Батыс Қазақстан облысы
Ақжайық ауданы
Шабдаржап ауылы
Харькин орта жалпы білім беретін мектебі
Ата- аналар комитетінің төрайымы:
Бастауыш сынып мұғалімі
Ихсанова Гульмира Искаковна
Бала тәрбиесіне байыпты қарайық…
Балаға сіңірген ата-ана
еңбегін бала өмір бойы
ақтап бола алмайды.
Балаға деген махаббатқа
ешбір махаббат теңдесе
алмайды, ол өле-өлгенше
суынбайтын махаббат.
Ғабиден Мұстафин
Мақсаты:1.Оқушыларды ата-ана сөзінің мәнін ұғынуға үйрету,отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдықты,қайырымдылықты,сыйластықты, достық
қарым-қатынасты қалыптастыру,бір-біріне деген сенімді нығайту.
2.Оқушылардың ата-ана алдындағы борышы туралы жауапкершіліктерін арттыру.
3.Ата-ана мен бала арасындағы жағдайларды ақылмен шешуіне жағдай туғыза отырып, ата-ананың баласына деген сенімін ояту, баласына ата-
ана алдындағы парызын міндеттеу,баланың болашақ өмірін қалыптастырады.
Көрнекілігі: нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, слайд, үлестірме қағаздар, бейнебаяндар.
Нақыл сөздер:
“Тәрбие- баламен сөйлеумен,әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие-тұрмысты ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы өнеге көрсетуінде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның
мақсат-міндеттерімен байланысты болуы керек” А.С.Макаренко.
Құрметті ата-аналар, оқушылар, ұстаздар!
Отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдықты, қайырымдылықты, сыйластықты, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, бір-біріне деген сенімді нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырған “Бала тәрбиесіне байыпты қарайық” атты пікір алмасу кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
Жақсыдан жаман туады,
Бір аяқ асқа алғысыз.
Жаманнан жақсы туады,
Адам айтса нанғысыз.
Баланың бас ұстазы ата-анасы. Ұлтымызда “Ұяда не көрсең,ұшқанда соны ілерсің”деген дана сөз бар.Балапан қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата немесе әке қыран болуы керек деп отбасылық тәрбиеге ерекше тоқталған. Әр отбасында ата-ананың орны бөлек. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке-отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі деп білсек, ана-отбасының ұйтқысы, жылуы, шуағы, жақсы ана отбасына береке әкеліп, жанұясын бақытқа бөлейді. “Ата-анаға баладан артық ешкім жоқ”. “Бала-адамның бауыр еті”деген сөз бар. Сондықтан қай ата-ана болмасын баласының білімді, парасатты, мәдениетті, тәртіпті,әдепті болуын қалайды. Бала-өмірдің жалғасы, көз қуанышы, шаңырақ иесі деп ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Жанған отын сөндірмей түтінін түтететін артына ұрпақ қалдыруды көздеген.
Құрметті ата-аналар, оқушылар, ұстаздар!
“Отан отбасынан басталады” демекші ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін жас
ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғам мүддесіне жарату кезек күттірмейтін мәселе. Осы мәсе-леге ата-аналар мен ұстаздар қауымы болып бірге атсалыссақ алар асуымыздың биік болары сөзсіз. Қазіргі қоғамда ата-ана баласынан не күтеді? Баласын қалай тәрбиелейді? Ата-ананың бақыты неде? Баласы ата-анасын қалай бақытты етпек?
Міне бүгінгі пікіралмасу кешіміз осы мәселе төңірегінде өтпек. Бүгінгі іс-шарамызды ақын Мұзафар Әлімбаевтың мына өлеңімен бастағанды жөн көрдік.
Оқитын: 7 сынып оқушысы Сайманова Гауһар
Міне, осылайша өз баласының болашағына алаңдап, “Қайтсем де баламды адам етем” деген ата-ананың үміт арманы баласымен бірге орындалады. “Әрбір баланың мінез-құлқы ата-ананың жағымды іс-әрекетінен үлгі алуы барысында қалыптасады” деп И.Павлов айтпақшы баланың мінез-құлқы өскен ортасына, көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Ата-ана-бала үшін ең бірінші үлгі тұтар адам, өзін көретін айнасы. Сондықтан кешімізге қатысып отырған ата-аналар, ұстаздар төмендегі сұрақтар бойынша өз ойымызды ортаға салып пікір алмастырайық.
Сұрақтар:
- “Тәрбие-баламен сөйлеумен, әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие-тұрмысты ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы өнеге көрсетуінде Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат-міндеттерімен байланысты болуы керек” деп А.С.Макаренко айтқандай сіздердің отбасыңызда осындай дәстүр қалыптасқан шығар деп ойлаймыз.
Сол туралы айтып өтсеңіздер!
- Бала тәрбиесінде қандай қағидаларды ұстанасыз?
- Балаларыңыздың теріс әрекеттері үшін қалай жазалайсыздар?
- Балаларыңыз игілікті істер істесе оларды қалай мадақтайсыздар?
- “Бақытыңды балаңнан ізде”деген сөздің мағынасын қалай түсінесіздер?
- Балаға ақылды қалай айту керек?
- Бала тілді бір айтқаннан алмаған жағдайда не істеу керек,қалай тәрбиелеу
керек?
- Өзіңіз темекі шегесіз, балаңызға оның зиян екенін қалай түсіндіріп жеткізесіз?
Бала тәрбиесіндегі қағидалар (слайдпен көрсетіледі)
Жүргізуші:Іс-шарамыздың келесі бөлімінде мына бейне баянға назар аударсақ
(Б.Мұстапаевтың орындауында “Ана жүрегі” атты әннің бейнебаяны көрсетіледі).
1-жүргізуші: Бұл көрініске қарап елжіремейтін адам, езілмейтін жүрек жоқ шығар. Осындай қатыгездік қайдан шығады деп ойлайсыңдар?
1) Оқушылар, сендер осы көрініске не айтасыңдар?
2) Сендерге қалай әсер етті?
3) Ата-аналар, сіздер не айтасыздар?
4) Бұл баланың бойынан қандай қасиет байқалады?
5) Баланы бұндай жағдайға жеткізбеудің тәсілдері қандай?
2-жүргізуші: Бала тәрбиесінде ата-аналар мына қателіктерге жол бермеңіздер.
1-қателік: Балаларды орынсыз еркелету
2-қателік: «Не істесең оны істе, маған бәрібір» деп айту.
3-қателік: «Егер сен мен қалағандай болмасаң, мен сені жақсы көрмеймін» деп айту.
5-қателік: «Саған көңіл бөлуге уақытым жоқ» деп айту.
6-қетелік: Балаңызды баршылыққа баулымау.
Осы қателіктерге жол бермесеңіз ғана балаңыздың саналы азамат болып, сізді бақытқа кенелтері сөзсіз.
1-жүргізуші: Келесі бөлімімізде. «Жұмбақ кейіпкерімізбен» болған жағдайды тыңдап көрелік.
Жұмбақ кейіпкер: Мен 16 жастамын. Мен үйде жалғыз баламын. Ата-анам жұмысбасты адамдар. Менімен әңгімелесуге уақыттары жоқ. Үнемі жалғызсырап жүремін. Сұраған ақшамды береді. Барам деген жеріме жібереді. Маған байлықтың, ақшаның еш қажеті жоқ. Маған ата-анамның мені еркелеткені, бауырына басқаны керек. Бірде мынадай жағдай болды. Мен досымның үйіне барып, түнгі саған 10-ға дейін досыммен әңгімелесіп отырып қалдым. Үйге келсем ата-анам алаңдап отыр екен. Мен ата-анамның өзіме назар аударғанына іштей қуанып осы жағдайды тағы қайталадым. Сондағы ойым ата-анамның көңілін өзіме осы тәсілмен аудару, бірақ бұл жолы ата-анам маған дауыс көтеріп айқайлады. Мен ата-анамның өзіме деген жылы сезімдерін қалай оята аламын? Маған осы жағынан көмек берсеңіздер екен. Менің орнымда болсаңыздар сендер не істер едіңіздер, достар?
Осы жағдайдан туындайтын сұрақтар:
- Оқушылар өздерің сияқты достарыңа қандай кеңес бересіңдер?
- Ата-аналар, бұл жағдайда не істейсіздер?
- Балаға, ата-анасына қандай кеңес айтар едіңіздер?
- Сіздердің түсініктеріңізше «Бақытты жанұя» қандай болу керек?
Сөз кезегі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бисенова Жеміс Серікқызына беріледі
2-жүргізуші: Келесі бөлімде «Бала тілегі» атты бейнебаянды ұсынамыз.
Сұрақтар:
1) Осы бейнебаянан қандай ойлар туындайды?
2) Әкесінің бұндай жағдайға душар болуына не әсер етті?
3) Ағасының бауырына істегені дұрыс па, оны сіз жақсылық деп түсінесіз бе?
Ән: «Бала тілегі» орындайтын Сағынтай Нұрдәулет
Қорытынды: Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бала бойындағы адамгершілік қасиеттердің пайда болуы ата-ана, ұстаз, жақсы құрбысынан екені сөзсіз. Сондықтан «Бала тәрбиесі- бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер». Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек» деп М.Жұмабаев айтқан- бала тәрбиесі барлығымыздың бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Бұлардың барлығы қоғамға тәуелді.
«Мейірімділікті анадан,
Әдептілікті данадан үйрен» дейді халқымыз. Бір-біріне қамқор, қайырымды ұрпақты тәрбиелеу және адамгаршілігі мол асыл қасиеттерді бойларына сіңдіру біздің міндетіміз екенін айта келе пікіралмасу кешімізді тәмамдаймыз.
Ән: «Әкешім-анашым»
[bws_related_posts]