Басы » Ғылыми жобалар » Қазақ халқындағы жылқының маңызы (Презентация)

Қазақ халқындағы жылқының маңызы (Презентация)

Қарағанды облысы,
Қаражал қаласы
№1 жалпы білім беретін мектебі
Алибекова Айнур Куатовна
Жобаның тақырыбы:Қазақ халқындағы жылқының маңызы
Мақсаты : Жылқы адамзат өркениетіндегі,әсіресе,дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі екендігі жайында зерттеп білу.
Міндеттері : 1.Жылқының өмір сүру мерзімі және кезеңдері жайында анықтау;
2.Жылқының қай ғасырда қолға үйретілгенін анықтау;
3.Жылқының қандай түрлері болғанын анықтау;

Мазмұны
Кіріспе
1. Қолға үйрету тарихы
А) Қазақстандағы тарихы
Негізгі бөлім
2. Биологиясы
А) Өмір мерзімі және кезеңдері
Ә) Сипаттамасы
Б) Түсі
В) Түрлері
3.Қазақ халқындағы жылқының маңызы
4.Ат әбзелдері
5.Бес сәйгүлік
6.Ат жарыстары, ойындар
Қорытынды
7.Зерттеу жұмысының нәтижесі
8. Пайдаланылған әдебиеттер

Кіріспе
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫНЫҢ МАҢЫЗЫ
Жылқы (лат. Equus ferus caballus) – тақтұяқтылар отрядының бір тұқымдасы. Жылқы адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі болады. Жылқыны қолға үйрете бастау көшпелі шаруашылық пен өркениет дамуының негізін қалады. Қолға үйретілген жылқының (E. caballus) шаруашылықта маңызы зор. Ол – ет және қымыз өндіру, салт міну, арбаға не шанаға жегу, әскери және спорттық бағыттарда өсіріледі.
Қолға үйрету тарихы
Қазба қалдықтары жылқының б.з.б. 7000 ж. бұрын-ақ Азия мен Еуропада қолға үйретілгендігін дәлелдейді. Жылқы тұқымдасы есек, құлан, зебр, жабайы жылқы болып 4 туысқа бөлінеді. Үй жылқысы жабайы жылқыға жатады, одан басқа оған керқұлан (немесе Пржевальский жылқысы) және қазір жойылып кеткен Тарпан жатады. Соңғысы 19 ғ. дейін Батыс Қазақстан, Батыс Сібір, Ресейдің еуропалық бөлігінің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарын және кейбір Еуропа елдерін мекен еткен. Керқұлан үйірлері қазір Моңғолияда ғана кездеседі. Көптеген ғалымдардың зерттеулері бойынша үй жылқысының ең жақын тегі осы керқұлан. Жабайы жылқының сүйегі Францияның солтүстігінен көп табылған. Америкада жабайы жылқы болмаған, қолға үйретілген жылқылар кейін тағыланып (мустанг деп аталады) кеткен.
Тай күзеуде еркек – ұрғашысына қарамай, тай түгел күзеледі. Ол үшін жалын сыпыра күзеп келіп, уыс толар шоқтық қалдырады.
Құнан күзеуде құнанның кекілін шырпып қана теңестіріп қояды. Жалы тай кезіндегідей сыпыра күзеледі. Ал құйрығын күземейді.
Қысыр күзеуде қысыр қалған биенің кекілін төгілте қалдырып, жалын сыпыра күзейді. Құйрығын жоғарғы жағынан 3 бунап күзеп, ұшын шырпып қана тегістейді.
Соғым малын күзеуде ат болсын, бие болсын, соғымға арнап жіберерде жалын сыпыра күзеп, құйрығын тірсегінен шорт кеседі.

Негізгі бөлім
Өмір мерзімі және кезеңдері
Түріне, күтімі және өсу айналасына байланысты қазіргі үй жылқысы орташада 25-30 жыл жасайды. Кей кезде, кейбір жануарлар жасы 40-тан асады. Жазу деректеріне сай ең көп 19 ғ. Ескі Билли деген ат 62 жыл өмір сүрген. Қазіргі заманда, Шуга Пафф деген пони 2007 ж. 56 жаста өліп Гинесс кітабына енген.
Жылқы төлдерін былай бөледі:
құлын (биенің жас төлі),
жабағы (6 айдан асқан құлын),
тай (1 жастан асқаны) деп атайды.
Ал бұдан әрі ұрғашы жылқыны яғни байталды:
құнажын байтал (2 жастан асқаны),
дөнежін шығар (3 жастағы байтал),
дөнежін байтал (3 жастан асқаны),
бие (4 жастан асқаны),
қасабалы бие (7 – 8 жастағы бие),
кәртамыс бие (11 – 14 жастағы бие),
жасаған бие (20 жастан асқан бие), т.б. атайды.
Піштірілмеген еркек жылқының яғни айғырдың атаулары:
құнан айғыр (2 жастан асқаны),
дөнен айғыр (3 жастағысы),
сәурік айғыр (3 – 4 жастағы үйірге салынбағаны),
бесті айғыр (5 жастағысы),
сақа айғыр (11 – 12 жастағысы), т.б.

Сипаттамасы
Жылқының басы созылған арықтау келеді; көздері үлкен өткір, танаулары кең, сүйір құлақтары ширақ қимылды үлкен не орташа көлемді (басының жартысынан да кішірек) болады. Жалы ұзын салбыраған, мойны ұзын бұлшық етті, денесі жұмырланған болады; құйрығы түбірінен басталатын ұзын қылдардан тұрады; түсі әралуан келеді. Аяқтары биік сымбатты, жуандығы орташа болады; 1-ші және 5-ші саусағы мүлдем болмайды, 2-ші және 4-ші саусақтары рудиментті түрде ғана қалыптасқан; тұяғы ең қатты дамыған ортаңғы саусақтың басын ғана қаптайды (сондықтан дененің бүкіл салмағы соған келеді). Асқазаны қарапайым болады, өт қабы жоқ, бүйені қатты дамыған. Миі біршама кішкентай, және қатпарлы үлкен ми сыңарлары мишықты қаптамайды. Алайда ақыл қабілеті едәуір жоғары болады. Сезу қабілеттерінен естуі ең жақсы дамыған, содан кейін көруі, сосын иіс сезуі. Шоқтығына дейінгі биіктігі 50 – 185 см, салмағы 60 – 1500 кг болады.Жылқылар әдетте бір айғыр бастайтын бірнеше биеден тұратын үйірге жиналады. Көбінесе жазық далада тұрады; ерекше сипаттары — үлкен жылдамдық пен сақтылық.
Түсі
Жылқы түсі қылаң, баран, ала боп бөлінеді.
Қылаңға ақбоз, боз, бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құлагер, қызыл, нарқызыл, т.б. жылқылар;баранға торы, қара, қаракөк, қарасұр, қоңыр, жирен, күрең, т.б. жылқылар жатады; алаға сарыала, сұрала, көкала, керала, қарала, қоңырала, күреңала, т.б. жылқылар жатады.
Алыстан қарағанда жылқының денесіндегі бозғыл түктер басым болса, ол қылаң жылқы деп аталады. Қошқыл түстер көбірек болса, баранға жатады. Ерекше кездесетін түстер болады. Мысалы, шұбар, бозшұбар, көкшұбар, қарашұбар, т.б. жылқылар. Будандары қашыр, қарта қашыр (лошак), құланоид (құлан мен жылқы буданы), зеброид (зебр мен жылқы буданы) деп аталады.
Қазақ халқы жылқыны спорттық ойын-сауықтарда (қ. Аламан бәйге, Бәйге, Құнан бәйге, Жорға жарыс, Көкпар, Аударыспақ, Ат омырауластыру, Ат үстінен тартыс, Қыз қуу, Салма ілу, Күміс ілу, т.б.) азаматтың мерейін асыратын, сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар деп есептеген. “Жылқы сәндік үшін, түйе байлық үшін” деген мақалдың мәні осыны мегзейді. Қазақ халқының алыс қашықтыққа шабатын аламан бәйгелер ұйымдастыратыны туралы орыс саяхатшылары тамсана жазады. Мысалы, А. Вилькинистің 1885 ж. “Журнал коневодства и коннозаводства” басылымында жарық көрген “Заметки о лошадях Туркестана” деп аталатын мақаласында мынадай пікір айтылады: “Орта Азия халықтарының ішінде атты алысқа шабуға машықтыратын қазақтар мен түрікмендер 25-тен 40 верстке (1 верст – 800 м) дейін ат шабысын ұйымдастырған. Ал Әулиеата қазақтары қашықтығы 100 версттік бәйге ұйымдастырып отырған”. Осы мақалада тағы бір қызғылықты пікір бар: “…Ташкент пен Орынбор арасына қосарға бір ат алып, 18 күнде барып қайтқан. Дәстүрлі қазақ қоғамында жүйрік жылқы тек иесінің ғана емес, бүкіл рудың, аймақтың мәртебесін өсірген. Олар туралы әндер мен күйлер шығарылып, есімдері халық жадында ұзақ сақталған. Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік білетін мамандарды халық арасында атбегілер немесе атбаздар деп атаған (қ. Атбегілік).
Ат жарыстары, ойындар.
Күміс алу – өте қызықты, жігітті сынайтын ойындардың бірі. Белгіленген арақашықтықта үш – төрт жерге шүберекке оралып күміс немесе теңге тасталынады. Шабандоздар кезек алып тізбеке тұрады. Олар келген кезектерімен осы қашықтықта шауып келе жатып, ат үстінен еңкейе отырып, жолындағы түйілген шүберекті алуы керек. Алайда аттың басын тартып тоқтауға болмайды. Атты тоқтатып барып алынған шүберек есептелінбейді. Ойынды қызықтау үшін көремендер күмісті немесе теңгені бірнеше рет қайталап тігеді.
Аударыспақ – ашық алаңда көгалды жерде ойналатын өте қызықты ойын. Ойынға атқа мінген екі жігіт қатысады. Шабандоздарға белгілі бір уақыт белгіленгені дұрыс. Осы уақыттың ішінде екеуі бірін – бірі аттың үстінен аударып түсіруі керек. Егер бірін – бірі жеңе алмаса, онда ортаға келесі екі атты ойыншы шығады. Ал жеңіске жеткен жігіт ойын шарты бойынша келесі жеңімпазбен бәсекелеседі. Осылай ойын соңғы жеңімпаз анықталғанша жалғаса береді.
Қыз қуу – ашық алаңда жүргізілетін қызықты және әдемі ұлттық ойын. Ойынға атқа мінген қыз бен жігіт қатысады. Алдымен арақашықтығы 1 – 2 шақырымдай екі көмбе белгіленеді. Бірінші көмбеде жігіт, оның арт жағында он адымдай жерде қыз тұрады. Берілген белгіден кейін қыз екінші көмбеге қарай шаба жөнеледі. Қыз жігіттің жанынан өте бере, жігіт қызды қуып жетуге қамданады. Егер жігіт қызды қуып жетсе, құшақтап сүйеді. Қыз бен жігіт екінші көмбеге жеткен соң кері қарай шабады. Жігітті қуып жеткен қыз оны қамшының астына алады.
Дәстүрлі қазақ қоғамында байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Жылқысының саны 5000-нан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. Халықтың жылқы малына қатысты ерекше ықыласы, кең байтақ жайылымдардың болуы, жылқының қыста тебініп өзі жайыла алатындығы, т.б. факторлар қазақ даласында бұл түліктің көп өсірілуіне себеп болған. 1880 ж. Австрия-Венгрияда 3,5 млн., Германияда 3,3 млн., Францияда 3,0 млн. Ж. болса, 1879 ж. Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 млн. жылқы болған. 20 ғ-дың басындағы нәубеттерден кейін 1920 ж. Қазақстанда 8 млн-нан астам қалғандығы туралы ресми дерек бар. Шын мәнінде, ұлттық байлық саналған осыншама Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан 20 ғ-дың 30-жылдары қырғынға ұшыраған (қ. Ашаршылық).
Қазақ халқы жылқы малын 3 топқа бөлген. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағалаған. Ал еті мен сүті үшін өсіретін қалған жылқылар жабы деп аталған. Байрағы қазақ жылқысының бір түрі – жабы. Жабының денесі ірі, басы дөрекілеу, мойны қысқа, омыраулы, кеудесі кең, жоны жалпақ, сауырлы, құйрық – жалы қалың әрі ұзын, денесі тығыз әрі етті келеді. Олар Қазақстанның оңтүстік – батыс және оңтүстік – шығыс өңірлерінде өсіріледі. Әдетте, жабылар торы немесе жирен, сұр көк түсті болады, қара түстісі сирек кездеседі. Көшім жылқысы – ет – сүт бағытындағы, мініп – жегуге арналған жылқы тұқымы. Көшім жылқысы қазақ жылқысын орлов, орыс желісті және таза қанды салт мініс дон жылқысы айғырларымен шағылыстырып, олардың буданын өзара сұрыптау арқылы Батыс Қазақстанның жылқы зауаттарында шығарылған. Бұлар қазақ жылқысынан едәуір ірі, бітімі шымыр, басы үлкен, мойыны тым ұзын емес, шоқтығы биік, әдемі, кеудесі кең, қабырғасы шеңберленіп біткен, жаялы, белді, сүйегі берік, жұмысқа төзімді, тебіндетіп бағуға жақсы бейімделген. Биелері сүтті болады. Қостанай жылқысы – Қазақстанның Қостанай, Майкөл және Ресейдің Троицк жылқы зауаттарында қазақ жылқысының биесін қалмақ, дон, стрелец, орлов – растопчин, ағылшын – араб, таза қанды салт мініс жылқыларының айғырларымен будандастыру нәтижесінде шығарылған тұқым. Қостанай жылқысы Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында таралған. Қазанат – батырлардың жауынгерлік аты. XIX ғасырдың жазба деректерінде бұл жылқылардың арғымақтар мен далалық қазақы жылқыларды будандастыру арқылы алынғаны айтылған. Қазанат дене бітімі жабыдан ірі, шоқтығы биік, омыраулы, кең кеуделі, күпшек санды, құйма тұяқты, басы онша үлкен емес, кең танаулы болып келеді.
Атқа салт мініп жүру үшін қажетті жабдықтарды ер – тұрман деп атайды. Ер – тұрманға ағаш ер және былғары мен киізден тоқым, желдік, терлік, тебінгі, айыл, үзеңгі, қанжыға, құйысқан, өмілдірік, жүген, қамшы, тұсамыс, өре, шідер, қамыт, шылбыр, тізгін, ат көрпе, көпшік, пыстан, кежім, кісен әбзелдер жатады.
1 – жүген; 2 – доға; 3 – қамыт; 4 – ершік; 5 – белдік; 6 – тартпа; 7 – шілия; 8 – делбе
Ат әбзелдері
Ер – атқа мінгенде тоқым үстінен салатын алдыңғы, артқы қасы бар үзеңгілі жабдық. Ер ағаштан шауып жасалынады. Ерлерге арналған ер ықшам, жеңіл, көбінесе, мүйізбен, сүйекпен әшекейленеді. Әйелдерге арналған ер ауыр болады және түрлі әшекейлермен безендіріледі.
Таға – жылқының тосырқамауы немаесе мұздан таймауы үшін тұяғына қағылады. Тағаны сом темірден иіп, қақтап, шеге өтетін тесік пен сай салып жасайды. Бедерлі өкшелік шығарады. Тағаны ат тұяғына басы сайға кіріп тұратындай арнайы шегемен қағады.
Қамшы – негізінен, атты жүргізу, малдарды айдау үшін пайдаланылған, кейде қару ретінде жұмсалған құрал. Қамшыны қару ретінде жасаған кезде сабын ауыр, өрімін жуан әрі ұзын етіп істейді. Қамшы бүлдіргі, сап, алақан және өрімнен тұрады. Оның әрқайсысы әр заттан жеке – жеке дайындалып біріктіріледі. Қамшының сабын тобылғыдан, ырғайдан, тауешкі және ақбөкеннің мүйізінен немесе еліктің сирағынан жасайды. Қолға ұстайтын жерін былғарымен қаптайды. Қамшыны іліп қою үшін бүлдіргі тағады. Қамшының өрімі жақсы иленген қайыстан өріледі.
Жүген – міністегі немесе арба, шанаға жегілген жануарды басқару үшін қолданылатын әбзел. Жүгенді былғарыдан, қайыстан тігіп, өріп, әшекейлеп жасайды. Оның қайыс, түйме, былғары, өрме жүген сияқты бірнеше түрлері бар. Жүген ауыздық, сулық, тізгін, шылбыр, сағалдырық, кеңсірік, желкелік, кекілдік т.б. бөліктерден тұрады.
Доға — жылқыны арбаға не шанаға жеккенде қамытты тәртеге жалғастыратын әбзел. Доғаны қайың, тал, үйеңкі, емен сияқты мықты ағаштардан иіп жасайды. Ол үшін жұмыр ағаштың иілуге тиісті жерін шауып жұқартып алыпе, морға салып жұмсартады да, тез арқылы екі жақ басын иіп, қалыпқа салып кептіреді. Доға кеуіп қалпына түскеннен кейін иілген жерінен шығыршық орнатады. Доғаның тәртемен жалғасатын төменгі екі ұшының сыртқы бетін орнықты болу үшін шауып, ойық жасайды.
Қамыт – атты арбаға, шанаға жегу үшін пайдаланылады. Оның әр жануарға арналып жасалған ат қамыт, түйе қамыт, өгіз қамыт сияқты түрлері бар. Қамыттың имек ағаштан жасалған қос құлағы болады. Қамыттың құлақтарына жалпақ қайыс өткізіледі. Оны құлақбау дейді. Ал қамыттың төменгі бастарын қосатын жіңішке қайыс тамақбау деп аталады. Оны қатты тартып байлағанда доға бастары тәртеге мықты бекиді. Қамыттың сыртын былғарымен, ал ішкі жағын қалың киізбен қаптайды.
Ер қанаты болған 5 сәйгүлік.
Қара ат
Көкдөнен
Тайбурыл
Ардакүрең
Керкекіл
Сәйгүліктерден басқа жылқы төрелерінің бірі – жорға!

Қорытынды:
Қорыта келгенде жылқы малы «Жесең тамақ,ішсең сусын,мінсең көлік» дей келе жылқынын пайдасы да көп екендігің байқауға болады.Ендеше жобамды мына жолдар арқылы аяқтағым келіп отыр.
…Жылқы – құты ұлан-байтақ даламның,
Жылқы мінез қанында бар бабамның.
«Дала», «Жылқы», «Қазақ» деген үш ұғым,
Іргетасы ұлттық рух, ұлттық намыс, сананың…
Жылқы өсірген қазақтың маңдайының бағы бар,
Жылқыға деген ниеттен қасиеті танылар.
Жанынан да артық көрген жылқыны,
«Мал» демейді, дейді қазақ «жануар».
(Рысбай Сәтімбеков)
Зерттеу жұмысының нәтижесінде:
Жылқының қолға үйрету тарихын
Қазақстандағы жылқылардын түрлері
Жылқының сипаттамасын
Ат жарыстары,ойындарын
Ат әбзелдері туралы оқып білдім

Пайдаланылған әдебиет
Қазақ энциклопедиясы
Сен білесің бе? Энциклопедиясы
Ол кім бұл не?
Журналдар
Интернеттен алынған мәліметтер.

(ЖҮКТЕУ)
[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *