Жоғарыдан байқағанымыздай, бесік жыры халық ауыз әдебиетінде көлемінің молдығымен, нұсқаларының көптігімен телегей-теңіз орын алып, халықпен бірге жасасып, жаңарып келе жатқан үлкен арналы сала. Ол туралы зерделеп, мәліметтер жинақтай бастағанда осыған көз жеткіздім.
Мен осы тақырыпты зерттеп материалдарды жинақтау мақсатында бесікке байланысты айтылатын ырымдардың да бар екендігін білдім .
-Бесікті сәбисіз құр тербетуге болмайды.
-Бесікті бос кезде бүркеулі ұстау керек, ашық ұстауға болмайды.
-Өз отбасындағы бесікті біреуге сатуға болмайды.
Қорытынды
Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл-күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі. Ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деуі тегін емес. Бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Алайда соңғы жылдарда бесік тербетіп отырып бесік жырын айтатын әже, ана азайды. Бесік тербететін баланың өзі бөпесін өлең айтып ұйықтататын. Бұрын ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендер де құлағын салып тыңдап отыратын. Кейінгі кездерде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлеңге әуестенбеуінің бір себебі – осы бесік жырының ұмытылуында болса керек деп сұхбат алған әжелер айтқан болатын.
Мен осы шағын зерттеу жұмысымды жазу барысында, қазақтың даласындай дархан дәстүріміздің қайнар бастауы бесік жырын өз деңгейімде түсінуге тырыстым. Ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан тәрбиенің күре тамыры болып табылатын бесік жырының тарихы өте тереңде жатыр. Жылдар ағымымен сан түрлі өзгеріске ұшырап отырса да, бүгінгі күнде әр шаңырақта шырқалып, жаңарып, жасарып келетіні қуантады.
Ауыл әжелері айтып берген біз естімеген, ешқандай жинақтарға енбеген бесік жырлары оның түрлерінің молдығын дәлелдейді. Бір-біріне сазы да, сөздері де ұқсай бермейтін, бірінен-бірі асып түсетін осы бір «әлди әндерді» жазып алып, жинақ етіп шығару қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді. Әжелеріміз айтқан осындай асыл сөздер тек бір шаңырақтың емес, бүкіл халықтың игілігіне жарап, тәрбие құралына айналса, біз секілді болашақ ұрпақтың ертеңінің жарқын болары анық. Сәби санасына ұлттық тәрбиені, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүрін сіңіртуге таптырмас құрал болып табылатын бесік жырының халыққа берері мол. Оны жаттап, айтып, таратып, түрлі нұсқаларымен танысу біздің болашағымызды нұрландыра түсері сөзсіз. Халық мұрасының ең бір биік үлгісі болып ел жадында жүрген бесік жырлары ұмыт болмай, әр шаңырақта шырқалуы керек. Ынтымағы мен бірлігі шалқыған Отанымызда бесік жыры шаттықтың нышанындай болып шырқала берері анық. Арнасының кеңейіп, ғұмырының ұзақ боларына сенемін.
Менің ұсынысым:
1. «Бесік жыры» өлеңдері кітапша ретінде шығарылып, аналарға
тегін таратылса;
2. Әр шаңырақта «Бесік жырының» үнемі айтылуы дәстүрге енсе;
3. Өз сыныптастарымды «Бесік жырын» жатқа айтуға шақырамын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан
Атамұра 2010 жыл
2. Интернет мәліметтері
3. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы (2-том)
4. Зейнеп Ахметованың жазбаларынан
5. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» С.Қалиев 1993 жыл, Алматы
6. Әдебиеттік оқу 2-сынып Алматы «Атамұра» -2013 жыл.
7. Әдебиеттік оқу хрестоматиясы 2-сынып Алматы «Атамұра» -2013 жыл.
8. «Тәрбие құралы» журналы №4, 2005 жыл[bws_related_posts]