Абай атындағы орта мектебінің
орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Сагатова Айгерим Адилбековна
Басты мақсатымыз – баянды білім беру
«Білік біліп –төрден орын аларсың,
Білік білсең, күшті, берік адамсың»
Ж.Баласағұн
Бүгінгі таңда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесі басты назарда тұр. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында дербес мемлекетімізде білімнің маңызыдылығы жоғары бағаланып, барынша қолдау көрсетілуде. Әрине, сапалы білім мен кәсіби білікті мамансыз бәсекеге қабілетті өскелен ұрпақты тәрбиелеу мүмкін еместігі бәріне мәлім.
Мұғалімдерді жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқытуға дайындау мақсатын көздеген қазақ сыныптарына орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының М.Әуезов атындағы орта мектебінде 2016 жылдың 29 ақпан күнінен бастап, бір айға созылатын курс өтіп жатыр. 28 тыңдаушыдан құрылған топтың тренері Омарбекова Майра Көкеновнадан сұхбат алдық.
— Біліктілікті арттыру курсының басты мақсаты қандай?
Елімізде орта білім беру мазмұны жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына өзгерістер енгізілуде. Жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, өмірінде оны қолдана білу, отансүйгіштік қасиетін одан әрі дамытуға бағыттау – ұстаздың басты міндеті деп білемін. Аталмыш міндет орындалу үшін білікті маман «қарулану» қажет. Өтіп жатқан курстың негізгі мақсаты: жаңартылған білім беру бағдарламасының табысты іске асырылуына көмектесу; мұғалімдерге білім беру бағдарламасының мазмұны өзгертілгенін ұғындыру; жаңа оқыту әдіс-тәсілдерінің қажеттілігін түсіндіру болып табылады.
— Курстың маңыздылығын атап өтсеңіз.
Тыңдаушылармен жүргізілетін жұмыс жүйесі жаңа мазмұндағы оқу бағдарламасы, оқу жоспары, критериалды бағалау басшылығы, үлестірме материалдарға негізделеді. Әр мұғалім тиімді оқу мен оқыту тәсілдерімен таныса отырып, өзінің педагогикалық қызметіне белсенді оқу қағидаттарын енгізеді. Оқу мен оқытудағы әр іс-әрекет мақсатқа жетуге бағытталатынын түсінді. Егер ұстаз тәжірибесінде үйреніп жатқан белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білсе, оқушылардың сын тұрғысынан ойлау қабілеттері дамып, білімнің қажеттілігін түсінеді. Яғни, «Не үшін?», «Қалай?», «Неліктен?» деген сұрақтарға жауап іздей бастайды.
— Неліктен енгізілген жүйе тіл мамандарынан бастау алды?
Жаңартылған білім беру бағдарламасы Тілдік қызмет дағдыларын дамытуға (тыңдау, айту, оқу, жазу) аса назар аударылып отыр. Оқу кезеңінен жазба тілге дейінгі оқытудың бірізділігін жүзеге асыруды көздейді. Жаңартылған білім беру бағдарламасындағы қарым-қатынас құрудың маңызын түсіну және сабаққа арналған тілдік мақсаттарды белгілеу көзделген. Тілдік мақсат үш тілде оқытудың коммуникативті дағдыларын дамытуды қолдау болып табылады.
Жаңа мазмұнды білімнің тиімділігін түсінген тыңдаушылар жаңалықты жақсы қабылдады. Курс барысында оларда теориялық білімдері практикамен ұштаса отырып, білім беру жүйесіне жаңаша көзқарас қалыптасқаны айқын байқалды. Мұғалімдер игерген жаңа мазмұнды бағдарламадан алған әсерімен ой бөлісті.
Б.Майлин атындағы орта мектебінің мұғалімі Кабденова Гаухар:
— Мен үшін бұл курстың маңыздылығы өте жоғары. Курс оқушылардың функционалдық сауаттылығы мен сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған. Үйреніп жатқан белсенді әдіс-тәсілдерді дәстүрлі әдістемелік жүйемен салыстыруға болмайды. Біз жаңаша сабақ құрылымын жоспарлауды үйреніп жатырмыз.
М.Әуезов атындағы орта мектебінің мұғалімі Нурахметова Алия:
— Курстан алған білімді болашақта педагогикалық тәжірибемде толық қолданамын. Үйренген белсенді әдіс-тәсілдердің тиімділігіне көзім жетті. Педагогикалық шеберлігімді ұштайтын мазмұнды әдістермен қаруландым.
Менің оқу үдерісіне жаңаша көзқарасым қалыптасты.
Т.Тоқтаров атындағы орта мектебінің мұғалімі Шайланова Толкын:
-Үйреніп жатқан әдістер оқушылардың ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауына, ойын еркін жеткізуіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуына септігін тигізетініне көзім жетті. Әр мұғалімнің шеберлігін шыңдайтын, жас ұрпақтың білімі нәтижелі болуға жұмыс атқаруға көмектесетін курстың берері көп екен.
Ертеңінен үміт күткен Мәңгілік еліміздің ұрпағы білімді, білікті болу үшін нақты жоспар, нақты қадам керек. Әр мұғалім әзірленіп жатқан жаңа мазмұнды бағдарламаны игеруі маңызды. Б.Момышұлы «Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді», — дегендей, сапалы білім, саналы тәрбие берген қоғамдағы ұстаз қауымының орны ерекше екенін ұмытпай, қоғамның әр мүшесі жан-жақты қолдау көрсетуі қажет деп ойлаймыз.