Баяндама:«Өскелең ұрпақты толеранттылық мәдениетке тәрбиелеу»
Қазіргі уақытта қоғамның дамуына байланысты жас ұрпаққа білім беру, оларды тәрбиелеу және дамыту міндеттері барған сайын күрделеніп бара жатыр. Болашақ ұрпағымызды жан-жақты, ақыл-парасаты мол, ізетті, кішіпейіл, білімді, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу – ата-ананың, мұғалімнің, мектептің, барша адам баласының қоғам алдындағы борышы.
ҚР Президенті Қазақстан халқына Жолдауында «оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажеттілігін» ерекше ескерткен және олардың ең бастыларының қатарында «патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық,заңға мойынұсынушылық» аталып өткен, сонымен қатар, «бұл құндылықтар меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс» делінген.
Патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу отбасындағы тәрбиенің, мектепке дейінгі мекеменің, мектептің, ортаның, және түрлі қоғамдық ой-пікірлердің әсер етуімен қалыптасады.
Толеранттылық сөзінің астарында – шыдамдылық,басқалардың пікіріне, мінезіне және т.б. шыдамдылық таныту, достық қарым-қатынас, сабырлық, бейбіт көңіл-күй, құрмет, түсіністік, ортақ тіл табысу, келісім, өзгені өзіңмен тең көру, жұмсақтық жатыр. Адамдардың қарым-қатынас мәдениеті, яғни бір баланың екінші баланы сол қалпында қабылдауы, тең тұтуы үнемі орындалмай жатады. Баланың әлеуметтік жағдайының нашарлығы, оқу үлгерімінің төмендігі, дене бітіміндегі кемістік, ұлттық ерекшелігі, кейде тіпті діни өзгешелігі түрлі қақтығысулар мен шекісулерге, қарама-қайшылыққа алып келеді. Әр адамды түрлі кемшіліктерімен қабылдау немесе тең санау кез-келгеннің қолынан келмейді. Толеранттылықты қалыптастырудың негізі – достық пен бірлік. Сондықтан оқушылардың арасында жағымды қарым-қатынас орнату, бір-бірін сыйлауға, адал дос болуға және қоршаған ортамен сыйлас болуға үйрету, коммуникативті өрісті дамыту қажет.
Толеранттылыққа тәрбиелеу, бұл – адамгершілік парыз, ерекше құқықтық және адамды рухани өсуге жеткізетін жол. Бірақ, толеранттылықты тәрбиелеу бойынша міндеттерді табысты шешу үшін педагогтың өзі толерантты болу керек, толеранттылыққа үйреніп, оның мәнін оймен және жүрекпен ұғыну қажет.
Толеранттық қарым-қатынасты қалыптастыруда мұғалім қызметінің мәні – оқушылардың коммуникативті құзіреттілігін арттыруға жәрдемдесу, яғни сұхбаттасуға дайын болу, басқалармен бірге шындықты іздеу және шындыққа мұқтаж әрбір адамға түсінікті түрде өз ізденістерінің нәтижелері туралы хабарлау. Толеранттылық мәні оқушылардың адамгершілік мәдениетін, өз ойын білдіру мәдениетін қалыптастыру үшін оңтайлы жағдайлар жасайтын оқыту принциптеріне тоғыстыратын оқушы мен мұғалімнің педагогикалық қарым-қатынасының жаңа негізі болып табылады.
Жас ұрпақты тәрбиелеу ісі – жалпы адамзаттық іс. Сондықтан жүктің жеңілдігі жұмыла көтеруде екендігін ескеріп, жас ұрпаққа ұлттық мүддеге сай тәрбие беруде баршамыз біріге күш салғанымыз абзал.
Түйіндей айтсақ, оқу-тәрбие үрдісінде оқушылармен осы жоғарыда баяндалғандай, тағы да басқа әдістерді қолдана отырып, өскелең ұрпақтың көкейіне осындай іс-әрекеттерімен ой сала білсек, заманға сай үлгі көрсетсек, қоғамға керекті толерантты, отансүйгіш азамат, елге қызмет ететін қайраткер тәрбиелейміз деп сенеміз.
[bws_related_posts]