Лепесов Алмас Амангелдіұлы
бастауыш сынып мұғалімі,
Ғани Мұратбаев орта мектебі
Тақырыбы: Негізгі қоректік заттар.
Мақсаты: 1) білімділік: оқушыларға адам ағзасының қалыпты өсіп, дамуы үшін қажетті қоректік заттар: нәруыз, көмірсу және майлар туралы мағлұматтар беру. Тиімді тамақтанудың қағидасын түсіндіру.
2) дамытушылық: оқушылардың дүниетанымдық қабілеттерін арттыру. Елбасымыздың «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасын насихаттау. Оқушылардың салауаттану пәніне деген қызығушылық қабілеттерін арттыру.
3) тәрбиелік: оқушыларға өз ағзасының дұрыс өсуі үшін тиімді тамақтанудың маңызы туралы айту.
Сабақтың түрі: ақпараттандырылған сабақ.
Сабақтың көрнекілігі: слайд-шоу, интерактивті тақтаның мүмкіндіктерін пайдалану.
Сабақтың пәнаралық байланысы: биология.
I.Ұйымдастыру кезеңі.
Қоңырау соғылғанда оқушыларды түгендеп, сабақты бастаймын.
Сабақ әнұраннан басталады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2030» стратегиялық бағдарламасында «Ауруды болдырмау және салауатты өмір салтын ынталандыру» туралы былай делінген: Мемлекеттің, бір жағынан, ауруды болдырмау, екінші жағынан, салауатты өмір салтын ынталандыру жөніндегі қадамдары халықтың денсаулығына әсер ететін маңызды фактор екендігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Аурулардың алдын алу дегеніміз – таза су мен кенеулі асты пайдалануды, тазарту жүйелерінің болуын, қоршаған ортаны ластайтын және экологиялық зиян келтіретін объектілерді қысқартуды, басқа да қауіпті факторларды төмендету жөніндегі осыған ұқсас шараларды білдіреді. Салауатты өмір салтын ынталандыру әрқайсымыздың дене тәрбиесімен айналысуымызға, дұрыс тамақтануымызға, дұрыс тазалық пен санитария шараларын сақтауымызға және т.с.с. бағытталған.
II.Сабақтың барысы:
Үй тапсырмасын сұрау.
Жаңа сабақ түсіндіру.
Сабақты бекіту.
Дәптермен жұмыс.
Интерактивті тақтамен жұмыс.
Сергіту сәті. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға тақпақтар оқу. Сөзжұмбақ «Ағза» шешу.
Оқулықпен жұмыс.
Үйге тапсырма беру.
Оқушыларды бағалау.
I. Үй тапсырмасын сұрау.
Қышыма деген не, оның қоздырғышы не?
Қышыма қалай беріледі?
Қышыманың алғашқы белгілері қандай?
Қышыма кенесі дененің қай бөліктерін зақымдайды?
Қышыма кезіндегі алдын алу шараларын баянда.
II. Жаңа сабақ түсіндіру.
- Мектептегі кезең балалардың тез өсіп, дамуымен сипатталады. Сүйек қаңқасы өсіп, бұлшықет нығаяды. Сондықтан қалыпты өсіп, дамуы үшін организм өзіне қажетті қоректік заттарды алуы тиіс. Ағзаның өсіп, дамуы үшін нәруыз (белок), май, көмірсулар, су, минералды заттар және витаминдер қажет. Егер осы заттар жеткіліксіз болса, соның салдарынан жүрек, өкпе, бүйрек, бауырдың қызметі бұзылады да, адам ауруға шалдығады.
Иммунитеттің пайда болуына, ағзаның түрлі ауруларға қарсылығын арттыруға дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Тамақтану – бұл күрделі үрдіс: тамақ ауыз қуысында уақталып қарынға өтеді. Қарында ол қарын сөлінің әсерінен қорытылады. Ішекте қорытылған заттар қанға өтеді де, бүкіл ағзаның әрбір жасушасы мен мүшелеріне тарайды. Тиімді тамақтанудың басты қағидасы – тамақ өнімдерінің алуан түрлілігі, тамақ құрамында жануар текті, сондай-ақ өсімдік текті өнімдердің болуы. Бұл ағзаның барлық сұраныс өнімдерін қамтамасыз ету үшін қажет. Оқушының тамағында түрлі тамақ өнімдері – ет, балық, жұмыртқа, сүт, жармалар, ұн тағамдары, көкөніс пен жеміс сияқты азық-түліктің алуан түрі болуы тиіс.
Тамақта нәруыз жетіспеген жағдайда дененің өсуі және қаңқаның қалыптасу процесі бұзылады. Тез шаршағыштық пайда болады, жұмыс істеу қабілеті төмендейді, тұмау және басқа аурулар жиі мазалайтын болады. Нәруыз еттің, балықтың, жұмыртқаның, сүзбенің, сүт өнімдерінің құрамында болады. Жаңғақ, бұршақ, үрмебұршақ, қытайбұршағы сияқты өсімдік өнімдерінде де нәруыз бар.
Көмірсулар ми мен қан клеткаларының қызметіне тікелей қатысатын энергия қоры болып табылады. Бұлшықет жұмысына, түрлі қабыну аурулары кезінде, жүйке жүйесінің қызметін жақсарту үшін көмірсулар қажет. Ол қанттың, кәмпиттің, ұннан дайындалған тағамдардың, жарма мен картоптың құрамында болады. Көмірсулардың ағзаға түсуі олардың жұмсалу қажеттілігіне сәйкес болуы шарт.
Тамақта майлар жетіспеген жағдайда ағзаның сыртқы ортаның зиянды әрекеттеріне төзімділігі төмендейді.Майлар тамақтың маңызды құрамды бөлігі болып табылады және 30%-ке жуық энергия береді. Майлар өсімдік және жануар тектес болып бөлінеді. Олар жануар майында, сары майда, сүтте, жұмыртқада болады.Ал өсімдік тектес майлар – күнбағыс, жүгері, зәйтүн және басқа өсімдіктерде болады. Егер адам аз қимылдайтын болса, майдың қоры жиналады да, семіздікке әкеліп соғады.
III. Сабақты бекіту.
-
Негізгі қоректік заттарға не жатады?
-
Нәруыздар қандай тағамдардың құрамында көп кездеседі?
-
Майлар неше түрлі болады?
-
Майлар ненің құрамында болады?
-
Көмірсулар қандай тағамдарда болады?
IV. Дәптермен жұмыс.
Ағзаның өсіп, дамуы үшін нәруыз (белок), май, көмірсулар, су, минералды заттар және витаминдер қажет. Егер осы заттар жеткіліксіз болса, соның салдарынан жүрек, өкпе, бүйрек, бауырдың қызметі бұзылады да, адам ауруға шалдығады. Тиімді тамақтанудың басты қағидасы – тамақ өнімдерінің алуан түрлілігі, тамақ құрамында жануар текті, сондай-ақ өсімдік текті өнімдердің болуы. Бұл ағзаның барлық сұраныс мөлшерін қамтамасыз етуі қажет.
V. Интерактивті тақтамен жұмыс.
1). Тамақтану туралы мақал-мәтел жазу.
2). Нәруыз, көмірсу және майлар кездесетін тағамның суретін тақтаға салу.
VI. Сергіту сәті.
1). Салауатты өмір салтын қалыптастыруға тақпақтар оқу.
2).Сөзжұмбақ шешу. Сөзжұмбақты дұрыс шешкенде ерекше торкөзден «ағза» сөзін оқимыз.
1.Құрамында көмірсу көп кездесетін тағам түрі. Шешуі: қант.
2. Құрамында май бар өсімдік? Шешуі: күнбағыс.
3. Құрамында нәруыз бар тағам? Шешуі: сүзбе.
4. Ағзаға нәруыз жетіспегенде пайда болатын ауру. Шешуі: тұмау.
VII. Оқулықпен жұмыс.
VIII. Үйге тапсырма беру.
§20. Негізгі қоректік заттар. (оқу).
IX. Оқушыларды бағалау.
[bws_related_posts]