Батыс Қазақстан обылысы
Бөкей ордасы ауданы
Жәңгір хан атындағы жалпы
білім беретін орта мектебінің
тарих пәнінің мұғалімі
Алмурзина Гулмира Жолдибаевна
«Махамбет — ерлік пен елдіктің өшпес рухы»
«Өз жерінің, өз елінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген халық сана — сезімінің өсуіне себеп болмақ »
Н.Ә.Назарбаев
Қай елдің, қай ұлттың болмасын өткен тарихы, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық мұрасы болады. Әр халықтың өзіндік өткен тарихы, сол тарих деп аталатын өмір соқпағының әртүрлі кезеңдерінде халықтың игілігі үшін өмір сүрген тарихи тұлғалардың болатыны белгілі. Тарих тағылым үшін қажет, өйткені өткенін саралап, бүгінін бағамдай алмағанның ертеңін ардақ тұтары неғайбыл. Барымызды бағалап, жоғалғанымызды түгендеудің маңызы зор. Ата аманатындай қастерлі Бөкей Ордасы өңірінің сан ғасырлық тарихындағы қатпарлы құпияның бетін ашып, жабулы жұмбағын шешу біздің перзенттік борышымыз. Орда өлкесінің тарихы — қалың. Ол әсем де бай табиғатымен ғана ерекшеленбейді. Сонымен бірге, күллі Қазақстан халқына көрнекті мемлекеттік қайраткерлер, әскери қолбасшылар мен халық батырларын сыйлаған, « Өнер алды-қызыл тіл» иелері, ақын-жырауларын ардақ тұтып, бармағынан бал тамған күйшілер шыққан өлке.
Бүгінде бүкіл халқымыздың мақтанышына айналған Құрманғазы мен Дина да, Исатай мен Махамбет те, өткен ғасырдың дарабоз ақыны Т.Жароков, бүгінгі дүлдүл ақындар Айбатыр, Ғайса-Ғали Сейтақтар және сахна өнерінің хас шебері Хадиша Бөкеева да, партизан Н.Байсейітова, ұшқыш-жауынгер Хиуаз Доспанова апаларымыз да осы өлкенің түлектері. Қос ішекті домбыраға тіл бітірткен Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтектер, Кеңес Одағының Батырлары М.Мәметова, Т.Масин, А.Құсайынов, 24-Социалистік Еңбек Ерлері шыққан, мемлекет қайраткерлері, «Тұңғыш қазақ Президенті» С.Меңдешев, сондай-ақ Махамбет пен Бисеннен кейінгі белгілі қазақ ақыны, жерлесіміз Т.Жароков, кеңес өкіметін құру жолында еңбек сіңірген А.Оразбаева, Х.Чурин, қазақ генералдары Р.Құрманғалиев пен Ш.Жексенбаев, композиторлар Б.Жұманиязов, Ш.Қажығалиев пен М.Сағатов, академиктер З.Бияжов пен Ф.Мұхамбетқалиев, Ғ.Зарипов, Т.Махимовтер қазақ халқының тарихи-құнды мұрасы. ХІХ ғасырлық ғимараттарды, ескерткіштерді сақтау жөнінде мәселе көтеріп, олардың үкімет тарапынан қорғауға алынуына қол жеткізген ағаларымызды осы Ордадан шыққанын кім білмейді? Өзге дара талантымыз қаншама?
Орданың тарихы тым тереңде жатыр. Бұл жерде небір батырлар мен даналардың ізі қалған, халықтардың қалыптасуына, адамзаттың дамуына күрт әсер еткен оқиғалар да өткен. Өткенге көз жіберсек, Ордада қазақ пен орыстың тарихына қатысты көп оқиғалар болған. XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында Қазақстанның батыс өлкесінде қаулап бой көтерген қазақ зиялылары ұлттық мемлекет құруға әрекет жасаған. Солардың арасында Исатай мен Махамбет ұлт-азаттық көтерілісі.
Өтемісұлы Махамбет (1804-1846) Ішкі Бөкей ордасы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауд. Нарын құмының Жасқұс жерінде туған. Қараой өңірі, қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданында. – қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы.
Махамбет ақын жастайынан ақындық өнерге кұмартып өсті. Асқан дарындылығына қалың жұртшылық бас иген. Махамбет тек от ауызды сөз шебері ретінде ғана ел кұрметіне бөленген жоқ, сонымен бірге, өзінің батырлығы, даналығы мен адамгершілігі арқасында да даңққа бөленді. Ол халық арасында болып жататын келеңсіз кұбылыстар мен келелі істерді өлеңдеріне арқау еткен.
Оның бейнелі де жалынды негізінен Шалкиіз, Сыпыра, Доспамбет, Қазтуған сияқты батыр жыраулардың үлгісінде шығарылған көтеріліс туралы толғаулар. «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» деген өлеңдерінде үстем тап өкілдерін бет-пердесін жырта шенесе, «Мұнар күн» өлеңінде ел басындағы ауыртпалықты күйзеле, ашына айтты. Исатай — ақынның кеп өлендерінің басты қаһарманы. «Тайманның ұлы Исатай», «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Тарланым», т.б. өлеңдерінде Исатайдың адамгершілігі, азаматтығы, батырлығы, қайсарлығы сипатталады. Махамбет айтулы күйші, сазгер де болған. «Өкініш», «Қайран Нарын», “Жұмыр – Қылыш”,“Қайран нарын”,“Жауға шапқан”,“Исатайдың ақтабаны –ай”, “Қиыл қырғыны” және “Жайық ақсу”,“Өкініш”,“Шілтелі терезе”,“Жорық күйі” т.б. күйлері күйтабаққа жазылды. Махамбет өлеңдері 1908, 1912, 1925 ж. Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларында жарық көрді. Шығармалары 1939-89 жылдар арасында 8 рет жеке кітап болып шықты, оқулықтар мен жинақтарға енді. Оның өмірі мен шығармашылығы жөнінде Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, Х.Сүйішәлиев, С.Қирабаев, Ә.Дербісәлин, Р.Бердібаев, М.Мағауин т.б. ғалымдар мен қаламгерлер зерттеулер, мақалалар жазды, пікірлер айтты.
Махамбет ақын – ұлт азаттығы үшін күрескер тарихи тұлға ретінде біздің Тәуелсіздігіміздің бастау көздерінің бірі ретінде саналады. Сондай қоғам қайраткерлігімен бірге, өзінің отты, жалынды өлеңдері арқылы бар өмірін туған халқының мұңын жоқтауға арнаған ардақты ақын.
Бүгінгі жас ұрпаққа Махамбеттің ақындығын, батырлығын, күйшілігін айта отырып, оларды елін, Отанын сүюге және өлке тарихын, тарихи-мәдени, табиғи құндылықтарын айта отырып, оқушының танымдық қызығушылығын оятуымыз керек.
Өз еліміздің тарихын жете білу, онда өмір кешкен жайсаң азаматтар немесе ұл-қыздар жөнінде хабардар болу, оларды құрмет тұтып, қадірлей білу — үлкеннің де, кішінің де борышы деп білемін. Қанша уақыт өзгеріп, қоғам жаңарғанымен, белгілі тұлғалардың есімдері мен еңбектері келер ұрпаққа үлгі болуы тиіс.
Ауылымыздың тарихын, шежіресін, әсем табиғат байлығын жоғалтпай, мақтанышпен қамқорлыққа алуымыз қажет. Тарихты білу- ғанибет, оны сезіну- перзенттік парыз. Сол мәңгілік тарихқа куә болып қана қоймай, оны жасауға қатысу- ұлы бақыт.
Қорыта келе Әбу Насыр Әл Фараби бабамыздың сөзімен аяқтағым келеді. «Тарихты білмей, өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» деп тарихтың маңыздылығына өте жоғары баға береді.
Тарихты білу әр адамға қандай қажет болса, туған өлке тарихын білудің маңыздылығы одан кем емес.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
«Аңыз адам» №9(21) мамыр. 2011ж.
- «Бөкей орда» кітабы«Қазақ тарихы» кітабы
- Орал өңірі 2004ж. 04.
- Бөкей Ордасы тарихи-музей кешенінің мұрағаттары
- «История Букеевского ханства»
- Орда жұдызы 2007ж. 06.
- «Қазақстан тарихы» З.Е.Кабульдинова, А.Т.Кайыпбаева
- Орал өңірі 2007ж. 09.
- Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы. «Арыс»баспасы 2002ж
- Орал өңірі 2007ж. 11.