Басы » Блог » Кішкентай жүректегі үлкен сағыныш! (әңгімелер жинағы)

Кішкентай жүректегі үлкен сағыныш! (әңгімелер жинағы)

 Ы.Алтынсарин атындағы ЖББО мектеп

Кішкентай жүректегі үлкен сағыныш!

(әңгімелер жинағы)

Авторы: Кубашова Шынар Конарбаевна

О, табиғат, құдіретті сен – ана,

Әркез маған бола білдің сен пана.

Тіршіліктің пендесінің бәрі де

Болсын мәңгі қорған ортақ анаға.

Табиғатпен сырлас болайық!

Табиғат қандай тамаша еді! Айнала көптеген әуендерге толы. Құстың сайрағаны, жапырақтардың сылдыры бейне бір маған құпия сыр айтып тұрғандай. Ауыл табиғатына тамсанбау мүмкін емес. Айнала жасыл кілем төсегендей, ағаштар барлығы билеген арудай ырғалады, ал жемістер сол ағашқа бақыт сыйлап тұрғандай көрінеді.

Егер біз табиғатты сезіне білсек, оның бізге айтар сыры өте көп. Әрине табиғат сөйлей алмайды. Бірақ біздер оны түсіне білуіміз керек. Мысалы, біздер өз тілімізден басқа тілді білмейміз, бірақ оны үйренеміз және түсінеміз. Міне, табиғат тілі де сол өзге тілдің бірі секілді. Оны сезіне білмеген адам ешқашан тілін де түсінбейді.

Менің достарыма, қоршаған адамдарға айтарым табиғат тілін әрдайым түсіне біліңдер. Табиғатты аялаңдар. Табиғат адамсыз, ал адам табиғатсыз өмір сүре алмайды.  Бәріміз де адамбыз, бірақ әр адам әр түрлі: біреулердің түсінігі мол болса, ал енді біреулер қатігез болып келеді. Қандай өзімшіл, қатігез адам болса да, ол табиғатсыз өмір сүре алмайды. Сондықтан достар адам табиғаттың бір бөлшегі екенін есімізден шығармайық!

 

Саяхаттағы қорқыныш.

 

Ауылдың жазы… Бүгін тамаша күндердің бірі. Өткен күні біз ұстазбен, сыныптастармен бірігіп өзен жағасына, табиғат аясына дем алуға баратын болып келістік. Енді міне сол сағаттар да жетті.

Табиғат аясындағы демалыс қызықты өтеді. Біз сыныптастар жылда да жазғытұрым осындай саяхаттар ұйымдастыратынбыз.

Бір жыл уақыт өтіп, сағындырған саяхатқа асықтым ба бүгін тым ерте ояндым.  Тұрып далаға шықтым. Өріске кетіп жатқан малдың шуы, қораздың таңғы айқайы, мал қайырған көрші – қолаңның дауысы бәрі өзінше үйлесім тауып жатты. Міне, қызық, бұрын ерте оянып көрмеппін, ауылдың таңғы өмірінен бейхабар екем ғой деп ойланып отырдым.

Содан, анамның әзірлеп қойған таңғы асын іштім де саяхатқа даярландым. Сағат жеті болсымен мектепке қарай бет алдым. Жолдан сыныптағы Ернарды кездестірдім, екеуміз бүгінгі өзімізді күтіп тұрған қызықтарды әңгімелеп, мектепке шапшаң жетіп қалдық.

Мектеп ауласында ұстазым мен барлық сыныптастар жиналған екен. Бәріміз әндетіп жолға шықтық. Міне балалық шақтың қызықтарының бірі осы еді. Өзен жағасына келіп жайғастық.  Музыканы қосып, түрлі қызықты ойындар ойнадық.

Күн төбеге көтерілген шақ. Сыныптағы ер балалар суға шомылуға түсті.  Біздің ауылдың жан жағы көл болатын. Сондықтан болар балалардың көбі суға жүзуге жаттыққан. Қыз балалар өзен суына түсуге жүрексінді.

Біздер ұлдарды сыртынан бақылап отырғанбыз. Бір кезде суда жүрген балалар шуласып кетті, назар аударсақ Тоқтар деген бала жағаға жете алмай, су жұтып жатыр екен. «Құдайдың сақтағаны болар» — дейді кейін ұстазымыз. Сол кезде өзенде резенке дөңгелекпен балыққа тор құрып жүрген ауылдың бір кісі болған, сол келіп Тоқтарды құтқарып қалды. Сынып оқушылары түгел болған оқиғадан шошынып қалдық. Қорыққанымыздан тез жинала бастадық. Бұрын мұндай жағдайды көрмеген біздің жүрегіміз аузымызға тығылып, буынымыз босап қатты сескеніп қалдық.

Осы оқиға барысында мен өз ұстазымның жігерлілігіне таң қалдым. Ол өз қорқынышын сездірмеді. Көмек шақырды. Тоқтарды құтқаруға атсалысты. Соңынан шошып қалған біздің есімізді жинауға көмектесті. Міне, ұстаз деген осындай болса керек.

 

 

 

 

 

 

 

Кішкентай жүректегі үлкен сағыныш!

Жазғы демалыстың бітуіне санаулы күндер қалған кез болатын. Бүгінге дейін тұрып жатқан ауылымнан көшетінімді білдім. Бұл хабар маған жайсыз әсер етті. Бірақ, іштей өзімді өзге мекенге дайындай бастадым.  Кейде ауылыма қимастық сезіммен қарап та аламын.

Бірінші қыркүйек күні де болды. Таңертең сағат сегіздерде жиналып, мектепке бардым. Мектеп ауласына кіргенімде ерекше бір сезімде болдым. Ол сезім менің көз жасыма ерік бергендей. Сыныптастарыммен сөйлесіп, жақында кететінімді айттым. Олар да мені қимағандай болды. Бірақ амал не? Өз мектебімде екі апта сабақты жалғастырдым. Осылайша уақыт өтіп жатты. Әттең, уақытты тоқтататын менің сиқырым бар болса ғой, шіркін!

Міне, бүгін біздің туған жерден көшетін күніміз келіп жетті. Бұл күн он бесінші қыркүйек болатын. Ауылдан шығып барамыз. Мен өзімді жайсыз сезіндім. Жолда «басқа жерге қалай үйреніп кетер екем?» деген ойлар мені мазалады. Ойланып отырғанымда бірнеше сағаттар өтіп, Тасқала ауданына да келіп қалыппыз. Мен Айнабұлақ ауылына бірден барғам жоқ. Он күнімді Тасқалада өткіздім.

Алғаш жаңа елді мекенге келген күнім… Қызық. Ауыл кішкентай екен. Мектебі де өзіне сай шап – шағын. Мен сыныпқа келіп, оқушылармен таныстым. Бәрі де бір үйдің балалары сияқты, ұйымшыл, бауырмал екен. Мен оларға тез үйреніп кеттім.

Алғашқы ай дегенмен өз салқындығын білдірді. Ортаға үйренуіме өз анамның көп әсері болды.

Міне, қызық адам бәріне де үйренеді екен. Қазіргі уақытта Айнабұлақ менің туған ауылым сияқты болып кетті. Бірақ, туған жерге жететін өлке  жоқ болар сірә. Туған жерімді сағынып, ол жаққа барғым келіп тұрады. Мен бұрын ауылдан жыраққа шыққанда  бес – он күнге әрең шыдаушы едім. Ал енді мен ол жерден мәңгілікке кетіп қалдым. Жылына бір-екі рет баратын шығармын. Көктемгі каникулды асыға күтудемін, туған жерімнің топырағына аунап қайтатын.

Туған ауылыма деген сағынышымды сөзбен жеткізе алдым ба білмеймін. Осындай сағынышқа толы сезіммен күндерді өткізіп жатырмын.

Таза болса табиғат, аман болар адамзат.

       Ақ қағаз, ақ мата, аппақ қар мен ақ мақта адамды тазалыққа тартады. Адам шыр етіп дүние есігін ашқанда оның жаны да дәл осындай аппақ, тап – таза болары хақ.  Күндер мен жылдар алмасқан сайын, ақ беттерде қара жолақтар жиілей бастайды. Тіптен көбейіп те кетеді.  Сонда осы қара жолақтар неден пайда болады? деген сұрақ туындайды.

Әр адам есею барысында ең алдымен ананы,  содан соң отбасы мүшелерін танып біле бастайды. Осылайша ол қоғамға аяқ басады. Ақ қағаз ең алдымен отбасылық жағдайлардан, мұндағы келеңсіз оқиғалар салдарынан ластана бастайды.   Қоршаған қоғам мүшелерінің әсерінен ақ бетте қара дақтар көбейеді. Осыдан адамдарда «қара ниет» деген ұғым пайда болады.  Көп жағдайда біз оған қателік деп қараймыз. Бірақ әр кеткен қатенің артында бірнеше нашар ой, төмен көзқарастың қалыптасып жатқанына еш назар аударып жатпаймыз.

Қазіргі уақытта жер шарында проблема болып жатқан экологиялық жағдайлар да айлар, жылдар, ғасырлар өткен сайын адам қолымен жасалған жағдайлардың салдары десек қате болмайды. Яғни жан тазалығы мен қоршаған орта тазалығын да лайлайтын ол – адам.

Біз адамдар –тіршіліктің ең саналы, ең қабілетті мүшесіміз. Дегенмен қоршаған орта түгілі өз жанымыздың тазалығын сақтай алмаймыз. Ақыл мен айланы ажырата алмайтын кездер көп кездеседі. Сәбилік пәктіктің 0,1 пайызын болса да сақтап қалғымыз келсе, ең алдымен өзіміздің «Адам» екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Әр адам адамдық қасиеттің бір ғана түйірін бойында сақтап қала алса, бүгінгідей экологиялық проблемалар болмас еді.

Ең бастысы әр бала экологиялық сауатты болуы керек. Әр сәби жан тазалығына құштар болып өсуі керек. Өзге біреуден естіген әрбір қатты сөзден адам жаны  қалай жараланса,  әр тапталған көк шөп, әр сынған бұта, әр қанаты майысқан құстың да дәл осындай  сезімде боларын түсінуі қажет.

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» дегенді бәріміз білеміз. Адам да осы табиғаттың бір мүшесі болғандықтан басқа мүшелерімен тығыз байланыста болары түсінікті. Адамның он екі мүшесі сау болғаны қаншалықты маңызды болса, табиғатты да құрайтын барлық мүшенің амандығы бәріміз үшін маңызды болуы тиіс.

Құрметті достар! Әрқайсысымыз өзіміздің деніміздің саулығын, санамыздың тазалығын сақтай білейік.  Дәл солай табиғатты да аялауға үйренейік.  Табиғат таза болса, адамның жаны мен тәні де таза болатынына кәміл сенемін. «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деген ұранды есте сақтайық достар!

 

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *