Ақтөбе облысы Шалқар ауданы
Ә. Жангелдин атындағы орта мектебі
Насамбаева Алтынгүл Темірханқызы
информатика пәні мұғалімі
Әр оқушы – бір-бір дарын иесі
Ақылы кемел, зерек балалар – мемлекеттің ең үлкен байлығы. ХХІ ғасыр – білім мен ғылым, ақпарат пен технологияның ғасыры. Соған төтеп беретін, өзге елдерге өзіңді сыйлататын, өз құдіретіңді мойындататын рух пен алапат күш-жігер қажет. Елбасының қазақстандық білім беру жүйесіне қойып отырған талап-тілегі де – осы сапалы әрі өркениетті білім. Президент жыл сайынғы Жолдауларында білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөліп, «Сапалы білім беру – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізі» екендігін үнемі айтып келеді.
Шығармашыл, ұшқыр ойлы және ең бастысы, өз білімін іске асыратын тұлға – дарынды балалар. Дарынды балалар еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыратын ұлттық құндылық болып саналады. Баланың дарынды болып дүниеге келуі, оның қабілетін анықтау, талантын жүре дамыта алуы – әлі күнге дейін ғалымдардың ыстық талқылауына ие сұрақтардың бірі. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дарынды балаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы жұмыс істеп келеді.
Ә. Жангелдин атындағы орта мектебінде өзім жетекшілік ететін 8 «А» — сынып оқушылары облыстық «Дарын» орталығы ұйымдастырған сан-салалы конкурстардың жүлдегерлері. Сол жеңімпаз оқушының бірі — Нұрымбетова Аружан Еркінқызы. Аружан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша облыстық «Абайды оқы, ерінбе» сайысынан, «Достық» олимпиадасынан сертификат, А.Байтұрсынұлы байқауынан ІІ орын, аудандық кіші олимпиададан І орын, облыстан ІІІ орын иеленсе, тарих пәнінен облыстық «Ел таңдаған Елбасы» ойын байқауынан сертификат, ағылшын тілі бойынша сырттай оқу олимпиадасынан сертификат, Республикалық «Знаток литературы» конкурсынан І орын, Республикалық «Ақбота-2012» І орын, «Ақбота-2013» ІІ орын алып, мектеп мәртебесін асқақтатты. Облыстық «Шығармашылық қобдиша» жинағына есімі енді.
Білім мен өнерді бірдей игерген Аружанның «Айгөлек» ән-би байқауында, командалық волейбол турнирінде де бағы жанып, үнемі І орын жүлдегері болды. Бос уақытында кітап оқып, аудандық оқушылар сарайындағы би үйірмесіне барады. Мектепішілік «Зерде» газетінің штаттан тыс тілшісі, мақалалары, жыр шумақтары үзбей жарияланып тұрады. Осындай дарындылығы, шығармашылығы арқасында бәйгелерден оза шауып, «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен Мәскеу қаласына демалуға жолдама алған болатын. Өзінің Мәскеудегі сапарынан оралған соң, қызықты жайттармен бөлісіп, сыныптағы барлық достарына базарлығын таратып, ортамызды қуанышқа бөледі.
Аружанның Мәскеу қаласындағы Кремльде түскен суреті.
«Өнер – білім берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан.
Жас кезінде білім берсең қалайда,
Өсе келе қолы жетер талайға» — деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, Аружанның бала кезден осындай жетістікке жетуіне ықпал еткен ата-анасы мен пән мұғалімдеріне жақсылықтар тілеймін.
[bws_related_posts]