БҚО, Жаңақала ауданы, Бірлік ауылы
№5 «Жеткіншек» балабақшасының тәрбиешісі:
Табенова Айгерим Маратовна
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы
Білім беру саласы: Таным
Бөлімі: Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру
Тақырыбы: «Геометриялық пішіндердің ғажайып әлемі»
Мақсаты: Балалардың геометриялық пішіндер туралы түсінігін кеңейту, балаларды ұйымшылдыққа, зеректікке баулу, ойынның шартын сақтап ойнауға, ұйымшыл, көпшіл, шыдамды, сабырлы, шапшаң болуға тәрбиелеу. М. Монтессори әдісі бойынша қол, саусақ моторикасын дамыту.
Әдіс-тәсілдер: Түсіндіру, көрсету, сұрақ-жауап, сергіту сәті
Қажетті көрнекі құралдар: Геометриялық пішіндер, желім.
Қостілділік компонент: Пішін-фигура
Әрекет кезеңдері
Себепті қызығушылығын ояту кезеңі
Балалар жылулық шеңберіне тұрып амандасады.
Жылулық шеңбері:
Сәлем деймін күнге мен,
Сәлем деймін мен саған.
Сәлем деймін достарға
Сәлем деймін апайға,
Сәлем деймін баршаға.
Ұйымдастырушылық кезеңі
— Балалар, бүгін біз геометриялық пішіндер еліне саяхаттаймыз.
— Ерте, ерте, ертеде, математика атты патшалықта Есепбике ханшайым өмір сүріпті. Жалғыз тұрып, іші пысқан ханшайым былай деп армандапты:
— «О, шіркін, менің мынадай сарайымда көп достарым болса ғой, мен олармен бірге ойын ойнап, көңіл көтерер едім»
— Есепбике ханшайым, мұңаймаңыз, міне достарыңыз келді, Олар сізбен ойын ойнағысы келеді. Солай ма, балалар?
— Ия.
(Есік қағылып, үшбұрыш кіреді)
Есепбике ханшайым: — Бұл кім екен?
Үшбұрыш: — Мен үшбұрышпын, менің үш бұрышым, үш қабырғам, үш төбем бар, менің түсім көк.
Есепбике ханшайым:
— Балалар, олай болса менің көк түсті қалташамдағы тапсырмаларды орындауға келісесіңдер ме?
— Қане, көк түсті қалташадағы тапсырмаларды ашып, қандай тапсырма бар екенін көрейін.
Мұнда ойын беріліпті.
Ойын: «Бір түсті пішіндерді топтастыр»
Мақсаты: балалардың бір түсті пішіндерді ажыратып, топтай білуге үйрету.
Балалар ойын шартына сай бір түсті пішіндерді топтастырады.
(Есік қағылып, топқа төртбұрыш келеді.)
Есепбике ханшайым: — Бұл кім екен?
Төртбұрыш: — Мен төртбұрышпын, төрт бұрышым, төрт қабырғам бар, менің түсім қызыл.
Есепбике: — Өте жақсы, олай болса, балалар төртбұрышпен бірге қызыл қалташамдағы тапсырмамды орындаңдар.
— Міне, балалар, қызыл түсті қалташадағы тапсырма санамақ екен, қане, Есепбике ханшайымға санамақ айтып берейік.
Кел, санайық, санамақ,
Саусақтарды даралап.
Бас бармағым алғашы,
Балан үйрек жалғасы,
Ортан терек кезекші,
Шылдыр шүмек көмекші,
Шынашағы балапан,
Бәріне ортақ алақан.
(Есік қағылып, шеңбер кіреді.)
Есепбике ханшайым: — Бұл кім?
Шеңбер: — Мен шеңбермін, менің бұрышым жоқ, түсім жасыл.
Есепбике ханшайым:
— Олай болса, шеңберге жасыл түсті қалташадағы тапсырмамды орындауға бұйрық берем.
— Балалар, шеңбермен бірге пішіндерді толықтырамыз, мына үлгідегідей пішіндерге мұқият қарап, жапсыруымыз керек.
Балалар геометриялық пішіндерді толықтырып, жапсырады.
— Олай болса, аздап денемізді сергітіп алайық.
Сергіту сәті:
Ал балалар, тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық.
Оңға қарап үшбұрыш,
Солға қарап төртбұрыш
Ауада сызып алайық.
Жоғары-төмен қарайық,
Орнымызды табайық.
— Балалар, шеңбер неге ұқсайды екен?
— Күнге, алмаға, допқа ұқсайды
— Ал, төртбұрыш ше?
— Теледидарға, үстелге, үйдің қабырғасына ұқсайды
— ал, үшбұрыш неге ұқсайды?
— Үйдің төбесіне, балмұздаққа ұқсайды.
Іс-әрекетті бақылау кезеңі
— Балалар, міне қараңдаршы, мынау шеңбер, түсі қандай екен?
Біз қазір шеңберден күннің сәулелерін саламыз, ол үшін сендер сұрақтарға жауап берулерің керек. Балалар, сары түсті қыстырғышты алып, күннің сәулелерін құрайды
— Математика патшалығында кім өмір сүреді екен?
— Есепбике ханшайым
— Математика патшалығына бірінші болып, кім қонаққа келді?
— Үшбұрыш
— Оның түсі қандай?
— Көк түсті
— Ал екінші болып қонаққа келген төртбұрыштың түсі қандай?
— Қызыл
— Соңғы болып кім келді қонаққа?
— Шеңбер
— Оның түсі қандай?
— Жасыл
— Балалар, біз қандай ойын ойнадық?
— Пішіндерді топтастырдық
— Сендерге ойын ұнады ма?
— Ия
— Маған да ұнады, сендер өте жақсы ойын ойнадыңдар. Міне, қараңдаршы, біз күн бейнесін құрадық, қыстырғышпен сәулелерін құрадық, Олай болса, балалар осы күндей жайнап, жадырап жүре беріңдер. Коп рахмет!
Күтілетін нәтиже:
Баланың білуі: Балалар геометриялық пішіндерді, түр-түсін атай біледі.
Баланың меңгеруі: Тапсырмаларды ұйымшылдықпен орындауды үйренді, геометриялық пішіндерді ажырата білуді игерді.
Баланың жасай алуы: Геометриялық пішіндерді толықтырып, жапсыра біледі. М.Монтессори әдісі бойынша күн сәулелерін орналастыра білді.