Басы » Ғылыми жобалар » Киелі тұлға – Сеңкібай – Биата (Ғылыми жоба)

Киелі тұлға – Сеңкібай – Биата (Ғылыми жоба)

 

Мектебі Балқаш қаласы №9 қазақ орта мектебі.

Жетекшісі    Ерубаева Бахытжан Сериковна  Қызметі  Қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі

 Ғылыми жоба тақырыбы: Киелі тұлға – Сеңкібай – Биата

 Мақсаты:   1.Сеңкібай Оразғұлұлының өмірі мен ерліктерін зерттей отырып, батыр туралы тарихи деректерді жинақтау.

2.Батырдың ерлік істеріне бүгінгі күннің талабына сай баға беру.

3.Батырдың азаматтық тұлғасын айқындау.

Міндеттері:

1.Сеңкібай Биата өмірі жайлы тың деректермен  таныстыру.

2.Батырдың өмірде болғандығына сараптама жүргізу.

3.Сеңкібай батырдың ержүрек, қайтпас қайсар екендігіне көз жеткізу.

Өзектілігі:

1.Сеңкібай Оразғұлұлы туралы берілген  деректер оқу бағдарламасында жоқ және мектеп оқушылары оның ерлік істерімен жетік таныс емес болғандықтан қосымша мағлұматтар беру.

2. Батырдың өмірінің шындығын дәріптеу.

3.Батырдың өмірі, ерлік істері, парасаттылдығы, батылдығы   зерттеліп оқырманның тиісті бағасын  алуы керек.

 Мазмұны.

I Кіріспе. ————————————————————————  1-2 бет.

 

Киелі тұлға – Сеңкібай – Биата.——————————————-   3-4 бет.

Батырдың өмір белестері.          ——————————————-   5-7 бет.

II Негізгі бөлім.                         ——————————————-   8-10бет.

Батырдың ерлік істері.               ——————————————-   11-12 бет.

Биатаның парасаттылығы.        ——————————————-    13-14 бет.

Биатаның даналылығы мен киелілігі.————————————    15 бет.

III Қорытынды.        ——————————————————-    16-17 бет.

 

 

-16-

Қорытынды: Біз осы зерттеу жұмысымызды жазу барысында батырдың өмір сүрген белестерін, ерліктерін оқып білдік.Сеңкібай – Биата қандай ерлік көрсеткендігін ұғып білдік.Мектеп бағдарламасында батыр жайлы деректер жоқ екендігіне көз жеткіздік.Жұмыстың әр тарауында қамтылған мәселелер өз мақсат-міндетіне орай жүзеге асырылған.

Сеңкібай Оразғұлұлының ерлігі тарих төрінен үлкен орын алуға лайықты.Сондықтан да осы ерліктерін негізге ала отырып батыр, әрі шешен әрі би , халқының қамқоршысы, елінің қорғаны Сеңкібай батыр жайлы ғылыми жұмыстың жазылуы заңды деп білеміз.

 

Кіріспе. Қазақ халқының ұлы перзенті, жоңғар басқыншылығына қарсы күресте ерекше ерлігімен айшықталған көрнекті батыр, шешен би, парасатты тұлға Сеңкібай Оразғұлұлы Қожас (Қара) Сардары шөбересі шығыс аспанындағы таң жұлдызындай жан-жағына жарық сәуле шашып, өмір көгінде желеп-жебеп жіберетін киелі есім.

Сонау ықылым заманнан бүгінге дейін сақ-түркі-қазақ  халқы небір сұра-

пыл, дауылды кезеңдерді басынан өткерген.

ХVIII          ғасырдың     23-63  жылдары қазақ еліне небір ойран, қанкешті, опат әкелген кез еді.Осы кезеңде қазақ халқының елдігімен  еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы Ұлы Отан соғысында ерен ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы тараған Қанжығалы Бөгембай, Қаракерей Қабанбай, тарақты Байғозы, Шақшақұлы Жәнібек, Қаракесек-Қабанбай батырлардың ең-

бегі ерекше.

Қазақ халқының елін, жерін жаудан бас тігіп қорғаған данагөй билері мен батырлары келер ұрпағының қамы үшін аянбай алысқан.

Сеңкібай батыр да « елім, жерім» – деп жарғақ құлағы жастыққа тимей күн кешіп, небір зілмауыр ауыртпалықтарды белі қайыспай көтерген.Түйенің қомы, аттың жалында жүріп, туған халқының азаттығы үшін Сеңкібай батыр да жанын пида етуден тайсалмаған.

Жоңғарларға қарсы жойқын шайқастар кезінде басына дулыға, үстіне са-

уыт киіп, бес қару асынып, ел қорғаны болған Сеңкібай батыр қауым ішінде ақ дегені – алғыс , қара дегені – қарғыс  болған Биата дүниеден әулие атанып өтті.

Қазақтың айбынды жеңімпаз батыры әрі шешен биі Сеңкібай Оразғұлұлы

жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып,     жылы Жезқазған облысы Шет ауданының Қызылтау жайлауында қайтыс болған.

Сеңкібайдың әкесі қарашаңырақ иесі  Оразғұл адамгершілігі мол , парасат-

ты әрі адал еңбекпен жинаған дәулет иесі болған.Оразғұлдың мейірбандығын қадірлеген қалың жұрт оны  Ожаң деп атап кеткен екен.Қазірге дейін ел арасында Ожаңның қайырымдылығы мен мәрттігі ұмытылмай бірден бірге ауызекі тараған әңгімелер аз емес.

БАТЫРДЫҢ САУЫТЫ. Дүйім халқы қадірлеп,бүгінгі ұрпағы бас иетін Сеңкібай батыр-Биата  екі бірдей ардақ тұтар қасиетті есімге ие болған бабамыз туралы кейінгі    жылдай тірнектеп дерек жинап жүргенімізде оның жоңғар қал-

мақ шапқыншыларына қарсы жойқын шайқастарда үстіне киген сауыты осы күн-

ге дейін сақтаулы екенін естідік.Сеңкекең сауытының бір үзім шиыршық шын –

жырын дұға оқып қолқалап алған біреу жалғыз ұлының мойнына тұмар жасап тағыпты.Перзентке зар болып еңірегенде етегі жасқа толып жүрген бәлен деген бір бейбақ Биатаның аруағына сыйынып, ақсарбас айтып, бейітіне түнеп қайтып-

ты деген әңгімені еміс-еміс құлағымыз шалатын.

Атамның айтуы бойынша  бабадан атаға, атадан балаға мирас болып, саф алтындай сақталған қасиетті сауытының ауырлығы бір пұтқа жуық дүние оңайлықпен икемге келмейді екен.Сауыттың көлемі 56-58  размерлі кеудешеге жуық.Алды тұйық жағасы кең етіп жасалған сауыттың жеңі шынтақтан келеді де ұзындығы тізеге жақын.Етегінің алды мен арты ойық.Ол атқа мініп, ертоқымға отырғанда екі қапталды бірдей жауып тұрарлықтай.

Бір ғажабы, екі ғасыр асып бүгінгі күнге дейін жеткен диаметрі

сантиметрге жуық, мыңдаған темір шығыр бір – біріне кигізіліп барып жасаған сауытты ешқандай тот шалмаған.Ал шығыршықтар өзара кигізілген соң пісіріліп тұйықталып тасталған.Ең кереметі — сол кішкентай шарболат шығырлардың дәнекерсіз ұсталғаны.

 Сеңкібай – Биата есімі бүкіл қазақ халқына ортақ ұлы тұлғалардың   бірі. Өзінің барлық қайрат-жігерін, ақыл-ойын қазақ елінің, оның мекен жерінің бүгіні үшін күрескен ірі қайраткер.Өмірінің қырық жылға жуығын жоңғар шапқыншы- лығына қарсы күреске арнаған.Небір қиын, сұрапыл кезеңдерді басынан өткерген – батыр көреген болған.Ал, бейбіт кезеңде елінің құрметіне бөленіп әділдігі, ізгілігі, парасаттылығы үшін халқы – Биата деп атаған.

Сеңкібай есімі – киелі тұлға. Көзінің тірісінде –ақ халқының ұранына айналған.Бізге жеткен деректерде Биата сегіз әйел алып, одан жиырма ұл сүйген және ондаған қыз балалары да болған.Сеңкібай бәйбішесінен:  Итен, Саңырық, Күшікбай, Сарыбай,Қарабай.Кіші әйелдерінен  Шабан, Қорлабай; Қасқа, Кәкілбай, Түрікбай, Нияз, Әуез;, Сақы, Бақы, Қақы; Байқуатты; Дәруіш; Жүндібай; Сауран.

Халықтың айтуынша, үлкендерден естіген әңгімелерде: Сарыбай өжет, батыр, ақыл-парасаты мол, ерекше беделді, тілге шешен, алғыр болған.Ұзақ жыл-

дар жоңғарларға қарсы ұлы жүз жерінде неше дүркін соғыстарға қатысқан.Ел ішінде болыс болған.

Егемендік туын желбірете еңсесі көтеріліп, әлемдік ұлы көшке өз керуенін қосуға ұмтылған шақта, қазақта елін, жерін қорғауда ерекше ерліктер көрсеткен, тапқырлығы мен зерделілігі, парасаттылығы мен киелілігі қатар ұштасқан Сеңкібай батыр – Биата атты бабамыз.Биата өзінің бір даналық ғибратында: «Өзін-өзі билеген ел бақытты,

Елін қорғай білген Ер бақытты», — деп айтқан арманы бүгінде шындыққа айналды.Қазақ халқының Ұлы да, асыл перзенттерінің бірі алдымен өзі білмесе, қасиетіне тәнті болып, көкірегіне тоқымаса,Қазақстанда тұратын барлық бауырлас халықтарға олардың есімін қалай жеткізбекпіз.

Сол ірі тұлғалардың бірі – Сеңкібай Оразғұлұлы.

Қазақ халқына, оның жеріне қауіп төнгенде кеудесін оққа төсеген, бейбіт өмірде бірлікке, тірлікке шақырған.Халқының жүрегіне қуаныш жылытып, көңілге үміт, болашаққа сенім ұялатқан данагөй, қасиетті әулие – Биата атанған.

Биата жоңғар басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысында осы Нұра

жерінен Алтайға дейінгі аралықта, Созақ, Сайрам, Ташкент жерлерін, қасиетті Түркістанды жау әскерінен босату ұрыстарында ерлігімен қөрінген батыр тұлғалардың бірі.Сеңкібай есімі халық ұранына айналған.Бабаның киелі бақыт шырағы қазақ еліне өзінің жарық сәулесін шашқан. Сондықтан да, Сеңкібай есімі қазақ халқына ортақ тұлға.Олай болса, бүгінгі Ұлы баба аруағына арналған ізденіс жұмысымыз бөлінбес қазына.

Ұлттық болмысымызды қалпына келтіру үшін бүгінгі жас ұрпақты қасиет-

ті, киелі әрі батыр, әрі аруақты Сеңкібай – биата сияқты парасатты бабаларын біліп өсуге, ата-баба рухын сыйлауға тәрбиелеу үшін алғы шарттардың бірі болмақ.

Сеңкібай батыр.Арғын тайпасынан ХVII ғасырдан ХVIII ғасырдың  «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаға» дейін Сыр бойында көшіп қонып жүргені тарихи ақиқат.

Арғын ұрпағынан тараған Қаракесек руына жататын Қожас батыр Әнет  бабаның өте бір сыйласымды, адалдығы, әділеттігі үшін жақсы көретін замандасы болған.Сол кездегі құба қалмақ шабуылы кезеңінде Қожас батыр елін қорғауда ерен ерліктер көрсетеді. Қожастың ерлік ісіне ырза болған тобықты руының, исі қазақ халқының қадірменді биі, ақылгөй данасы Әнет баба өзінің кіші қызы Тохта сұлуды Қожас батырға қосады.Қожастың бәйбішесінен Тақабай, Адай, Асан, Жауман атты балалары болған.

Ал, Қожастың осы Тохта сұлу атты әйелінен Құлбас, Бекбас атты балалар дүниеге келеді.Бекбас та жасынан өжет болып, ел қорғау ісіне араласады.Халық арасында жақсы қара атанған Қожас батыр ұрпағы Бекбастан: Мойнақ, Бөргөз, Оразғұл есімді балалар туған.

Мойнақ жасынан ел арасындағы дау шараларды шешу ісіне араласып, би атанады.Сырттағы ағайын арасындағы билік жұмыстарына араласады.

Бөргөз жас күнінен қарулы жортылуларда, қалмақтарға қарсы бірнеше дүркін жорықтарға қатысады.

         Оразғұл ел ішінде адамгершілігі мол, парасатты дәулет иесі болған.Оразғұлды халық қадірлеп «Ожаң» деп атаған.Қазіргі ұрпағы да «Ожаң» балалары делінеді.Ожаңның жасы  ұлғайып қартайған кезіндегі үйленген үшінші әйелі Қарақалпақ қызы.Бәйбішесінен сегіз ұл туған.Ең үлкені, төл басы – Сеңкібай.Екінші әйелі – Сырымбикеден үш ағайынды аталатын қара ұрпақтары туған.Ең кенжесі – Тайсары.Ел арасында «Атам»  ауылы атанған.Ожаң қазіргі Қарқаралы ауданының Нүркен Әбдіров атындағы совхоздың «Оразғұл басы» -деп аталатын үлкен кең өлкеде тас бейітте жерленген.

         Қазіргі Қызыларай совхозынан Милыбұлаққа баратын жолда «Сырым» атты өзен бар.Сол Сырым өзенінің солтүстік жағындағы төбе басында төрт құлақты бейіт бар. Сол бейіт Сырымбике анамыздың бейіті.Өзен ананың атына қойылған.

Тәуке ханның тұсында қанжығалы Ақша батыр сексен мыңдай қолды бастаған сардар болған.Талай қырғында ерекше көзге түсіп, жекпе-жек шайқастарда ерліктер көрсеткен қаракесек Қожас батырмен дос болған және сенімді серіктерінің бірі кіші сардар аталған.Ақша батыр атақты Бөгенбай батырдың әкесі.

1726 жылы Бөгенбай батыр он мың қолмен Алакөл шайқасына бара жатқанда жолшыбай Қарқаралының  «Жарлы» өзенінің бойына тоқтап, әскерін дем алдырып, жүздіктерге, мыңдықтарға бөліп, әр түрлі соғыс тәсілі жаттығуларын жүргізеді. Сол маңда Қожас батырдың ауылы жайлап отыр дегенді естіп. Әкесінің досы және бата алайын деп арнайы барып сәлемдеседі.Сол кезде Қожас батыр сексеннен асса датың, ширақ екен.Атағы жер жарып, арыстандай айбарлы, әдейі келгеніне өте ырза болып, Бөгенбай батырды үлкен қошеметпен қарсы алады.

Дәулеті мол Оразғұл баласына Қожас батыр бірнеше арнайы үй тіктіріп Бөгенбай батырға ерекше сый жасайды. Әсіресе Ожаңның үлкен баласы Сеңкібай қонақты күтуде өте бір ілтипат, тапқырлық көрсетеді.Бөгенбай батыр жас Сеңкібайдың, сол кеэде он жеті жасқа келген кезі, жасаған құрметіне шексіз риза болады.

         Қожас батыр Бөгенбай батырға шөбересі Сеңкібайдан зор үміт күтетінін айтады.Сеңкібай атасы Қожас батырдың тәрбиесінде болып, жас күнінен садақ тартып, найзаласуды жекпе-жекке шығуға машықтанады.Ол ат құлағында ойнап өседі.Он бес жасында ауыл арасындағы, ағайын ішіндегі реніш, қуаныштарына ортақ болып, даулы мәселелерге билік айта бастайды.Сеңкібайдың әділдігі , ақыл-парасатының өсіп келе жатқандығы сезіледі.

Бөгенбай батырға жүрерінде, Сеңкібай әкесі Оразғұл байдың бір үйір жылқысын жолдарыңыз болсын, — деп сыйға тартады.

Бөгенбай батыр: «Қаракесекте қара көп қой, Қожас батырдың ұрпағы бұдан былай жақсы қара  деп аталсын » — деп бата береді.

Бұл кезде ел билігіне араласып жүрген халқына қадірлі Мойнақ би: Бөгенбайға оң сапар тілей отырып, осы жорыққа Сеңкібай да « Сіздің қасыңызға еріп,әскерлерден қалмай барсам екен» —  деп болмай тіленіп отыр.Қасыңызға алуды өтінеміз,  — дейді.

Бөгенбай батыр Сеңкібайдың тұр-тұлғасына, жүріс-тұрысына, сабырлы-салиқалылығына келгелі ырза болып отырғанын айтып, «жарайды өз жанымда болсын», — деп тұжырымдайды.Бұл кезде Бөгенбай батыр қырық бес жаста болса, Сеңкібай он жеті жаста екен.

1725 жылғы Алакөл шайқасы, 1728 жылғы Бұланты, Шұбартеңіз жағасындағы және Балқаш көлінің оңтүстік өңіріндегі қырғын соғыстар қазақ халқының жеңісімен аяқталып отырды.Одан кейін сексен күнге созылған Шорға соғысы, бір жарым жылға созылған Шаған шайқасы қазақ қолының жеңіске жетуге болады деген сенімі күшейе түсті.

Нұра даласындағы Жоңғарларға қарсы бір соғыста жиырма жасар Сеңкібай хұнтажының немересі Әмірсана басқаруындағы он мыңдықтан жекпе-жекке шыққан Ноян Қоренге қарсы шығады. Жас Сеңкібай астындағы Көкдауыл атанған атын ойнақтатыпжекпе-жекке шығады.Ноян Қорен де жас шамасы қатарлас, бірақ ірі денелі жуан қара атандай, білектей ұзын айдарлы, қабағынан қар жауған сұсты екен.Ол: «Ал, қазақ батыры, арманда кетерсің, алғашқы кезекті ал!» — деп айғай салады.Көкдауылды ойқастата шауып еті қызды-ау,  —  деген шақта, сол қолында найзасы, оң қолында Қожас атасының жеті бүктемелі ақ семсері, құйындай ызғытып жауына таяп шауып келеді.Ал, қалмақ батыры аса қауіпсінбей күпірлене, менсініңкіремей жайбарақаттау тұрады.

Сеңкібай аты ағызған бетінде сол қолындағы емен сапты найзасын Ноян Қоренге  ұсына беріп, ақсемсермен жауының мойын тұсынан сілтеп үлгереді.Те-

геруінді күшпен сілтенген ақсемсер жау батырының мойнын сыр етіп ұшырып, басы жерге домалаптүседі.Басы жоқ, қан шапшыған ауыр дене ат үстінен гүрс етіп жерге құлайды.Жеңіске жігерленген қазақ қолы «Ақжолдап» — ұрандап жауға қарсы құйғыта шабады.Бөгенбай, Малайсары, Олжабай батырлар Әмірсанс әскерінің тас-талқанын шығарып, оңтүстік шығысқа қарай ығыстыра қуады.

Осы шайқастан кейін Сеңкібай аты тарай бастайды.

Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес тоқтамады. Әсіресе, Іле мен Қаратыл өзендерінің бойында Қабанбай мен Баян батырлар бастаған қазақ жасақтары дүркін-дүркін жеңіске жеткенмен жоңғар әскерін күйрететіндей күшке жете алмады.Бұл кезеңдерде Сеңкібай Баян батыр жасағының құрамында болып, талай ерлік шайқастарға қатысты.

         Абылай әскеріне Қалдан Сереннің жер қайысқан қолы қарсы тұрды. Қазақ батырлары Түркістан шаһарын жаудан босату үшін жан аямай соғысты. Екі жақтан қан судай ақты.Сан мыңдаған адамдар қырылды. Ұрыс бірнеше күнге созылды.Таңертең қағылған дабыл шайқасы толассыз күн бата ғана аяқтайды. Түні бойы екі жақта жаралы, өлген жасқтарды жинайды.Күздің лайсаң жаңбыры да жауа бастайды.Жер ми – батпаққа айналды.Аттар аяғын зорға алып жүреді.

         Баһадүр Қабанбай,Бөгенбай батыр, Шақшақ Жәнібек батыр, шапырашты наурызбай батыр, арғын Малайсары, Олжабай батыр, бағаналы Оразымбет батыр, уақ Баян  батыр тағы басқалар басқарған жасақтар үздік-үздік жеңістерге жеткенімен жоңғарларды ойсырата алмады. Сөйтсе де, жауды қазақ қолы Іле түкпіріне дейін тысқырып апарады.Осындай аласапыран қым-қиуыт күндердің бірінде Абалай ордасын іленің Көк теңізге құятын тұсынан қалың қамыс арасына әкеліп тігеді.Бұл жер Іле мен Күркірек атты шағын өзен алқабы.Абылай үстіндегі сауыттарын шешіп, жуынып, сусын ішіп, жайшылықтағы киімімен өзін күтіп отырған қолбасшылар кеңесіне келді.Сол жерде Абылай өзін күндіз біреу садақпен атып, оның ұшына қағаз байлап жібергенін айтады.Ол қағазда: «Абылай, сақ бол, бүгін түнде жоңғарлар жаппай шабуылға шығады және сені де өлтірмек» , — деп жазып жібереді. Содан мәжілісін тез өткізіп, қолбасшы батырларды жасақтарына қайтарып жібереді.Ордасына Баян бастаған мыңдықпен Сеңкібай бастаған барлаушылар жасғын алып қалады. Түн ортасы ауа, Абылай қалғып кеткен екен, «Аттан! Аттан! Жау келді!» — деген үрейлі дауыстан атып тұрады.Өзі де сақ жатады. Есік алдына көлденеңдей тартқан Жалынқұйрығына қарғын мінеді де: «Баян батыр өз мыңдығыңмен жауға қарсы аттан. Сеңкібай,  сен жасағыңмен Орданы қауіпсіз жерге орналастыр.ордаға ие бол.Ал мен баян жасағымен бірге боламын », — деп Жалынқұйрығына қамшы басады.

Айсыз қараңғы түн.Нөсерлеп жауған жаңбыр.Аттандаған үрейлі үн.Қапылыста тиген жау қолы қанша екенін болжап білер емес.Жан-жақтың айғай аттан.Кім жау, кім өзінікі екенін ажыратып болар емес.Толассыз құйған нөсерден қалың қамыс арасы аздап дегділеу болғанымен қамыс сырты ми батпақ.Әсіресе аузы тұмшаланған түйелер жүріп болар емес. Сеңкібай жасағы өздеріне келіп қалған оншақты жауды шаншып та үлгерді.Абылайдың: « Орданы өзеннің арғы батыс жағына көшір»  — деген тапсырмасы бар.Бірақ ол жақ сор батпақ және ашық алаңқай.Қаптаған жау ұраны естіледі.Аа, қалың қамыс ішінен жол табу мүмкін емес        Сеңкібай Орданы жау қоршауынан алып шығудың ешбір

ылажын таба алмай қатты састы.Ордада Бұқар жырай, Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Қанай билер бар екен.Олардың сенгені тек Сеңкібай жасағы.

         Әбден  қысылған Сеңкібай, ешбір айла таба алмай аттан қарғып түсіп құбылаға қарап қол жайып: «Иә, тәбәрік, Алаш бабам, Қарқабат анам жар бола гөр! Қызырғалайссәлам қырықшілтен әулие әмбие өзің қолда!» — «Иә аруақ!» — деп атына қарғып мініп, жасағына ал орданы осылай тартыңдар, — деп өзі бастап қалың қамыс ішіне сұқына кіреді.Бүркіт үні қалай естілсе, солай жүреді.Әйтеуір өлдім-талдым дегенде таң да атып, жан-жағы қалың қамыспен айналасы жалпақ өткелсіз сумен қоршалған үлкен үлкен бір алаңнан бірақ шығыпты.Бұл Көктеңіз

Көлінің бір өткелсіз арнасының біреуі екен.Сол жерде  Орданы орналастырып арнайы күзет қалдырып, Сеңкібай жасағымен Абылай, Баян қолын іздеп кетеді.Кешегі батырлар кеңесіндегі шешімдері сәтті болып, барлығы да жеңіске жетіп, жаудың қапылыста тиеміз деген үмітінің тас-талқанын шығарады.бірақ та жау жақтан хабар берген адам белгісіз қалады.Ол тек бес жылдан соң ғана анық-талады.

Абылай түнгі ұрыс қорытындысын шығарып, Орданы қауіпсіз жерге орна-ластырғанына ризашылық білдіреді.Орда ішіндегі билер бірауыздан   Сеңкібай-дың тапқырлығына, қараңғыда жол тауып бүркіт үнінің саңқылдағанына, сол  үнмен осында аман-есен жеткізгені үшін алғыс сезімін білдіреді.Бұл тосын хабарды естіген Абылай: «Иә, Сеңкібай, онда сен айсыз түнде, нөсерлі жаңбырда, қалың қамыс ішінде адаспай жүретін, түнде ұшатын алтайдың сұңқары болдың ғой.Бұдан былай сені «Ақиық сұңқар» — деп» атайық депті.Төле, Қазыбек, Қамай билер, Бұқар жырау: «Әумин!» — деп бата жасайды.Бұдан былай Сеңкібай ақиық қыран, көріпкелі бар киелі батыр атанады.Ертеңіне қазақ қалмақ шабуылы қайта басталады.Ұрыс бірнеше күнге созылады.Осы шайқас жөнінде Бұқар жырау өзінің жиырма тоғызыншы толғауында:

                                  Қалданменен ұрысып,

Жеті күндей сүрісіп,

Абылайдың қасында

Бастарын бай тігісіп,

Сондай ауыр жорықта

Қандыжаппен соғыста,

Бірге болған батырлар,

Мыналар еді егесіп,

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Беті қайтпас арыстар,

Шақшақұлы Жәнібек,

Серкеқара Тілеуке,

Қарақалпақ Құлашбек,

Тігеден шыққан Ертерек,

Шапырашты Наурызбай,

Құдай менде  Жібекбай қасында.

Бақ-дәулеті басында

Сеңкібай мен Шойбек бар,

Таңсық қожа Мамыт бар.

                                  Қатардан жақсы қалдырмай,

Айнақұл Батый ішінде

Өңкей батыр жиысты.

Абылай салды жарлықты.

Бұқар жыраудың осы отыз алты толғауы       «Ана тілінде», 1990 жылы 12, 19 шілдедегі сандарында жарияланған.

 

 

Абылай хан бұдан былай Сеңкібай батырды сенімді серік жасайды.Абылай 1740 жылы Орынборға патша әкімшілігімен барған топтың ішінде Сеңкібай батыр да болады.Орынбор қаласында Ресей атынан Шақшақ Жәнібек батыр қатысады.Екі ел арасында келісім шартқа қол қойылады.Осы келіссөз жүріп жатқанда Неплюев патша Елизавета Петровнаның патша ағзамға көрсеткен адал қызметі үшін Жәнібекке қырғыз-қазақ халқының бірінші тарханы деген атақ берілген Указын оқиды. (Бұл Ресейдегі фельмаршал дәрежесімен тең еді).

Бұл хабарды Барақ сұлтанның күйеу баласы Церен Доржи (Сыбан Рептанның ортаншы ұлы), арнайы тыңшысы арқылы Қалден Серенге жеткізеді.Ресей патшалығымен қазақтардың келісімге келуі жоңғар қонтайшысы Қалден Серенді қатты ашуландырады.Шұғыл қол жинаған Қалден Серен жиырма мың әскермен Ертіс жағасына келіп жетеді.

Абылай жан-жаққа Сеңкібай батыр бастаған барлаушылар жасағын Қалден Серен қолын қай жақтан келеді, шамасы қанша екенін анықтауға аттандырады.

Жоңғар қоңтайшысының әскерін Ертіс жағалауынан іздеп кетісімен, басқа батырлар жасағын да әр бағытқа қарай аттандырады да, кеш бата Абылай ордасына қайтады.Қасында он шақты ғана Жәпек батыр бастаған күзетші тобымен Абылай ханды қалың қамыс арасынан Қалден Сереннің бір мыңға жуық баррлаушылар тобы қоршап алады. Абылай мен Жәпек сауыттарын да киіп үлгермей, қапылыста өз адамдарымыз екен деп алданып қалады.Ойламаған жерден үш қоршаудың ішінде қалады.Тіпті садақтарын да алуға мүмкіндік болмайды.Аттарынан жерге секіріп түсіп, жүзі бір адамға жабылған жоңғар саны ат тізгінінен ала түсіпң ат үстінен жұлып алып қол аяқтарын байлап үлгереді.

Олар қолға түскен тек қазақ екенін, басқа кім екенін сұрамастан қонтайшасының қосына түн ортасында келеді.Қолдары байлаулы он екі қазақ

-9-

жауынгері.Әрине, олар алғашында да олардың кімдер екенін білместен күркелерге апарып, қол аяғына кісен салып,екі үш күзетші ғана қалдырады.

Осы кезде Жәпек батыр: «Уа, хан ием біз өлсек те сіз аман қалыңыз», — деп айтуы мұң екен, осы сөзді естіп қалған күзетшінің бірі, өзінің басшысына:

«хан ием» — деп жатыр дейді.Ол сыбыс Қалден Серенге жетеді.Тұтқындарды алдырған Қалден Серен Абылайды бірден таниды.Абылай да өзінің кім екенін жасырмайды.Бұл бір мың жеті жүз қырқыншы жыл, қараша айының отызыншы жұлдызы. Абылайхан ол кезде жиырма жеті жаста екен.

Қалден Сарен тұтқындағы Абылайға: «Менің баламды сен өлтірдің бе?» — деген сұраққа Абылай тұрып: «Сенің балаңды өлтірген мен емес — халық, менің қолым халықтың бұйрығын орындаушы ғана.Мен мұндай тұтқында емес,қан майданда, жекпе-жек шайқаста халық тілегін орындадым», — деген екен.

Бірде Қалден Серен Абылайдан: «Дүниеде не жаман?» — деп сұрапты.Сонда ол: «Дүниеде аз асқа бақауыл, аз елге хан болған жаман» — деген екен.

Қазыбек би бастаған қазақ елшілігі қалмақтар қолындағы Абылайды босатуға барады.Қонтайшы Қалден Серен Қазыбекті менсініңкіремей Әбілхайырхан, немесе Әбілмәмбет хан, немесе Барақ сұлтанның бірі неге басқарып келмеген деген сыңай танытады.Сондағы Қазыбектің Қалден Серенге айтқаны: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз.Достығымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз.Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.Ұл мен қызды қаматып отыра алмаймыз.Сен қалмақ болсаң, біз қазақ қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір еріткелі келгенбіз, танымайтын еклге танытқалы келгенбіз, танысуға келмесең шабысқалы келгенбіз.Берсең жөнді бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт», — депті.Сонда Қалден серен сөзден жеңіліп, бітім жасасып, Абылайды нөкерлерімен босатқан екен.Ол сүйікті қарындасы Хочаны Абылайға қосып той жасайды.Қонтайшы өзі бастап, Абылай, Қазыбек елшілігін күндік жерге шығарып салады.Бұл сапарда да Сеңкібай шағын барлау жасағымен қатысып, елшіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Абылайдың жау қолынан босап және Хочаға үйленуіне Әбілмәмбет хан Көкшетаудың Бурабай көлінің жағасында ұлан асыр той жасайды.Абылай сұлтанның Хоча бәйбішесінен тұңғыш Қасым дүниеге келеді.Қасымнан – Кенесары, Наурызбай туғаны мәлім.

Қазақ пен Жоңғар әкімшілігінің келісімге келуі Қытай боғдыханына ұнамайды.Қытай саясатшылары Қалден Серенді қазаққа айдап салуға барлық әрекеттерін жасайды.Қосымша қару-жарақ береді, ішінде он-онбестей зеңбіректері бар.Абылайхан қолы Көкшеден шығып Арғанаты арқылы Ұлытауға келіп, Алаша мазарында дұға жасап, сарысуды бойлап Үш жүздің біріккен қолын Телікөл маңында топтастырады.Абылайхан қазақ жасағының елу мың қолын бес бағытқа бөледі.

Қабанбай бастаған онмыңдық Жаңақорған бекінісін алу.

Бөгенбай он мыңға жуық қолды басқарып Созақ бекінісі тұсынан соққы беру.

-10-

         Жәнібек Тархан бастаған қол сыр бойының төменгі сағасына қарай аттанады.

Абылай хан бастаған қол Түркістан бойынан шабуылға шықпақ.Абылай хан қасында үш мыңнан сарбаздары бар Малайсары, Оразымбет, Баян батырлармен қоса Сеңкібай батыр мыңдығы және он жеті жасар Жанат деген баласымен шептің дәл ортасында болады.Абылайдың бұл әдісін ұққан Қалден Серен де әскерін беске бөледі, өзі он мың қолмен Абылайға қарсы аттанады.

Бұл бір мың жеті жүз қырық бесінші жыл болатын.Кенеттен Қалден Серен өліп, енді жоңғар Қоңтайшысы болып оның ортаншы ұлы Севан Доржи сайланады.Бұл өте қатыгез, қан құмар жан болатын.Абылай екеуі біріне бірі тіс қайраулы еді.Енді Абылай жасағына қарсы Севан Доржидың өзі тұрды.Ұрыс сәрсенбі күні таң ата басталды.Жау жақтан алдымен зеңбіректер гүрсілдеп, аузынан жалын атты.Зеңбірекке қарсы Сеңкібай, Сағымбай, Қанай бтырлар бастаған әр мыңдық қалың жыңғылды сайдан шыға атойлап, садақ оғы тиетін жерге дейін келіп, садақ тартып, зеңбіректі оқтап үлгергенше кезекпен кезек шабуылға шығып, зеңбірекшілерді ту сыртынан келіп найзалап үлгерді.

Осы мезгілді күтіп төбеде тұрған Абылай Жалынқұйрығын көсілте өзі де шабады.Жоңғар әскерлелі шығысқа жөңкіле қашады.Ұрыс екі айға созылады.

Қабанбай қолы Жаңақорғанды, Шымкентті алады.Бөгенбай жасағы Сайрам мен Созақты алады.Батыр Баян қолы Талас бойын босатады.Жәнібек батырдың қолы Қарақалпақ жерінен жоңғарларды қуып шығып, Сырдан сырғытады.Бұл қазақ елінің жоңғар әскерлерін мүлдем жеңіп, атамекен жерінен қуудың алғашқы ірі шайқасы еді.Амалы таусылған Севан Доржи Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр болады.Бір мың жеті жүз елу үшінші жылы жауды Жоңғар қақпасына дейін қазақ жерінен түгел қуып шығады. «Осы жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтан бір миллион екі жүз мыңдай адам қырылды»,- деп жазады И.Есенберлин.

/«Жанталас» /Абылай бар әйгілі батырлар бастаған Іленің жоғары жағынан баса келген, көктеп кірген қытай әскерлеріне қарсы жорыққа аттанады.

Фу Де Чжао Хой генералдары басқарған қытай императоры Цзинь Лун жіберген тоқсан мың әскерімен жоңғар жасақтарының күл-талқанын шығарып бір миллиондай халқын қырып тастайды.Сөйтіп, Шығыстағы Жоңғар мемлекеті біржола тарих бетінен өшті.Енді тоқсан мың әскерін қазақ жеріне қарай бұрады.Ара құрттай қаптаған қытай әскеріне қарсы қазақ жасақтары аянбай куреседі.Талай соғысты басынан кешіріп шыңдалған қазақ батырлары жауға қарсы үш дүркін соққы береді.Алдыңғысын қырса, артынан құмырсқадай қаптаған қытай әскері таусылар емес.

Ер Сеңкібай басқарған барлаушылар тобы, жасағы Жоңғар қақпасының бергі түбінде қытайдың екі әскерінің қосылған хабарын әкеледі.Ертеңіне ірі қырғын ұрыс басталады.Үш күн бойы толассыз қантөгіс тоқтамайды.Абылай хан Тағанақ кеңесін шақырады.Онда қазақ елі Қытаймен соғыспайтын болып шешіледі.Екі ел арасындағы бітімге Абылай хан өзінің Әділ бастаған елшілер тобын жібереді. Әділ елшілігін қорғау Сеңкібай батыр жасағына тапсырылады. Бұл тарихтың 1761 жылы болатын.

Ұлытаудың баурайындағы Кеңгір өзені бойындағы Алаш мазары тұрған хан аралында ақкиізге көтеріп, бозқасқа шалып үш жүздің баласы Абылайды «Үлкен Орда»   ханы  етіп  сайлайды. Қазақ  қолы  уақытша   таратылып,

-11-

 жауынгерлер өз батырларымен бірге туған жерлеріне, еліне қайтады.Хан бөліп берген аймаққа Сеңкібай батыр өз бауырлары Жидебай, Шабанбай, Қараменде билермен жапсар жердегі мекеніне келеді.Бұған қазіргі Қарқаралы. Ақтоғай, Шет, Ағадыр, Тоқырауын аудандарының жері мен елі жатады.Сеңкібай өзімен бірге өткізген талай шайқастарда, туғандай болып кеткен қырғыз, табын жігіттері ьірге ере келеді.Оларды үйлендіріп, жер беріп, алдына мал салып, ауыл аймаған кеңейте түседі.

Ер Сеңкібай халық асында үлкен абырой иесі болады.Оның әділдігіне, парасатты ізгі жандылығына елі ризашылық білдіріп, «Биата» деп атайды. Той жиындарда ат шабыс, күрес, көкпар тартыста Сеңкібайлап аруақ шақырады.Ертеде қариялар бата жасағанда:

Әуелі алла оңдасын,

Қызыр болсын жолдасың.

Періштелер жар болып,

Алаш бабаң қолдасын.

Қарашорда Сеңкібай,

Әлтекеде Жидебай,

Сарымдағы Шабанбай,

Тобықтыда Қараменде,

Көтерсін бабалар бағыңды-ай, Әумин! – дейді екен.

Халықтың данагөй билері елін, жерін  қорғаған батырлары ұрпақ қамы үшін басын өлімге байлап, жаулармен аянбай алысады.

Елім, жерім  деп қанын төкті, небір ауыр зілзалаларды басынан кешірді.Түйенің қомында, аттың жалында жүріп елі үшін еңіреді.

Сеңкібай бидің ұрпағы көп тараған.От жалынды Қасым Аманжолов та осы батыр бидің бесінші ұрпағы.Жоңғарлар шапқыншылығы кезінде ел қорғаны болған Сеңкең би Қызылтау өңірінің Талды өзенінің бойында 1786 жылы, 77 жасында  дүниеден қайтқан.Сонда төбе басында төртқұлақты арнайы соғылған бейітке жерленген. 1950 жылдардың шамасында бейіт тозып мүжіледі.Осы жылдарда ұрпағы Құдыш қария ескерткіш тас орнатады.Сол Биата дүниеден өткеннен бері күні осы уақытқа дейін бейітіне адамдар түнеп , ас беріп, дұға жасап, әлем байлайды.Күн сайын кісі толысы әлі де үзілген емес.

1986  жылы Шет ауданының РСХО аталатын елді мекенінде тұрушы халық Дулат Смайылұлының бастауымен Сеңкібай бидің басына күмбез орнатады.Сеңкең әулиеге жасаған ұрпағының бұл игі ісі халық ризашылығын туғызады.Ел алғысын алады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

-12-

 

Қорытынды.Адам сәні – даналық, даналық сәні – сабырлық , сабыр сәні – батырлық , батырлық сәні – биязылық , биязылық сәні – киелілік.

Зиялы қазақ халқына тән қасиеттер – Сеңкібай бабаға да тән.Осындай парасатты халықтың асыл ізгіліктері атадан-балаға, баладан-ұрпаққа үзілмей жалғасып келеді. Кіндік қаны тамған қасиетті Отаны үшін дұшпанымен аянбай айқасып неше дүркін ерен ерліктер көрсетіп, өз халқының бақыты үшін басын оққа байлап, қысқа ғұмырын ел игілігі үшін  бағыштаған асыл перзенттердің, бірегейлерінің бірі – Сеңкібай батыр.

Сеңкібай сынды көптеген баһадүрлар мен киелі есімдер ұзақ уақыт бойына халық зердесінен шығып қалмай, ұмыт болмай жетті.Халқымыздың құдіреттілігі мен зеректігінің арқасы.Бөгенбай, Қабанбай, Сеңкібай тағы басқа да халық тарихына өшпестей із қалдырған халық қаһармандарын уақыттың тар жол, тайғақ кешуінде де санасынан шығармай, жадында сақтап, жазбаша да және ауызша түрде де бүгінгі күнге әкеліп жеткізді.күні кешеге дейін имандылық, әруақ, хан, сұлтан десе үрей тудыратын кезең де болғаны ақиқат.

Соңғы ғасырға жуық мерзімде Отанын, елін, жерін қорғаудағы жасаған сол дәуірдегі халық батырлары мен зиялыларының ерлік істері, данагөй саясаттары жалпы халыққа жетпей жабылып қалғаны да ақиқат. Еліміз егемендік  алып, өзінің өткендегі тарихына қайта оралуы ерекше мәнді тарихи құбылыс.

Өткенге көз жіберсек – қазақ халқы Еуразияның орталық даласында қалыптасқан.Осы Ұлы далада, сақ, ғұндар, оғыз, түркі аталған тайпалар өмір сүріп, өрбіген, қазақ халқының негізін қалаған.Осы сайын сахарада этнокеңістік – туыстық бірлестіктер – жүздіктердің болуы, ел бостандығын, атамекенін, жері мен малын, Отанын қорғаудағы мүдделеріне сай келеді.

Ортақ тілділік, Қасымхан салған қасқа жол, Есімхан салған ескі жол, Тәуке ханның жеті жарғысы бүкілхалықтық құрылтай – осының бәрі біртектілікті, тұтастықты, ортақ заңдылықты, әдет-ғұрыпты, салт-сананы сақтады.Тіпті, Ресей құрамындағы қазақ елінің облыс, округ, уездерге бөлшектенгенде де, өзінің бүкілхалықтық тұтастығынан айырылған жоқ

Жазушы Әбіш Кекілбайдың қазақтың Әз-Жәнібек, Ақназар (Хақназар) бастаған хандары елді үш жүзге бөлген жоқ «Үш тарап үш ұлысты, ағалы-інілі

 

-13-

үш туысқан бастаған, үш жүз деп жариялап, бастарынқайта қосты»  — деген пікірі ғылыми дәлелді, тарихи шындыққа жатады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ордабасы  тауында Төле биді,Қаздауысты Қазыбек биді, Әйтеке биді еске алу күндерінде сөйлеген сөзінде: «Халық болып сақталғанымыз, міне бүгін егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тігіп басымыз аман, бауырымыз бүтін жүріп жатқанымыз үшін бүгінгі ұрпақ осы аталарымыздың аруағының алдында бас иеді», — деп тағзым етті.

Міне, сол бабаларымыздың киелілерінің бірі, қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін ұлы күрескерлердің қатарында – Сеңкібай бабамыз да тарих төрінен өзіне лайықты орын алады.Бүкіл қазақ халқыныңшет ел басқыншыларына қарсы күресте ұраны «Алаш» болса, Арғын ұрпағының ұраны «Ақжол», ал Қаракесек тегінің ұраны ұлы анамыз «Қарқабат» есімі болған.Бұл рулық ұрандармен емес, қайта сырт жаудан елді, жерді бірігіп қорғаудан туған береке-бірлік ұраны, үндеуі болатын.Баспасөзі, радиосы, телефоны, теледидары жоқ елде, тек қана ұранға топтасқанына кінәлау артық болар еді.Онда бір-ақ мақсат, барлығы бірігіп, ортақ жауға тойтарыс беру.Соған орай, дуалы ауыз, түк жүрек бабаларымыз бастарын қосып, күрделі мәселелерді шешкен.

1726-1734 жылдардағы азаттық күресінің ең қиын-қысталаң, ас  ауыр күндерінде Сеңкібай батыр небіререкше ерліктер көрсетті.Халқы үшін, жері үшін жанын пида етіп жиырма жасында жоңғар татарына қарсы жекпе-жекке де шықты.Айсыз түнде, қарлы боранда, құз-қиянда жол табатын қазақ қолының барлау мыңдығын да басқарды.Осы 1726-1729 жылда аралығында Қаздауысты Қазыбек бидің рұхсатымен Төле бидің сұрауымен Ташкент, Сайрам, Созақ қалалары жоңғар шапқыншыларынан босату ұрыстарына қатынасты.Қатардағы барлаушы басшылығынан соғыс кеңесшілігіне дейінгі дірежеге ие болды.Сол кезде ел аузында:

Барлаушыларды жинап ап,

Қол бастаған Сеңкібай.

Перілеріне сиынып,

Қараңғыда жол бастаған Сеңкібай,

Шуылдаған көп қалмаққа,

Ойран салған Сеңкібай – деген сөздер, міне үш ғасырға жуық ел аузында сақталып келеді.

1728 жылы Бұланты, Білеуті шайқасынан кейін жоңғарлар алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татып маңдайы сеңге ұрылған балықтай тоз-тоз күйге ұшырады.1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай даласында жоңғарлардың қазақ жасақтарынан ойсырай жеңілген ұрыстарына қатысқан Сеңкібай батыр бастаған барлаушылар  мыңдығы күндіз-түні майданның қызу ортасында болды.Небір ғажайып ерліктер жасады.Жау әскерінің ішкі-сыртқы сырларын айқын біліп, хан кеңесіне дәлме-дәл жеткізіп отырды.Соның нәтижесінде хан кеңесінде  қабылданған шешімдер дұрыс бағыт алып, тарихқа белгілі Аңырақайдағы Ұлы жеңіске қазақ әскері ие болды.

Сеңкібай батыр жасағы баян батыр басқарған әскери құрамында 1730-1734 жылдар аралығында Сарыарқаны бойлай енген жоңғарларға қарсы Нұра бойында Әмірсана әскеріне күйрете соққы  беру шайқасына қатынасты.Жау

 

-14-

әскерін шығысқа қарай шегінуге мәжбүр етіп, Тарбағатайға дейін қуып, Алтай жерін жаудан азат етуде небір ерен ерліктің, қайтпас қажырлылықтың, өрен тапқырлықтың үлгісін көрсетті.Талай қиын қыстау, қауіп-қатерден қазақ жасағын аман-есен алып шығудағы ерекше ерлігімен қатар тапқырлығына, көріпкелді киелілігі үшін жас Сеңкібайды Абылай ханның жоғары бағалағаны тарихи ақиқат.Көмей әулие атанған Бұхар жырау бабамыздың Абылайхан қолының жоңғар қонтайщысы Қалден Серенге  қарсы қырғын соғыста қазақтың айтулы батырлары Бөгенбай, Қабанбай, Шақшақ Жәнібек  пен Сеңкібай батырдың жауынгерлерінің ішінде онның біреуі болып аталуы, бақ-дәулеті басында, — деп баға берілуінің өзі тарихи даусыз ақиқат.

Сеңкібай батыр жоңғарларға қарсы Ұлы Отан соғысында басынан аяғына дейін жаудан жерді, елді босатуда қаһарман батырлар қатарында отыз жыл үздіксіз майдан ішінде болғаны тарихи ақиқат.Сонымен қатар, Сеңкібай халық арасынан шыққан озық та, алғыр және терең ақылмен тапқыр да тілмәр шешендігімен, әділ және түзу билігімен белгілі болған қоғам қайраткері.Сеңкібай бабамыз қазақ халқының жері мен елін қорғауда, ішкі-сыртқы саясатын сақтауда, халықтар бірлігін нығайтуда елеулі үлес қосқан арыстарымыздың бірі.

Халықтың бейбіт өмірінде қара қылды қақ жаратын әділдігі, турашыл шешендігі, парасатты білімділігі үшін халқы Биата есімін берген.Биата әрқашанда тарыққанға, зарыққанға өзінің шапағатты нұрын төккен, киелі сәулесін шашқан.Биата қасиетінен нәр алған, науқасынан жазылып, қуаныш құшағына бөленіп, аңсаған арманына жеткен адамдар Биата киесін қастерлей білген.Соған орай, Биата әр уақытта: «Өзіңе біреу жапа жасаса, сен оған рахат жаса, сонда өзің ізгілік нұрына бөленесің» — деп кемеңгерлік нақыл айтады екен.Биатаңның: «Қонағыңның алтынын алма, батасын ал» — деген нақылы да кеңпейілділігінің куәсі.Биатаң аузынан: «Тәңірі жарылқасын», «Қосағыңмен қоса ағар», «Ұл тап», «Балаларыңның қызығын көр», — деген халық нақылы ұдайы айтылады екен.Осындай дуалы ауызы, парасатты ойы, шарапатты сөзі, киелі әруағы – Сеңкібай есімін ел ұранына айналдырған.Үлкен жиындарда, шағын басқосуларда, тіпті жекелеген жағдайлардың өзінде Сеңкібай бабаның әруағына елі сиынып келген.Барлаушылар мыңдығы жауға қарсы атой салғанда, ел ішінде ат жарыс, күрес, қуанышта қауіп-қатер төнгенде, «Иә, Сеңкібай, Биата аруағы қолдай гөр», — деп сиынған, Сеңкібайлап ұрандаған.

Биатаң дүние салғанда, ел ішінде:

Би Сеңкібай кешегі,

Ерекше ер деседі.

Тіл біткеннің шешені,

Жауға бермес есені,

Әруақты көшелі,

Қарашордың көсемі, — деген жоқтау айтылады екен.

Әмір Темір көреген айтқандай: «Сеңкібай – Биата өз халқына ұлтан болған, өз уақытында сұлтан бола білген қасиетті баба».

 

 

 

-15-

Өзі айтқандай : «Келдің дүниеге —  кетпек керек, бар ақылың жеткенше өмір гүлін екпек керек» — дегендей ұрпағына мәңгілік гүл егіп кеткен киелі баба.

Халқымыздың тарихындағы шоқтығы биік тұлға – Сеңкібай – Биата Оразғұлұлы туралы шындықты аңызынан айырып айтар уақыт келді.Өйткені, Биатаның даналығы мен киелілігі қазіргі келешек ұрпаққа үлгі-өнеге.Халыққа дана ортақ, киелі әруақ ортақ.Ол ешкімге бөлінбейді, ешкімді бөлмейді де.Жері елі үшін толарсақтан саз кешіп, қан майданда жанын пида еткен қасиетті бабалар еңбегін жарық ету ұрпақ парызы, келешек ұрпаққа қарызы болмақ.Сонда қарыз да, парыз да өтеледі.

 

 

 

         Көкбайрағын тіккен егеменді еліміздің бүгінгі заманда өмір сүріп отырған ұрпақ ел қорғаны болған бабаларын, даналары мен зиялыларын, билері мен батагөйлерін, халқымыздың біртуар перзенттерін тарлан тарихтың қатпарларынан жарыққа шығарып жатыр.Ендеше Сеңкібай есімін келешек ұрпаққа жеткізу қасиетті парызымыздың бірі.Оның ерлігі мен даналығы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қала бермек.Осы жайында зерттеп жүрген ғалымдар мен ынталанушы топтар Сеңкібай батыр – Биата жөнінде келешекте де толықтыра береді деген сенімдеміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Абстракт.

          Бұл жұмыста қазақтың тағы бір айбынды жеңімпаз батыры әрі шешен биі Сеңкібай Оразғұлұлының киелілігі, қайтпас қайсар, өжет, батырлылығы жайында кеңінен мәліметтер берілген.Сеңкібай Оразғұлұлы көпке беймәлім батыр.Оның өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған сын мақалалар, еңбектер өте аз.Сеңкібай Биата қашанда әділдікті жақтап, елінің, жерінің, халқының , келешек ұрпағының алаңсыз өмір сүруі үшін жауға қарсы шыққан.

Бұл ғылыми жұмыста батырдың өмірбаяны, ерліктері суреттелген.Соның ішінде батырдың  Абылаймен , батыр Баянмен бірге жоңғар шапқыншылығына қарсы күресіне тоқталған.

Батырдың қай ерлігін алсақ та оның ержүрек, қайтпас қайсар, батыл, парасатты, иманжүзді екенін байқаймыз.Жұмыс жазу барысында батырдың ерлігі, үстіне киген сауыты, дулығасы талданған.

Жұмыс кіріспе, екі тараудан, қорытындыдан тұрады.Бірінші тарауда өмірі қаралса, екінші тарауда жоңғарларға қарсы күресі, ерлігі, ұрпақтары қарастырылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Abstract

In this work were given much informotions about teorless hero and also Senkibay Orazgululy, about his heroism, broveness. Senkibay Orazgululy iz not so fomous hero. Its so few informotions about his creations and life.Senkibay Biata was always honest, he fought to defend his people, motherland for their hoppy, peocetul life.

In this scientific work we describe his heroism and autobiography. Includirg his bottle opposite Zhongor  —— with Abilay, Batir Bayan.We notice his broveness, fearless, intelleet in his every heroism. In writing this  work ne also described hero’s dulige, sauit. This work consists of fwo port and conclusion.In tirst part we describe about his life and in second part we soy his bottle opposite Zhongars   —— heroism and posterity.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:                                                                                1.Қ.Мәкенбаев.Сеңкібай батыр – Биата.Қарағанды. «Қарағанды Полиграфиясы» ААҚ.2003 жыл.

2.З.Кәкімұлы. Киелі тұлға – Сеңкібай –Биата. Қарағанды. 2002 жыл.

3.Ш.Төлеутай. Сеңкібай батыр-Биата – халқының қамқоршысы, елінің қорғаны.

4.Т.Нысанбай. Сеңкібай би.

5.М.Базарбай. Қарашор Сеңкібай батыр.

6.Қ.Оңайбек.Сеңкекең аруағына бас иейік.

7.Қ.Қасылқасұлы.Сеңкекең шарапаты.

8.ж.Қашқынов. Қос әулие. Алматы. 2003 жыл.

9.Қ.Әдепбеков.Сеңкекең асына арнау.Балқаш.2003 жыл.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аңдатпа мәтіні:  Кіндік қаны тамған қасиетті Отаны үшін дұшпанымен аянбай айқасып неше дүркін ерен ерліктер көрсетіп, өз халқының бақыты үшін басын оққа байлап, қысқа ғұмырын ел игілігі үшін бағыштаған асыл перзенттерінің, бірегейлерінің бірі – Сеңкібай батыр.

 

 

         

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *