Қарағанды облысы Балқаш қаласының Жалпы білім беретін №9 орта мектептің ІІ санаттағы бастауыш сынып мұғалімі Шакирова Дина Караевна.
Көк байрағын көтерген – Қазақстан!
МҰҒАЛІМ: Қайырлы күн құрметті қонақтар.
Данасы мен батыры көп қазақпын,
Көрген талай қияметін азаптың.
Аршындаймын көк туымды шалқытып,
Жасай берсін, тәуелсіздік азат күн! – дей келе Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнаған әдеби кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
оқушы:
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған.
Бұл далаға жылап келіп, уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
оқушы:
Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім, мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.
оқушы:
Таңғажайып атың да дәл табылды,
Табылды да талай жұртқа танылды.
Туған елім көкке жетті көк туың,
Сен – тәуелсіз мемлекетсің кәдімгі.
Бүгінгі тәуелсіздікке халқымыз оңайлықпен жеткен жоқ. Бұл күнге бір жағадан бас, бір жеңнен – қол шығарып, бірлігіміздің арқасында жеттік.
« Түбін білмеген – тексіз» дейтұғын қазақтың ғажап сөзі осындайда шықса керек. Себебі тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар арманынан туындап жатқан жоқ па? Ендеше үш бидің сөзіне құлақ түрелік.
( Күй ойнап тұрады.)Төле би:
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір үйдің атасы болма,
Бір елдің данасы бол.
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол.
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп бағала.
өзегің талса өзен жағала.
Басыңа іс түссе көпшілікті жағала.
Өзіңе кәміл бол,
Халқыңа әділ бол.
Жауыңа қатал бол.
Досыңа адал бол.
Әйтеке би:
Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін.
Бай болып еліңе пайдаң тимесе.
Батыр болып еліңе пайдаң тимесе,
Елден бөлек үйің күйсін.
Қазыбек би:
Біз қазақ мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Дәм-тұзды ақтай білген елміз,
Достығымызды сақтай білген елміз.
Асқақтаған хан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз.
МҰҒАЛІМ: Бабалар арманы, бабалар үміті үзілген жоқ. Азаттықтың ақ таңы атты. Тәуелсіздігімізді баянды етіп,Отанға адал қызмет ету әрбір жас қазақ ұланының қасиетті парызы, міндеті.
2 оқушы: Тәуелсіздік – еркіндігім, елдігім,
Елім дербес, өзге елдермен тең бүгін.
Тәуелсіздік- азаттығым, арманым,
Алдағы арман, қуанышым сол менің.
3 оқушы: Тәуелсіздік тәу етемін бір саған,
Бабаларым талай ғасыр аңсаған,
Ұраны боп мәңгілікке азат күн,
Тарландары қыршын кеткен қазақтың.
Мұғалім: Тарихым жатыр тасымда,
Тіл қатып келер ғасырға.
Азаттық дейтін ұғымның,
Желтоқсан тұрар басында.
6-сынып оқушылары:
оқушы:
« Нашақор» деп «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары етіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.
Әділдік пен шындықты,
Өтірік жала өктемдік еткен күн,
Надан жасаған сұмдықтан,
Адам азап шеккен күн.
Қақап күннің ызғары,
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын,
АМОН-дар бастан тепкен күн.
Аппақ қар қанға боялып,
Қып-қызыл мұз боп жатқан күн.
оқушы:
Қасқалдақ ұшып көлінен,
Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен,
Қарғалар билік алған күн.
Адал мен арсыз аярды,
Айырып халық ұққан күн.
Озбырлық күшпен тұншығып,
Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір шындық,
Ер Қайрат қыршын кеткен күн.
оқушы:
Желтоқсан айы естесің,
Дауыл боп бұрқап ескенсің.
Азаттық күні қашаннан,
Көкейін елдің тескенсің.
Шектеліп ана тіліміз,
Оқылмай өлең-жырымыз.
Жабылып жатса мектептер,
Жадырар қалай күніміз?
оқушы:
Бұрқ етті қазақ баласы,
Кеудеде өршіп наласы.
Алаңға қарай ағылды,
Таусылып барлық шарасы.
Жібердік еркін ат басын,
Қиянат жанға батқасын.
Тоқырау таңын күйреттік,
Деп: « Теңдік күні батқасын!»
К ө р і н і с: «Қайғыға түскен ғұмыр»
«Савицкиді өлтірді» деген дауыс естіледі. Барлығы жабылып Қайратты түрмеге алып кетеді.
Тергеуші: Алып келіңдер, ана Савицкиді өлтірген Қайрат Рысқұлбековті.
(Милиция қызметкерлері Қайратты сүйрелеп алып келеді.)
Тергеуші: Сен алаңға не үшін келдің? Савицкиді өлтіргеніңді мойындайсың ба?Айт жаның барында.
Қайрат: Мен өлтірген жоқпын. Қазақ қыздарын ұрып-соғып жатыр» дегенді естіп, араша түсейін деп келдім. Мен жазықсызбын.
Тергеуші: Әкетіңдер, құртыңдар, атыңдар.
Қайрат: Тоқта! Айтар сөзім бар.
Қазақ деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты-құрбандық»
Атам десең атыңдар!
Күнәдан таза басым бар
21-де жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар!
(Милициялар Қайратты алып кетеді)
Қайрат: Ана, анашым, естимісің?
Мен жазықсызбын, ана.
(Осы кезде анасының даусы естіледі)
Анасы: Қарашығым, қайран балам-ай,
Құлыншағым, жаным-ай.
Құлағыма келеді,
Алыстан айтқан зарың-ай.
Мұғалім: Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Оқушы: Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың,
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын жас Қайратым, жас өркені халқымның.
Оқушы: Еліңнің осы намысы үшін,
Құрбан еттің жаныңды.
Мазақ етіп қорлай алмас
Ешкім сенің арыңды.
Оқушы: Қазақ елі қан майданға жолдаған,
Қазақ жерін қызыл қанға бояған,
Талай боздақ кетті, міне, өмірден,
Талай ана жоқтау айтты күнімен.
Желтоқсанның аты шықты әлемге,
Қайғы-қасырет шекті бәрі де.
МҰҒАЛІМ; Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өрендер ақталады.
Ел намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік мақталады.
Ән: «Қара бауыр қасқалдақ»
«Әжесі мен немересі» әңгімесі.(көрініс)
2-сынып оқушылары:
1-жүргізуші: Қазақстаным, қастерлі мәңгі дастаным,
Парақтап сені,киеңді ұға бастадым
Сен менің барым, бағым, арымсың,
Халқыма әр күн бейбіт болсын аспаның.
2 жүргізуші : Қазақстан- қасиетті мекенім,
Өзіңді жырлап мәңгілікке өтемін
Елім үшін,жерім үшін жан пида,
Республикам, Отаным, Атамекенім.
3жүргізуші: Қазақстан-бүкіл қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған жері.Тәңірі жер қайысар мал беріп, асты-үсті байлыққа тұнып тұрған осындай өлкені мекендеген халқымның арманы жоқ болар, сірә!
1жүргізуші:Шынында да,бізден бақытты жан жоқ шығар.
2 жүргізуші: Қазақстан- арайлап атқан таңы бар, асу бермес асқарлары бар, сайын дала,жазиралы мекендеген халқы бар — дербес Республика.
МҰҒАЛІМ: Балам,сенің бұл халқың батыр халық,
Батырлығын жауына татырды анық.
Байқаған, осы да осалдық па?
Байтақ мекен көз жетпей жатыр неғып.
3 жүргізуші: Қазағым менің қазағым,
Тарттың ғой тағдыр азабын.
Дәстүріңді қастерлеп,
Ерлігіңді жазамын.
1 жүргізуші: Желтоқсанның ызғары-ай,
Кірпікке қатқан мұздар-ай.
« Елім-ай» — деп егілген.
Қаһарман ұлдар, қыздар-ай.
2 жүргізуші: Көтерілді жастарымыз алаңға,
Көтерілді студент қыз, балаң да.
Қан төгілді намысы үшін қазақтың,
Ерліктері жайылды кең ғаламға.
3 жүргізуші: Қаһарманын ұмытпайды халықтар,
Өткен күнді тарихымыз анықтар.
Ерлігіңе тағзым еттім қашанда,
Тәуелсіздік алып берген алыптар.
оқушы: Республикам! Ерікті елім – Қазақстан!
Келді міне, ел тілегі ашық аспан.
Келді алыстан аңсатып, армандатып,
Көк байрағы желбіреп – Қазақстан.
оқушы: Республикам – ұлан байтақ жер болды,
Республикам – тәуелсіз ел болды.
Республикам – Республикам атанып,
Халқымыздың көңілдері кең болды.
оқушы: Отаным тәуелді елге ұқсап тұрды,
Уақыт өте Ресейден де босатылды.
Қазақстан тәуелсіз атанған соң.
Мемлекеттік рәміздер жасатылды.
оқушы: Көк аспандай көкпеңбек,
Қазақстан даласы.
Көк емес ол тектен-тек,
Елдің ашық қабағы.
Бұлт баспасын күнімді,
Тартылмасын өрісім.
Биік ұстау туымды,
Қасиетті борышым.
оқушы: Қатар жатқан қос тұлпар,
Ай астында қазақ үй .
Қалықтаған жас сұңқар
Шарықтаған жаза күй.
Бұл таңбасы елімнің
Елдігімнің белгісі.
оқушы: Көк байрағым — ар-намысым,жүрегім!
Әнұраным –қайрат, күнім, терегім!
Елтаңбамда бүкіл елдің тарихы,
Тұрмыс-салтым,тағы соны білемін.
оқушы: Батырлыққа уызынан жарыған.
Ер түркіні байрағынан таныған.
Өзі ақын, өзі әнші халықта.
Кім айта алар болмаған деп Әнұран.
оқушы: Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен-
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
оқушы: Отан дейміз кең-байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.
оқушы: Отан-тарих, Отан-тіл,
Жасаған елің, өз халқың.
Отан-өлең, Отан жыр,
Көтерген көкке ел даңқын.
Ән: ОТАН
оқушы: Туған тілім тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өссемін.
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
оқушы: Ана тілім,
Жүрегімсің анашым
Жүрек-ана
Мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның.
оқушы: Ана тілім — бәрін сөйлер шежірем
Тілсіз нені білдіре алам, не білем!
Тілім барда ғана мынау ғаламның
Кілтін табар саналысы сезінем.
оқушы:
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім,
Құлағыма сіңірген таныс үнім,
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықтым,
Сүйгенім және көргенім, ұнатқаным.
Ән: « Тіл туралы»
МҰҒАЛІМ:
Саусағынан бал тамған өнерлі ғой халқымыз,
өнеріміз арқасында жайылды ғой даңқымыз.
«Қаражорға» қазақ биін билесе,
Қол соғайық, көрермендер, биіне оның үйлесе.
«Қаражорға» биі
1 жүргізуші: Екпінімен еңбектің жарасқан ән,
Құлақ түріп даңқына алыс ғалам.
2 жүргізуші: Достық туы желбіреп қырмандарда,
Даламызда сан тағдыр табысты адам.
3 жүргізуші: Бостандықтың нұрымен арайланып,
Болашаққа алаңсыз қарыштаған.
Бәрі бірге: Ұлы достық отауы – ҚАЗАҚСТАН!
оқушы: Шаттықтың бірге шалқып тасқынымен,
Жолықсын қонақтар әр ұлтпенен.
Үлгі алсын жас ұрпақ бүгін бізден,
Ежелгі ата-баба дәстүрімен.
оқушы: Ынтымақ, достық, тыныштық,
Туыстық бізге тым ыстық.
Бейбіт өмір белгісі-
Күлімдеп шыққан күн ыстық!
оқушы: Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Болсын жермен су ортақ,
Болсын бізге бәрі ортақ.
Т Ә У Е Л С І З Д І К! ( ұлттық киім киген оқушы ұстан шығады)
Т- білдіреді теңдікті,
Ә- әдептілік, әлдікті,
У- уайымсыз уақытты,
Е- егемендік елдікті дейді
Л- лағып лепірме
С- сенімділік секілді ең,
І- ілтипатпен ізет қой,
З- зиялылық тілек қой,
Д- достыққа шақырады
І- ізгілікпен
К- күн боп көктегі
Көз алартпа, көршілерге қол сұқпа.
Ән: « Дос болайық бәріміз»
6 сынып оқушылары айтады.
оқушы: Қазағым – арлы халық, дана халық.
Жүрегі лүпілдеген бала халық.
Қонақжай, бауырмалдық қасиеті,
Тұрады басқа жұрттан дараланып.
Қазағым даласындай кең жүректі,
Батыры жауға шапса ержүректі.
оқушы: Ата-бабам жанын қиып қорғаған,
Ақ тілегін ұрпағына арнаған.
Қазақстан- алтын ұя Отаным!
Жайнай берші мәңгі гүлдеп әрқашан.
оқушы: Менің елім қазақ деп аталады.
Арман, қиял алысқа апарады.
Әр адамның жатталып санасында,
Биіктерде шырқалсын Отан әні.
«Атамекен» әні
оқушы: Кең байтақ, туған өлкем Қазақстан.
Мен сені әрқашан да мақтан тұтам,
Алтын дән, мыс, мырышы, мұнайымен,
Баршаны байлығымен таң қалдырған.
Төбеңде көк байрақты желбіретіп,
ЖАСАШЫ, ЖАСАЙ БЕРШІ ҚАЗАҚСТАН!
1 жүргізуші: Егемен еліміздің болашағы біздің қолымызда.
2 жүргізуші:Тәуелсіздіктің тірегі білімде.
3 жүргізуші: Білімнің арқасында елімізді, жерімізді дамыта аламыз.
1 жүргізуші: Елдігімізді асқақтатып биікке көтерейік.
Үш жүргізуші бірге: Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
МҰҒАЛІМ: Қуан халқым! Қуанатын күн бүгін,
Серпіп таста мұнды жүрек түндігін
Шарықтайық, шаттанайық, тынбайық
Тәуелсіздік күнін бүгін халқым бірге тойлайық.
Осымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерей тойына арналған « Көк байрағын көтерген- Қазақстан!» атты әдеби кешіміз өз мәресіне жетті. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет!