Басы » Өзін - өзі тану » ӨЗІН – ӨЗІ ТАНУ – ӨЗЕКТІ ПӘН

ӨЗІН – ӨЗІ ТАНУ – ӨЗЕКТІ ПӘН

ЖерАқтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарабұтақ орта мектебінің
өзін – өзі тану пәнінің мұғалімі МЫРЗАҒАЛИЕВА ГҮЛДАНА ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ
«ӨЗІН – ӨЗІ ТАНУ – ӨЗЕКТІ ПӘН»
Рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын «Бөбек» қорының Президенті Сара Назарбаеваның «Өзіңді өзің тану – рухани өркендеудің түп тамыры және адамгершілік құндылықтардың негізі», — дегендей «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасының оқу-тәрбие үрдісіне енгізілуі жақсы бастама десек қателеспейміз. Еліміздің дамуын, болашақ ұрпақты ізгілікке бағыттайтын жаңа қадамы «Өзін-өзі тану» жобасын дүниеге әкелуі, оны мектептерде «Өзін-өзі тану» пәні арқылы жүзеге асыруы құнды да қажетті іс. Бұл Сара Алпысқызының еліміздің дамуын, болашақты ойлаған көрегендігінің белгісі. Пәннің ерекшелігі – әр баланың өзін-өзі танып, ішкі дүниесін, өзгені танып, білуі болып табылады. Аталмыш пән оқушыны тек махаббатқа, шығармашылыққа, адамгершілікке баулиды. Адамгершілік адам өмірінің рухани негіздерін құрайды десек, адамгершілік мәселелеріне ойшылдар өте ерте кезден-ақ назар аударған. Әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқари, Асан Қайғылар бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қайталанбас мол мұра қалдырды. Қазіргі таңда оқу, білім алу адамзатқа осы өмірде барлық жауапкершілікті сезінуге септігін тигізіп отыр. Қоғам қарқынды дамыған сайын адам баласына деген тәрбиенің мақсаты мен міндеті жаңаратыны мәлім. Ғылым мен білімнің жаңалығын игертумен қатар бала брйына рухани – адамгершілік құндылықтарды: мейірімідлікті, қайырыырымдылықты, адалдықты, әділдікті, махаббаты, сұлулықты, бақытты бағалай білуді бойына сіңіріп, тәрбиелеуді талап ету – қазіргі өмірде басты мақсаттардың бірі. Осыған орай 2010 жылдың қыркүйек айынан бастап жаппай білім ордалары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде өз орнын ойып тұрып алып келе жатқан «Өзін-өзі тану» пәні әр адамның көңілінен шыққанына көзіміз жетіп отыр.
«Өзін – өзі тану» пәнінің мұғалімі ретінде 2010 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанның барлық мектептерінің білім беру жүйесіне енген «Өзін – өзі тану» пәнінің балалардың бойындағы рухани адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеуде өте құнды, пайдалы екенін айтқым келеді.
«Өзін-өзі тану» пәні – қазіргі қоғамда өте керекті пән. Атынан көрініп тұрғандай, адам өзгені тану үшін біріншіден өзін жақсы танып білу шарт. Біздің негізгі бағытымыз осы болмақ.
Күн тәртібіне қойылып отырған ұрпақ тәрбиесін жан-жақты дамытып, баланың ішкі жан дүниесін тану арқылы өмірдің маңызы мен мәнін пайымдауға, өзіндік «менін» қалыптастыруға үйретуді мақсат ететін «Өзін-өзі тану» қайнар бұлағы – ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтардан нәр алады. Құрылымымен дара «Шаттық шеңберімен» бастау алып, «Жүректен жүрекке» кезеңімен аяқталатын бұл пән қырық бес минут ішінде әр баланың бойына жылылық, мейірімділік, сүйіспеншілік сынды асыл қасиеттерді орната біледі. Сонымен қатар сабақтың өзіндік ерекшелігін байқататын «Армандайық», «Өзіммен өзім», «Әңгімелесейік», «Сергіту сәті», «Сахналау», «Ойын-жаттығуы» балаларды еркіндікке (ойын еркін айтуға), достыққа, сыйластыққа үйретеді, яғни сабақ барысында кездесетін әр айдар бала бойына жалпы адамзаттық құндылықтардың дәнін себеді. Бұл құндылықты қайдан аламыз деген сұраққа халқымыздың аңыз – әңгімесі, ертегісі, мақал-мәтелі, нақыл сөздері, ұлылардың ұлағаты, ақын-жазушыларымыздың шығармаларындағы тәрбие қаймағы еріксіз қалқып шығады. Бұл пән адамды жеке тұлға ретінде тәрбиелеуге бағыт ұстайды. Әрбір жеке тұлға, жеке адамзат өмірдің мәнін түсініп, өзіндік орнын табуы үшін ішкі мүмкіндіктерін аша білуі қажет. Осыған орай әрбір сабақ баланы өзінше ойлауға, шешім шығаруға, өз ісіне жауапты болуға баулиды.
Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, оларды адами ізгі қатынастарға үйретуде «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімінің орны ерекше. Ғұлама ғалым Әбу-Насыр әл-Фараби: «Ұстаздық мінез – құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздық қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына, шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді»,-деп нағыз ұстаздың бейнесін осылай береді.
Жас ұрпақтың рухани бай, адамгершілігі мол, жан-жақты үйлесімді дамыған, елін сүйер абзал азамат болуына да себепші нағыз ұстаз. Сол себепті жүрегі жалындаған әр баланың бойынан ата-аналардың нендей адами қасиет күтетінін өзім сабақ беретін кластардың ата-аналарынан сауалнама жинау арқылы қорытындылаған едім. Сауалнама жүргізуімнің басты мақсаты – әрбір ата-ананың өзін – өзі тану арқылы бала бойынан қандай адамгершілік – рухани қасиеттердің басым болғанын қалайтынын байқау. «Әрине адам бойындағы барлық адамгершілік қасиеттердің болғанын қалаймыз» деген жауапты есепке алмағанда, мейірімділік пен қайырымдылық – 23, отансүйгіштік пен патриоттық сезім – 25, еңбексүйгіштік пен білімділік – 19, сұлулық пен әсемдікке құштарлық – 17, адалдық пен шыншылдық – 16 пайызды құрап отырғанына көзім жеткен болатын. Бұл кестеге қарай отырып әр ата-ананың бала болашағынан күтетін үміт шырағының жалынын байқадық. Осы жалын отын лаулату біздің, яғни, «Өзін-өзі тану» мұғалімінің көтерер жүгі екендігін еш уақыт естен шығармауымыз керек.
Қорыта айтқанда, әр адам өзін-өзі, өзінің қажеттілігін, өмірдегі және қоғамдағы рөлін толық түсіну нәтижесінде өз мүмкіндіктерін таниды. Адам өз бойындағы мүмкіндіктерін толық пайдаланғанда алдына қойған мақсатына жете алады. Мақсатқа апаратын ізгі жолдарды өздігінен іздестіру жақсы нәтижеге жеткізеді. Адам жағымды қасиеттерін ізгі ниеттерін дамыту барысында өзін – өзі тәрбиелейді. Өз бетімен танып білуге құштарлану, талпыну, іздену адам керкі мен мінезін шынықтырып, шыңдайды. Өмірдегі әртүрлі жағдайлардағы қиындықтарға қарамай мақсатқа жетуге ұмтылдырып, талпындырады. Сондықтан ізденіп, алдымызға қойған мақсатымызға жетейік. «Өзін-өзі тану» пәні баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелей отырып, осы қоғамда өзіндік «менін» табуға жетелейтін пән.

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *