Тақырыбы: «Рахмет саған, Әліппе!»
Мақсаты:
Білімділік: оқушылардың Әліппеден алған білімдерін бекіту.
Тәрбиелік: әдептіліке, сауаттылыққа баулып, білімін, өнерін көрсету.
Дамытушылық: сынып абыройы үшін жанын салып, еңбек ету, бір-біріне жолдастық, достық көмек көрсету сезімін дамыту.
Көрнекілігі: ана тілі, әліппе суреті, нақыл сөздер, шарлар.
Б а р ы с ы:
Ұйымдастыру кезеңі:
Мұғалім сөзі:
- Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Осыдан 4 ай бұрын ата- аналары жетектеп 1- сынып табалдырығынан аттатқан бүлдіршіндер бүгін сауат ашып, білім алып, мектеп сатысының бір кезеңін артқа қалдырды. Бұл кезең Әліппе кезеңі. Бүгінгі мереке іші сырға толы қасиетті көк сандығымызбен қоштасу, рахмет айту тойына қош келдіңіздер!
Алдар көсе мен Тазша бала кіреді.
Алдар көсе: Уа, халайық, жараңдар!
Жаңа жылдарың құтты болсын!
Тазша бала: Алдар аға, «жаңа жылың» не? Ортада шырша көрінбейді, балалар да жоқ, бұл жерде бір қателік бар.
Алдар көсе: Қазіргі кезде дағдарыс қой. Сондықтан шырша жоқ.
Тазша бала: Тұра тұрыңыз, Алдар аға. Балаларды шақырып сұрайық.
Алдар көсе: Шақырсақ шақырайық!
Музыка ойналады. Ортаға 1 «Г» сынып оқушылар шығады.
Тазша бала:
— Балалар, бұл жерде өзі не боп жатыр. Дабырлаған адамдардың дауыстарын естіген соң осы жаққа қарай бет бұрып едік. Жаңа жыл кеші дейін десек, ортада шырша көрінбейді.
Алдар көсе: Иә, иә.
Әдемі: Біз Әліппемен қоштасу ертеңгілігіне жиналып отырмыз. Келген екенсіздер, ертеңгілігімізді бірге өткізуге қалай қарайсыздар!
Алдар көсе: Қайырлы күн, халайық!
Тазша бала: Армысыздар, ата-аналар мен ұстаздар! «Рахмет саған, Әліппе!» атты әліппемен қоштасу ертеңгілігін бастауға рұқсат етіңіздер! Әліппемен қоштасу тойы құтты болсын!
Ақерке:
Шашу, шашу, шашайық,
Ақ сандақты ашайық.
Бұл мереке, бұл тойдың,
Бастаңғысын жасайық.
( Шашу шашылады).
Алдар көсе:
- Балалар, мен ертеңгілігімізді сендерге сұрақ қоюдан бастайын.
Бар білімнің бастауы,
Бар ғылымның бастауы,
Жас балаға нұр шашқан
Қандай кітап тіл ашқан?
Хормен:
Болашаққа жол ашар –
Ол сүйікті Әліппе!
Ол сүйікті Әліппе!
Батырхан:
Өтті оқу сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат
Оқулықпен достассаң,
Әліппеміз қоштаспақ!
Ой білімі жаңғырып,
Әліппеден мәңгілік
Әріптерді таныған
Өңкей білгіш, балдырған,
Құтты болсын, тойларың.
Тазша бала:
- Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппе туралы не айтасыңдар?
Бақытжан:
Келгенде алғаш мектепке
Білмеуші едік әріпті.
Оқимыз қазір ертек те,
Үйреткен оны — Әліппе!
Альбина:
Енді жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза боп соған жүреміз,
Сүйікті біздің, Әліппе!
Айқын:
Бар кітапқа бас болған
Әліппе — ғылым ағасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
Еркін:
Әліппе деген – алтын жол
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес ауыр жол,
Тырысып бақ намысқа.
Тазша бала:
- Ал, балалар, ең алғаш рет қолымызға алған ақылшымыз, 42 әріппен таныстырып, оқу мен жазуға үйреткен Әліппе туралы ән шырқап, оны ортаға шақырайық.
Хор: «Рахмет саған, Әліппе!»
Барлығы: Әліппе! Әліппе! Әліппе!
(Әліппе кітабына сөз беріледі).
Әдемі:
Көлге айналған бұлақтың
Қайнар көзін көріп пе ең.
Том-том қалың кітаптың
Басы болар Әліппең.
Анель:
Әліппем менің, Әліппем,
Сені қолға алып мен,
Есігін аштым мектептің
Ертеңгі сәуле жарықпен.
Айсұлу:
Әліппем менің, Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
Айжан:
А-ны алғаш айтқанда дауысым дірілдеді,
Ұстазым көз алдымда күлімдеді.
Күн сайын әріптердің атын біліп,
Сөз оқимын айырып буынды енді.
Ән: «Елімнің ертеңгі иесіміз».
Әліппе:
- Ал, балалар, «Мектеп — кеме, білім — теңіз» демекші әліппеден не үйренгендеріңді білгім келіп тұрғаны. Тек әріппен танысып қана қоймаған боларсыңдар?
Әдемі:
- Иә, біз ережелерді айтып үйрендік. Мысалы: сөз дыбыстан құралады.
Бақытжан:
- Дыбыстар әріппен таңбаланып жазылады.
Альбина:
- Дыбыстарды айтамыз, естиміз. Әріптерді көреміз, жазамыз.
Юсуф:
- Кісінің аты-жөні, жер- су аттары, үй жануарларына қойылған аттар бас әріппен басталып жазылады.
Ақерке:
- Сөздегі дауысты дыбыстар жуан болса, сөз жуан айтылады, сөздегі дауысты дыбыстар жіңішке болса, сөз жіңішке айтылады.
Анель:
- Буын дауысты дыбыс арқылы жасалады.
Би:
Ән: «Мен бақытты баламын».
Тазша бала:
- Әліппе, біз альфавиттегі әріптерді ретімен жатқа айта аламыз.
- Балалар, солай емес пе?
Айжан альфавиттегі әріптерді ретімен жатқа айтады.
Тазша бала:
- Ең бірінші тұрған әріптерді кім айтады?
- «Аа», «Әә», «Бб».
Алдар көсе:
- Әліппе, мен осы әріптерге байланысты өлең айтып берсем деймін?
Әліпбидің «А» тұрады басында,
Әрқашанда «Ә» тұрады қасында.
Байқадың ба?
«Б» тұрады үшінші
Ал осының сыры неде?
Түсінші.
А деген ол — аналар ғой ардақты,
Ә деген ол – әкелер ғой салмақты,
Б деген ол – балалар ғой әдемі.
Біздің елде үшеуі де кәделі.
Әліппе:
- Балалар, сіздердің өнерлеріңізге риза болдым. Сендерге көп-көп рахмет. Енді сауатты жазу мен мәнерлеп оқытатын досыммен таныстырайын. Ол «Ана тілі» оқулығы.
- Ал, қош болыңдар! Үнемі биік шыңнан көріне беріңдер.
Барлығы: «Рахмет саған, Әліппе!».
Өскен:
Таныстырған қырық екі әріппен
Қош бол, менің қасиетті Әліппем!
Сенің арқаң – оқи, жаза білгенім
Сауатты адам санатына кіргенім.
Әділхан:
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз!
Ата-ана қуанышқа ортақ боп
Сауатты боп шықты, міне балаңыз!
Ана тілі:
- Балалар, мен сіздерді бүгінгі қуаныштарыңмен құттықтаймын! Сендер мені де оқып, жазып, көп нәрсені үйренесіңдер. Балалар, мені кейінгі ұрпаққа таза, ұқыпты етіп қалдыруларыңызды сұраймын.
Оқушылар: Таза, ұқыпты ұстауға, оқуға уәде береміз!
Тазша бала:
- Ана тілі, төрлетіңіз, оқушылар өнерлерін тамашалаңыз.
Ән: «Жайна, балақай».
Назира:
Барша жұртқа сыйлаған,
Ілім-білім мұратын.
Өмірдегі сыйлы адам
Бес әріптен тұратын.
Нұрсила:
Бәрімізді сүйіп өткен,
Балаларға үйреткен.
Ұстаз деген ұлы есімге,
Бас иеміз қошеметпен!
Юсуф:
Алдыңа келіп, ұстазым,
Тұңғыш қалам ұстадым.
Күлімдеген көзіңнен
Мейірімің сезілген.
Гүлназ:
Жүзің жылы, құшағың кең,
Сенен түлеп ұшамын мен.
Өзің берген біліміңмен
Биіктерге ұшамын мен.
Дамир:
Түсінбеген жерімді,
Мұғалімнен сұраймын.
Әріптеріңді тізілтіп,
Сөзді өзімше құраймын.
Ән: «Ұстазым».
Көрініс:
Алдар көсе:
- Балалар, сендер Әліппені жақсы меңгеріп, сауатты оқуларыңа ата-аналарыңның да қосқан үлесі мол. Сондықтан бәріміз ата-аналарымызға рахмет айтайық.
Дильназ:
Тақпақты да жаттаймыз,
Әнге, биге бастаймыз.
Ата-ананың үмітін
Ақ сеніммен ақтаймыз.
Нұртуған:
Дайын дәптер, Әліппем,
Доспын барлық әріппен.
Қуантамын анамды
Үздік баға алып мен.
Рухая:
Жүректерге сүйікті ең бір жақын,
«Абай» деп атамның жаздым атын.
Хатқа жазып ата-ана есімдерін,
Күнім бұл бірінші рет мақтанамын.
Ойын: «Балықшы».
Ата – ана судан балық аулап алады. Тапсырманы баласы орындайды.
Хор: «Ата-ананы тыңдаймыз».
Тазша бала:
Бүгінгі кеш әр үйдің той басы боп саналар,
Балалардың есімі әулеттерге таралар.
Ырым етіп сондықтан да ертеңгілік соңында
Ақ тілекпен баршаға тілек айтар
Ұстаздар мен ата-аналар!
Мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша оқу — ісі меңгерушісі М.Өмірәлиева, сынып жетекші Э.Елемесова және ата-аналарға сөз кезегі беріледі.
Алдар көсе мен Тазша бала:
Осымен, «Рахмет саған, Әліппе!» атты әліппемен қоштасу ертеңгілігін аяқтаймыз. Келіп тамашалағандарыңызға рахмет! Қош, сау болыңыздар!
[bws_related_posts]