«ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ПЕН ҰЛТАРАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН ТӘРБИЕЛЕУ ЖОЛДАРЫ»
Сартбаева А.Б.
Ғылыми жетекшісі: Қайболдиева Н.Ж.
Маңғыстау гуманитарлық колледжі, Ақтау қаласы
Толеранттылық латын тілінен аударғанда tolerantia — шыдамдылық, өзге көзқарастарға, мінез-құлықтарға, әдеттерге төзімділік таныту, қолайсыз әсерлердің ықпалын бастан өткізе алушылық деген мағынаны білдіреді.
Толеранттылыққа қарама-қарсы қайшылықтардың (интолеранттылық) адамзат тарихының барлық кезеңінде де болғаны рас. Интолеранттылық шыдамсыз, үрейлі адам, кінәні өзінен емес басқа адамнан іздейді. Сондай адамдардың өмірде жиі кездесуі қоғамда түрлі проблемаларды тудыруға ықпал етеді. Соның салдарынан түрлі соғыс, діни қудалаушылықтар мен идеологиялық қақтығыстар, ажырасулар, тастанды балалар, жасөспірімдер арасында суицидтар туындайтынын дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
Индивид пен қоғамның мәдениетінің даму деңгейінің сипаттамасы ретінде, адамның өзімен және өзгелерімен үйлесімді қатынаста өмір сүруін сипаттайтын мәселе – толеранттылық болып табылады. Қоғамның еркін дамуы мен жалпы өмір сүруіне деген күреске қажетті принциптер мен құндылықтарды алға қою бүгінгі таңда толеранттылыққа тәрбиелеу мәселелерімен тікелей байланысты.
Астанада өткен Қазақстан халқының Ассамблеясының 15-ші сессиясында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғамда білім беру жүйесі мен тәрбие арқылы азаматтық сәйкестендіру, толеранттылықты дамыту қажеттілігі жайында сөз айтып республикамыздың мектептеріне толеранттылық негіздері атты курстар енгізуді ұсынды.
Саяси мәдениеті жаңа қалыптасып келе жатқан біздің мемлекетімізде саяси толеранттылық орнығып болды деу қиын. “Бізде демократиялық мәдениеттің терең дәстүрлерінің жоқтығы, еркіндікті ойыңа келгенді істеуге болады деп түйсіну елді тұрақсыздыққа ұрындыруы, біздің болашаққа арналған барлық жоспарларымызды белінен басып, өзімізді алысқа кері серпіп тастауы әбден мүмкін екенін мойындауымыз керек”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында .
Толеранттылыққа тәрбиелеу әрбір отбасында өз бастауын алуы бүгінде басты мәселеге айналуы тиіс.
Толеранттылыққа тәрбиелеу ең бірінші отбасынан басталады. Отбасы жас ұрпақтарды жеке тұлға ретінде қалыптастырудың қайнар бастауы. Бала үшін отбасы бір жағынан — тіршілік қоршауы болса, екінші жағынан — тәрбиелік орта.
Отбасында толеранттылыққа тәрбиелеу жолдарына келетін болсақ, М.И.Рожков пен М.А Ковальчук толеранттылыққа тәрбиелеуде оқушылармен ата-аналардың өзара қарым-қатынасының сәтті шешу үшін педагог-психологқа субъектілік, тепе-теңдік, жекелеу, рефлексивтік көзқарас, толерантты орта жасау принциптерін ұсынды.
Отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс болып қалыптаспауы мұғалімдерді де, ата-аналарды да ойландыратын ортақ мәселелер.
Толерантты парасаттың үлгісі қазақ билерінде көп кездеседі. Мысалы, Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқан “біз қазақ деген мал баққан елміз” деп басталып, “досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз”, “…берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!” деп аяқталатын сөздері өзара сыйластыққа шақырады.
Қарама-қарсы беталыс, бағыт, пікір, идеялар қай мемлекет пен қоғамда да бар. Халықтың даналығы, ел басқарудың өнері осы үрдістерді белгілі мәмілеге келтіріп, асауға тұсау салып, үйлесім, жарасым таптыруда. Толеранттылық, келісім тарихтың мәңгілік сыйы емес, себебі күнделікті дамудан туып отыратын қайшылықтар біржола шешілмейді: күніге, ай сайын, жылдар бойы, үздіксіз, ешкімге бұра тартпай, шынайы жанашырлықпен, халықпен ақылдаса отырып, олардың шешімін табуды талап етеді. Сондықтан “толеранттылы”, “тұрақты қоғам” деген ұғымдар шартты түрде ғана қолданылып, жайбарақаттылыққа жол берілмеуге тиіс.
Мемлекет басшысы – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласы мен «Қазақстан білім қоғамы жолында» интерактивті дәрісі қазіргі уақытта барша қазақстандықтардың басты назарында болып отыр. Елбасы аталмыш мақалаларында тәуелсіздік жылдары мен бейбіт кезеңдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық қайта түрленуіне толыққанды талдау жасаған болатын. Сондай-ақ, Елбасы ХХI ғасырдың реалийлеріне сәйкес әрекет етудің тактикалық жоспарларын нақтылай отырып көрсеткен. Әсіресе, Президенттің қазақстандық табысқа қол жеткізудің үш кілті туралы ережені шығармашылық көзқараспен қарастыра келе, оны байыпты да терең тұрғыдан мазмұндауында да үлкен теориялық және практикалық мән жатыр. Бұл, біріншіден, 135 этностың басын біріктіруші бүкіл қазақстандықтардың ынтымақтастығы. Екіншісі – толеранттылық болса, ал үшіншісі – тарихи тағдырлардың қауымдастығы.
Толеранттылық XXI ғасырда экономикалық дамудың маңызды факторы және әлемдік экономиканы рецессия жағдайынан алып шығушы тұтқа болып отыр. Қазақстанда бұл тәсіл уақытпен тексеріліп, сынақтан өткізілген, сондай-ақ оның тиімділігі тарихпен дәлелденген. Қазақстан осында өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың шынайы Отаны бола білді. Олардың жалпы тарихи тағдырлары ұқсас және біздің бәріміз үшін бейбітшілік пен достықты, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты сақтау маңызды болып қала бермек. Тек өзінің ұлттық шығу тегін сыйлаған адам ғана басқалардың мәдениетін сыйлай алады. Басқа этностардың рухани дүниесін терең түсіне білгенде ғана сол түрлі ұлт адамдарының басын біріктіре алады.
Көптеген этностардың Қазақстанға өз еріктерімен қоныс аудармағаны мәлім. Ұлан-байтақ Қазақстанның кең жазира даласы жер аудару орны болды. Басқа этностардың өмірі туралы неғұрлым көбірек білуге, ортақ тамыр табуға ұмтылу азаматтардың басын біріктіре отырып, ұлтаралық жанжалдар мен өзара өкпе-реніштерге жол бермейді.
Бірыңғай жалпықазақстандық мәдениетке тоғысқан, өзінің қайталанбас қырларымен көзге ұрарлық әртүрлі этностардың өнері мен салт-дәстүрлері Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп отырған ұлттық саясатына алып келді. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің барлық баяндамаларында ең бастысы – ел ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшілік, ұлтаралық келісім екенін баса айтуы тегіннен тегін емес.
Адамзаттың көптеген мыңжылдықтар бойы жинақтаған тарихи бай тәжірибесі барлық күрделі әлеуметтік мәселелердің түп-тамыры мен кез келген қоғамдағы ұлтаралық қарама-қайшылықтың шешімін таба алмаудың бірден-бір себебі – адамдардың мәдени артта қалушылығы мен надандығында екенін көрсетіп берді. Бұдан шығар қорытынды, мемлекеттің ішкі саясаты азаматтардың жан-жақты және үздіксіз білім алуының дамуына, қоғамның ғылыми және кәсіби деңгейге көтерілуіне сүйенуі тиіс.
Ата – бабамыз ғасырлар бойы бақытты ел болуға талпынды. Азаттықты аңсап, тәуелсіздікті, теңдікті, елдікті көкседі. Сан жылдық аласапыран шайқас, күрес, қақтығыстардан арылып, татулықтың туы желбіреген бейбіт ел болуды армандады. Соның бәрін артқа тастап, тәуелсіздік таңына талып жеткен қазақ елі бүгінде бейбітшілік бесігінде тербеліп отыр десек артық емес. Көптеген елдерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар толастамай тұрғанда біздің береке – бірлігіміз өзге елдерге үлгі болатындай.
Ертеден еркіндік пен елдікті, бейбітшілік пен берекені тілеген еліміз ешқашан өзгені өзекке теппеген. Сонау күндері елінен еріксіз және ерікті түрде қуылғандар мен қашқындардың да нәсіліне қарамай, бір үзім нанын бөліп беріп, бір жастықты жастанған қазақ қашанда қайырымдылық пен қамқорлықтан қашқан емес.
Қазақ халқы тарихтың жазуыменен елімізге кіріккен көптеген ұлттарға бауырмалдық танытып қана қойған жоқ, оларға барынша демеу болып, қолдау көрсетті. Біздің байтақ даламызда өсіп, өркендеуіне жол ашты. Бүгінгі көп ұлтты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен, қазақ халқының ұлылығын танытса керек. Қазақтың қонақжайлығы мен дарқан мінезіне өзге ұлттар үнемі өз алғыстарын айтып, өздерінің жоғары бағасын беріп келеді.
Тәуелсіздіктің 23 жылдық тарихында Қазақстан халқы достық мен келісімнің, тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық татулықтың шынайы үлгісін көрсетті. Бұл – болашақтың байыпты белесін айқындайтын негізгі фактор екені анық. Осындай ауқымды жұмыстарды атқаруда Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы ерекше. Кезінде Елбасы Қазақстан халықтарының Форумында Ассамблея құру туралы идеяны көтерген еді. Ал қазір конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің еліміздегі ұлтаралық келісімнің арқаулық институтына айналып отыр.
Фордхэм университетінің профессоры П.Мордвидж “Қазақстан көп ұлтты мемлекеттердің ішінде жоғары жетістікке жеткен алғашқы ел, сондықтан ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделін әлемдік тәжірибеде қолдану керек” дей отырып, еліміздегі бүгінгі жағдайға жоғары баға берді. Ал Ресейде біздің Ассамблеяның үлгісімен Ресей халықтарының Ассамблеясының құрылуы қазақстандық тәжірибенің маңыздылығының айқын дәлелі болып табылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының алдындағы ең бірінші міндет ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністікті қалыптастыру болып табылады. Ал, біздің ортақ міндетіміз – Қазақстандағы этносаралық, конфессияаралық татулық пен бірлікті сақтау. Бұл елдің әлем алдындағы беделін нығайтуға сеп болатынын ұмытпауға тиіспіз.
«Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол — бірлік». Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, бұл жолда да ел тұтастығы мен татулығының ықпалы мол. Қазақстанның қарымды қадамы қарыштап, бедел-абыройы шарықтап, шаңырағы шайқалмай, өзгелерден тайсалмай, теңдігі мен тұрақтылығының баянды болғаны – осы бірліктің арқасы.
Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез – келген ұлт өкілі тең құқылы. Ұлы Абайдың «Азаматтың бәрін сүй бауырым» деп айтқан өсиетін, кемеңгер,ойшыл Пифагордың «Жердің жемісін жылына бір көрсек, достың жемісін күнде көреміз»деген даналық сөзін басшылыққа алған елбасымыз «Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» дейді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің “Қазақстанның болашағы-қоғамның идеялық бірлігінде”, “Тарих толқынында” деген еңбектерінде идеялық мәселелерге топтасудың керек екенін айтып, бірігуге шақырып, бұл міндетті жүзеге асыруда білім берудің, отбасы, еңбек ұжымы сияқты дәстүрлі институттардың маңызды роль атқаратынын, олардың ықпалы ерекше тиімді болатынын баса айта отырып, “Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндеттеріміз-Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін-өзі айқын билеу. Олай болса, осы міндетті орындау жолында тәрбие мәселесін қолға алып, ұрпақтарды аздырмай-тоздырмай қазіргі сауда-саттықтың, алдау-арбаудың ықпалына жібермей, етегіне сүйретпей еліміздің болашақ өркениетті дамуын алға бастыртатын адамдарын тәрбиелеуіміз керек”,- дейді Президент.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың “Тарих толқынында” деген еңбегінде негізінен халықтардың, оның ішінде түркі мәдениетіне, қазақ топырағында түрлі діндердің болғанын айтқан. Бұл еңбек қазақстандық ұлттық, ұлтаралық татулықтың, қазақстандық патриотизмнің темірқазығы іспеттес.
Отаншылдық сезімді тәрбиелеу мәселесі білім берудің барлық ұйымдарында көкейкесті болып табылады. Жастарды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – аға ұрпақтың аса маңызды әрі жауапты да қадірменді парызы болып саналады.
Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде Отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол ең алдымен, «ұлтжандылық», отансүйгіштік», «патриотизм», ұғымдары өмір сүріп отырған заманның наным — сенімінен туындайды. Еліміз егемендік алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы – қазақстандық патриотизм болып табылады.
«Қазақстандық патриотизм» ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін білдіреді.
«Отансыз адам болмас, ормансыз бұлбұл болмас» деген халық нақылы тегіннен-тегін айтыла салмаған. Өйткені, Отан деген киелі ұғымды түсіну әр адамның туған жерінен, өз еліне деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Отансүйгіштік пен патриотизм бір-бірімен егіз ұғымдар. Ұрпақ тәрбиесі қашаннан өз мәнін биік ұстайды. Сондықтан қай заман, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу- білім және тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Толық жетіліп қалыптасқан ұлттың сана- қабілетінде, түсінік- талғамында, мінез- құлқында, өзіне тән ерекшелік менталитеті болатынын ғылым дәлелдеген. Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарына жан-жақты өнегелі тәрбие беру- қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі. Мектеп жеке тұлғаның рухани жан дүниесі мен адамгершілік қасиетінің қалыптасуына жүйелі жолға қойылған тәрбие беру негізінде қол жеткізеді. «Отан- от басынан басталады» дейді халық даналығы. Демек, бала тәрбиесі- Отан мен ел мүддесі. Бүгінгі өскелең ұрпаққа ғаламдастыру дәуірінде өз халқының төл мәдениеті, тілі мен салт- дәстүрін әр оқушының бойына сіңіре отырып, отансүйгіштікке баулу қазіргі тәрбие жүйесінің өзекті мәселесі. Егеменді еліміздің болашағы жас ұрпақты шыңдап өсіру, білікті азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ету- бүгінгі таңда ең басты мақсат болып табылады. Өйткені еліміздің болашағы жас ұрпақ — ұлттық сана- сезімі оянған, адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары дамыған, мәдениетті, парасатты, ар- ожданы мол, салауатты, бойында жоғары патриоттық санасы, өз елі үшін мақтаныш сезімі қалыптасқан азамат етіп тәрбиеленуі тиіс.
«Патриотизм»- ғасырлар бойы жинақталған ең терең сезімдердің бірі. Отанға деген сезім болмаса, патриот болу мүмкін емес. Біздің ата- бабаларымыз Отанын сондай сүйіп, оны барлық жаулардан қорғап, бүгінгі ұрпаққа сый ретінде ұсынды десек болардай. Отанның гүлденуіне және оны қорғауға деген патриоттық сезім адам жүрегінде өмір сүрген, өмір сүре бермек. Бірақ патриоттық сезім адамда өзінен өзі не болмаса туа пайда болмайды. Ол ерте жастан адамға әсер ететін, ұзақ мақсатты түрде бағытталған тәрбиенің қорытындысы. Патриотизм ортаның, отбасындағы тәрбиенің, мектептің, мектепке дейінгі мекеменің және түрлі қоғамдық ой- пікірлердің әсер етуімен қалыптасады. Патриоттық тәрбие берудің басты бағыты — Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен еліміздің мемлекеттік нышандарын: Әнұранын, Туын, Елтаңбасын оқушыларға үйрету және орындату мәселелері. Еліміздің Конституциясын бұлжытпай орындау, мемлекеттік нышандарға құрметпен қарап орындау, құқықтық- саяси және этикалық әдет- ғұрып мәдениетін тәрбие беруде оқушы бойына сіңіруді қалыптастырады.
Қазақстандық отаншылдықтың тарихи негізі бар: бірқатар түркі тілдес халықтар қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр т.б ежелден Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендесе, славян тілдес халықтар түрлі тарихи себептерге байланысты жерімізді мекендейді. Осындай ой түйіндей отырып, жердің де, елдің де түп негізі — қазақ халқы екендігіне оқушылардың көзін жеткізу ата-аналар мен әрбір шығармашыл ұстаздың міндеті. Қазақ халқы ұлттар арасындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріп отыруы тиіс, сонда ғана елімізде тыныштық, береке бірлік сақталады.
Көпұлтты Қазақстан халқы үшін отансүйгіштік сезімнің рухани саладағы тату-тәтті тірлік, азаматтық келісімге ғана емес, мемлекеттің әлемдік өркениетті елдер көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтың негізін нығайтуға да тікелей ықпалы бар.
Қазақ тарихын зерттеуші ғалым Ш.Уәлиханов отансүйгіштік сезімнің қалыптасуы туралы «менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай, мен ең алдымен, өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел жұртымды, руластарымды, одан соң халқымды қадірлеймін», — деген еді.
«Патриотизм, — дейді ұлтымыздың батыры Б.Момышұлы, — Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, яғни патриотизм дегеніміз – мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күні және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді». Мектеп оқушыларын қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу ұстаздар алдына үлкен міндеттер жүктейді. Тарих сабағында халықтық педагогика қағидаларын ұстана отырып, оқушыларды өз елі мен жерін сүюге баулу жүзеге асады. Бүгінгі таңда халықтық педагогика негізінде оқушыларды тәрбиелеу мүмкіндіктеріне жол ашылуда, этнопедагогиканың қағидаларын оқу-тәрбие үрдісіне тиімді пайдаланудың жолдары ғылыми-әдістемелік тұрғыдан ашып көрсетілуде.
Қазақ халқының өткені мен бүгінін таразыға сала отырып, келешегіне отаншылдық туын арқау еткен асқақ, жандары таза жас ұрпақты тәрбиелеу мен қасиетті отанның қадірін ұғындыру, ар, намыс, ождан сөздерін ұлт, атамекен, халық сияқты киелі түсініктермен байланыстыру арқылы болашаққа бағыт сілтеу әрбір ұстаздың міндеті. Қорыта айтқанда тарих сабағында оқушылардың елін, отанын сүю сезімін қалыптастыру, ерлік рухын ояту – тарих пәні мұғалімінің басты борышы.
Қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті өмірде жиі қолданылып, кеңінен
қалыптасып келеді.
Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол Қазақстан азаматтарын патриоттық рухта тәрбиелеумен тығыз байланысты. Қазақстандық патриотизм – Отан-анаға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ерлік, өнеге көрсетушілік, бойдағы білім пен білікті, ақыл-парасататты ел игілігіне жұмсау, ата-мекен мүддесіне арнаумен анықталады. Өз елінің өткенін, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтей білу де осы қазақстандық патриотизм ұғымының құрамын білдіреді.
Қазақстандық патриотизмнің негізі – ежелгі ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз, ертегілер, жырлар, кешегі кеңестік ортақ дәуір, Ұлы Отан соғысындағы түрлі ұлт өкілдері-қазақстандық батырлардың ерліктері туралы тарихи деректер болып табылады.
Тәрбиенің негізі, оның мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі, құрылымы, әдісі, тәсілі, заңдылықтары, принциптері, құралдары бар. Сол сияқты қазақстандық патриотизмнің мақсаты, міндеті, түрі, әдіс-тәсілі бар. Егер патриоттық тәлім-тәрбиемізде осы негіздер болмаса, ол жәй сөз болып қалуы мүмкін. Өзін-өзі білмеген адам өзінің кім екенін түсінбейді.
Кез келген мемлекеттің білім беру жүйесі сол мемлекеттің жүргізіп отырған саясатымен анықталады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, мемлекет, туған өлке, халқы туралы түсініктер оқу – тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс – шараларда Отансүйгіштік сезімді дамыту, ұлттық салт – дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, ана тілін қадірлеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылады. Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты.
Қазақстандық патриоттық тәрбие бүгінгі өмірден оқшауланбайды, қайта жаңа өмірмен қауышып ұлттық тәрбиеге жаңа мән береді. Ұлттық тәрбие дегеніміз ол оқшаулану емес, керісінше ұлттық тәрбие үлгілерімен әлемдік идеяларды қабылдап, ненің тозық, ненің озық екенін тани білу, өрісі, дүнитанымы кең азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік болады деп түсіну қажет және солай да.
Таза біржақты ұлттық тәрбие – ұлтаралық аразға соқтыруы мүмкін. Әсіресе патриоттық тәрбиеде бұл ерекше білінеді. Әрине, ұлттық тәрбиені әркім әртүрлі түсінеді. Кейбіреулер “ұлттық нақыштар сол күйінде болса екен” десе, ал кейбіреулер “ұлттық тәрбие қазіргі өмірмен байланысты болса екен”, дейді. Шындығында ескінің жаңамен қауышып жатқаны өміршең келеді.
Бүгінгі Егеменді Қазақстанның жағдайында патриотизм, ұлтаралық татулық жаңа мағынаға ие болып отыр. Себебі Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір Қазақстан азаматы Қазақстанды сүйіп, соның азаматы болу, қазақстанды қорғау, Қазақстанның дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосу міндетті. Мұны, әсіресе, қазақ ұлт өкілдерінен басқа ұлт өкілдері жақсы ұғынуы тиіс. “Қос азаматтық”, “Қос тілдік” деген ұғымнан арылу. Біз мұнда түгелдей орыс тілінен бас тартып отырғанымыз жоқ. Орыс тілі арқылы батыс мәдениетін игеруіміз тиіс. Осы мәселеге байланысты қазақ азаматтарына келетін болсақ, олар қазақстандық патриотизм, ұлтаралық татулықтың көш бастаушысы болуы тиіс.
Бүгінде байтақ елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар патриотизм ұғымын жаңаша түсіне бастады. Олар бұл ұғымды тек ата тегімен ғана байланыстырып қоймай, Қазақстанның мемлекеттілігі, басқа ұлттың мәдениеті мен дәстүріне деген толерантты көзқарас сияқты қасиеттер арқылы қарастыруда.
Толеранттылық қазіргі ғылымда әр түрлі аспектіде қарастырылады: әлеуметтік, діни, саяси, жыныстық, этникалық, т.б. Осылардың ішінен біздің зерттеу пәнімізге байланысты этникалық толеранттылықты жеке бөліп қарастырайық.
«Этникалық толеранттылық» басқа ұлт өкілдерінің сыртқы түрін, ойлау жүйесін, өзіндік ұлттық, мәдени ерекшеліктерін, іс-әрекетін принципті түрде қабылдай алу қабілеті ретінде көрінеді. Яғни этникалық толеранттылық — ұлтаралық өзара сыйластық, ынтымақтастық деген ұғымды білдіреді.
Жетекші сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қазақстандық қоғамдағы қалыптасқан толеранттылықтың негізінде бірнеше фактор жатыр.
Бірінші фактор – адамдардың елдің болашағына сеніммен қарауы. Қазақстанның 2030 жылға дейін даму Стратегиясы нақ өмірлік болашаққа деген сенімділікті, түсінушілікті арттырған құжатқа айналып, қоғамымыздың қарқынды түрде дамуын алға жетелеудің болжамды жоспарын ұсынды. Ал Стратегияда айтылған жоспарларды сатылай жүзеге асыру ел азаматтарының әлеуетін жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді.
Екінші фактор – еліміздің өткен тарихы. Халқымыз бірде кең байтақ елінің ен даласынан көз алартқан сырт дұшпанға ұлтарақтай да жерін қимай, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасатын қаһарлы қазақ болса, енді бірде табалдырығын аттаған қонағын құдайдай күтіп, оған дастархан боп жайылуға, төсек боп төселуге дайын дархан қазақ. Толеранттылық сөзінің бір синонимі “қазақы мінез” болар, сірә.
Үшінші фактор – мемлекет құраушы жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі. Қазақтар мыңдаған жылдар бойы сыртқы жағдайлардың өзгеріп тұруында өзіндік бейімделу мүмкіндіктерін көрсете алған ұлы көшпенділер мәдениетінің мұрагерлері. Қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыс өркениетін байланыстырушы алтын көпір іспеттес қызмет атқарып, керуен жолдары мәдениет және біліммен екі бағытты да сусындатты. Көне қазақ жеріне өзіндік зор ықпалын тигізді. Жалпы, Жібек жолының қазақ жерінен өтуінің өзі мәдениет әртүрлілігін, басқалар мәдениетіне, тіліне және діни көзқарасына деген түсінушілігін қалыптастырғаны белгілі.
Төртінші фактор – қазақтың ұрпағын кек сақтамайтын етіп тәрбиелей алу қасиеті. Қазақ басынан тағдырдың талай қатал сынын кешірді. Беріден қайырғанның өзінде, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығы, Ресей империясының езгісі мен кешегі Кеңес өкіметі заманындағы зобалаң аштықты басынан кешіріп, саяси қуғын-сүргіннің де құрбаны болған халық. Алайда, қылышынан қан тамған замандарда таңдары азаппен атса да, басқадан кек алу мақсатында қылышын қайрамаған, тағдырдың ауыртпалығына қайсарлық танытқан халық. Өткенге бой ұсынбай, келешекті аңсап ел бірлігі мен молшылығын бата тілегіне қосып ұрпағына аманат ретінде қалдырып отырған халық.
Бесіншіден, жазба әдебиеті кешірек дамығанмен, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жеткен, сарқылмас мол қазына болып табылатын ауыз әдебиеті, батырлар жырлары, Қазтуған, Шалкиіз толғаулары мен Доспамбет, Бұқар жырау, Дулат, Махамбет сынды жауынгер ақын-жыраулардың отаншыл шығармашылығы арқылы бүгінгі ұрпағына Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қазақ болып туғанын мақтанышпен ауыз толтыра айтуға мүмкіндік беріп отыр. Тарихы бар халық қана – ұлы халық.
Алтыншы– халықтың ұлылығын танытатын тағы бір белгі – оның тілі. Сонау ХІХ ғасырда қазақ мәдениеті мен тілін зерттеген Еуропа ғалымдары түркітанушылар В.Радлов, П.Мелиоранскийлер “түркі тілдерінің ішінде ең таза тіл – қазақ тілі” екенін атап кетеді. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынов қазақ тілін былай деп бағалайды: “түркі тілін ХХ ғасырға дейін аздырмай, қаз-қалпында сақтап келген алғыс пен абырой қазаққа тиіс”. Тілге деген бұдан асқан баға болмаса керек. Қандай қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, қиыннан қиыстыра алатын тілінің байлығын, оның тазалығын кейінгі ұрпағына жеткізе алған халық ұлы халық емес пе?!
Жетінші– жаугершілік замандарды басынан кешіріп, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында болған қазақ “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін танытып, бауырына сан ұлттың баласын басып, дастарқанын бөлісіп, талайға баспана беріп отыр. Бүгінгі көп этносты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен қазақтың ұлылығын танытса керек.
Мемлекет құраушы халық ретінде қазақ халқы елдегі этносаралық бірлік пен келісімнің сақталуына қалай жауапты болса, басқа этностар да мемлекеттің алдында өз жауапкершілігін соншалықты сезінуі қажет деп ойлаймыз.
Ұлтына қарамастан Қазақстанда тұратын әрбір азамат Қазақстанды туған Отаным деп түсінуі қажет. Сонда ғана адамның жүрегінде қазақстандық патриотизм сезімінің, өз Отанына деген перзенттік мақтаныш сезімнің өркен ғажайып тамырлануына негіз қаланады. Яғни, этносаралық интеграцияның базасы емес, адамдардың өзін-өзі азаматтық билеуі, Қазақстан халқының бір бөлшегі ретінде сезімі дамып қалыптасады.
«Төртеу түгел болса төбедегі келері» хақ. Сан ұлттың мекені болған мемлекетіміздің алар асуы алда. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» дегендей, расында, Қазақстанның саяси-әлеуметтік дамуында «бірлік» категориясы ең негізгі құндылық болып табылады. Бірлігі бекем елдің болашағы нұрлы, келешегі кемел.Әрдайым осы бірлігімізден айырылмай, татулығымыздан танбай, жұбымызды жазбай, болашаққа бірге қадам баса берейік. Ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт елдің берекесі арта берсін!
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Назарбаев Н. Қазақстан – 2030. Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы.
2.Кенжалин Ж. Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз. – Алматы, 2005.
3.Шаяхметова М. Жоғары білім беру жүйесінде болашақ педагог маманның этникалық толеранттылығын қалыптастырудың моделі // Ұлт тағылымы. -Алматы, 2009.
4.«Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006
2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы». Қ.Р. Президентінің Жарлығы Астана, Ақорда, 2006 ж. қазанның 10-ы. №200
5. А.Қ.Құсайынов Білім және Реформа. Алматы 2006.
6.Жастарға отаншылдық тәрбие берудің кейбір өзекті мәселелері. //Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ хабаршысы. – Түркістан, 2006.
[bws_related_posts]