Басы » Бастауыш сыныптар » Кітап – сарқылмас қазына

Кітап – сарқылмас қазына

Батыс Қазақстан облысы

Ақжайық ауданы

Шабдаржап ауылы

Харькин орта жалпы білім беретін мектебі

Ата- аналар комитетінің төрайымы

Бастауыш сынып мұғалімі

Ихсанова Гульмира Искаковна

Тақырыбы: Кітап – сарқылмас қазына

Мақсаттары:1)Қоғамымыздың ертеңі болар ұрпақ тәрбиесіне ден қоюда ата – ана  мен балалардың серігі – кітаптарды оқуға баулу;

2) Кітапқа деген сүйіспеншілігін,қызығушылығын арттыру,кітаппен достастыру;

3) Тіл байлығын дамыту, ертегі айтқызу арқылы мазмұнын айта білуге тәрбиелеу; балаларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке баулу.

Көрнекілігі: Қақпа, кітап атрибуттары (пән кітаптары аттары), ертегідегі заттар мен кейіпкерлер салынған плакат,аудиоертегілер,кітап туралы қанатты сөздер,ертегі кітаптарының көрмесі, шарлар.

САБАҚТЫҢ БАРЫСЫ    

Мұғалім: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар. Біз бүгін сіздермен «Кітап – сарқылмас қазына» атты ашық тәрбие сағатында көріскенімізге қуаныштымыз.

Бүгінгі іс – шараның басты мақсаты – кітаптың адам өмірі мен қоғамдағы орнын айқындау; әлем тамашасын үйде отырып – ақ оқып, саяхат жасап, бар қызықты жаңалықтарды білуге болатынын еліміздің болашақ жас түлектеріне үйрету.

«Түлекті тәрбиелер кітап – мектеп,

Өседі сол кітаптан бұтақ көктеп.

Молайтар ақылыңды сан еселеп,

Береді білім нәрін кітап көптеп»,- деп ақын жырлағандай, білім нәрімен сусынымызды қандыру үшін «Кітаптар әлеміне саяхатымызды» бастайық.            (Үлкен қақпа — кедергіге жолығады)

Мұғалім: Жолымызда кедергі болып тұрған мынау не?

Оқушылар: Бұл қақпа ғой.

Мұғалім: Балалар, мына қақпаны ашпасақ «Кітаптар еліне саяхатымызды» жалғастыра алмаймыз. Бұл қақпаны ашуға сендердің көмектерің, яғни білім, біліктерің қажет.

Ол үшін мынадай тапсырмаларды орындау керек:

1-тапсырма: Жұмбақ шешу

  1. Қабат – қабат қатталған,

Асыл сөзбен апталған.

Парағы бар сөйлейтін,

Ол қазына өлмейтін.      (Кітап)

2.Бір нәрсе білмегенді білгізеді,

Өзіңді қарап тұрсаң күлгізеді.

Жалғанда әңгімесі сондай қызық,

Жаныңды тыңдай берсең кіргізеді.  (Кітап)

2-тапсырма: Кітап туралы нақыл сөздер айту.

1 – оқушы: Кітап – шебер ұстаз, ділсіз мұғалім. Кітап – адал пейіл, адал дос. Кітап – мұхит, сол мұхиттан не терең? Мен біліммен ылғи дос боп өтер ем!

2 – оқушы: Кітап – адам өмірінің таусылмас қазынасы, дүниенің айнасы; ғылым, білімнің көзі, өнер мен тәрбие құралы.

3– оқушы: Кітап – қарым- қатынастың, еңбектің, күрестің құдіретті құралы. «Кітап – білім бұлағы»деп бекер айтылмаған екен.

3-тапсырма: Кітап туралы ақын- жазушылардың өлеңдерінен үзінді оқы.

1 – оқушы: Білім алар көп адам,

Жақсы нәрсе жоқ одан.

Қызығып кеп оқимын,

Кітап көрсем жаңадан

Кітап маған ұнады.

Кітап – білім бұлағы.

2 – оқушы: Кітапты оқмайды сыйламаған,

Білімге жанын жанып қинамаған.

Өсірген кімнің болсын ой- өрісін

Сол кітап бек ақылшы күнде маған.

3 – оқушы: Кітаптар бейне жапырақ

Жырлайтын сырын өмірдің.

Оқисың кейде жаттап,

Көтеріп күйін көңілдің.

4– оқушы:Кетпейді ешбір жадымнан,

Мектепке бардық күз айы.

Тастамай сені жанымнан,

Қолтықтап жүрдім ұдайы.

Негізгі бөлім:

Кітап ханшайымы: Армысызда, құрметті,қонақтар, Қазақстанның үміт артар ұлдары мен қыздары. Бүгінгі біздің «Кітаптар әлеміне» қош келдіңіздер!

(Осы кезде есік ашылып, Әліппе кітабы ренжіп, сөйлеп кіреді. Оның артынан бірнеше кітап мұқабасынан атрибуттары бар оқушылар кіріп, бұрышқа отыра қалады.)

Әліппе:Не деген сұмдық,сұмдық……

Кітап ханшайымы: Бар білімнің, кітаптың көш басы қымбатты Әліппе – ау, сіз қайда жүрсіз? Сізді іздеп таппағаныма неше күн, неше түн болды?

Әліппе: О, Кітап ханшайымы, менің қайда болғанымды тәртіпсіз оқушылар біледі. Мана бір әдепті бала көмек беріп, жолға салып жібергені, әманда аман болсын.

Кітап ханшайымы: Қапалысыз ғой.

Әліппе: Қайтіп қапаланбайсың?! Бар білімнің көш басы Әліппе едім салмақты. Бүлдіршіндер менімен сауатын ашты. Біле алмадым асқаны ма, сасқаны ма? Парағымды паршалап…..

(Әліппе оқулығын көрсетіп мәнерлеп оқиды,көзіне жас алады.)

Кітап ханшайымы: Қиын болған екен, бұл балалардың ісі ғой. Кел мұнда осы жерден дос табарсыз. Бізге келген оқушылардың түсі жылы екен.

(Қасынан орын береді. Әліппе жайғасады. Ханшайым бұрыштағы бір топ кітаптарға қарап сөйлейді)

Кітап ханшайымы: Ал, достарым сендерге не болған? Сендерді тани алмадым, қай кітап боласыңдар?

Көрініс: «Кітаптар мұңы». Көрініске қатысатын кітаптар – «Ана тілі», «Математика».

Ана тілі: Мен «Ана тілі» оқулығымын. Мен үшін авторлар түн ұйқысын төрт бөліп, қанша қызымет етті десеңші! Сонда кім үшін? Балалар оқысын, сауатын ашсын деген ізгі ниет еді бәрінде. Мен де, қолымнан келгенше балаларды тәрбиелеуге көмектестім. Сөйткен күнім не болды? Бір бұзық баланың қолына түсіп осы күйге түстім. Шимайланбаған, сиятамбаған парағым кемде – кем.

Математика: Меніңде оңып тұрған жерім жоқ әріптесім. Мен «Математика» оқулығы боламын. Мектеп босағасын аттағанда қатты қуандым. Бірақ оныұзаққа бармады. Сотқар баланың қолына тап болдым. Суретімді сиямен баттастырып бояп тастады. Оқу жылы аяқталған күні мектеп ауласында доп қылып текпілеп, сілікпемді шығарды.

Ана тілі: Шындығын айтқанда әркім өз дүниесіне ұқыпты болуы керек. Ондай балалар жоқта емес,бар.

Математика: Менің өзім сияқты құрдасым болды. Міне, оқушы деп оның иесін айт. Кітабына шаң жуытпайды.

         Ана тілі: Әй, достым бізден енді оқулық шықпайды. Фабрикаға жөнелтеді, қайта кітап етіп шығарады. Тек келесіде ұқыпты баланың қолына түссе екен.            (Екі кітап мұңайып тұрады, Кітап ханшайымы оларды жұбатады.)

Мұғалім: Есті адам баласы кітапқа қолының қалай жеткенін біледі ғой, ал мынадай істі тек сотқар, әдепсіз балалар жасайды.

Кітапханашы апаймен кездесу.

Кітап ұстау ережесі:

  1. Кітапты күнделікті үзбей оқып,дағдыға айналдыру керек. Ол үшін күнде кітап оқуға 3-4 сағат бөлуді жоспарла.
  2. Кітапты қалай болса солай оқымай, оларды белгілі бір мақсатпен жоспар бойынша оқуға дағдылан.
  3. Кітапты төсекте жатып, ас ішіп отырып оқыма, кітапты үлкен ой еңбегімен оқу керек.
  4. Кітапты көп оқысаң, сөз байлығың молайып, сөйлемдерің мәнді де өткір, ойлау қабілетің терең болады.
  5. Кітаппен қоса Республикалық балаларға арналған басылымдарға: «Ұлан» газеті, «Балдырған» т.б. журналдарына жазылып біліміңді көтер.

Кітап ханшайымы: Кітаппен дос болайық,

Ата – бабамыздың үмітін ақтайық!

Бөбектерім оқы, ойна,

Оқу – білім саған пайда.

Ана тілі: Кітабыңның шетін жыртып,

Сияменен бояп қойма.

Математика: Таза оқы мені қастерле

Бар білімді мен егемін санаңа.

Әліппе: Оқы талмай, құй санаңа жас бөбек

Сыр құямын, жыр құямын бойыңа.

Мұғалім: Балалар, кітап әлеміне саяхатымыз өз мәресіне жетті. Ұқыпты, әдепті оқушы болуға уәде береміз бе?

Оқушылар: Иа.

Мұғалім: Балалар, кітапты оқыған сайын білімдерің артатынын өздерің де айтып отырсыңдар. Ендеше кітапты үзбей оқып, өзіңе сенімді дос етіп табыса білгін. «Адам керуен, өмір жол», сол өмір жолында кітаппен сенімді дос болыңдар. Кітаптан алған білімдеріңмен самғап ұшып, биік шыңдарға көтеріле беріңдер.

Жайнатып жанымызды,

Келтіріп сәнімізді.

Арнайық бас қосқанда

Тамаша әнімізді

Ән әуенін теріңдер

Бәрің бермен келіңдер.

Мың бұралған бишілерді

Тамашалап көріңдер.

Құрметті қонақтар ден қойып көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет.Сіздердің құрметтеріңізге шашу ретінде ұсынғалы отырған  «Домбыра» биімен «Балдырған» әнін қабыл алыңыздар.

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *