Профессор Рузуддиновтың стоматологиялық колледжінің
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «саясаттанушы»
Құрмашев Ескендір Даниярбекұлы
Махаббатсыз дүние бос…
Махабатсыз дүние бос, қараң өмір. Онсыз өмір сүру мүмкін емес. Оны ұлы ғұлама адамдар да мойындаған…
Махаббат деген – сезім ғой ішке сыймаған,
Махаббат деген – ұнатқан жанды қинаған,
Махаббат деген – қарамай кету өзгеге,
Махаббат деген – жылату қатты сүйсе де,
Махаббат деген – қымбат қой алтын күмістен,
Махаббат деген – тұрады ылғи үміттен,
Махаббат деген – жылаған жанды жұбату,
Махаббат деген – түзу жанды құлату!
Адамзатпен бірге жаратылып, адамзатпен бірге өлетін мәңгі тақырып – ұлы махаббат туралы миллион рет жазылған шығар. Бұрынғы кезде махаббат бостандығы болмаған. Ал осы бостандықты аңсаған халық, мынадай өлең шығарған екен:
Өлеңді кім айтпайды ән шығарса,
Сұлуды кім алмайды мал шығарса.
Жарылқап жақсы құдай кетер еді,
Бір жүр деп сүйгеніңмен заң шығарса.
Бұл әрине, ғашықтардың сол замандағы қалыптасқан түсініктерге деген күйзелісі. Лиро-эпостық жырлардың қайсысын оқымасаңызда бір-бірлеріне ынтық жандардың махаббаттары баянсыз болғанғой. Ал біздің заманымызда махаббатта бостандық бар ма? Әрине, бостандық болғанда қандай! Мәселен, қазір бірін-бірі ұнатқан екі жас еш кедергісіз бас қоса алады. Оған тіпті, әлеуметтік жағдайда, ата-ананың қарсылығы да әсер етпек емес! Менталитетімізге жат азаматтық неке де көбейді, қара көз қыздарымыз бен ер азаматтарымыз өзге ұлт өкілдерімен де және өзге нәсілдермен де некелесіп жатқаны айдай ақиқат.
Махаббат – адам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухани қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезім. Алайда қазіргі жастар арасындағы сүйіспеншілік сезім тым жеңілдеп кеткен жоқ па? Өйткені бүгінгі қоғамымызда кез-келген жерде аймаласып, сүйісіп тұрған жастарды жиі көреміз. Сондықтан оған үлкендердің талай рет сын айтып, мін тағып жатқандығын да естідік. Олар: «Кеңес заманында құшақтасып, сүйіспек түгілі, көшеде қол ұстасып жүрудің өзі ұят болатын. Мыналардың өз қадір-қасиеттерін кетіріп, әркіммен бір жабысып тұрғандарына жол болсын. Әй, осылардың махаббаты шынайы болып, шаңырақ көтерсе жақсығой» дейді күйініштерін жасыра алмай. Расында жастар арасындағы махаббаттың қадірінің өлшемі тым таяз болып кетті. Олай дейтінім, уақытша көрсеқызарлықтың нәтижесінде, бейресми деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 300 000-ға жуық жасанды түсік жасалады екен. Жалған махаббаттан суицидке баратын жастардың да саны жетерлік. Қазіргі кезде Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының дерегіне сүйеніп айтар болсақ, Қазақстан азаматтарының өз өмірлерін қиюы бойынша әлемде үшінші орынды алады екен. Ал осыдан үш жыл бұрынғы деректер бойынша Қазақстан бесінші орында болған. Ол кезде орта есеппен 100 000 адамға шаққандағы суйцид жасаушылардың саны 30 адамды құраған. Бұл жағдайлардың қоғамымызда жиіленіп кетуінің басты себебі – жастардың батысқа еліктеуі. Ал батыстың кинофильмдері, клиптері, музыкасы, ашық киімдері жастардың санасын улауда. Сонымен қоса жастарымыздың 14 ақпанда «Әулие Валентин» күнін тойлауы да батысқа еліктеушілік көрінісі. Бұл күнді тойлау, жасөспірімдердің ақыл-ойын бұзады, оларды жыныстық қатынасқа тым ерте итермелейді. Жастар арасындағы осындай кесірлі проблемаларды болдырмау үшін, бұл мерекені тойлау дұрыс емес. Егер біз батыстың мәдени қысымына бой алдырсақ, онда біз қазақи мәдениетімізді жоғалтамыз. Батыстық саясаттың негізгі астары ғашық болып қалған адам, өзіне айтылған насихаттарға мән бермей, оны жындының сандырағы сияқты қабылдайды. Сондықтанда пайғамбарымыз: «Ғашықтық адамды керең және соқыр етеді» деген. Кереңге не айтсаңда естімейді, соқырға бүкіл түстерді көрсетсең де ешбірін ажырата алмайды. Ғашық болғанның да көзіне өзге ешнәрсе көрінбейді. Хадис-шарифтерде тұрақсыз махаббат сезімдеріне былай делінген.
«Ей жастар, намыстарыңды қорғаңдар, зина етпеңдер! Жақсы біліңдер, намысын қорғағанға жаннат бар». (Хаким)
«Жамандықтан қорғану үшін некелі өмір сүріңдер және арлы болыңдар.» (Ибн Асакир)
«Бөтен әйелмен құшақтасқан еркек шайтанмен бірге шынжырға ұрылып отқа тасталады.» (Шира)
Әр адам, басынан мәңгі ұмытылмас әдемі сезім, алғашқы махаббатты өткізген. Мен де осы бір тәтті сезімді бастан өткердім. Ол кезде мен 8-сыныптың оқушысы едім. Паралель орыс сыныбындағы өзбек қызына назарым ауып, көз алмай қарап қалдым. Сол күннен бастап, ішкі әлемім алай-дүлей болып, қызды көрген сайын, бойым бір ысып, бір суитын болды. Өзбек қызының сұлулығын сөзбен айтып жеткізе алар ма екем? «Абай жолын» оқыған болсаңыздар, Абайдың Тоғжанын көріп, сол өзбек қызды көз алдарыңызға елестетіңіздер. Сұлулығы өз алдына бөлек дүние, ал қылығы адамды баурап алар бір керемет. Ғашық болып қалсам керек, сірә! Бұндай жағдайда не істеу керек, арықарай қалай әрекет жасау керек, ол жағын түсіне алмай дал болдым. Қызға тіке барып, сөз айтпақ түгілі қасына жолауға дәтім бармайды. Бұл не? Бұл әлде балалық шақтағы шынайы сезім бе деймін өзіме-өзім.
Қақаған қыс айы, ақпан еді. Өздеріңіз білесіздер, ақпан айының 14-інде жоғарыда аталған «Әулие Валентин» күнін мерекелейтін еді. Қызға қалай жақындарымды, қалай сөз айтарымды білмей жүргенімде, осы күн себеп болды. Досыммен ақылдасып хатты қолмен емес, сол кездегі ескі басу мәшінкесімен барымды салып жаздым. Тіпті Онегиннің, Пушкиннің махаббат жайлы өлеңдерінен үзінді де кіргіздім. Әрине сол кезде, айта кету керек, Валентин күнінің ұлтымызға жат екенін білмеген едім.
Сонымен хат жазылып болды, таң атты. Қақаған аязда мектепке бірінші мен келдім. Махаббат жәшігін даярлап кеткен екен, хатты лып еткізіп салып жібердім. Ал енді ол жәшік түсте ашылғанға дейін өзімді қоярға жер таппадым. Жәшік ашылды хаттар таратылды. Енді ол қыздың реакциясын бақылау үшін қоңырау кезінде көпшіліктің арасында байқатпай қарап тұрдым. Бір топ қыз сол қыздың соңынан шулап шықты. Шетке тұра қалып, байқасам, менің хатымды оқып жатыр. Артынан қарап тұрған маған ол қыздың қандай сезімде болғаны байқалмай қалды. Ал қыздардың біреуі күліп жатыр, онысы енді қызғаныш танытқан сияқты көрінді, ал бірі кеңес айтып жатқандай көрінді;
Әдеттегідей кешке би кешіне жиналдық. Ол жерде де қыздың қасына батылым жетіп бара алмадым. Қызда назар салып қарайтын емес. Бұл деген сөз?Ойымша сол кездегі менің де, қыздың да, жалпы көп жастардың да махаббат түсінігіне асқан бір нәзіктікпен қарауы деп білемін.
Ер азаматтарды әйелдің бірнеше түрлі қасиеттері қызықтырады екен. Оны Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыз топтастырып, дұрыс айтқан. Олар: әдемі қол, әсем аяқ, мөлдір көз, оймақ ауыз, маржан тіс, жайдары мінез, сыбызғы дауыс, сымбатты тұлға, жарқын жүз.
Жігіттердің көбі әйел затының сырт келбетіне қарап, ішкі жан дүниесіне үңіле бермейді. Осы турасында Абай атамыз былай дейді:
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайдыкөркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!
Сонымен қатар Абай атамыз жігіттің де жігіті бар екендігін ескертеді.
Жігітті жұрт жақтаған қыз мақтаған,
Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай
Бойында майдалық пен сыр сақтаған.
Өмірде он екі мүшесі сау бола тұра, ғашықтар бір-бірін қадірлемейді. Махаббаттың алтын тұғыры – тұрақтылық. Тұрақтылық адалдық жоқ жерде шынайы сүйіспеншіліктің болуы мүмкін емес екені айдан анық. Ауыздан ауызға көшіп айтылып жүрген мына бір оқиға, соған дәлел.
Бірде бір-бірін құлай сүйген ғашықтар өмір сүріпті. Қыздың көзі соқыр болғанына қарамастан, жігіт қызға шын ғашық еді. Уақыт өте келе, қыз бен жігіт серіктесіп, мәңгі бақи ажырамауға бір-біріне ант берген еді. Бірнеше жылдан кейін сәті түсіп қыздың көзіне донарлық операция жасалады. Содан кейін жарық дүниені көрген қыздың қуанышында шек болмады, бірақ, жігітімен көріскенде, жігіттің көзі соқыр екенін көріп біліп:
– Сенің көзің соқыр екенғой, кешір, мен сенімен болашақта бірге бола алмаймын, –деп кесімді шешімін айтты.
– Жаным-ау, мен сені шын жүрегіммен жақсы көремін, екеуміздің ешқашан ажырамауға берген уәдеміз бар еді ғой! Мені мүгедек күйімде қабылдай алмасаң, амал қанша. Бірақ бір өтінішім бар, менің көзімді сақтап жүр, – деп жігіт теріс айналып кетіпті.
Шынайы махаббат сезімі бойын кернеген адам бақытты, жігерлі құдыретті. Өйткені құс ұшуға жаралғаны сияқты, адам сүюге жаралған. Махаббаттың жауы – аярлық; махаббатпен тең есеп, материялдық т.б. пайда іздеу жарасым таба алмайды. «Адам комедиясының» авторы О. Бальзак: «Сүю адамның барлық ізгі қасиеттерінің басын қосады», – деп тегін айтпаған.
[bws_related_posts]