Ақтөбе облысы
Темір ауданы
Шұбарқұдық №5 бастауыш мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Бекешова Светлана Қырғыбайқызы
Сабақтың тақырыбы: Бақыт деген не?
Мақсаты: Бақыт ұғымының шексіздігін ұғындыру. «Бақыт», «қуаныш», «сүйіспеншілік» құндылықтарының мағынасын түсіндіру, адами қасиеттерін дамыту. Сүйіспеншілікке,бақытты бағалауға тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: түрлі-түсті шарлар, ойыншық жүрек, аңыз кейіпкерлерінің киімдері.
Шаттық шеңбері: Мұғалім балалармен бірге өлең жолдарын қайталап, бір-біріне тілек тілейді. Жабырқауды білмейміз, Жалқаулықты сүймейміз. Біз бақытты балдырған, Үлгі аламыз жақсыдан. Ой қозғау: (сөзжұмбақ шешу) Мұғалім: -Балалар! Бақыт деген не? Қалай ойлайсыңдар, «Бақытты бала» деп кімді айта аламыз? (балалар өз пікірлерін білдіреді)
— Дұрыс айтасыңдар! Өз отбасы, достары бар, денсаулығы мықты баланы бақытты бала деп айтамыз. Мұғалім: -Ал, отбасы деген не? Балалар: — Әр бала бақытты болу үшін өзінің сыйластыққа толы отбасы болуы керек. Мұғалім: — Бақыт адамның өмір қызығы мен қуанышына, рахатына қанағаттану дәрежесін танытатын этикалық ұғым. Бақыт дегеніміз біздің балалық шағымыз, өмір сүріп жатқан ортамыз, отбасымыз. Балалық шақта асыр салып ойнаймыз. Мектепке барамыз. Мектепте ең қызықты күндеріміз өтеді. Өйткені, қалам ұстап, оқуды, жазуды, достықты, сыйластықты үйренеміз. (Мен бақытты баламын. Шығарма оқу) Сахналыққойылым: «Бақытты адамның көйлегі» (балалар сахналап көрсетеді.
Автор: Ертеде бір патша өзі патшалық құрған елді көркейту үшін күні-түні жанын аямай жұмыс істепті. Ол жақсы өмір сүріп, бақытқа жету үшін не істеу керектігін ойлап, таңға дейін көз ілмейді екен. Бір күні уәзірлерін айналасына жинап, мұңын шағып ақыл сұрапты .
Патша: Уа, уәзірлерім мұнда келіңдер! Мен көп ойланып толғанып жүрмін, менің мұңым бар ,бақытқа жету үшін не керек? Соны маған айтыңдаршы. Автор: Сонда уәзірлердің ішіндегі біреуі патшаға бұрылып былай депті: Уәзірі: Уа тақсыр! Сіздің бақытқа жету үшін бақытты адамның көйлегін кию керек. Автор: Патша осы сөзді естіп, уәзірлеріне бұйырады. Патша: Ендеше маған сол бақытты адамның көйлегін тез арада әкеліңдер! Автор: Уәзірі жолға шығып тау, қырларды асып, бір қалаға келеді.Есік-есікті кезіп,бақытты адамды іздейді.Кімді тапса да, оның әйтеуір бір дерті,не қасіреті болады. Ешқайсысын бақытты адам деп айтуға келмепті. Уәзір:Мен бұл үлкен қаладан бақытты адамды таба алмайтын сияқтымын,одан да барып ауылдан іздейін. Автор: Сөйтіп уәзірі талай тауларды асып, бір ауылға келеді.Кімді кездестірсе де, бай болсын,кедей болсын барлық адамдардан сұрап бақытты адамды іздейді Таба алмай, басы салбырап, келе жатқанда бір отар мал бағып жүрген қойшыны көреді.Қарсы жақтан қолында жейтін тамағы бар қойшының әйелі келеді. Қойшының әйелі күйеуіне тамағын беріп, әңгіме- лесіп отырады. Уәзірлер осыны көріп жаңағы қойшыға келіп сұрайды. Уәзір: Сізді бақытты адам деуге бола ма? Қойшы: Ия,мен бақыттымын. Өзімнің отбасым бар.Ешқандай қайғы- қасіретім жоқ.Мен ең бақытты адаммын. Уәзірі: Онда маған көйлегіңді берші. Қойшы: Менің ондай көйлегім жоқ. Мен кедеймін. Өзімнің жақсы отбасым ғана бар. Сондықтан мен бақытты адаммын.Маған басқа ешнәрсе керек емес. Автор: Бақытты адамның көйлегін қалай іздегендерін,көйлекті адамдардың төрт құбыласы тең болса да, әйтеуір оларда бір бақытсыздық бар екендігін айтады. Ал соңында бір бақытты адамды тапқандарын, бірақ оның көйлегінің болмасада ,бақытты жан екенін айтады. Патша: Бақытты адамның көйлегін таптыңдар ма? Уәзір: Мен ауылдан бір адамды таптым. Бірақ оның әдемі көйлегі жоқ. Сонда да ол бақытты екен. Ал,әдемі көйлегі бар,төрт құбыласы түгел адамдар бақытсыз екен. Автор: Патша күні бойы ойланып, келер күннен бақыт күтіп,тәтті ойға шомып отыра береді.Мінекей ,балалар « Бақыт» деген әрбір отбасының амандығы , баласының күліп-ойнағаны нағыз бақыт екен.
- Бақытты болу үшін не істеу керек?
- Патша бақытты болу үшін не істеу керектігін білді ме?
(балалардың жауаптары тыңдалады)
Мұғалім: —Дұрыс айтасыңдар, бақыт сенің балалық шағың, денің сау болып, асыр салып ойнағаның, ата-анаңның амандығы. Олай болса, бала- лар, бақыт туралы жаттаған тақпақтарымызды айтайық. Ханкелді: Біз көңілді ұланбыз, Ән шырқаймыз, сайраңдап. Бақытты елде туғанбыз, Жаз гүліндей жайраңдап. Фариза: Бақыт деген мен үшін… Бақыт деген балалық шақ ойнаған Ата-анаңмен туған күнді тойлаған. Болса егер ата-анаң қасыңда Бала қамын үнемі жүріп ойлаған. Айым: Бақыт деген мен үшін… Арайлап атқан таңды көру, Амандықта өмір сүру. Отбасында күліп-ойнап Бауырлармен бірге болу. Расул: Бақыт деген мен үшін… Сабақтан жақсы баға алған, Озат оқушы болған. Мақтау сөзі апайымның Болады мен үшін қорған. Зарина: Тыныштық баршамыздың ұранымыз, Мәңгілік таусылмайтын жыр-әніміз. Арманның асқарына қанат қаққан, Бақытты бейбіт елдің ұланымыз. Сумая: Біздер тату баламыз, Біз Отанды сүйеміз. Бақытты елде туған соң, Бақытты өмір сүреміз. Айша: Жайнатар кең өлкені, Болашақтың ертеңі Біз бақытты балдырған — Ата-ананың өркені. Мариям: Біз бақытты баламыз Қуанамыз,ойнаймыз. Ынталы да талапты Жақсы оқимыз сабақты. Бекасыл: Қуанышқа бөленген әр күніміз, Бақыттымыз,балалар,барлығымыз. Біз-Отанның балдырған ұлдарымыз, Әдептілік,батылдық- ұранымыз. Шынар: Біз бақытты баламыз еркелеген, Тыңдап өстік ән мен күй,ертегі, өлең. Туған жердің аймалап самал лебі, Отан-ана біздерді мәпелеген. Сергітусәті: Ән: «Көңілді күн» Сахналық көрініс: «Бақыт деген не?» Әкесі мен қызы. Шынар: Айтшы,білсең егер де, Әке,бақыт деген не? Бекасыл: Бақыт деген шырағым, Мына әсем тұрағың. Ну ормандар,гүл бағы Күннің келіп тұрғаны. Бақыт-дәні даланың. «Ботам» деуі әжеңнің, Тыныштығы әлемнің! Шынар: Қайда бақыт мекені, Қалай оған жетеді? Бекасыл: Адал еңбек етесің! Сонда ғана жетесің! Шынар: Көрінбейтін көзіңе, Сонда оның өзі не? Бекасыл: Бақыт деген,сөзім шын- Айналайын өзіңсің! «Бақыт балалыүйгеүйір» деген нақыл сөздің мағынасы түсіндіріледі.
Өзіммен-өзім
Балалар жайғасып отырады.Үнтаспадан жайлы әуен ойналады.
-Қане,балалар бәріміз өзіміздің ең бақытты,ең қуанышты сәттерімізді елестетіп көрейікші. Бәріміздің көңілдеріміз шаттыққа толы,көтеріңкі.
Дәптермен жұмыс «Мен бақытты баламын,өйткені..» деген сөйлемді толықтырып гүл күлтелеріне жазыңдар. Тақтамен жұмыс «Табиғат аясында біз бақыттымыз!», «Жанұя жылы бақыт сыйлайды!», «Тәуелсіз Отанымда бақыттымын!» (тақырыптар сырын ашу) 1—оқушы: -Туған жеріміздің табиғаты әсем әрі бай.Шексіз дала,қызыл-жасыл гүлдер,ауасы таза. Сондықтан біз табиғат аясында бақыттымыз. 2-оқушы: -Біз өзіміздің отбасымызда тату-тәтті тұрамыз.Ата-анамыз, бауырларымыз қасымызда. Олар бізге бақыт сыйлайды. 3-оқушы: -Біз Қазақстан атты мемлекетте тұрамыз.Біздің мемлекетіміз көп ұлтты,тәуелсіз мемлекет.Бұл мемлекеттегі барлық адамдар тату-тәтті тұрады. Сондықтан да біз Тәуелсіз Отанымызда бақыттымыз. Мұғалім: -Арманы асқақ,мәртебесі жоғары елде өмір сүретін әр бала бақытты болуға лайықты. Ән: «Жас дәуірдің түлегіміз» Қорытындылау-Бүгінгі сабақта біз не білдік? Сонымен, бақыт дегеніміз — ой-арманның орындалуы,қуанышты сәттің көп болуы,біздің әсем тұрағымыз,деніміздің саулығы,бейбіт өміріміз, жанұяның татулығы ,береке,бірлігі.Ең бастысы балалық шағымыз екен. Ән: «Бақытты балалық шақ» Мұғалім: -Балалар,сіздердің балалық шағыңыздың қызықты күндері таусылмасын!– дей келе сабағымызды аяқтаймыз. Жүректен жүрекке. жүректі қолдарына ұстап,жоғары көтеріп «Біз бақыттымыз!» деген сөзді айтады)