Екібастұз қаласы
№25 қазақ қыздар гимназиясының
Бастауыш сынып мұғалімі
Темірова Айнұр Сенбекқызы
Халқымыз бала тәрбиесіндегі ананың ролін өте жоғары бағалаған. Тіліміздің өзін ана тілі деп атауы-аналарға көп жүк артады. Аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді. Ана-барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Ол адамды өзінің тілінде, ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті.
Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу, ер-тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізу, киімнің әсем-сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау-ежелгі дәстүр. Жиын-тойларда қыз баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен жеңгелері де қайын сіңлілерін атымен атамай «Еркежан», «Шырайлым» деп еркелеткен. Орта Азия мен Қазақстанда жалғыз келе жатқан қызды көрсе, оған қорғаныш болып, баратын жеріне дейін шығарып салатын болған.
Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға да үлкен сын еді. Жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу тағы басқа өнерді қыздарына бөгде босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осылай еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық жағынан даярлай бастаған.
«Қыз» ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді.Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді-тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана.
Қызды тәрбиелеу, өсіру, ер жеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру өсіру гүл өсірумен бірдей! «Қыз өссе-елдің көркі, гүл өссе-жердің көркі» дегендей, қызғалдақтай болып өсіп, көктеп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауына қамқорлық жасаған.Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек. Қазақта әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салып отырады. Білген білімін аямайды. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады
Қазір қазақ қыздары бұзылу қаупін бастан кешіруде. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылып барады, тіпті жойылып барады деуге болады. Сондықтан барлық оқу орындарында қыз тәрбиесіне арналған арнаулы курс жүргізілсе, бұл ұлттық маңызы бар оқиға болар еді. Қыз тәрбиесіне байланысты арнаулы оқулықтар шығарылуы қажет.
Заман ағымынан қалмау – уақыт талабы, бірақ ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани қазынамызды жоғалтпай қатар алып жүруді қыздар әрқашан жадында сақтау керек.
[bws_related_posts]