Жаңа формация мұғалімі: бүгінгісі мен келешегі.
«Білекке сенген заманда- ешкімге есе бермедік,
Білімге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік»
( Абылай хан )
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылдың 1 наурызындағы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты жолдауында қазақстандық білім беру жүйесін реформалаудың негізгі мақсаты- білім сапасының жаңаруы мен ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» деп нақты көрсетілген.
Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған кезінде оқу-білімнің, соның ішінде болашағымыз –бүгінгі мектеп оқушысының білімі мен тәрбиесі маңызды мәселе. Еліміздің әлеуметтік экономикасының дамуына өзіндік үлес қоса алатын, өзіндік ой-пікірі бар, жан-жақты дамыған, білімді де білікті тұлғаны дайындап, тәрбиелеу-аса құрметті қоғамдық міндет. Себебі, ел тұтқасын жан-жақты білімді ұрпақ ұстанған шақта ғана өркениет алға дамымақ. Демек, жас ұрпаққа білім беруде, оларды болашақ еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу-әр ұстаздың, әр мектептің ең қасиетті міндеті. Өзгермелі бүгінгі қоғамымыздағы жаңа формация мұғалімі қандай болуға тис? Осы сұрақ әрбір мұғалімді толғандарыры хақ.
Мектеп- үйрететін орта, оның жүрегі- мұғалім. Қазақтың білім беру саласының негізін қалаған екі ғұлама тұлға- Ы. Алтынсариннің: «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені ол – мектептің жүрегі», А. Байтұрсынұлының: «Ең әуелі мектепке керегі терең білімді педагогика мен әдістемеден хабардар, оқыта алатын мұғалім»- деген сөздері мұғалімнің оқыту процесіндегі қайталанбас орнын көрсетеді. Қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі- мұғалімнің еліміздегі жүргізіліп жатқан білім беру саясаты мен әлемдік білім кеңістігіне ықпалдасуы, олардың жоғары талаптарына жауап бере алуы.
Осы, орайда жаңа формация мұғалімі, жаңа құрылым мектебі деген ұғымдар пайда болды. Менің ұғымымда жаңа формация мұғалімі—педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға. Бүгінгі нарықтық өмір мұғалімге бәсекеге қабілетті, білім беру сапасының-жоғарылығы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік шеберлігі сияқты маңызды талаптар қойып отыр. Демек, жаңа формация мұғалімі- әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық-әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, қарым-қатынастық, ақпараттық және тағы басқа құзіреттіліктердің жоғары деңгейі мен сипатталатын, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты тұлға.
Елімізде кең қолдауға ие болып, әлі талқыланып жатқан 12 жылдық білім беру тұжырымдамасында мұғалімдердің кәсіби-тұлғалық құзіреттілігін қалыптастыру басты мақсат екендігін атай келе, 12 жылдық білім беруде мұғалімнің мынандай құзіреттіліктерді игеруге міндетті деп көрсетілген.
- Арнайы құзіреттілік-өзінің кәсіби дамуын жобалай білу қабілеті.
- Әлеуметтік құзіреттілік- кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.
- Білім беру құзіреттілігі-педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.
Соңғы кезде көп қолданылып жүрген «құзірет», «құзіреттілік» сөздерінің мәнін ашып, түсініп алудың да ізденісті жас мұғалім үшін маңызы ерекше.
Құзірет-жеке және қоғамдық талаптарды қанағаттандыру мақсатындағы жетістікті қызметі үшін қажетті білім алу дайындығына әлеуметтік сұраныс.
Ал, құзіреттілік дегеніміз-қазіргі заман талабына сай мұғаліімнің өзін-өзі өзгерте алу қабілеттілігі. Демек, жаңа формация мұғалімі туралы сөз болғанда оның дәл бүгінгі қалыптасу жолдары қандай? Әр мұғалім осы бағытта өз жұмысын қалай жүйелеуге тиіс? Осы мақсаттағы мектептің ұстанатын бағыттары қандай болуға тиіс?
Өзімді толғандырып жүрген, меніңше, мен сияқты әр жас маманды мазалайтын осы сұрақтарға жауап беруге тырысамын. Әр игі іс пен бастаманың өміршеңдігі мен болашағы бүгіннен бастау алары анық. Демек, бүгінгі жаңа формация мұғалімінің қалыптасу жолында білім беру саласының аса маңызды мына мәселелеріне ерекше назар аударылуға тиіс: Білім берудің ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етілуі, мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру негізі, тәрбие жүйесінің бүгінгі күн талабына сай дамуы, дарынды балалармен психолого-педагогикалық жұмыстар, 12 жылдық жалпы білім беруге көшу, ақпараттық технологияның дамуы, стратегиялық жоспарлау, білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асуы, жаңа құрылым мектебі.
Мектеп-ізденімпаз мұғалімнің шығармашылық шыңдалу ортасы. Жаңа формация мұғалімінің қалыптасу жолдарында жаңа құрылым мектебінің ұстанған, ғылыми-теориялық айқындалған бағыттарының маңызы ерекше. Жаңа формация мұғалімі жаңа құрылым мектебінде қалыптасып, шыңдалады. Осы мақсатта жаңа құрылым мектебі бүгінде мынандай 3 бағытта басшылыққа алады:
- бағыт: Оқушының жеке қабілетін есепке ала отырып, жеке даралық бағытта оқыту;
- бағыт: Оқушының потенциялдық мүмкіндіктерін есепке ала отырып, жеке даралық бағытта оқыту;
- бағыт: Ішкі қажеттіліктерді есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту;
Осы бағыттарды жүзеге асыру жолында еңбек ететін мұғалімге мынандай компоненттер ( нұсқалар) тән.
- Тұлғалық компонент: Оқушылардың өзіндік зерттеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған арнайы курстарды меңгеру;
- Инварианттық компонент: Базалық оқу стандартына жауап беретін оқу жоспарының бөлімін меңгеру;
- Кәсіби компонент: Бейімді оқытудағы курстардың тереңдетіліп оқылатын пәндермен байланысын меңгеру.
Осы компоненттерді ғылыми тұрғыдан меңгеріп, жемісті еңбек етіп жүрген жаңашыл ұстаздарда баршылық. Бүгінгі мектептерде білім беру сапасын жақсарту мұғалімдердің біліктілігін арттыру арқылы жүзеге асыру үрдіске айналып келе жатыр. Осы еңбегімді жазу барысындағы ізденістерімнен түйгенім: жаңа формация мұғалімі болу- тынымсыз ізденіс, өз-өзіне сын көзбен қарау, өз болашағы үшін күрес. «Әркім өзі күресер, басына түсер бағы үшін»,- деп белгілі жырау Ақтамберді жырлағандай, ұстаз деген атаққа лайық болуы үшін әр мұғалім аянбай ебек етуі керек.
Бүгінгі мемлекет тарапынан мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәелесіне ерекше назар аудырылып келеді. Оған білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен сындарлы саясаттар, өзгерістер куә.
Бұл өзгерістер әрбір мұғалімнің ойлануына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаң идеялармен, жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық.
Мұғалімдердің біліктіліктерін арттыруда Алматы қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығының» қызметі ерекше. Деңгейлі бағдарламамен мұндай орталық Шымкент қаласында да жұмыс істеуде. Үш ай бойы ІІІ- деңгей(базалық) курсының тыңдаушысы болғанымда бұл бағдарламаның еліміздің білім беру жүйесін дамытуға оң ықпал ететініне көзім жетті. Себебі, оқыту мен оқуда өзгеріске жетелейтін, оқыту сапасын жақсартуға ықпал ететін бұл бағдарлама мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін шыңдап қана қоймай, оқушылардың білім сапасының нәтижесіне ықпал ете отырып, мектептің ілгері дамуына да әсер етеді. ІІІ деңгей бағдарламасының негізгі мақсаты- оқыту үрдісіне жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу, балалармен жұмыс. Бағдарламаның басты мақсаты – көшбасшы мұғалімдер әзірлеу арқылы мектеп тәжірибесіне жаңа өзгерістер енгізу болып табылады. Өз мектебіме жаңашыл өзгерістерді енгізудің нәтижесін үш айлық тәжірибе кезінде байқадым. Оқыту мен оқудағы қуатты педагогикалық жеті құралдың маңыздылығы мен тиімділігін коучинг сессиялар арқылы меңгерген мектеп мұғалімдері орта мерзімді жоспарлауда жеті модульді ықпалдастыра отырып, тізбектелген сабақтарды және іс-әрекетті зерттеу сабақтарын жүргізгеннен кейінгі аз мерзім ішінде өзгерістің білім сапасына әсер еткені аңғарылды. Себебі, осы бағдарлама бойынша оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді тиімді қолдана отырып, топтық жұмыстарды ұйымдастыруда үлгерімі төмен оқушылардың пәнге деген қызығушылықтары артып, дарынды оқушылардың сынып ішінде көшбасшы деңгейіне жетуі оң нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, бұл әрекет мектеп мұғалімдерінің кәсіби қоғамдастыққа бірігуіне, оқытудағы ортақ мәселелерді шешуде бірлесуге, ынтымақтаса жұмыс істеуге, өзара тәжірибе алмасуға үйретеді де, олардың кәсіби дағдыларын шыңдай түседі.
Осылайша, жаңа формация мұғалімі болуға қадам жасалады.
Мұғалім – мәртебелі мамандық. Оның мәртебесі мен бедел биігінің артуына себеп – оның шығармашылық ізденісі, жаңашылдықтағы өзіндігі, әдістемелік шеберлігі, яғни, үлкен педагогикалық нәтижеге жеткізетін жинақтаған тәжірибесі.
Ал, жаңа формация мұғалімінің келешегі туралысөз болғанда менің көз алдыма өзгермелі қоғамға бейім, өз қабілеттерін толық көрсете алатын, өзі үшін де, өзгелер үшін де құнды жеке тұлға тәрбиелейтін, ғылыми көзқарасы қалыптасқан, жаңалықтар енгізуге даяр мұғалім елестейді.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Төлеби ауданы.
Қаратөбе негізгі орта мектебі.
Сартаева Светлана Нурболовна.
Орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі.
[bws_related_posts]