Басы » Сертификат » Материал жариялау » Мұқағали өлеңдеріндегі тау тақырыбы мен  «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы.

Мұқағали өлеңдеріндегі тау тақырыбы мен  «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы.

Алматы облысы

Алакөл ауданы

Үшарал қаласы

МКҚК «Үшарал қалалық балалар шығармашылық орталығы»

Қосымша білім беру педагогі

«Сөз өнері» үйірмесінің жетекшісі

Сарқытқызы Құралай

 

 

Сабақтың тақырыбы:         Мұқағали өлеңдеріндегі тау тақырыбы мен

«Аққулар ұйықтағанда» поэмасы.

 

Сабақтың мақсаты:  

  1. Ақын шығармаларының тақырыбын, идеясын ашу, поэзиясының өміршеңдігін таныту, дастанның тақырыбы мен идеясын, көркемдік тілін жете ұғыну;
  2. Мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру, актерлік қабілеттерін шыңдау;
  3. Табиғатты, туған жерін сүюге үйрету.

 

Сабақтың міндеттері:

  1. мазмұнға байланысты – ақын шығармасын оқи отырып композициялық құрлысымен танысады, ой тереңдігін, тіл шеберлігін сипаттай алады;
  2. СТО-ға байланысты – тақырыпты меңгеру барысында ой-пікірлерін қорытындылайды;
  3. топтық жұмысқа байланысты – топтағы жұмысты ұйымдастырады, жұмыс нәтижелерін көрсете біледі.

 

Сабақтың типі:  аралас сабақ.

Сабақтың түрі:  жаңалықты қолдану сабағы.

Сабақтың әдісі:  СТО әдістері.

Сабақтың жабдықтары: слайдтар, плакаттар, үлестірмелі қағаздар,

стикерлер т.б.

 

І. Ұйымдастыру кезеңі.

        

І — 1. Мұғалім:     — Балалар, поэзия әлемінде Мұқағали мұрасы — жалпақ елдің жүрегінде, ой-парасатында, қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқан жарық жұлдыздай жарқырап нұр беруде.

                   Тірлігінде шекпен кимей,шен алмай,

                   Еңбегінің қызығын да көре алмай.

                   От боп жанып өтіп кеткен ақынға,

                   Мәңгілік қып өмір берген өлеңді-ай,-

деп ақын Айтақын ағамыз жырлағандай, өлеңімен рухани азық, күш жинап, қажетіне қарай халқына бақыт сыйлаған ақиық  ақынымыз кезінде ешкімнен енші  сұраған емес-ті.

9-ақпан —  қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Жұртына қасиетті өлең өрнегімен мол мұра қалдырған біртуар талант иесі тірі болса, 87 жасқа толар еді. «Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, өлмейтін сөз қалдырған ақын ешқашан халық жадынан өшпейді. Ақын халқымен бірге мәңгі жасайды. Абайдан қалған асыл сөздің қасиетін бойына дарытып, тау мен тасқа жан бітірген ақын туған күні расында да барша қазақтың мерекесі іспетті. Себебі, дана қазақ – ақын халық. Екі ауыз сөздің басын құрамаған қазақ болмаған. Сондықтан да 9-ақпанды – поэзия күні десек те болатындай.

 

І — 2. Оқушыларды топтастыру. Ақынның «Үш бақытым» өлеңінің шумақтары таратылып беріледі.

«Ең бірінші бақытым – халқым менің!»   —        1-топ

«Ал екінші бақытым – тілім менің!          —        2-топ

«Бақытым бар үшінші – Отан деген»       —        3-топ
Өлең шумақтары бойынша оқушылар 3 топқа топтастырылады. Әр топқа топтың аты беріледі:     1-топ:         «халық»

2-топ:         «тіл»

3-топ:         «отан»

 

І — 3. Сабақтың мақсат-міндеттері түсіндіріледі:

  1. мазмұнға байланысты – ақын шығармасын оқи отырып композициялық құрлысымен танысу, ой тереңдігін, тіл шеберлігін сипаттай алу;
  2. СТО-ға байланысты – тақырыпты меңгеру барысында ой-пікірлерін еркін қорытындылай алу;
  3. топтық жұмысқа байланысты – топтағы жұмысты ұйымдастыру немесе белсене атсалысу, жұмыс нәтижелерін көрсете білу.

 

ІІ. Негізгі бөлім.

 

ІІ — І.   Қызығушылықты ояту. 

 

  1. «Ойлан, тап!» ойыны. Ақын өлеңдерінен үзінді беріледі. Сол өлеңнің тақырыбын атау керек.

 

Мен бақыттымын,

Бақытты жерде туылдым.

Айналайын Қарасаз ,

Қасиетіңнен суыңның!                                        («Қарасаз»)

 

Көрер едің,

Шаламын ба, отпын ба,

Білер едің,

Ақынмын ба, жоқпын ба?..

Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,

Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.              («Автограф»)

 

Бүгін менің туған күнім.

Ой, бәле-ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойған-ай.                («Арыз жазып кетейін»)

 

Көрсетпестен, көк шалғын, көміп таста.
Қарағайлы қалың ну, қамалашы!                       («Сағындым ғой»)       

 

Жадырап жұтайыншы тау самалын,
Осы еді ғой сағынып, аңсағаным.
Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым,
Бәріңе арнап мен бүгін ән саламын.                    («Саржайлау»)

 

Сыңғырлап үні,
Күмбірлеп күйі бұрқанбай,
Дүние тынды…
Тілі кесілген мылқаудай                                     («Бетховен»)

 

…Менің мына қайта туған күнімде,
Сөйле, оркестр, дүрілде бір, дүрілде!
Сөйле, Моцарт, менің Ана тілімде,
Сөйле, Данте, менің Ана тілімде.                («Бабаларым, рахмет сендерге!»)

 

Жыртылып жатыр күрең жер,
Күрең жер — тозған кілемдер.
Күрең тау анау, күрең бел,
Күрең бел — жиған кілемдер.                             («Күрең күз»)

 

Тамаша еді жазғы орман
Құстар сайрап, мәз болған.
Көлшіктерде, суларда,
Үйрек ұшып, қаз қонған.                                     («Қарасазым»)

 

Ғанибет қой, шіркін-ай, шуылдасаң ұлардай,
Қиын екен жалғыздық қияда өскен шынардай,
Жалғыз қайтты сол жылы, жалғыз қайтты жыл құсы,
Жұмыртқа да таба алмай, балапан да шығармай.            

(«Қарлығашым, келдің бе?»)

 

Жимайды-ау бір шашылған шуақтарын,
Саясына келеді-ау, шуақтағың.
Жамандыққа қиярсың қалай ғана,
Жайнаған бір-бір үйдің шырақтарын.              («Арулар»)

 

Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкірлік етемін қашан да
Осы бір Отанда тұрғанға!                                («Қазақ жері»)

 

Бәрісі де ұйқысынан оянды.
Алтын таңның шапағына бояулы!
Шуағымен шомылдырып алапты,
Тағы, міне, бейбітшілік таңы атты.                («Қайырлы таң!»)

 

Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар,
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар?                

     («Мен қарапайым қарттарды сүйем»)

 

Дәнеңе де сыйламасын келер күн.
Сый көрмей-ақ суалармын, сөнермін.
Туған елім түғырында тұрса екен,
Әрі қарай…
Әрі қарай көрермін…                                         («Елім барда»)

 

 

  1. «Эстафета» ойыны. Ақын өлеңін эстафета бойынша оқып шығу.

І-топ:    «Үш бақытым»

2-топ:    «Отан»

3-топ:    «Отан туралы»

«Үш бақытым»

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
… Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

 

«Отан»

Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға — сол қайғы!
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз —
Нағыз сорлы панасыз?
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан — мекенің!

«Отан туралы»

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен…

 

  1. «Топтастыру» стратегиясы. Үш топқа топтастыру әдісі бойынша

тапсырма беріледі.

І-топ:    Мұқағали кім?

2-топ:    Шығармалары.

3-топ:    Мұқағали өлеңдерінің тақырыбы

 

/Әр топқа бір-бір плакаттан беріледі. Оқушылар өз ойларын плакат  бетіне түсіреді. Орталарынан 1 оқушы шығып, таныстырады/.

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. Әр топқа «Мұқағали», «тау», «аққу» суреттерінің бөлшектелген қиындылары таратылып беріледі. Қиындыларды қиюластыру арқылы бүгінгі сабақтың тақырыбы белгілі болады.

 

Мұқағали өлеңдеріндегі тау тақырыбы мен «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы.

 

ІІ — ІІ.         Мағынаны тану. 

 

  1. Слайд №1 «Мұқағали өлеңдеріндегі тау тақырыбы».

 

Ақын таудың тура табиғи кейпін жырлаудан гөрі тауды фон етіп алып өзінің дүниесін, көңіл — күй әлемінің тебіренісін осы фонға ұштастырып жібереді. Тауды жырлай отырып, түйдек — түйдек ой айтады, философиялық топшылаулар жасап, адам психологиясына жарасымдылық ұғымының эстетикалық мәнін сіңіріп жібереді. Тау табиғатының тылсым сырының ақын қиялын тербетіп, сезіміне ыстық шоқ тастап, бойына қуат дарытып отыруы да сондықтан.

Өлмесін деп берген ғой тауды маған,
Мен күрсінсем, күңіреніп тау жылаған.
Көңілімде бір құйын көтерілсе,
Тауларымда тұрады қарлы боран,

— дейді. Тауды өзінің, өз көңіл — күйінің баламасы ретінде салыстыра алады. Жаны да, тәні де табиғатпен өзектес сипатты көреміз.

Оның суреттеу мәнерінде сезім басым. Мұқағали сөзінен сыңғырлаған сұлу дыбыс шығады. Ақынның тілі үнді, әуенді, музыкалы тіл. Өлеңін оқығанда көкірегің күйге толып, өз — өзіңнен ән салып отырасың. Бұл сүйіспеншілік, құштарлық сезімі. Ақынның туған жерге деген махаббатты жыр болып төгілген.

Мен – таулықпын,
Таудан мен жаратылғам,
Тау деген ана туған, дара тұлғам.
…Тауға барып,
Көкке ұшып кетсем бе екен
Ұстап алып қыранның қанатынан.

Бұл жыр – қазақтың ақыны Мұқағалидың жан сөзі, оның кім, қандай ақын екенін танытатын, басқамен шатастыруға болмайтын бәсіре сөзі.
Ақын – ең алдымен тау баласы. Нәрестенің іңгәлап дүниеге келгенде көрген алғашқы адамдарының бірі – әкесі, яки атасы қандай жақын, етене болса, көзді ашып танығандағысы жарықтық тау бейнесі де сондай. Әкесіндей көріп еркелейді, бауырына тығылып, тебірене жырға қосады. Өйткені ол әкесінің де әкесі еді ғой.

Тау ұлымын,
Тау – менің дәу бесігім,
Мен оның әуресімін, сәулесімін.
Асқар шыңдар желпиді бесігімді,
Бір орамын ағытып сәлдесінің! –

деп ағынан жарылады. Сондай-ақ:

…Еміренген,
Тебіренген,
Ақбас Ата – асқарлар, –

немесе:

Ақ шалдары – қазақтың ақ таулары
Маған деген жүйрігін баптауда әлі, –

деп те жырлайды. Дәл төбесін қар басқан тауды ұлттық ойлау, қазақы дүниетаныммен ұғынықты етіп шашына ақ кірген қариялармен салыстырады.
Басқалар үшін жазық дала алтынға қимас меншігі болса, ақын үшін тау аса қастерлі. Тауда, рас, асқақтық бар, биіктік бар, сол құндылықтарды бойына молынан сіңірген адам сол жердің төл перзенті, анық ұлы. Сондықтан «тау ұлымын» деп жар салу үшін адам сол таудың тәкаппарлығындай асқақ, қорқыныш ұялататындай суық, қазыналы қойнауларындай жомарт, мырза келе ме деп ойға қаламыз.

 

Мұқағали поэзиясына тән нәрсе – пейзаж көріністерін қаз-қалпында еш қоспасыз түрлі әдістерді қолдана отырып, көркем суреттейді. Бұл туралы ақын шығармашылығын зерттеушілер: «Өмір құбылысын суреттеуде эпитет, теңеуді ақын өлеңдерінде өте шебер қолдана біліп, көркем шығуына септігін тигізген, өлеңдерінде өте жиі қолданған», – деп жазады. Ақынның осылай жазып, шеберлікке жетуі – ең алдымен қазіргі күні бәріміз ұлттық уыздан ажырап қалды деп байбалам салып жүрген дүниетанымымызға өте жақындығы және соны айтуды, жұртшылыққа жеткізуде өте қарапайым болатындығы. Келсін-келмесін, жамап-жасқап тыраштанбайтыны. Ал өз кезегінде барша жұртқа түсінікті, қарапайым етіп жазу – өте қиын шаруа. Толстойдың «Қарапайым жазу оп-оңай емес» деуі де сондықтан болар.
Ақын «Тау бір аңыз» деген өлеңінде тауды бірде жүріп келе жатып тоқтап қалған керуенге теңесе, енді бірде «бұлттан бұйда тағынып, көктен көрпе жамылып» жатқан жанды дүниеге балайды:

Тay бір аңыз,
Тау – дастан.
Таусылмаған әу бастан.
Тоқтап қалған керуен,
Бір-бірімен жалғасқан.
Бұлттан бұйда тағынып,
Көктен көрпе жамылып,
Таулар жатыр аңырып,
Сапарларын сағынып.

 

Мұқағали бір сөзінде тау ұлымын деп жар салса, осы өлеңінде таудың өзін сәбиге, алып сәбиге теңейтіні қандай әсерлі еді?! Әсіреқызыл сөз, жаттанды бояу мұнда жоқ. Ұлттық дүниетаныммен үйлесе қабысқан жыр жолдары баршамызға ұғынықты суретті көз алдымызға әкеледі:

Тау бір аңыз,
Тау – дастан.
Таусылмаған әу бастан.
Ана-Жердің төсіне
Алып сәби жармасқан.

немесе:

Мойнын созып күткелі қашан мені,
Мен көрмеген қазақтың асқар тауы.

Демек, ақын жырында тау қозғалыссыз, қатып жатқан нәрсе, жансыз дүние емес.

 

Сәби болған таудың әке де болатынын айтады, дәлелдейді. Ол да жанды, адам сияқты жылайды, күңіренеді, күледі, қозғалады. Тіпті тұрып кетуі де ғажап еместігін айтып, адамзатты сақтандырады.

Жетер жерге жеткенде,
Керуенші кеткенде,
Шығыс пен Батысты,
Жалғастырып шөккен бе?
Жетер жерге жеткесін,
Мәңгілікке шөккесін!
Оятпаңдар, байқаңдар,
Таулар тұрып кетпесін!

Адам – табиғаттың бір бөлшегі, титімдей тіршілік иесі деп жатамыз. Сондықтан неғұрлы табиғаттың аясында көп болған жан соғұрлым сол табиғаттың өзімен біте қайнасып жатады. Бұл жайында ақын:

Тайсалмай басып тастарын,
Алқынбай асып асқарын.
Құзына шығып, қомданып,
Ылдиын төмен тастадым, –

деп толғайды. Туған жері бар адамның бағы, бақыты болатыны белгілі. Жер-анада табаны тиіп, дүниені таныған жан алдымен туған өлкесін жақсы көріп, сүйетін болады. Суынан қанып ішіп, жағасында асыр салып, балалығын өткізеді. Күндер өтіп, жылдар жылжыған сайын есейеді, есейген сайын төбесінен төнген тау қартайып шөккен атасындай ыстық болатыны бар.

 

Талай да талай шыңды астым,
Тастағы гүлмен мұңдастым.
Қарағайлармен құрдаспын,
Қайыңдармен сырласпын.
Тайсалмай өзім тауда өстім,
Таласар, қане, бар ма ешкім?! –

дейді. Тау арасында тағыдай алғыр өскен бала не нәрседен де тайсалмайтынын айтады автор. Өйткені, ол бала жасынан қорқынышты да, үрейді де, шуақты да, шаттанған қуанышты да, судың сылдырын да, құрбақаның шұрылын да – бәрін-бәрін көріп, біліп өсті ғой.

 

Ығысыңдар,
Ей, таулар!
Ығысыңдар!
Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар.
Ата болып не маған ұрысыңдар,
Адам болып немесе ығысыңдар, –

дейді Мұқағали тауларға. Мұнда да ата болсаң, яки адам болсаң деп сөйлейді. Бұл туралы зерттеуші Ж. Өтейұлы: «Әлемдік поэзияның інжу-маржандарында ұшырасар мұндай суреттеу – қазақ жырының қолынан келіп, қабілет-қарымынан туындап тұр. Ұлықталар жетістігіміз, ұлттық ұтысымыз. «Ығысыңдар» деген сөз үш рет қайталанса да, өлең шырайына селкеу, сезік келтірмейді. Қайта лептілік, үстемелік дарытқан», — деген ой қозғайды.

 

Ақын тағы бір өлеңінде тауға келудің де өзінше уақыты, кезі болатынын айтады. Табиғаттың аясындағы таудың тамашасын көргің келсе, уақытың бос болған кезде салып ұрып жетіп келгенің дұрыс емесін жеткізеді. Тауды көруге де бір арнаулы уақыт керек деп топшылайды. Бұдан, әрине, табиғат-ананың бауырында түлеп өскен жанның айналадағы барлық титімдей де қозғалысты бақылап, шұқшия зерттегені білінеді:

Тауға келсең, қыста емес,
Күзде келгін!
Қарсы алдыңнан табылар іздегенің.
Жапырақтың көресің әлі-дағы
Тіршіліктен күдерін үзбегенін.

Осылайша ақын тілсіз жапыраққа жан бітіріп, күдерін үзбейтін адамдай етіп бейнелейді.

 

Ал адам жаны табиғатпен егіз екеніне Мұқағалидың «Таудай болғым келеді» өлеңі дәлел. Өз жанындағы беймазалықты, әлдебір күрсіністі тау жақта болатын құбылыстармен қатар қоя суреттейді:

Өлмесін деп берген ғой тауды маған.
Мен күрсінсем, күңіреніп тау жылаған.
Көңілімде бір құйын көтерілсе,
Тауларымда тұрады қарлы боран.

 

Тауды аңсап, армандаған ақында арман бар ма?! Өз өмірінің көзді қиып тастап кетуге қимайтын ғажаптығына шын сүйсінген ақын өлеңнің кейінгі жолдарын былайша өреді:

Аласартып асуын, өткелдерін,
Астыма әкеп төсейді көк белдерін.
Алып тауды бесік қып өсіпсің ғой,
Ғұмырым, керемет ең неткен менің!

 

Ғұмырының бастауының ақ бесігіне баланған асқар таулар – ақынның басы бүтін меншігі. Несібіне бұйырған ырзығы.

Тау менің несібіме тиіпті ерек,
Мендегі шаттық бөлек, күйік бөлек.
Ақсақалдар: – Таудай бол! – дейтін
Таудай болғым келеді, биік керек.

Автор айтқандай, қадірменді қариялардың айтқаны келіп, қабыл болса, ақынның таудай болмасқа құқы жоқ. Таудан да асып, ғарышты аңсап ұшып жатқан заманда ақын мұраты анық, айқын. Бар жаны, тәні тек тауды ғана қалайды, аңсайды. Биіктік деген ұғымды таудың еңселігімен өлшейді. Одан әрі баруға болар ма еді, бірақ қанағатшыл көңіл соған тоба дейді.

 

Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді,
Тау жайлап, тау қыстаған шал жүреді.
Басында ақ қалпағы, жүннен шекпен,
Астында балпаң басқан Сал-күреңі, –

дейді Мұқағали бірде. Не нәрсе түске енсе, онда ол адамды сол нәрсе еріксіз билеген, бойын алған, жанына жеткен деп білеміз. Таудың түске кіруі күнделікті теледидардан кино көру емес, өңдегі аңсаған аңсардың, сағынған сағыныштың алпыс екі тамырда тулағаны ғой. Басқаша айтқанда пендеауи тірлікте адам түсіне тау енсе, бұл – адамның ішкі әлемінің асқақ көрінісі. Тамыры тауға байланып, таспен тілдесіп өскен адамның, ақынның осылай демеске шарасы жоқ. Бейтаныс қарияның Салкүреңмен тау басында жүруін, оған жетемін деп жете алмауын, олардың көз алдынан ғайып болуын, ақырында өзінің шың басынан түсе алмай қалып қойғанын өлеңмен өреді.
Ал арман аңсатса, келешек үміттендірсе, алдымен түске кіреді, сосын өңде болуы-болмауы екіталай нәрсе.

Адам мен адам жаратылысының айырмасы болмағанмен, тау мен таудың өзгешілігі бар. Туған жерінің асқағы Хан-Тәңірі деген тәнті көңіл, зор сүйіспеншілік шың суретін бейнелеп берді:

Тік тұр ол
Қырын қарап сай-салаға.
Күн көркі, Көк мекені, ай – шағала.
Қалғымай қанша жылды өткерді екен
Тәкаппар Тянь-Шаньдағы қайсар аға?

 

Өмірде сағыныш деген ғаламат сезім бар, алапат сезім бар. Бірақ ол түсіне, түйсіне білген жанға ғана айқын. Ал тауды сағынудың, мұқағалиша сағынудың жөні басқа. «Сағындым ғой» деген өлеңінде ақын табиғатты адамша сағынады, құшағына басып, бауырына алар дегендей мейірім күтеді. Туған жерді, тауды сағынудың шын дертіне ұшыраған адамды емдеудің де жолы сол – ол жерді көру, көріп қана қоймай топырағын басып, суын ішіп, көк шалғынға аунау, тау саясында өкпесі өшкенше жүгіру, жүгіріп жүріп құлау, құлап жатып мауқын басу.

Сағындым ғой, саялы тау арасы,
Сағындым ғой, жанымды дауалашы!
Көрсетпестен, көк шалғын, көміп таста.
Қарағайлы қалың ну, қамалашы!

Сағындым ғой тауымның көк белдері,
Қанжығаңа байла да, бөктер мені.
Құздар, мені мәңгілік тұтқыныңа ал,
Асу берме, қияның өткелдері.

Таулар, таулар,тауларым, тауларым-ай!
Таудағыдай еш жерде күн шықпайды,
Түн болмайды еш жерде таудағыдай!

 

Ақынның тауға тау, тасқа тас екен деп қарамайтынын жоғарыда айттық. Тау – Құдайдың дәргейіне қараған өзгеше жаратылыс болғанмен, ақын танымында, жырында, шығармашылығында ол адам деңгейіне көтеріледі. Ақынның «Бір орамын ағытып сәлдесінің», «Ақбас Ата – асқарлар», «Алып сәби жарасқан», «Тоқтап қалған керуен», «Таулар тұрып кетпесін», «Ығысыңдар!» «Сағынысып қаппыз ғой, тарланым-ай!», «Қабағы таудың қатулы», «Тәкаппар Тянь-Шаньдағы қайсар аға?», «Ақ таулар – іштен тынады» «Басымды ием тауларға, Басым ием орманға, Бұлардан ыстық жан бар ма?» деген сөз тіркестерінен қозғалмайтын таулардың адам, әже мен ата, сәби, керуен бейнесінде көрінуі, жаны бар адамдардай қимылдауы, қозғалысқа түсуі – Мұқағали шығармашылығының шыңы, қазақ әдебиетінің жетістігі.
Мұқағали өзінің «Күнделігінде»: «Туған жерiмнiң тұнып тұрған қылшығына қылаң түспеген сұлулығын алдымен мен сүйгем!» – деп жазады (Мұқағали. Күнделік. Алматы: Қазақпарат, 2009. 21-бет). Ақындық асқақтықпен айтылған сөзде ақынның өз бейнесі бар, ақындық қалпы танылады.

Ақын сол «Күнделігінің» бір жерінде: «Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңдерім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті», — деп жазыпты (Мұқағали. Күнделік. 45-бет). Осыған байланысты айтар болсақ, оның тау тақырыбындағы барша өлеңін бірінен соң бірін оқысаңыздар, ақынның не үшін тауды сүйгенін, тауды қастерлегенін түсінер едік, білер едік.

Адырлар, жондар, шатқалдар,
Аспанды тіреп жатқандар,
Айтылды нелер мақтаулар,
Арманың бар ма, ақ таулар?

 

Тау – Мұқағали шығармашылығының төлқұжаты. Қазақта тауды жырлаған басқа да мықты ақындар бар, бірақ та олардан Мұқағалидың жөні бөлек. Ал Қазақстанның «жалғыз» ұлы қазақ үшін тау – терең тарих, қымбат қазына, бағдарлы болашақ. Тау – ұлттың өмірі, жаны мен қаны. Ендеше осыны біліп терең жырлаған, алғаусыз айтқан Мұқағали жыры да мәңгілік.

 

  1. «Түсіну» стратегиясы. Әр топқа тау тақырыбында жазылған бір-бір өлеңнің мәтіні таратылады. Оқушылар мәтін бойынша талдау жұмыстарын жүргізеді.

1-топқа — «Тау бір аңыз»

2-топқа — «Таудай болғым келеді»

3-топқа — «Сағындым ғой»

 

  • 1 оқушы мәнерлеп оқиды
  • 1 оқушы мәтіндегі тау сипаттарын теріп жазады
  • 1 оқушы өлеңнің идеясы не екендігіне жауап береді
  • 1 оқушы сөздік жұмысын жүргізеді (жер-су аттарына түсінік береді,

неологизм-көне сөздерді саралайды т.б.)

 

  1. Мұғалім: Мұзбалақ Мұқағали Қарасазда туып, ғұмырының барлық күнін ару Алматыда өткізді. Тауда туған ұл тауға жыр арнамаса тау ұлы бола ма?! Ендеше, қазақтың тау тұлғалы ақыны Мұқағали Мақатаевтың тау туралы өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз!

 

/оқушылар тау туралы өлеңдерін жатқа оқиды/

 

  • «Мен – таулықпын!»
  • «Тау бір аңыз»
  • «Таудай болғым келеді»
  • «Сағындым ғой»
  • «Хантәңірі»
  • «Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді»
  • «Қабағы таудың қатулы»
  • «Таудағы көктем»
  • «Тау бұлағы да ағады»
  • «Тауға келсең»

 

  1. Мұғалім: Әр ақынның өзіне тән ерекшелігі болады. Мысалы: Абайда — ой, Мағжанда — махаббат, Қасымда — от, Мұқағалида тазалық басым. Табиғат ананың бір бөлшегі болған Мұқағали былай дейді:

Табиғат,

Жанымды алсаң,

Алшы менің.

Бір түйір жерге түскен тамшың едім.

Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,

Артымда қалсын жерім,

Қалсын елім!

Бүгін біз танысқалы отырған “Аққулар ұйықтағанда” поэмасы — ғажап поэма. Адамның табиғаттың перзенті, хәм титтей ғана бір бөлшегі екендігін дәлелдейтін поэма. Дүниеде екі ана бар: бірі — тіршіліктің анасы – табиғат болса, екіншісі адамның анасы — АНА. Екеуі де мейірімді. Екі анаға да қаталдық көрсетуге, жанын жаралауға болмайды деген ой салады ақын.

 

  1. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы туралы қысқаша мағлұмат беріледі.

 

«Аққулар ұйықтағанда» — поэма. Авторы — Мұқағали Мақатаев. Поэма 1973 жылы жазылған.
Қысқаша мазмұны:

Бұл поэмада бір жанұяның жалғыз баласы ауыр сырқатпен сырқаттанып қалады. Тәуіп шал баланы тек аққудың қанатымен аластаса ғана дертінен айрылады деп айтады. Әкесінің аққуды өлтіруге дәті бармағандықтан оның орнына анасы мылтығын алып, қасиетті аққулар мекендейтін көлге барады. Көлге келгенде ананың қолындағы мылтығы абайсызда атылып қалады да, мылтықтың оғы аққуға тиеді. Шуды естіген қарт жылқышы көлге қарай келеді де, аққу өлтірген анаға ақыл береді. Қалай болса да ана аққуды үйге әкеледі,алайда үйге қайтып оралғанда баласынын қайтыс болғанын түсінеді.

Шығарма кейіпкерлері:

  1. Ана — баланың анасы. Ержүрек, батыл, өзінің баласына деген махаббаттан киелі аққу құсты атып өлтіреді, соңынан баласынан да айырылады.
  2. Бала — сырқаттанып жатқан бала. Оның өмірі қыл үстінде болды.
  3. Тәуіп шал — емші. Есінен ауысқан адам, баланың ата-анасына өтірік айтты.
  4. Әке — баланың әкесі. Ар-намысты. Құдайшылық жолынан түспеуді жөн көріп, киелі аққу құсты атудан бас тартты.
  5. Жылқышы — жылқы бағып жүрген адам. Парасатты, ақылды, данышпан. Ол анаға ақыл айтып, оны дұрыс жолға қоюға тырысты.

 

  1. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының сахналық қойылымы.

 

Автор:       Өзен де жоқ сыймаған арнасына,

Жылға да жоқ даламен жалғасуға.

Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,

Қалай біткен мына көл тау басына?!

Мөлдірейді, қарайды қарға, шыңға,

Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә.

Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман?

Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам?

Қанша шырша өсті екен, құлады екен;

«Жетім көлге» қараудан шаршамаған?

«Жетім көлден» су ішкен қанша марал,

Қанша киік қалды екен сай-салада?

Қанатынан үзіліп ән-самала,

Қаншама аққу кетті екен-аңсаған ән?

… Оралмады аққулар осы маңға,

Жылдар өтті байғұстар шошынған ба?

«Жетім көл» жетімсіреп қала берді.

Арман-ай, аққуымен қосылар ма?!

 

(шымылдық ашылады, тыныштық, музыка, төсекте жатқан бала, еденде жатқан әке, екі тізесін құшақтап түн күзеткен ана)

 

Автор:       Бала жатыр төсекте албыраған,

Әке жатыр еденде қалжыраған.

Түн күзетіп ана отыр, қос жанары

Шарасыздан шаршаған, жаудыраған.
Ана: (әкеге қарап)

«Мана күндіз тәуіп шал не деп кетті?!

Әлде өтірік, әлде шын демеп кетті…

 

Тәуіп: (сахна сыртынан, ананың көзіне елестеп, саусағымен баланы көрсетіп)

Аққумен баланы аластаңдар!

 

Автор:        Деді дағы жәйімен жөнеп кетті..

 

Ана: (әкеге қарап, баяу дауыспен.)

Тұрсаңшы, таяу қалды таң атуға,

Неткен жансың санасыз жаратылған?!

Манағы тәуіп шалдың айтқан сөзі,

Ұмытылып кетті ме санатыңнан?

(үзіліс)

«Жетім көлге» барып қайт тау жамылып,

Таң атқанша қалайда таңға ілік.

Біреулердің көзіне түсіп қалып,

Дүрліктерме жұртыңды салма бүлік!

 

Әке:           Апыр-ай, қалай барам, қалай барам?!

Атармын аққу құсты қалай ғана?!

Бармаймын, бара алмаймын, қалай барам?!

 

Ана:(орнын ан атып тұрып, ашуланып, айқайлап, әкені жұлқып)

Жалғыз ұлдан артық па жалған бәрі!

Балам өлсе, бақыттың керегі не?!

Перзент сұрап несіне армандадың?!

Мылтықты әкел!

Атты ертте!

Жалған бәрі!

 

Автор: (Жәй, баяу)

… Оятып дүниені дел-сал қылып,

Тамыздың таңы да атты тамсандырып.

Сай-саладан бошалаған бозала таң,

Таудағы тіршілікке ән салдырып,

Еміндіріп, еріксіз қарсы алдырып,

Бұлбұлға дүниеге жар салдырып,

Тамыздың таңы да атты тамсандырып.

Аққулар ұйықтап жатыр тербетіле.

бас бағып жағада отыр жалғыз ана,

Таңданып тәккапар құс келбетіне.

 

(Шымылдық ашылады, аққулар тұмсығын мамығына тығып отырады, шыршаның түбінде мылтық таянған ана).

 

Автор: (Жәй, баяу, үзік-үзік)

Тығып ап тұмсықтарын мамығына,

Айдын-төсек, аспанды жамылуда.

Арша, шырша, жартастар жағадағы,

Сұғынып, бәрі көлге табынуда

Аласұрып, қан ойнап тамырында,

Ана жүрек тыпыршып, қабынуда,

Не қыларын біле алмай, жабығуда.

 

Автор:(ызғарлы дауыспен)

Мерген отыр жағада,

Ей, ақша бұлт,

Жаулығыңмен оларды жасыр барып.

бас бағады шыршаның қалқасынан,

Қаруынан қолында қан сасыған.

 

(Аққулар қанаттарын қағып орындарынан қозғалып, би билейді).

 

Автор:       … Ал, аққулар,

Аққулар тарануда,

Сусып түсіп, су моншақ арқасынан.

Қарайды ана шыршаның қалқасынан.

 

Ана: (Зарлап, айналаға таңдана қарап)

Сірә, сорлы жоқ шығар менен өткен,

Құлынымның қасынан неге кеткем?!

Ошақ қасы, от басы, көмеппін ғой.

Дүние-ау, сен осындай керемет пе ең?!

 

Автор:       Ана отыр,

Озбыр ойлар қамалауда,

Қамалауда, әлдекім табалауда.

… Аққулар ақ айдынды қалдырды да,

Тартты кеп, ана отырған жағалауға.

 

(Аққулар ақырын жылжып ана отырған жағалауға жылжиды).

 

Автор:       Көзі тұнған бейбағың, топ аққуға,

Білмей қалды мылтықтың атылғанын.

 

(Мылтық атылады. Құстардың шуы. Бір аққу құлайды).

 

Автор:       Көл бетінде көлбеңдеп, жарлы аққу,

Ұша алмайды, ұшпақ боп күш қылады…

… Қасиетке оқ атып, жойған пақыр,

Қалай алып кетерін біле алмастан,

Сүле-сапа ойлауда құр.

 

(Жылқышы келеді).

 

Автор:       «Жетім көлдің» басында жылқы жатқан,

Дөңге шығып, қарт тұрған жылқы баққан:

 

Қарт: (Шошынып).

… Апыр-ай, кім болды, таң сәріде,

Көргенсіз, көл басында мылтық атқан?!

Құстардың зәре-құтын шырқыратқын,

неғылған қаныпезер құлқы қатқан?!

Мылтықты атарлықтай көлге келіп,

Апыр-ай, жоқ еді ғой елде желік…

 

Автор:       Мылтық даусы, құстардың шулағаны —

Шыдамын алды қарттың, бермеді ерік.

Алыс тұрып, қыр басынан:

 

Қарт:         Ей!

Кімсің?

Тірісің бе?

Жаның бар ма?

Аққуды неге атасың, арың бар ма?!

Тастағын қаруыңды, келгін бері,

Келгін бері, кеудеңде жаның барда!

 

Автор:       Байғұс әйел үн-түнсіз жылап тұрды,

қарттың үні мең-зең ғып құлаққа ұрды.

Қолындағы мылтығын құлаштап кеп.

Бөгелмей, «жетім көлге» лақтырды.

Қартқа қарай ақырын аяңдады,

Қарусызға қарт келді, аянбады.

… Көзінен жас, көңілінен зар төгіліп,

Болған жәйтті келіні баяндады.

 

Қарт:         Әй, балам!..

Болмады ғой, болмады ғой…

Қасиет кетті көлден, сорлады ғой.

Тәуіптің айтқанының бәрі өтірік,

Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой!

Аққуға кезенерде, ырым жасап,

Тым құрыса саусағыңды қанаттың ба?

 

Ана:           Әлек боп, арпалысып сор-қайғымен,

Жоқ, ата, жасамадым ондайды мен…

Жасымнан естігенім бар-тын еді,

Әйтеуір аққу атқан оңбайды деп…

 

Автор:       Бәрі ұмыт: бақытың да, байлығын да,

Күлкі, шаттық, күйзелтекен қайғы, мұң да.

«Жетім көл» жетімсіреп қалып қойды,

Бір өлі, бірі тірі аққу айдынында…

Бар өмірден көңілі шайлығуда,

Байғұс ана еркінен айырылуда.

Абыр -сабыр үй маңы дүрбелең-ді,

Алғаш ана абыржып, білмеген-ді.

Тапжылмастан орнында қатып қалды.

Мелшиіп, білмей тіл мен үн дегенді.

Білмейді, қайда келді, кімге келді.

 

(Ана шығады).

 

Автор:       Жылдам басып аяғын, үйіне енді.

Есіне алып ерін де, баласын да

Өліп жатқан ұлына қарасын да,

Қалсын ана «жетім көл» жағасында,

Өлі менен тірінің арасында.

Ақ төсек — аппақ айдын, аққу бала,

Жаралы аққу секілді жаттың ба, ана?

 

(Елес. Өлген аққу, бетін ақпен жапқан бала, Ана сілейіп тұрады).

 

Ана:           … Мына жатқан «жетім көл», мына аққуды,

Өз қолыммен өлтірдім, аттым жаңа.

(Бар даусымен айғайлап, артқа шегініп).

Жоқ!

Мен емес…

Мен атпадым…

Кеше гөр, кеше гөр, жаратқаным?!

Тізерлеп отырады.

 

Автор:       Күледі, бірде жылап, зарланады,

Көкке қарап, бекерге қарманады.

Бірде үнсіз, мелшиіп тың тыңдайды,

Құлағында аққудың арман әні.

 

Ана: (Алақанның көкке жайып)

«Қазір, ботам…

Мінекей, таң атады…

Қазір, ботам, аққумен ұшықтаймын…

Жазыласың құлыным…

(Бар даусымен айғайлап) Балапаным!

(Үзік-үзік)   Қасиет!

О, Қасірет!

Осындай ма ең!

Сорымның қалыңдығы шашымдай ма ең!..

(Ақырын, басын төмен салып)

Қасиет!

Қасиет!

Қасірет!

 

Автор:       Орнында екен «Жетім көл», жоғалмапты,

Ортаймапты немесе тола алмапты.

Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз,

Қасиетті аққулар оралмапты.

Аққулар…

Аңыз көп қой олар жайлы,

Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды.

Тек қана тыныштықты ұйықтайды олар,

Шошыса, екінші рет оралмайды.

 

ІІ — ІІІ. «Ой толғаныс» стратегиясы.

 

  1. Сұрақтар:
  2. Қалай ойлайсыңдар аққуды неге киелі құс дейміз?
  3. Сендердің ойларыңша тәуіп деген қандай адам? Ал, шығармада ол қандай адам ретінде суреттелген?
  4. Көл не себептен «Жетім көл» деп аталған?
  5. Қалай ойлайсыңдар аққулар осындай сәтті күткен бе еді?
  6. Егер ана аққуды атпағанда бала тірі қалар ма еді? Неге?
  7. Қалай ойлайсың, баланы қалай емдеуге болар еді?
  8. Ананың орнында сен болсаң не істер едің?
  9. Егер сен автор болсаң, поэманы қалай аяқтар едің?

 

ІІІ. Қорытынды кезең.

 

3 – 1. Кері байланыс — рефлексия.

ҚАҚ (қосу-азайту-қызықты) стратегиясы

 

+     қосу —                  азайту ?      қызықты
«Не жақсы?»,

«Несімен жақсы?»

«Не жаман?»,

«Неге жаман?»

«Не қызықты?»

«Несімен қызықты?»

 

 

 

   

 

  • Қосу(+) – «Не жақсы?», «Несімен жақсы?» деген сұрақтарға жауап беретін айғақтарды жазамыз.
  • Азайту(-) — «Не жаман?», «Неге жаман?» деген сұраққа жауап беретін ағйақтар мен ойларды жазамыз.
  • «?» — «Не қызықты?», «Несімен қызықты?» деген сұраққа жауап беретін оқушыны түрлі ойға салатын ойлар мен айғақтарды жазуға арналған стратегия.

 

3 – 2. Мұғалім:   Жылдар өтер… әлі небір ақындар дүниеге келер. Бірақ қара өлеңнің құдіретін аспанға бірақ көтерген Мұқағали есімі қашан да биіктен көрінеді деген ойдамыз. Мұқағали поэзиясы әрбір адамның, әрбір оқушының жүрегінен жол табады. Ақынның өлеңдері ешқашан өлмейді, мәңгі жасайды. Ақын әр жүрекке сәуле түсірер жырларымен ғана мәңгілік емес, өз ұрпағымен де мәңгілік. Ендеше соны жалғастыратын ұрпақ сендерсіңдер құрметті оқушылар! Мұқағали поэзиясы әрбір мезгілмен бірге, әр ұрпақпен бірге мәңгілік жасай береді деп ойлаймыз. Сабаққа белсенді қатысқандарың үшін рахмет!

[bws_related_posts]

1 пікір

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *