Қазақстан Республикасы
Шығыс Қазақстан облысы
Зырян ауданы
«Зырян қаласының №9 орта мектебі» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі
Жумагулова Алия Масалимовна
Әдебиеттік оқу, 4 сынып
Сабақтың тақырыбы: Мұхтар Әуезов. Жетім
Сабақтың мақсаты: сабақтың негізгі идеясын ашуға жетелеу.
Міндеттер: шығарманың негізгі ойын ашуға ықпал ете отырып,
ой-өрісін дамытуға, өздіктерінен қорытынды шығаруға жетелеу; көркем шығармаларды оқуға қызығушылығын арттыру, шығармашылыққа баулу; адамгершілікке, жанашырлыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру. — Балалар, көңіл-күйлерің қандай?
Топтарға бөліну «Шаңырақ» әдісі арқылы (Мұғалім бір жақ ұшы біріктіріліп түйілген ленталарды ұстап тұрады, оқушылар өздеріне ұнаған түсті таңдап, лентаның екінші жақ ұшын ұстайды. Сонда шаңырақ пайда болады).
— Балалар, бұл не пайда болды? (Біз барлығымыз бір шаңырақтың астында тұрмыз. Ол нені білдіреді деп ойлайсыңдар? (Ия, балалар, біз барлығымыз әртүрліміз, бірақ бір шаңырақтың астында, барлығымыздың мақсатымыз бір, барлығымыз тату, ұйымшылдықпен сабағымызды бастайық).
— Жаңа сабағымызды бастамас бұрын, мына жердегі дәйексөзге көңіл аударайық: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді адам емес» (М. Әуезов).
— Бұл сөздерді қалай түсінесіңдер? (Әр ұлт өз тілін білу керек. Өз тілін білген адам, өзінің өткенін біледі. Өткені дегеніміз ол — тарих, тарихтың айнасы — әдебиет. Біз одан оқып білеміз).
Сабақтың мақсат-міндеттерін қойып, табыс критерийлерін ұсыну.
— Бүгін сабақта Мұхтар Әуезовтің «Жетім» деген шығармасымен танысамыз. Төмендегідей табыс критерийлерін ұсынғым келеді:
- Шығарманы оқып, мазмұнын түсіну.
- Шығарманы талдай отырып, негізгі ойын ашу.
- Шығармашылықпен белсенді жұмыс жасау.
Қызығушылықты ояту кезеңі
— Ал қазір мына сызбаға назар аударыңдар. «Жұптасып оқу, жұптасып талдау» арқылы автор туралы мәліметтер жинаңдар.
— М. Әуезов туралы мәліметті сендер толық алдыңдар деп ойлаймын. М.Әуезов туралы не білдіңдер? (Мұхтар Әуезов (1897 — 1961ж) Шығыс Қазақстан облысында Абай ауданында туды. Қазақтың ұлы ғұлама жазушысы. Ұлы Абайдан үлгі өнеге алды. Драматург. М.Әуезовтің бүкіл әлемге тараған 4 томдық роман эпопеясы «Абай жолы» деп аталады.
Қосымша мәліметтер беру. Әкесі Омархан мен атасы Әуез сауатты кісілер болған. Атасы Әуез бен әжесі Дірнәсілдің тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушы да атасы. Ол сол арқылы алты жасынан Абайдың өлеңдерін жаттап ауылдастарына оқып беретін дәрежеге жетеді. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1908-1913 жылдары Семейдегі орыс гимназиясында оқыды. 1923 жылы Ленинград университетінің филология факультетіне түседі. 1945 жылы Қазақ Ғылым академиясының тұңғыш толық мүшелерінің бірі. Жазушының шығармалары әлемнің 27 тіліне аударылды.
— М.Әуезовтің қандай шығармаларын білесіңдер?
— М. Әуезовтің балаларға арналған «Көксерек» әңгімесі — адам мен табиғат арасындағы байланысты көрсететін шығарма. Ал бүгін Мұхтар Әуезовтің «Жетім» деген шығармасын оқимыз.
Ой қозғау — Балалар, сендер «жетім» деген сөзді қалай түсінесіздер?
— Сол замандағы сұрапыл соғыс кезіндегі тағдыр тауқыметінен жетім балалар көп болды. Әке-шешелері соғысқа аттанып, оралмады, балалар жетім қалды. Сондай баланың бірі — Қасымның тағдыры туралы М.Әуезовтің «Жетім» деген шығармасында көрсетілген.
Мағынаны тану кезеңі
Шығарманы тізбектей оқу: мұғалім — оқушы — мұғалім. Түсініксіз сөздерді белгілеп отырыңдар. Әр топта хатшы сайланып — Глоссарий құрады.
— Көңіл-күйлерің өзгерді ме? Неліктен?
— Қасым неліктен жеті түнде жалғыз, жаяу келе жатыр? Жеті түнде Қасымды айдап шыққан кім?
— Қасымның тағдыры неліктен қиын болды? Ол кімдерден қорлық көрді?
— Қасымның тағдыры не болды? Әңгіме неліктен «Жетім» деп аталды?
— Әңгіме қалай басталады?
— Әңгімеде қараңғы түндегі қорқыныш елесі қалай берілген? Қасымның көз алдына нелер елестеді?
— Егер сен Қасымның орнында болсаң, не істер едің?
— Қасымға жетімдіктен құтылудың қандай амалын айтар едің?
Ой толғаныс кезеңі
Топтық жұмыс:
1 топ. Табиғат пен баланың көңіл күйін суреттеуде қандай байланыс барын мәтіннен тауып, мына кестеге толтырып жаз.
Көңіл күйінің үндесуі кестесі
Табиғаттағы өзгеріс | Баланың көңіл күйі |
1. Қалың қара бұлт
2. 3. |
1. Жалғыз жаяу бала
2. 3. |
2 топ. Әңгіме бойынша құрылған мына жоспарды оның мазмұнына қарай реттеп жазу.
- Ағашқа сүйеніп қатып қалған бала.
- Қасымның әжесінен айырылуы.
3 Тау ішіндегі қорқыныш.
- Иса мен Қадишадан көрген қорлығы.
3 топ. Шығарма кестесін толтыру.
Шығарма аты, авторы | Шығарма жанры | Басты кейіпкері | Әңгіме желісі | Шығарманың идеясы және құндылығы | Балама ой |
|
(Оқиға желісі — Қасымның өмірден көрген қиыншылығымен басталды
Немен аяқталды? Қорқыныштан жүрегі жарылды. Қасымның өлімі.
Шығарманың идеясы және құндылығы: Әр бала өзінің ата-анасымен бақытты. Жетім көрсең жебей жүр. Ата-ананың қадірін бағалай білейік).
4 топ. Цитата — комментарий жазу: Күнсіз гүл өспес, күтусіз ұл өспес. Азамат жетім болмайды — халықтан болса панасы, халық жетім болмайды — басшы болса данасы.
Әр топтың жұмысы ортаға салынып, «Үш шапалақ» арқылы қошемет көрсетіледі.
— Өздерің автор рөлінде болсаңдар, әңгімені қалай аяқтар едіңдер? (топта ой бөлісіп, ортаға салады).
Мұғалім сөзі: Тоғыз жетім бар: Өмірде ата-анасы жоқ — бала жетім. Халқына сенімсіз болса — хан жетім. Хан ақылсыз болса — халқы жетім. Кеңесшісі ақылсыз болса — әкім жетім. Суы жоқ — құдық жетім. Ұлы жоқ — әке жетім. Қызы жетесіз болса — ана жетім. Досы жоқ — жігіт жетім. Шәкіртсіз — ұстаз жетім.
— Ал, қазір мен сендерді «Ашық микрофонға» шақырамын. (Оқушылар орындықтарын алып, үлкен шеңберге отырады. Мұғалім шеңбердің ортасында отырады. Екі микрофон пайдаланылады: біреуі мұғалімде, екіншісі оқушыларда).
— Балалар, қалай ойлайсыңдар, қазіргі кезде жетімдер бар ма? Олардың ата-анасынан айырылу себебі неде? Жетім балалар қайда тәрбиеленеді? Олардың жағдайы қандай деп ойлайсыңдар? Балалар үйінде қаншама жағдай жасалынса да, ата — ананың мейірім шуағына ешнәрсе жетпейді. Анасының қасында қара су ішкенге не жетсін! Тірі жетім деп айтып жатады, ол кімдер? Ана мейірімін көрмеген бала өмірге риза бола ма? (Бұл өмірде ананың ақ сүті мен мейіріміне жететін не бар? Оның мейірлене айтқан «Айналайын, құлыным, ботам, балапаным» деген жылы сөзі жаныңды ерекше сезімге бөлеп, бар бақытты сыйлады емес пе?! Ананың ыстық алақанына ештеңе де тең келмейді. Ресми деректерге сүйенсек, 80 мыңнан астам жетім балалар бар екен. Қаншама мың сәби үкімет қамқорлығында өсіп, ер жетуде). Ал қарт адамдар жетім болады ма? Неліктен? — Елімізде жетімдер саны азаю үшін қандай тілек айтасыңдар? (Ата-ананың қадірін бағалай білейік. Айналамыздағы адамдарға немқұрайлықпен қарамау т.с.с.).
— Ендеше, балалар, үйлеріңе келгенде ата-аналарыңды құшақтап, мен сіздерді қатты жақсы көремін — деп, бетінен сүйсеңдер, ата-аналарың бір қуанып қалады.
— Қай жерде жүрсеңдер де, өмірдің қиын тағдырына ұрынып, қоғамда өз орнын таба алмаған адамдарға жек көрінішті кейіппен қараудан аулақ болыңдар, өйткені ондай адамдардың арамызда көп болуына қоғамдағы Иса сияқты адамдар, біздер кінәліміз. Әке-шешенің қамқорына зәр болған, Қасым секілді құрбы — құрдастарыңа оң көзбен қарап, жанашырлық танытсаңдар, нұр үстіне нұр болатынын, өз мәртебелерің артатынын естеріңнен шығармаңдар. Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырады, — дейді. Ендеше, жетімін жылатпаған ел болайық.
Хормен : Слайдтан оқу.
Әрқашан күн сөнбесін,
Аспаннан бұлт төнбесін.
Қасымда болсын анам,
Болайын мен де аман.
Бағалау. Табыс критерийлеріне оралып, «Күн шуағы» әдісі арқылы өзін-өзі бағалау. Суммативті бағалау.
Рефлексия. — Сабақ ұнады ма? Не ұнады? Көңіл-күйлерің көтерілді ме? Оған не себеп болды?
[bws_related_posts]