Басы » Баяндамалар » ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ-ӨРКЕНДЕУДІҢ БЕРІК ДІҢГЕГІ

ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ-ӨРКЕНДЕУДІҢ БЕРІК ДІҢГЕГІ

ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ-ӨРКЕНДЕУДІҢ БЕРІК ДІҢГЕГІ

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан қоғамының дамуына әсер ететін ұлтымыздың рухани жаңғыруына жол ашатын«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп  жария етті. Бұл мақала жыл басындағы Жолдаудың жарасымды жалғасы болды.  Аталмыш мақалада  бірнеше бағыт бойынша  ұсыныс болды. Мен  ұстаз ретінде ұлттық құндылықтармыздың қайта жаңғыртуына ерекше қуандым. Себебі әр шәкіртім өзінің нағыз ұлттық болмысын білмей, жаҺандану  нарығында өз орнын таба алмайтынын өз тәжіриемнен көріп келемін.

Елбасы мақаласының «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» тарауында «…замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын…» – деп атап өткен.

Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Бір ұлтты екіншілерінен ерекшелендіріп тұратыны оның: тілі, ертегілері, мақал-мәтелдері, лиро-эпостық және батырлар жырлары, әдет- ғұрпы, салт-санасы, менталитеті, мәдениеті, өнері, тағамдары, ұлттық қолөнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары, т.б. өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері. Осылардың бәрі – ұлттық құндылықтарға жатады. Біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтап жүрміз дейтін болсақ, өкінішке қарай, өте нашар сақтап жүрміз. Кеңес кезінде көптеген ұлттық құндылығымызды «ескінің қалдығы» деген сылтаумен көзін құртпақ болды. Сөйтіп ұлттың өзін жоюға тырысты. Егеменді ел болғаннан бері ұлтжанды азаматтар ұлттық құндылығымызды қалпына келтіруге ниеттенуде. Міне, Елбасының ұлттық құндылықтарға деген жаңа үндеуі  көп жағдайдың шешімін табуға  өз үлесін қосуда. «Нарықтық қатынас, әлемдік қауымдастыққа кірігу» деген бағытта жұмыс жасасақ та, ұлттық құндылығымызды ұлықтау әманда басты орында. . Қазір жалпы ұлттық мүддеге қарағанда, әркім өзінің жеке қара басын көбірек ойлайды. Материялдық құндылықтар алдыға шығып тұрған заманда ұлттық құндылықтар көп ескерілмей қалып жатыр Міне осыны жіті назарда ұстаған мемлекет басшысы «Рухани жаңғыруды» дер кезінде халыққа ұсына білді.

Ұлттық құндылықтарды әр ұлттың ата-бабалары өздерінің өмір сүру салтына байланысты шығарып, пайдаланып, дамытып ұрпақтарына мұра етіп қалдырып отырған. Сондықтан ұлттық құндылықтар сол ұлттың меншігі болып есептеледі. Оны әр ұлттың ұрпақтары сақтап, заманына қарай дамытып отырулары керек. Егер халық өздерінің ұлттық құндылықтарын жоғалтып алса, ол халық – «ұлт» деп саналмайды. Сондықтан әр ұлт өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтауға тырысады, әрі қорғайды. Қазақ халқы да өзінің ұлттық құндылықтарын сақтауы керек. Италияның жиһанкез кәсіпкері Реналью Гаспирин: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім, – депті. Міне бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына кіру бір бөлек. Бірақ, күллі халыққа өз тіліңде бәсекелесе алатыныңды мойындату бір бөлек. Сыртқы нарық бізді сондай бейшара халық тізіміне қоспасын деген оймен, жүрек түкпіріндегі қазақилықты басты орынға қоятын басшы ғана бұл жаңғыру арқылы –ұлттық құндылықтарды жаңғыртады.

«Қазіргі қазақ қоғамындағы әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени өзгерістер мен жаңғырулар үдерісі бұл мәселенің маңыздылығын арттыра түсуде. Рухани құндылықтардың ұлттық негіздерін жаңа қоғамдық қатынастар талабына бейімдеу, оны рухани өмірдің өзегіне айналдыру – тек философиялық, дүниетанымдық мәселе ғана емес, сонымен қатар саяси мәселе,»-  депті Мархабат Байғұт осы «Рухани жаңғыруға» қатысты ойында. Шындығында өз құндылықтарымызды толық түсінбеудің салдарынан түрлі жалған ұстанымдарға бой алдырып,оның соңы лаңкестік әрекеттерге ұласуы қоғамда теріс көзқарас қалыптастыруда. Ұлттық құндылықтардан алыстаған , танымаған қоғам азғындайды. Ақиқатында адамның санасын түрлі қажетсіз ақпарат, зұлымдық, менмендік жаулауда. Сондықтан бүгінгі таңда рухани құндылықтардың маңызы мен ұлттық ерекшеліктерін анықтау және жіті меңгеріп, жан-жақты жаңғыру ұлттық сана-сезімімізді қайта түлетуге ықпал етеді.

Әр ұлттың өзінің ұлттық ерекшеліктері бар. Бір ұлтты екінші ұлттан даралап тұратын да сол біз тілге тиек етейін деп отырған басты ерекшелік — ұлттық құндылықтар.

Тіл, фольклор, әдет-ғұрып, салт-сана, сол ұлтқа ғана тән менталитет, ұлттық өнер, ұлттық тағам, ұлттық бұйым деп санамалап, тізбектесек біраз дүниені ұлттық құндылықтар қатарына қосып шығуға болады. Осы қасиеттерінен айырылған халықтың қайтадан ұлт ретінде түлеп шығып, жаңаша тіршілігін бастап, ерекше қарқынмен өсіп кетуі мүмкін емес нәрсе.

Міне,біздің ұлттың құндылықтары өзімізбен  бірге ғасырлар бойы ғұмыр сүріп келе жатқан ана тілімізде, озық салт-дәстүрлерімізде, әлем таң қалумен келе жатқан өнерімізде. Мұның барлығын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың бірегейлігін,бітім-болмысын құрайды. Сол себепті Қазақ елінің қайта жаңғыруы – халықтың өзінің өткенін, рухани болмысын білуге деген ұмтылысы. Келешекке деген  кемел құлшынысы.

Қорыта келгенде Елбасының «Рухани жаңғыруы» мемлекет пен ұлт үшін ұлы серпіліс болды.Мақсат айқын,тек орындау бізге артылған парыз.Ұстаз ретінде мұны дәріптеу, шәкірттеріме жіті түсіндіріп,оған аз д аболса да өз үлесімді қоса білсем – мен үшін азаматтық парыз деп санаймын.

[bws_related_posts]

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *