Қызылорда облысы Байқоңыр қаласы Қ. Қ. Тоқмұхамедов атындағы № 14 жалпы білім беретін орта мектептің биология пәні мұғалімі Алдабергенова Гүлсая
Сабақтың тақырыбы: Сұлулықтың сыры неде?
Сабақтың мақсаты:
Адам мінез-құлқының, іс-қимылының дүниедегі ең сұлу мәнге ие екендігін дәлелдеу, сол арқылы оқушылардың жан дүниесінің сұлу болуына ықпал жасау. Яғни оқушылар бойындағы эстетикалық тәрбиені қалыптастыру.
Көрнекілігі: компьютер – 1, Active Studio бағдарламасы, ActivBoard, Activ Pen, бейнепроектор – 1, әшекей бұйымдар, тарақтар, киімдер, сөмкелер, шаш кептіргіш құралдар, қобдишалар, опа, далаптар, қолшатыр,көзілдіріктер, орамалдар
Барысы:
Құрметті оқушылар! Біз бүгінгі отырысымызды Абайдың мына тамаша өлеңдерінен бастағым келіп тұр.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.
Тереңдеп қарайсың,
Телміріп тұрмайсың.
Бейхабар жүргенсіп,
Бек қатты сынайсың.
Кең маңдай, қолаң шаш,
Я бір кез, я бір құлаш.
Ақ тамақ, қызыл жүз,
Қарағым бетіңді аш.
Абай сұлудың сыртқы сұлулығын осылайша жыр әуезіне қосады. Қарасаң шынымен де адам тамсанатындай көз алдыңа ару елестейді.
Адамның қылығы, мінез-құлқы мен іс-қимылының жөні әрі этикалық, әрі эстетикалық мәнге ие. Сондықтан олар бір жағынан, әсемдік не сұрықсыздық ретінде, екінші жағынан, жақсы не жаман деп бағалануы мүмкін. Бұл екеуі яғни сұлулық пен адамгершілік жеке адам санасы мен қоғамдық санада ежелден бері-ақ бір бүтін нәрсе ретінде түсініліп келеді. Сөйтсе де адамның айналадағы дүниеге қатысына табиғи тән эстетикалық сезімінің айқын межеленген өзіндік сипаттары бар.
Сұлулық – адам жанын марқайтатын, көзін қуантатын, тамсантатын, тәнті ететін, сүйіндіретін көрініс, қимыл-әрекет, пішін немесе ой-қиялдың жемісі. Солардың ішіндегі ең кереметі қоғам мен табиғаттың ерекше перзенті – адам, соның сұлулығы.
Адам анадан сырт бейнесі, пішіні сұлу болып туылуы мүмкін, ал ішкі жан сұлулығы өзінің мінез-құлқы, қылығы, ісі. Басқа адамдарға деген байланысы арқылы қалыптасады. Әдетте, біз қыздың немесе жігіттің сұлулығы, көркемдігі жайында айтқанда оның бойының сымбаттылығына, үнінің назды, әуезділігіне, шырайының таза, балғын, қалың шашының толқындай төгілгендігіне қарап баға береміз. Бұл – адамның сыртқы сұлулығы. Ал, адамдағы басты сұлулық – ішкі жан дүниесі, мінезі, қалыптасқан әдептілігі.
Абайдың да айтар ойы осымен ұласады. «Шу дегенде көрінер сұлу артық», — деп сақтандыра келе «Әйел жақсы болмайды көркіменен, мінезіне көз жетпей баға берме» — дейді.
Адамның сыртқы сұлулығы ішкі рухани сұлулығымен сәйкес келсе нағыз сұлулық сол болмақ.
Бүгінгі дөңгелек үстел бөлімдерімен таныстырып өтейін.
Сұлулық жайында халық сөзі, мақалдар.
Киіне білеміз бе?
Сұлулық сыры – күтімде.
Сұлулықтың сан сыры.
Өзіңді сүйе біл.
Ал енді осы сұлулық жайында айтылған халық сөзіне мақалына тоқталсақ. (оқушылар кезекпен тұрып мақал айтады, мақалдың мағынасын ашады).
«Сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу», «Сөзі райлының – жүзі шырайлы», «Жаманның сөзі – түйеден түскендей», «Жылтырағанның бәрі – алтын емес», «Адамның жылтыраған сыртына емес, сұлу ішіне қызық».
2. Киіне білеміз бе?
Үй киімін қалай кию керек?
Үйге киетін киімді бәріміз бірдей арнайы тіктіреміз бе (халаттан басқасын)? Көпшілігіміз мұның артық шығын екеніне сенімдіміз. Осылайша сәннен шыққан ескі киімдерімізді үйге киеміз. Бұл мүлде дұрыс емес. Үйде біз туыстарымыз бен кішкентай бауырларымыздың ортасында тек жүріс-тұрысымызбен ғана емес киімізбен де үлгі бола білуіміз керек. Әдетте біз ыңғайлы әдемі киімнің көңіл күйімізді көтеріп, ең іш пыстырарлық деген шаруаның өзін жылдам бітіруге әсер ететінін ұмытып кетіп жатамыз.
Үйге киетін киімнің шыттан, сатиннен т.б. табиғи матадан тігілгені жөн. Үй киімі жиі жуылатындықтан, аталған маталар судан да, үтіктен де қорықпайды. Үй киімінің кең таралған түстері – жіңішке сызық, майда және орташа шатыраш, ала және бір түсті маталар.
Үй киімінің ішіндегі ең жеңіл әрі ыңғайлысы үй шаруасын жасауға қолайлы көйлектер мен көйлек-халаттар, қарапайым үлгідегі белдемшелер мен қысқа немесе жартылай қысқа жеңді кеудешелер. Дене бітімі сымбатты жастардың үйге қыста – ұзын, ал жазда – тізеден төмен шалбар киюіне болады.
Сонымен қатар киімді шаң мен ластан қорғайтын алшапқыштар мен ас үйде және тазалық жұмыстарын жасағанда қиық орамал тартқан дұрыс. Егер бұлар көйлек немесе кеудешеңізбен бірдей матадан тігілсе, ерекше үйлесіп тұрары сөзсіз. Үй киімінің қалтамен болғаны жөн.
Жұмыс киімін киюдің өз талғамы бар
Өз уақытымыздың біраз бөлігін жұмыста өткізетіндіктен, қызметтік киіміміз де маңызы зор. Олар әр түрлі: кеудеше мен белдемшелер, сарафан, көйлек, жакетті көйлек пен үнемі ыңғайлы, барлығына жарасатын костюмдер.
Жұмыс киімін жиі ауыстырудың қажеті жоқ. Ал үнемі бір киімді киіп жүруге де болмайды (гигиенаны айтпағанның өзінде).
Егер сіздің түсі мен матасы үйлесетін екі костюміңіз болса, оларды жеке киюмен қатар араластырып та кие аласыз, айталық басқа костюмнің жакеті мен белдемшесін екінші костюмнің кеудешесімен. Сонда сіздің екі костюміңіз төрт костюмге айналады. Бір белдемше мен түрлі үлгідегі екі-үш кеудеше де түрлі мүмкіндік береді.
Ең дұрысы классикалық үлгідегі іскери костюм. Костюм сіздің бітіміңізге қонымды болып, сәл кеңдеу болғаны жөн, ал аксессуарлардың әр түрлі болуы мүмкін.
Классикалық үлгідегі біршене белдемше алып, оны костюмдеріңіздің б ешпентімен киюіңізге болады. Белдемшелер тіке, қиық немесе қырлы болуы мүмкін.
Костюм барлық жағдайға бірдей қажет те бола бермес, кейде классикалық үлгідегі көйлекті үйлесімді бешпентпен кисеңіз ресми болып көрінері сөзсіз.
Көйлекті костюмнің бешпентімен киюге болатына жоғарыда тоқталдық, бірақ олардың түсі, стилі мен матасы үйлесім табуы керек. Көйлектің түсі бешпенттен ашық болуы да мүмкін.
Бір киер киім (сәнді киім)
Жұмысқа киетін аяқ киім алғанда мына ережені естен шығармаңыз:
- туфлидегі түрлі-түсті әшекейден аулақ болыңыз (олар тек би кешіне жарасады);
- жаздың күні сәнге айналатын «металл» түсті аяқ киімді көптеген мекемелерде киюге болмайды;
- жалпақ тақалы немесе өте жабық туфли тек шалбармен ғана киюге қолайлы, ал көйлек, костюм, белдемшемен киюге жарамайды;
- туфлиіңіздегі әшекейдің мүмкіндігінше аз болғаны дұрыс;
- қыста қою көк, қара, қоңыр түсті, ал жазда киіміңіздің түсіне сәйкесіп тұрғаны жөн, алайда жазғы аяқ киімнің кең таралған түсі ашық сұр мен қою қызыл не қан қызыл.
Шұлықтар
Мықты талшықтармен араластырылып жасалған (лайкра қосылған) сапалы, өлшемі шақ келетін шұлықтарды сатып алған дұрыс.
Ал олардың түсі қандай болуы керек? Киіміңізге контраст беретін шұлық киюге тырыспаңыз. Одан да шұлықты белдемше, көйлек, туфлиіңіздің түсіне сәйкестендіріп алыңыз.
Жылы реңкті белдемше не туфлимен тері түстес шұлықтар, ал қою көк түске жұқа қою көк немесе көкшіл сұр түсті шұлықтар үйлеседі. Қола түсті шұлық киіп күнге күйген түс жасаудан аулақ болыңыз, өйткені бұл нашар көрінеді әрі киіміңіздің сәнін бұзады. Сондай-ақ жұмысқа өрнегі бар шұлықтар киюге болмайды.
Егер аяғыңыз жіңішке болса ашық түсті, ал толық болса қоңырқай түсті шұлық киген орынды.
3. CҰЛУЛЫҚТЫҢ СЫРЫ -КҮТІМДЕ
Бояулар мен макияж
Жақсы киінумен қатар өзіңнің сырт келбетіңді толықтырып, киіміңе үйлесіп тұратындай бояна білу де керек. Яғни сәндік бояулар жөнінде әңгіме етпекпіз.
Алдымен мына нәрсені ескерткіміз келеді. Бояулар өзіңді күтіп, дұрыс ұйықтап, ас ішуде мөлшер сақтап, таза ауада сейілдеп, күн сайын таңертеңгілік жаттығу жасап жүсең ғана, қажетті әсер бере алады.
Сәндік бояуларды қалай қолдануға болады? Ең алдымен өз бет пішініңнің ерекшелігін ескергенің жөн. Дұрыс жағылған бояу сенің келбетіңді ашып, шашың мен сырт пішініңді қайталанбастай етіп көрсетеді.
Макияж күндізгі, кешкі, іскери, мерекелік және карнавалдық бөліп бөлінеді. Сондықтан макияждың өз бейнеңе сай келетіндей табиғи болуы аса маңызды. Бұл орайда сәнге еліктеудің керегі жоқ, өйткені сырт келбетіңе қайталанбас көрік беріп, сұлулығыңды асырып, кемшілігіңді жасырып тұратын бояу ғана сәнді болмақ.
Күтім қалай жасалады?
Кеңес: Жеке басыңызға ғана тән ерекшеліктерді ескере отырып, сұлулық салонына барудың міндетті кестесін жасап қойыңыз.
1. Тазалыққа табынушылық
Бұл күнделікті күтім жасаудың альфасы мен омегасы. Бұл ереже сан ғасырлар бұрын шыққан, маңыздылығын бүгінгі күнге дейін жоғалтпаған. Орта ғасырда суға шомылу өте қауіпті саналды. Соған қарамастан, ол заманның адамдары екі аптада бір рет жуынатын болған. Бетке бояу жағу ықылым заманнан бері бар, орта ғасырлық адамдар бояу лас бетке ұқыпты жағылатынын және жақсы сақталатынын білген. Алайда, бұл ескінің дәстүрі.
Қазіргі таңда тазалық—денсаулықтың кепілі. Сұлулықтың да кепілі тазалық болып тұр. Күнделікті қоршаған ортаның зиянды факторларынан бетті тазартып тұру үшін күніне екі рет бетке арналған сусабынның көмегімен жуынып тұруыңыз шарт. Кірдің әсерінен бет терісі астында қосымша қабық пайда болады. Қабық болса, бет терісін күтімсіз көрсетеді. Қоршаған ортаның кейбір жағымсыз мінездері адамның сырт келбетіне қатты әсер етеді. Сол үшін бетті тазалап отыру — күтімнің басты әрі негізгі ережесі. Маңызды бір жайт, барлық істі орындаған кезде ләззат ала отырып, шын ынтамен жасаңыз. Міндет санап, амалсыздан күтім жасау күтім емес. Бет жуған сәтте рахат ала отырып, жусаңыз, оның әсері екі есе болады.
Бетіңіздің терісіне мән беріп, келісті иіссу таңдай білу маңызды. Бет терісі әдетте майлы, құрғақ болып бөлінеді. Майлы бетті құрғақтандырғыш иіссумен, құрғақ бетті ылғалдандырғыш иіссумен жуу қажет
Шаш күтімі
Қыс бойы бас киімнің астында басылып, аязға әбден тоңған шашыңыздың қазіргі жағдайы мәз емес болар? Көктем жақындағанда шашыңызға ерекше көңіл бөлгеніңіз дұрыс.
Алдымен, шашты дұрыс кептіріп үйренейік. Шашыңызды күнде кептіруден шаршасаңыз, мына ережелерді ұстанып, шаш кептіруді ішті пыстырмайтын, шаш саулығына зақым тигізбейтін шараға айналдырыңыз. Сонымен шаш кептірудің 5 алтын ережесі:
1. Шашыңызды қыстырғыштар көмегімен бірнешеге бөліп, қыстырып қойып, әр шаш бұрымын тарақтың көмегімен кептіріңіз. Шаш кептіретін фенді шашқа 10 сантиметрден кем тақатпаңыз. Осылайша, уақытты да үнемдейсіз, шашыңыз да сәнді көрініп тұрады.
2. Шашты отырып кептіріңіз. Арулардың көбі шаштарын ваннада айнаның алдында тұрып, оның үстіне асығып кептіреді. Шаш сәндеу шеберлері бұл істі ойдағыдай атқару үшін ыңғайлы жайғасып, қол астыңызға керек болатын заттардың бәрін жиып қою керек дейді. Сондай-ақ, шашты отырып кептірген уақытты үнемдейді екен.
3. Тарақты оң қолға алып (солақай болмасаңыз), фенді сол қолмен ұстағаныңыз жөн болады.
4. Шашыңызды түбінен көтеріп кептіріңіз. Тарақпен шашты жоғары қарай тартып отырыңыз. Бұл шашыңызға көлем бермек.
5. Шашыңызды кептіргенде ауа ағынын шаштың бойымен бағыттаңыз. Бұл шаштың түбінен ұшына дейін дұрыс кебуін, сондай-ақ зақымданбауын қамтамасыз етеді.
Келесі кеңес ұзын шашты арман қылған аруларға арналады. Шашты ұзын әрі сәнді қылып өсіру үшін бірталай тер төгудің керек екені бәріне мәлім. Шаштың ұштарын 2 айда қысқартып тұру, шашқа арналған маскалар мен сұйықтықтарды қолдану керек. Сондай-ақ, шашты дұрыс таңдалған тарақпен жиі тарап отыру керек. Шаштың тез өсуіне көмектесетін мына масканы да қолданып көріңіз.
Ерініңіз жарылса…
Суық мезгілде еріннің жағдайы нашарлайды: жырықтар пайда болып, шытынайды. Оның себебі неде?
Бұл қиындыққа көбінесе темекі шегетін, суды аз ішетін және еріндерін жалай беретін жандар ұшырайды. Сондай-ақ, дұрыс тамақтанбау, ағзадағы гормондар жұмысының бұзылуы, А, Е, В дәрумендерінің тапшылығы ерін жарылуына себеп болады. Диабет, диарея, фарингит ауруларымен ауырған кезде және дене температурасы көтерілген жағдайда да ерін жарылып кетуі мүмкін.
Осындай қиындыққа тап болсаңыз, рационыңызға дәрумендері мол азық-түліктерді қосыңыз. Әсіресе, Е дәруменіне ерекше көңіл бөліңіз. Көкөніс, жеміс-жидек, балық, бауыр етін көбірек жеуге тырысыңыз. Ерінге арналған сұйықтықтар мен кремдерді молынан қолданыңыз.
Сондай-ақ ерініңіз жарылған болса, сізге А мен В2 дәрумені жетіспегені. Бұл жағдайда ауызқуысы гигиенасынажеткілікті көңіл бөліну керек. Сондықтан, тек ерініңізге күтім көрсетіп қоймай, ауыз қуысына да көңіл бөліңіз. Тісті дұрыс күтіп, дұрыс тазалап, тілді тазалауды да ұмытып жүрмеңіз.
Егер ерініңіз ерекше қанап, қатты ауырып жатса, стрептокок, стафилокок және Candida саңырауқұлақтарына анализ тапсырғаныңыз жөн болады. Мәселе сонда болса, ем алуыңыз қажет. С және В дәрумендерін, иммунитетті жоғарылататын сироптарды ішіп, ішімдік, ащы мен тұзды қысқартыңыз.
«КЕРЕК КЕҢЕСТІҢ» КІШКЕНТАЙ ҚҰПИЯСЫ:
Кірпік әдемі, қалың да ұзын болып көріну үшін көзді дұрыс бояудың маңызы зор.
1. Көз өте дөңес болса, оған жасыл, көк бояуларды жақпайды.
2. Көз шүңірек болса, оған жағатын бояу өте ашық түсті болуға тиіс.
3. Көздің арасы алшақ болса, қастың арасына қоңыр опа жағады.
4. Көз дөңгелек болса, бояуды қабақтың үстіңгі жағына ғана жағады.
Қорытындылау:
Қалай болғанда да, қыздар, өмірде нендей жағдай болмасын сұлу болудан бас тартпаңыз. Еш бір мәселе сіздің «сабалақ” түріңізге себеп болып, «ұсқынсыздыққа” жол бергеніңізді ақтай алмайды. «Жұмақтың табандарыңыз астында жатқанын» ескерсек, мұңаюға мүмкіндік бар ма? Әлемді тербеткен әдемі қалыптарыңыздан таймаңыздар! Қазақтың қайсар ұлдары тұрғанда қаракөздерге қайғыруға уақыт табылмас!
[bws_related_posts]