Сексенбаева Ақерке Құлдықбиқызы
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы
Ақтоғай орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Тақырыбы: Бастауышым – балбұлағым
Мақсаты:
- Білімнің сара жолы мектептен басталатынын, білімнің кең дүниеде өмірге есік ашатынын сезіндіру. Білімге деген құштарлығын арттыру, оқуға, білімді болуға шақыру.
- Мектептегі білім ордасын, ұстаздарын құрметтеп, еңбекті бағалай білуге тәрбиелеу.
- Оқушылардың төрт жылда қандай жетістіктерге жеткендерін көрсетіп, өнер-білімдерін бағалау.
Көрнекілігі: : «Шуағын төккен 4 жыл» фотомонтажы, нақыл сөздер
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
Мұғалім: Көрінетін биіктен асқақ іспен
Баулитұғын білімге жас кішіден.
4 жыл бойы біліммен сусындатқан
Қоштасқалы күн келді бастауышпен.
Бастауышты халық та дәріптеген
«Білім көзі» деген сөз анық деген.
Өйткені бастауышта балаң шыбық
Ең алғаш танысады әріппенен.
— Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп табалдырығын имене аттаған ұл-қыздарымыз ойлары толып, бойлары өсіп, бастауыш сатысымен қоштасқалы отыр. Олай болса, 4 класының «Бастауышым – балбұлағым» атты бастауышпен қоштасу салтанатына қош келдіңіздер!
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,
Мұнда күй болған сірә қаншаңыз да?
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
4 сыныбымды ортамызға.
(Оқушылар ортаға сахнаға шығады)
Айдана: Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты .
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар , ұстаздарым қымбатты!
Данияр: Армысыздар, әжелер мен аналар,
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар.
Айдана: Армысыздар, өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне бастауышпен қоштасады,
Азамат боп , кешегі сәби- еркелер!
Данияр: Білім деген қауыздан гүл ашылған
Оған керек таусылмайтын көп шыдам.
Бар білімнің, бар ілімнің атасы —
Бастау алар бастауыш сатысынан
Айдана:Енді міне, сағымдай боп өте шықты,
4 жыл уақыт аз ба екен, кім біліпті.
Ұстаз – ана жасады мына сізден,
Ел таңғалар азамат бір-бір мықты.
Данияр: Білім бар білім десең баста піскен
Қолда оқулық бәрі де тасқа түскен.
4 жыл бойы саялы мекен еткен
Қоштасайық енді біз бастауышпен.
Айдана: Бастауыш бұнда өткен бала шағың,
Соқпай кетпес бұл жерге қаласа кім?
Еліміздің әу бастан–ақ дайындауда
Саналы азаматын, болашағын.
Данияр: Қағылды міне, әуенге бөлеп,
Қағылды соңғы қоңырау.
Қалайша 4 жыл тез өтіп кеткен
Шындық па осы, япыр-ау !
Айдана: Расында да, 4 жыл 4 күндей өте шықты ғой. Армандасаң да , қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені, биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады.
Данияр: Міне , бүгін біздің өмірімізге өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымызбен қоштасып, бір жылға тағы да есейгелі отырмыз. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған , білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолымызды табуға жол сілтеген ұстаздарымызға, ата- аналарымызға өз өнерлерімізді көрсетейік.
Айдана: Армысың сен , алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр- алғысым көп менің
Жүректерге жаққан білім шырағын ,
Мектебіме арналады бұл әнім!
Данияр: Дұрыс айтасың Айдана ! Бұл мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші. Менің атам да, әжем де , әкем де, анам да , енді мен де мектептен тәлім алудамын.
Айдана : Олай болса Данияр, алтын ұя мектебімізге арнап «Мектебім» әнін шырқайық!
Ән: Мектебім.
Әріптерді танып,
Білімге еркін қанып.
Қадіріңді ұқтық,
Жанға ләззат алып.
Қайырмасы: Сен болмасаң, мектеп,
Мақсатқа кім жетпек.
Құшағыңда өстік,
Қызғалдақтай көктеп.
Алғаш рет өзіңнен,
Білім алды балалар.
Оқу сырын өзіңнен,
Біліп алды балалар.
Данияр: Иә мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады. Ендеше сыныптастары- мыздың мектепке арнаған жырларын тыңдайық.
1— оқушы : Мектеп деген білім кені , жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға.
Мектеп деген даналардың мекені.
2 — оқушы: Мектебім — білім берер алтын ұям.
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған 4 жыл бойы ата- анамдай.
Әрқашан қасиетті атың маған.
Арада өтсе дағы дүркіреп жыл ,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.
3- оқушы:Армысың, сен алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі мектебім.
4— оқушы:Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
5— оқушы:Мектебім, алтын ұям , нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.
6— оқушы: Мектеп – үйім , ұстазым менің – ата- анам,
Сеннен өсіп, сеннен ғана нәр алам.
Саяң ыстық , сен мәуелі бәйтерек.
Тамырланып , сан тарапқа тараған.
Мектебім — сүйікті мектебім,
Бауырыңда түлеймін , көктеймін.
Сен – бұлақ, мен — қайың бүр ашқан,
Өзіңнен нәр алып көктедім.
7- оқушы: Мектеп – кеме, білім – теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Төрт жыл алған білім нәрін ,
Азық етіп ер жетеміз.
Айдана:
Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім, жырларым,
Азық болар , мәңгі талай жылдарға.
Ән: Бастауышым — балбұлағым
Бастауышым- бал бұлағым ,
Алдым сеннен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып
Рахметімді жаудырамын.
Бастауышым — балбұлағым
Лаулап жанған шам шырағым.
Өзің берген біліміңмен,
Самғап ұшар тау қыраның.
Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым — балбұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын.
Данияр:
4 жыл бойы білім берген мәпелеп,
Анамыздай біз сыйлаймыз қастерлеп.
Рақмет сізге, Ақерке апай, мол алғыс,
Ұмытпаймыз, жүреміз біз дәріптеп,- деп шәкірттеріңіздің жүрек жарды тілектерін қабыл алыңыз.
ІІ. Әдеби-монтаждар:
- Аян:
Бәрі есімде мектепке алғаш барған күн,
Күлімдеп бір жүзіміз жанған күн.
Сыңғыр қағып қуанышпен қоңырау,
Шақырған алға бізді арман мың.
Әсем бөлме, терезелер жап-жарық,
Қойған дерсің шырағданнан шам жағып.
Қара тақта, аппақ парта қаз-қатар,
Отырдық біз сипап бәрін таң қалып.
Күнде осылай өтіп жатты сан сабақ,
Таразыға түсті талай қанша бақ,
Білімді аңсап шөліркеген санаға,
Құйылды екен сонда қанша бал шарап.
Өмірге жол бір өзіңнен бастадым,
Әліпбиді алғаш сенен жаттадым.
Ұстаз ана естен кетпес мәңгілік,
Мейіріммен жауырынымнан қаққаның.
Ұқсаттыңыз сіз бізді балаңызға,
Ұқсатып ек біз сізді анамызға
Жақын тарттың, біртіндеп бауыр бастық,
Жүргеніңді ұнаттық арамызда.
Жүрегімде ұстаз берген сабағы,
Өн бойыма тамырланып тарады.
Ұмытпаймын салған жолын, ақылын,
Мәңгі, мәңгі есімізде қалады.
- Әли:
Есімде ерен ұстазым,
Басымнан сипап өткенің
Аянбай бізге қыс-жазы
Молынан мейір төккенің
Жанымды менің жайнатып,
Баураған өзің мұғалім
Өзіңмен бірге таң атып,
Өзіңмен күліп күн шығар
Шәкіртің өткен іздерден
Үмітің гүлдер, мұғалім,
Білеміз ертең бізден де
Өмірдің талап сұрауын.
Сонда ардақты мұғалім,
Уәдемде берік тұрамын.
3.Аружан:
Ұстазым – ұлағатты сая бағым,
Шәкіртті өз балаңдай аяладың.
Қолыма әліппенің кілтін берген,
Адалдық, ақ жолыңды бағаладың.
Есімде алғаш ұстаздың қарсы алғаны.
Айқара есік ашып тастағаны,
Бір мереке думан боп осы маңда
Жетелеп бір сыныпқа ап барғаны.
Енді міне, сағымдай өте шықты
4 жыл уақыт аз ба екен кім біліпті.
Ұстаз-ана жасады мына бізден,
Ел таңғалар азамат бір-бір мықты.
Байсалды мінезіңнен бір қалыпты,
Менің де көкейімде із қалыпты.
Ұстаттың қағаз, қалам қолыма өзің,
Ерінбей үйреттің де әр әріпті.
- Ұлан:
Заводта болсаң, күнбе-күн,
Көрінер еді табысың.
Дәрігер болсаң, түрлі емің –
Сырқаулы жанның бағы шын.
Ал сенің еңбек жемісің,
Өзгеше тіпті басқадан:
Ол — өзін арнап ел үшін
Осынау жүрген жақсы адам.
Жақсы адам – елдің тірегі,
Байлығы туған туған халықтың.
Шапағын шаашр үнемі,
Көгінде тұрған жарық күн.
Сан жастың қамын шертесің,
Тағдырын ойлап толғанып,
Әр үйдің бір-бір еркесін,
Үйреттің өзің қолға алып,
Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
Шәкіртсіз өмір – сусыз жер.
Көрінбес ғажап еңбектің,
Бейнетін кешіп жүрсіздер.
Жүректе тұрар жалқы үнің,
Жанымнан жалын жігер күт.
Ұстазым, сенің әр күнің,
Әр сәтің тұрған бір ерлік!
- Ақниет:
Кім боласың?
Кім болсаң да аман бол.
Бастықпысың?
Өте жақсы тұра қал.
Қашан көрсең күнге ұқсаған жанары,
Ұстаздардан көнбіс адам жоқ әлі.
Мектеп көрген әдептілер айтпақшы,
Ұстаздардан шықпаңыздар жоғары.
Махаббаты: бала және Отаны.
Сүйікті ісі: қағаз, кітап қопару.
Демалысы: шәкірттерге хат жазу,
Ал кәсібі: от беру мен от алу.
Бұл халықтың мектеп жалпы тұрағы,
Мектеп деме жан-дүние құрамы.
Үсті-үстіне соққылаған жүрекпен
Өзін-өзі ұмытудан тұрады.
Ал мұғалім барса алдыңа дұрысы,
Жүрегіңмен сездір дағы ұлы ісін.
Ұшып тұрып, қалбалақтап қол беріп,
Тастай қылып тындырып бер жұмысын.
Кім боласыз ұмтылмаңыз жоғары,
Мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі.
Кім маңыз, прокурор ма, сотсыз ба?
Шықпаңыздар мұғалімнен жоғары.
- Айдана:
Сырымды менің бес саусақтай біледі,
Бір мен үшін бөлек жаны, жүрегі.
Ұстаздан асқан қамқор жанды көргем жоқ,
Біздер үшін бақыт іздеп жүреді.
Өміріне серік еткен үмітті,
Еңбегімен еліне ол сүйікті.
Өзгелердің бақыты үшін тер төгіп,
Өзгелерге тілеп жүрер биікті.
Мәрт мінез елің барда өресі кең,
Шықпайсың қажыма , ұстаз ел есінен.
Жетіңдер мұраттарға ұзақ жолда,
Тағдырдың толқын ұрған кемесімен.
Күндеріңіз толсын гүлге, желекке,
Отбасында болсын ырыс-береке.
Құттықтаймыз шын жүректен Сіздерді,
Өмір думан бақ әкелсін мереке.
Қуат алып күндерден алыстағы,
Жүресіңдер мініп ап намысқа бір.
Дерексіздер өткеннен керексіздер,
Болыңыздар бай-қуатты арыстарым!
- Данияр
Алғашқы ұстаз, ерекше тұлға дара шың,
Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын.
Сағына әркез суреттерді парақтап.
Шәкірттерін жиі еске алатын.
Жаралған жақсы үмітпен мұраттардан ,
Жансыз ғой әлдилеген шуақты арман.
Жатталады жан жүректе есіміңіз,
Адамның аяулы үні сияқтанған.
Шәкірттер сіздерді айтып мақтанамыз,
Бейнеңіз жүректерде сақталады.
Біз әлі биіктерден көрінеміз,
Үміт пен сеніміңіз ақталады .
Бәрі : Мың алғыс сізге біздей түлектерден,
Мың алғыс мына отты жүректерден!
Айдана: Абзал жан бар биік тұлға байсалды,
Құшақ жая шәкірттерің қарсы алды.
Осынау бір салтанатты шақтарда,
Құттықтайды мектеп басшысы баршаңды,-деп сөз кезегін мектеп директоры Утеумағанбетов Сағыныш ағайға береміз.
Данияр: Өміріне серік етіп үмітті,
Еңбегімен еліне ол сүйікті.
Өзгелердің бақыты үшін тер төгіп
Өзгелерге тілеп жүрере биікті,-дей келе «Ұстазым менің» әнін Сағыныш ағайға арнаймыз. Қабыл алыңыз!
«Ұстазым менің» әні
Тыңдаған көңілдегі толған мұңды,
Шыңдаған тәрбие мен талғамыңды
Өмірдің маған сыйы деп білемін,
Өзіңдей жанға шәкірт болғанымды.
Қайырмасы:
Ұстазым менің – қамқоршым едің,
Баулыған асыл өнерге.
Жүрегің дархан, өзіңнің арқаң,
Биікке шықсам егер де.
Талпынған балапан ем ұядағы,
Қырандай жетілдірдің қиядағы.
Ұстазға деген ыстық сағыынышым,
Бір әнге қалай ғана сия алады.
Өмірдің мен білмейтін қатпарларын,
Жаныма сіңіргенше тоқтамадың
Алдымнан шықты бүгін қолын былғап,
Қанша жыл қиялдағы тәтті арманым.
Айдана: Жайып көрсек географиялық картаны,
Қазақстан көзге ыстық тартады.
Туған жерге тер төгеді деп ертеңдер
Еліміз бізге үлкен үміт артады.
Олай болса, «Болашақ бүгіннен басталады» әніне кезек береміз.
Ән: «Болашақ бүгіннен басталады»
Аян: Сәпиевтің жолын қуып,
Көтеремін байрақты.
Қазақ елін биіктетіп,
Таң қалдырам аймақты.
Жас чемпион Бекзат аға,
Шейіт кетті-ау оқыстан.
Ол алмаған асуларды,
Бағындырам бокстан!
Айдана: Қалықтап ұшып-қонамын,
Жанардай әнші боламын.
Күміс көмей, жез таңдай,
Бұлбұлдаймын даланың.
Ән мен биді жалықпай
Үйретеді ата-анам.
Талаптың мініп тұлпарын,
Үлкендерден бата алам.
Аружан: Халықтың ойлап саулығын,
Қашан-дағы әбігер.
Ақ халатты абзал жан —
Мен боламын дәрігер.
Танытатын адалдық,
Гиппократ антына
Әр сырқатты адам ғып,
Тер төгемін халқыма.
Данияр: Зиянкестік қоғамда
Жабысып тұр желімдей.
Саған, маған, оған да,
Тәртіп керек темірдей.
«Тәртіп – ар мен ұятың»-
Деп айтады Ата заң.
Бәрін жөнге салатын
Полиция атанам.
Ұлан: «Қазақстан болашағы –
Ұрпағында білімді»
Мен мұғалім боламын,
Жалғастырар ілімді.
Тәрбиелеп шәкіртіме,
Дарындылық тоқимын,
Сол үшін де өзім-дағы,
«4» пен «5»-ке оқимын.
Әли: «Бүлк» еткізіп қақпаны,
Арманым – мыңдап гол соғу.
Құралбай мен Пеледей
Гол соққанда дөп соғу.
«Қайрат» пенен «Намыстың»
Көтеремін еңсесін.
Осы уәдем – уәде,
Екі айту – ерге сын.
Ақниет: Биді сүйсең қазақтың
Ұлттық биін сүй деймін.
Шұғыла мен Шарадай
Мың бұрала билеймін.
Бидің неше қырларын,
Таңғажайып сырларын.
Паш етемін әлемге,
Болады әлі бұл бағым.
Айдана: Рысты апай — анашымдай аялаған,
Нұрланған шуағымсың саялаған.
Айналдық мейірімді жүрегіңізден
Шәкірттен өз бақытын аямаған.
Данияр: Гүлбаршын апай – мектепте орны бөлек,
Сүйеді шәкірттеріңіз сізді ерек.
Тамыры тереңге тартқан нәрлі ағаштай,
Әрқашан аман болып жүрсін дер ек..
Айдана: Байсалды мінезіңмен бір қалыпты,
Менің де көкейімде із қалыпты.
Сәпия апай, неткен мықты төзімдісің,
Шәкіртім білім алсын, білсін дейсің.
Данияр: Райгүл, Гүлімжан апайлар!
Түзеттіріп шалалықты,
Есейттіңіз балалықты.
Ойламайтын ертеңін
Ойсыз кейбір еркені
Түзеп жөнге салдыңыз
Ел алғысын алдыңыз.
Сабырыңыз құрыштай
Жөн айттыңыз ұрыспай.
Түзедіңіз тентекті
Тұрғызбай-ақ бұрышқа.
Сізден ізгі кішілікті,
Үйрендік біз кісілікті.
Екеуі: Бойлаттыңыздар тереңіне ғылымның
Алғысымыз сіздерге біздің шексіз мың!
Данияр: Бастауыш сынып апайлары, Айдананың орындауындағы «Попури» сіздерге арналады.
Данияр: Баулыған әрбір өренді,
Ақтоты апай өнерлі.
Әсем әннің шебері,
Әрбір сөзі мәнерлі.
Қызықтырып ән-күйге,
Бізді үйретіп келеді.
Айдана: Кемшілікті кезінде,
Кесіп айтар өзіңе.
Өнеге мол өзінде,
Өсиет көп сөзінде.
Көңілінін хошын-ай,
Көп шәкірттің досындай,
Айымгүл апай осындай.
Данияр: Ұстаздардың арқасында шаттандық,
Сөзін ту ғып болашаққа аттандық.
Мектебімде ұстазым бар Меңсұлу атты
Барлығымыз жүретұғын мақтан ғып.
Айдана: Жүрегі нұр Гүлсімдей апайымыздың
Сондықтан да бір өзіңе ұқсадым.
Адам жанын тәрбиелеп аялар
Құрметтейміз біз сізді әрдайым.
Данияр: Орыс тілі әр кезде керек ертең
Жеңісгүл апайымыздың көңілі өте көркем.
Ашық жарқын жанары қашан көрсең
Барлық жандар осындай болса екен.
Айдана: Жүрегімде Динара апай берген сабағы,
Өн бойыма тамырланып тарады.
Ұмытпаймыз бізге үйреткен ағылшынын
Мәңгі бақи есімізде қалады.
Данияр: Қашан да заман экономдардан тұрады,
Кіріс пен шығыс өмідің аққан бұлағы.
Нұргүл апайдың сабағын тыңдап отырып,
Болашақтағы жақсы істен құлақ тұнады.
Айдана: Бейнелеп әсем гүлді, қыр даланы,
Қызғалдақ көзді алған ырғалады.
Сурет сала бастаса Асқар ағай,
Әлем де сол суреттей нұрланады.
Айдана: Олай болса, ағай-апайларымызға арнап бишілеріміз Ақниет пен Аянның орындауында «Попури» биін арнаймыз. Қабыл алыңыздар!
Данияр: Аман болшы қашан да, әкем менен анажаным,
Сендердің ыстық маған алақаның.
Жан сүйсінтер жүректі елжіретіп,
Бала деп еркелете қарағаның.
Ата-аналарымызға арнап Айдананың орындауында «Перзент сыры» әнін қабыл алыңыздар!
Айдана: Дәмді етіп дайындап
Ас мәзірін ұсынған
Асыл, Майра, Жанымгүл апайлар
Сіздерге алғыс жолданар.
Келесі «Жастар» биі сіздерге арналады. Қошеметпен қабыл алыңыздар!
Данияр: Ақ көңіл ұстаздарым, адал ниет,
Жандарың жасымасын, жадырасын.
Қайда да шәкірттерін жүрер сүйеп,
Қиындық басқа түссе қасымдасың.
Аружан мен Ұланның орындауында «Ұстазым» әні барша ұстаздар қауымына арналады. Қабыл алыңыздар!
Айдана: Көрініс «Жалқаубектің жауабы»
Данияр: Дөңгелеп әсем ән әуенімен,
Серік болсын әр халық билерімен.
Уа, құрметті көреремен, қарсы алыңыз,
Мың бұралған бишіні шын көңілмен.
Қыздарымыздың орындауында «Көңілділер» биі
Данияр: 4 жыл бойы білім берген мәпелеп,
Анамыздай біз сыйлаймыз қастерлеп.
Рахмет сізге, Ақерке апай, мың алғыс,
Ұмытпаймыз жүреміз де дәріптеп.
Айдана: Жетекші боп жүрдіңіз түлегіңе,
Біздерді ойлап көңілің жүдеді де.
Шәкірттер, тыңдаңыздар ұстаз сөзін,
Сіздерге арнап айтатын тілегін де,- деп Ақерке апайымызға сөз кезегін береміз.
Айдана: Көрмеген артық сөйлеп, артық күліп,
Шәкірттерін баулыды тәртіпті ғып.
Қоштасамыз біз бүгін ұстазбенен,
Ұстаз әнін жаңғыртып айтып тұрып.
Хор: «Армандастар, құрдастар»
Бүгін міне, бастауышпен қоштасамыз,
Ұстаздар-ау, жақсы істі қоштасаңыз.
Үлкен сынып балалармен достасамыз
Армандастар, құрдастар.
Бір сыныптың мөлдіреген жастары едік,
Бәріміз де өмір жолын бастап едік.
Білімменен алға, білімменен алға,
Ұмтылайық, ұмтылайық, құрдастар.
Білімменен көрсетелік біз қызмет,
Білім берген ұстаздарға көп рақмет.
Көрсетпесін өмір-өзен еш тауқымет
Армандастар, құрдастар.
Хормен: Өзіңсің балауса көктемім,
Мен сенен нәр алдым, көктедім.
Өмірде алғашқы өткелім,
Рақмет саған, бастауыш мектебім!
Данияр: Бүгінгі кеш әр үйдің той басы деп саанлар,
Балалардың есімі әулеттерге таралар.
Ырым етіп сондықтан ертеңгілік соңында,
Ақ ниетпен баршаға тілек айтар қонақтар,-деп сөз кезегін ата-аналарымызға береміз.
Хормен: Қоштасайық бәріміз,
Шарықтасын әніміз.
Залдағы ата-анаға
Рақмет дейік тағы біз.
Ақтоғай орта мектебі
Бастауышпен қоштасу кешінің сценарийі
Сынып жетекшісі: Сексенбаева Ақерке Құлдықбиқызы
2013 жыл
Айдана: Думан қызсын, көрсетсін ел өнерін,
Жатыр небір айтылып сөз де керім.
Ән бұлағы қайнарын қанып ішкен,
Көрсетсін оқушылар өз өнерін.