Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы-жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар деп ойлаймын. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында.
Ұстаз болу-сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу-жүректің батылдығы.
Ұстаз болу-өмірдің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның асылдығы, —
деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, сөзі-маржан, үні-ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етеміз. Әрине, ұстаз жүгі-ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен асықпай, мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу-бұл нағыз шеберлік емес пе?!
Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады. «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдында үлкен жауапкершілік жүктеді. Әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды. Нағыз мұғалім, міне, осы. Өйткені, әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы-ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келген кез келген мемлекет ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше, осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа формация мұғалімінің еншісіне тиері анық.
Ұстаз апай неге көп,
Кілең жұмсақ жүректі.
Ұстаз ағай неге жоқ,
Ыбырай ата-тілекті.
Ұстаз аға көбейсе,
Ұлдар ұқсап бақпай ма?
Тұлғалардай кешегі
Намыс отын жақпай ма?
Ұстаз ағай мектептің,
Тірегіне айналса.
Ұстаз апай мектептің,
Жүрегіне айналса.
Ұл-болмай ма ұлықты,
Қыз-болмай ма қылықты.
Біздің ұстаз ағалар,
-Қалай мұны ұмытты?!.
Елімізде ер мұғалімдер азайып бара жатыр. Олардың үлесі 20 пайызға да жетпейді. Қыз-ибалы, ұл-намысшыл болуы үшін мектептерде ер-азаматтардың көбірек болғаны дұрыс. Өйткені, ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу-ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы-ұстаз.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші-білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті ұстаз қолында.
Менің түсінігімдегі ұстаз-рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі-жылы, көңілі-дарқан адам.
Ұстаздан дәріс алмаған адам қазір жер бетінде жоқ десе де болар. Бұл мамандық содан да киелі. Жан-Жак Руссоның «Ұстаз болу-өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» деген нақыл сөзі жаныма өте жақын. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Шәкірті өзінен озған ұстаз-еңбегі ақталған ұстаз. Өйткені, өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін шебер ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін-өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын. Мен ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Маман ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымым: баланы тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, оқушының кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу.
Ұстаз мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі.
Ол өзінің барлық жігерін, білімін, бойындағы барлық бағалы қасиетін өзінің оқушыларына, халыққа беріп отырады.
Сондықтан бүгін білім берудің сапалы болуы үшін:
біріншіден, ұстаздың жан-жақты академиялық білімінің болуы;
екіншіден, мұғалімнің өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің және ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығармашылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қасиеттері болуы шарт.
Осындай жаңа даму үрдісі алға басып отырғанда Елбасы Н.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр»-деген еді. Біз осы сөзге сай болуымыз керек. Ұстаз мамандық әлеміндегі ең ғажайып мамандық. Көзі жаудырап алдында отырған шәкірттер ертеңгі ел басқаратын, ғылымның тылсым сырын ашатын, қоңыр даланың ғарышқа самғайтын немесе ақылдың нұрымен суарып кітап жазатын еліңнің ертеңгі қожалары емес пе!